Жәнібек бастаған Абақ елінің Шыңғыс тауынан көшуі
Жәнібек батырдың Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Құмыл қатарлы кіндік кесіп, кір жуған байырғы мекеніне елінің іргесін қайта жәйіп, күлін төгуі — өз өміріндегі аса ұлы, ізгі арманы еді. Бұл тек Жәнібектің ғана емес, хан Абылайдың, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ қолбасыларының, бүкіл қазақ халқының ортақ тілегі еді.
Ол тұста Абақ елі Шыңғыстауы, Көксала, Бақанас деген жерлерді мекендеп, арғын руларымен қанаттас отырады. Өсіп келе жатқан рулардың жерге, қонысқа таласуынан шыққан ішкі бақастық — керей елінің шығысқа қарай көшуіне тікелей себеп болады.
Жәнібек батыр Абақ елін бастап, қоныс аударып кетуге талпына бастаған кезде қанаттас отырған рулармен сөз сайысына түседі:
— Күлтелі күрең тұрғанда,
Тұлпарыңа жалынбаймын.
Ер азаматым тұрғанда,
Көптігіңе бағынбаймын.
Атаным сай, атым сай,
Балтам сай да, тесем сай.
Ұлы Ертістен көпір салсам да өтем,
Кеудемнен жаным шықпаса,
Ежелгі жерге жетем, —
дейді. Батырдың бұл сөзінде өкпе-назы да, көкейтесті арманы да жатыр еді. Сол кезде қартайып қалған нағашысы Қазыбек биге де Жәнібек өкпелі екен. Жәнібек батыр елін бастап көшетін болғанда, жасынан қасында өскен жақсы көретін жиенін қимай: «Жиен назары қиын деуші еді, үйімнен дәм та- тырып, батамды беріп жіберейін», — деп ойлаған Қазыбек би шақырушыларына:
— Жәнібектің мінезі қатты, мен шақырады демеңдер, нағашыңның үйінде дәм-тұз шақырады деңдер, — деп ұқтырады, — бір оралса, сонда оралар, егер асты сыйламаса, жолы да бола қоймас, — дейді. Жәнібекке барған шақырушылар бұл сөзді бұлжытпай жеткізеді. Жәнібек батыр:
— Нағашым болса қайтейін, бармай-ақ кетейін деп едім, дәм-тұз депті ғой бармасам, жолым болмас, — деп жолдас-жораларымен аттанып, нағашысының ауылына келгенде, Қазыбек би алтын тонын жамылып, есік алдыда күтіп тұр екен. Жәнібек нағашысымен сәлемдесіп үйге кірерде:
— Кірейін, кірейін, күлдіреуіші қисық болса да, түтіні түзу ұшып тұр екен, — деп нағашысын құрметтеп үйге кіргізіп, соңынан өзі кіреді.
Батырдың келгеніне разы болған қарт би жайланып отырып:
— Жауға жарақты қолмен шығушы едің, бүкіл қазақ болып тілеуіңді тілеп тұрғанда жаудан жасқанып көрген жоқ едің. Енді ел басқарып, би болып, ел көшіріп, ер болып, ел шетіне шығып барасың. Жұрт көңілін қалдырма, дұспаныңның ойын асырма! — дейді.
Сонда Жәнібек нағашысының сөзіне ризалық білдіріп, жа-уап қайырады:
— Тілге келсе, елу бесте болып,
Тілдесуге шыдаймын.
Дауға келсе, қырық бесте болып,
Белдесуге шыдаймын.
Жауға келсе, жиырма бесте болып,
Жауласуға шыдаймын, —
деп нағашысын сүйіндіреді. Тәуекелге белін буып, бетін суыққа бұрып, тұрған жиеніне би тағы бүй дейді:
— Жерге таласып іргелі монғолмен қандаспа, ел ішінде қоныс таңдаспа. Әділдікті ойласаң, халқың қадыр тұтады.
Нағашысының ақылия сөзін алдыға ұстай сөйлеген батыр:
— Сыйласқанға без беріп,
Шындасқанға сөз беріп,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төсті алып,
Еселі істі терісіп,
Есесі кетсе берісіп,
Келген өзіңізден қалған
Ата салтымыз ғой, нағашы, —
дейді. Сонымен Қазыбек би шын ықыласын беріп, ақ жол тілеп аттандырады. Жәнібек батыр елін бастап, Қалба тауына жетіп тұрақтайды, Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға секілді байырғы мекеніне өту үшін алда көп кедергі жатады. Алтайды иелеп алған жеті тайпа ұранқай мен дөрбіттердің, Тарбағатай аумағына жаңадан келіп орын тебе бастаған торғауыттардың күші өте мығым еді.
Ел Қалба тауын бірнеше жыл мекендейді. Бұл кезде Жәнібек батыр өр Алтай, Тарбағатай және Еренқабырға тауларына дейін барып, ондағы халықтармен бітімге келіп, тыныштық орнатады. Қалбада мекендеп тұрған кезінде Жәнібек батыр Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асудан жол салып асып, бергі бетін шолып қайтады. Кейін осы маңды найманның қаратай ру- лары мекендегендіктен, ол «Қаратай жайлауы» деп аталады да, әлгі асу «Жәнібек батырдың асуы» делінеді.
Қазақ халқы бұл батырды айрықша қастерлеп, «Ақыр Жәнібек» деп атаған. Бұдан былай бұндай жүректі, аруақты адам болмайды деген сөз екен ол. Сондықтан халық Жәнібек батырдың туын бертінге дейін сақтап, жаугершілікте көтеріп шығып отырған. Шымырақ торғыннан жасалған бұл ту — қазақ батырларының ең соңғы туы еді.
Жәнібек батыр 1792 жылы сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. Қайтыс болған хабары үш жылға дейін құпия сақталады. үш жылдан кейін үш жүздің баласына сауын айтылып, ас беріліп, зираты тұрғызылады. Жәнібек батырдың бейіті сол Қалба тауының Жалама, Қызыл Су-шәр деген жерінде.
Оқуға кеңес береміз:
Абылай ханның Жәнібекті сынауы
Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы
Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы