Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Саркөз бен Жәнібек

«Ұлы жүз үйсін Саркөзге бағынады, Саркөз қатынға бағынады». Осынау мақалдың шығуына мына оқиға себепкер болған. Құба қалмақ заманы бір соғыста ұлы жүздің Саркөз батыры қалмақтың қамалын бұзып, ерекше ерлік көрсетеді. Майдан аяқталып, әр елден жиналған батырлар жер-жеріне тарқай бастайды. Саркөздің қайратына риза болғандардың біреуі Орта жүз Арғын руынан шыққан Шақшақұлы Жәнібек еді. Ол Саркөзді ауылына қонаққа шақырып, неше күндей сый-сияпат көрсетеді. Төс соғысып дос болады.

«Еруліге қарулы» деген қазақ әдетінше Саркөз де өз тарапынан қонаққа шақыруы керек емес пе? Бірақ ол өйтпеген. Қоштасарда Жәнібекке мына бір шумақ өлеңді айтқан да кеткен:

— Хан алдына барғанда,
Хан кеспеді тілімді.
Халық алдына барғанда,
Халық таппады мінімді.
Өз үйіме барғанда,
Итке берсін күнімді.

Бұл жұмбақтың шешуін табу үшін Жәнібек батыр келер жылы сол уағында қасына жолдас-жораларын ертіп, Ұлы жүз еліне аттанады.

Жолшыбай Жетісудан өткен соң малы қалың бір ауылға кезігеді. Қойшыдан сұраса, Саркөз батырдың бір баласының ауылы екен. Осы жолы жолаушылар он сегіз ауылдың үстін басып өтеді. Сұрастыра бәрі де Саркөз батырдың балаларының ауылы екен. Ақырында бұлар Саркөз батырдың өз ауылына жетеді. Ордадан жарты шақырым мама ағашқа аттарын байлайды. Жәнібек күн салып қараса, ақ орданың алдындағы оты жағулы тай қазанның басында біреу жүр. Сырт тұлғасы Саркөзге ұқсайды, тәрізі құрт қайнатып жүрген сияқты. Қолында былғауышы бар. «Қой, — дейді Жәнібек іштей, — соған ұқсас басқа біреу шығар. Еркек адам әрі батыр адам құрт қайнатып неге жүрсін?» Алайда, Жәнібек қателеспепті. Жақындап келсе, Саркөз екен үстіне тайжақы киген. Басында бөрік, қолында құрт былғауыш. Сондайдан Жәнібекті тани сала құшағын жая ұмтылады. Екі батыр төс соғысып амандасады. Есендік-саулық сұрасады.

Сол мезетте ақ орданың ішінен күндей күркіреген дауыс шығады:

— Ау, мына қазанның түбі күйіп кетті ғой. Келген қай немесі, алжыған шалдың оған жүгіргені несі? — деп, аузынан ақ ит шығып, көк ит кіреді.

Төбеге ұрғандай тоқтап қалған жолаушылар есік жаққа аңтарыла қараса, ақ үйден маңқиған бір бәйбіше шығып келеді екен. Өзі — ажарлы, сұлу. Жәнібек түкке түсінбей Саркөзге қарайды. Саркөз кібіртіктеп жерге қарайды да бәсең үнмен:

— Батыр, былтырғы айтқан сөзім есіңде шығар. Сондағы жұмбақтап, ишаралап айтқаным осы еді. Айтшы, бұған не дауа бар? — дейді. Сонда Жәнібек батыр қылышын қынабынан суырып алып, «мұның дауасы мынау» деп, басын шауып тастайды.

Сол бәйбішенің құны үшін Жәнібек батыр үйіндегі қарындасын Саркөзге қалыңсыз ұзатыпты. Жоғарыдағы мақал осы оқиғаға байланысты шыққан.

Оқуға кеңес береміз:

Жидебай батыр (І нұсқа)

Жидебай батыр (ІІ нұсқа)

Тарақты Байғозы батыр туралы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама