Жәнібек батыр туралы аңыз (І нұсқа)
Керейден Досымбектің үйіне он екі жасар жиені келіпті. Ойға көсем, тілге шешен, қайтпас қайсар жүректі бала екен, нағашысынан көк дөненді сұрапты. Бірақ иемденіп мініп жүрген Досымбектің балалары бермепті. «Көк дөненді бермедің» деп өкпелеп кетіп қалған жиенін ақ сақалды Досымбектің өзі қуып барып, жолдан әрең қайтарып алып келіп, көк дөненнің інісі көк құнанды беріпті дегенді естіген сол елдің биі Табансары Жәнібекті шақыртыпты. Би шақырды деген соң «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деген деп жүргелі тұрған жолынан ерулеп Табансары бидің үйіне келіпті.
«Қабағынан қар жауған, алдынан жан көлденең өтпеген Табансары би керейден келген он екі жасар балаға не дер екен, ал он екі жастағы керейдің жас баласы Табансары биге не дер екен», — деген жұрт ауылды анталай жүріп құлақ түріпті.
Жәнібек келіп қалды деген хабарды естіген Табансары би төрінде отырып қоразданыпты. Ауылға келіп түскен Жәнібектің атын еш адам ұстап, құрмет көрсетпепті. Жәнібек Табансарының ордасына сәлем беріп кіргенде, Сары сәлемін алмастан, көз салып қарамастан:
— Е, сен неме, кімнің баласысың? — дегенде, Жәнібек:
— Мен Бердәулеттің баласымын, — депті. Сонда би:
— Үй, сенде бір Құдайдың құлы екенсің ғой, шық үйден! — деп ақырыпты. Сонда тізесін бүкпеген Жәнібек:
— Е, қазақ салты шақырып алған
Итті де басқа теппейді.
Шақыраңдаған тұрпайылық
Саған бақыт екпейді.
Астыңа құла жорға ат мінгізсе,
Алты ай мініп арытпассың.
Жаныңа мың тал оқ салса,
Біреуін де жауға дарытпассың.
Қарны кебежедей кәлтиген сары неме,
Сен де еліңді би болып жарытпассың! —
деп шығып кетіпті. Сонда Табансары:
— Амал жоқ, бекер соқтыққан екенмін, болса болғандай ерім екен ғой! Керейде қамалға қарсы шабатын ұл туған екен, бұдан былай сені керей алар! — деген екен.
***
Нағашы атасының ықылас батасын алып, көк құнанды мініп, көңілі қош болған Жәнібек аман-есен еліне оралыпты.
Бердәулет ожар ұлының өзі туып көрмеген жер түбіндегі нағашы жұртын іздеп тауып, нағашы атасына сәлем беріп, амандық біліп, ат мініп, аман-есен оралғанына, адам болғаны осы деп сүйініпті де, тіс жарып ештеңе демепті.
Тентек ұлын не болды деп уайым аралас сағынған Бердәулеттің әкелік мейірі, мал қайғысы мен ашуын баяғыда-ақ жойып кеткен тәрізді.
Бұл заман қазақ-қалмақ арасындағы қанды шайқас қара жерді қаннан жиіркендірген, қазақтың ең соңғы ханы Абылайдың ел билеп тұрған заманы екен.
Хан жарлығымен қазақтың батыр, бағлан, білікті, жіліктілері өзіне қарасты бұқаралына хан әмірін атқарып, алдағы күндерде қалмаққа қарсы жасайтын жорықтарына шұғыл дайындық көру жөнінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей жар салыпты.
Бұл хабарды естіген Жәнібек, нағашы атасының айтқан ақылы есіне түсіп, Абылай ханның әмір жарлығы бойынша жорыққа дайындалу ниетіне мықтап бекіпті. Бірақ жорыққа дайындалу үшін әке бекімі, ана разылығы болу қажет. Онысыз сауыт-сайман, азық-түлік, керек-жарақ сияқты қажетті қамдап алуда, тіпті, жорыққа бару да қиын. Осыны толық аңғарған есті, парасатты, ожар бала Жәнібек әкесіне төте айтуға батына алмай, бұл ойын шешесіне айтыпты. Баласын қырғын соғысқа қолдан жіберуге қимаған шешесі, Жәнібектің жорыққа бармауы жөнінде ұшан-теңіз негіздерді алдына көлденең тартып кеңес беріпті. Бірақ ұлының алған бетінен қайтпайтынын көріп, әбден түңілгеннен кейін Жәнібектің осы талабын әкесіне айтыпты.
— Ұлың жібермеске көнер емес. Біз қосылмағанымызбен, нағашысын іздеп кеткені сияқты жорық басталарда дайындықсыз жүріп кетсе, қызыл жұдырықтан өзге қайрат қылар қару-жарағы жоқ, қалмақтың қан жалаған қанжарының астында арманда кетпей ме? Онда шерге арманымыз өлгенде бітпес, одан да тілегін қабыл көріп, жабдықтап ықыласымызбен аттандырсақ, өлсе, шейіт деп көңіліміз тынып, тірі болса, ісіне риза-қош болып отырмаймыз ба? — депті.
Қабағын ұзақ түйіп ойға кеткен Бердәулет үнсіздікті бұзып, ақыры әйелінің көзқарасына қосылып, баласының жорыққа аттануын мақұл көріп, жорықтың дайындық жабдығына кірісіпті.
Алдыңғы соғыстарда кеткен есесін қайтарып алуға кәрін төккен хан Абылай жыл бойы бүкіл елі бойынша дайындық көріп, қоңыр күзде қалмаққа қарсы тұқиыл шабуыл жасап, қынадай қырып, есесін алып, жеңіс табу ниетімен өзі бас болып, атқа қонып жорыққа шығыпты.
Хан атқа мініп, жорыққа аттанғаннан кейін патша десе бәрін төгіп, басын бәйгеге тігетін ақпейіл қазақтың тайлы-таяғына дейін қалмай аттаныпты.
Жер қайысқан қалың қол батырлар мен бағландардың, билер мен біліктілердің атаулары бойынша қоғамдалып, қолбасының қолы болып аттаныпты.
Ол кезде сол өңірде керейде атағы бар білікті адамдар болмағандықтан, арғын, найман, тобықты сияқты мықты рулар керей ауылдарын «келімсек керей», «шұнақ керей» деп кемсітетіндіктен, келемеж еткендігіне кектеніп, ала көңіл болып, Абылай ханның жорығына қосылған керей тобы болмапты.
Уақтан шыққан Бармақ деген батыр жорық дабылы қағылып, қол соғысқа аттанғанда ғана бүйірі қызып, шыдап үйде жата алмай уақ пен керейден атқа мінгендерді топтап, бір қос болып Абылай ханмен бірге аттаныпты.
Құмырсқадай құжынап жер қайысқан қалың қол, кейде бірінен-бірі жете қонып, кейде біріне-бірі аса түнеп, алма- кезек шеру тартып, айқасып қалып келе жатқанда, жорыққа қолбасшылық істеп ортада келе жатқан хан ордасының біліктілерінің бірінің көзіне он үш жасар бала мініп келе жатқан көк дөнен түсіпті:
Тас төбеде құлағы,
Ләмбіріктей қара көк дөнен.
Ауыздықпен алысып,
Қаз мойыны көк таласып өрлеген.
Биік қабақ шара көз,
Бөкен танау шелектей.
Саптаяқтай салпы ерін,
Ырыс толы көнектей.
Шоқпар кекіл, құлан жал,
Құлын сауыр, қақпан бел.
Шоқтығы биік ой желке,
Жазық бауыр, шапсаң жел.
Тұрасы биік дөңгелек,
Шашасы биік сыпырған,
Бура санды елгезек,
Аяңы желіс ұмтылған.
Ұйтқып, шалқып келе жатқан көк дөненнің жайын Абылай ханға баяндай келіп:
— Көк дөненге мініп ана сүті аузынан кеппеген бір жас бала келді. Жау шетін көргенде-ақ үрейі ұшып өлер-ау, анау. Сонда, шіркін, көк тұлпар көрінгеннің қолында кетеді ғой! Тақсыр! Нағыз батыр мінетін сізге лайық ат екен, — деп бас игенде маңдайы жерге тиіпті. Сонда Абылай хан:
— Алдыңғы шолушыдан келген хабарға қарағанда, ертең қалың бейіті бар қойнауға барып түнейміз. Сол жерге барғанда екі мықты батырды бет ағашы түскен көрге ақ жейде, дамбалмен кіргізіп қойыңдар, ақшам үйірілгеннен кейін баланы шақырып алып, бейіттен тамақ пісіретін отын әкелуге жұмсаңдар, бала барып көрдің бет ағашын алып жатқанда, тұтқиылдан екі батыр бас салып: «бет ағашымды қайда апарасың?» десін, сонда ол дүрмекке ілескен өлездің бірі болса жүрегі жарылып өледі. Онда таңертең арулап көміп, атын додаға алса болды, — депті. Әлгі құлдықтың құлы жерден ал- тын тапқандай айқұлақтанып, екі батырды ертемен сығайлап, барлық істі орналастырыпты.
Ертесі жайымен аттанған ханның қолбасшылық ордасы бейіттің жанына жайырақ келіп орналасыпты. Алакөлеңке, көзден ғайып болар кезде Жәнібекті орналастыру бойынша отынға жұмсапты. отын алуға бейітке келген Жәнібек көк дөненнің шылбырын шұбата салып, бет ағашы түсіп жатқан көрге келіп, топырағы ашылып, қай заманғы шіріп кеткен бет ағашты суырып жинай бастағанда, кенет көрден шыға келген ақ киімді екі аруақ Жәнібекті бас салып:
— Ей, адамзат, біздің үйіміздің төбе ағашын қайда апарасың? — депті. Сонда Жәнібек аяқ астынан сап ете түскен екі аруаққа титтей де селт етпей:
— Өлі аруақ, сен түгіл, қол бастап, шеру тартқан тірі Абылай хан аштан өлгелі жатыр, — деп екеуін екі жаққа лақтырып жіберіпті де, асықпай ағаштарды жиыстырып, қағып-сілкіп, шылбырына мықтап буып, көк дөненге өңгеріп алып келіп, хан ордасының алдына шарқ еткізіп тастай салыпты. Аттан түсіп, шылбырын шешіп алып, атына мініп қосына қайтыпты.
Ордасына отырған хан да, күндізгі көрген сұмдығын ханға жеткізген бағанағы сұмпайы да орда есігінің алдына келіп саудыр ете түскен ағаштың дауысынан секем алыпты. Әлгі білікті:
— Бұл шербақа зираттың бағанағылар орналасқан жағынан емес, басқа жерінен әкелген болды ғой! — депті. Іштей: «әттеген- ай, бірнеше батырды зираттың қай жағынан барса да, құтыла алмайтындай етіп орналастырмаған екем» деп өкініпті.
Әлден уақыттан кейін көрге кірген екі батыр өне бойы топырақ, бет-аузы жараланып, бас-көзін шаң қауып хан алдына ентіге жетіпті.
— Ойбай, Құдай сақтасын! Ғали арыстан ғой деймін өзі! «Өлі аруақ сен тұр ғой, тірі Абылай хан аштан өлгелі жатыр» деп, бізді екі қолымен екі жаққа лақтырып жіберді, лажысыз қалдық, — депті.
Хан жанындағы сенімді біліктісіне қарапты. Ол сүлкіні түсіп жерге қарапты. Сәлден соң:
— Болды, жарақаттарыңды жуып, демалыңдар. Бейнетке — қайрат, ажалға төтеп беретін, адам болатын неме ғой тегі, оған енді тиіспеңдер! — депті Абылай хан.
Оқуға кеңес береміз:
Абылай ханның Жәнібекті сынауы
Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы
Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы