Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Нұрбай батыр

Нұрбай атан түйедей ірі кісі болыпты. Денесіне сай күші де керемет болған көрінеді. Батыр атану үшін, дененің үлкендігі мен күштің молдығы, әрине, аздық етеді. Ең бастысы, ерлік жасайтындай жүректі болу — шарт.

Өмірдеректеріне қарағанда, Нұрбай бабамыз ол жағынан да айтулы екен. Ол ата-бабалар өнегесімен жастайынан ерлік дәстүрлерге сай тәрбиеленген. Ол кезде он үште садақ тартуға жараған ұл жорық атын баптай бастайтын болған.

Нұрбай батыр тік денелі, қимылына көз ілеспес, шапшаң кісі екен. Жекпе-жекте, бір-біріне найза шаншып, қылыштасқан шабуылда ол көз ілеспес шапшаңдықпен оңнан солға, солдан оңға ер үстінен ат бауырына түсіп, дөңгелене айналады екен. Нұрбайдың осы қимылына найзасын кімге түйрерін, қылышын кімге сілтерін білмей, аузы аңқиып қалған қарсыласы жалт бере қашады екен, қашпаса оп-оңай мерт болады.

Ол қазақ дәстүріне сәйкес бозбала шағынан жоңғар қалмақтарынан қазақ жерін қорғау жорықтарына қатысқан.

...Тобылдан ығысқан қалмақтар Еділ мен Жайыққа келіп, Кіші жүз қазақтарына күн көрсетпейді. Есім хан жиырма мың қолды басқарып, Жайыққа аттанады. Қазақ жауынгерлері жоңғарларға қарсы аттанғанда осы сапта он жеті-он сегіз жастағы Нұрбай да болған екен.

Ол кездегі заманның салты бойынша жалпы соғыс басталардан бұрын екі жақтың батырлары үш кезек жекпе-жекке шығарылады екен. Кейбір жекпе-жектер ол кезде ертеден қара кешке дейін созылады екен.

Өкінішке орай, жекпе-жекте қазақтың екі батыры жеңіліске ұшырайды. Қазақ халқының болашағы бір қыл үстінде тұрғанда, он сегіз жастағы ақбоз атқа мінген Нұрбай қалмаққа топтан шыға шапқан.

Сонда топтан шыға келген жас жігітті менсінбегендей қалмақ батыры:

— Алдымда тұрған жас бала,
Бола берме мас бала.
Үмітің болса жаныңнан,
Қарсыласпай, қаш, бала, —

деген екен. Нұрбай жұлып алғандай:

— Төгейін деп келемін,
Кәпір қалмақ, қаныңды.
Жіберуге келемін
Жеті тамұқ түбіне
Бір шыбындай жаныңды, —

дейді. Сөйтіп, шайқас басталып кетеді. Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі Қоту-Қойсының інісі Барғай батыр Нұрбайды маңдайынан шаншады. Ал қазақ батыры бұл жолы  асқан ерлік жасап, қалмақтың асқан мықтысы, құралайды көзге атқан мергені Барғайды найзасымен өңменінен  шаншып, ту сыртынан шығарады. Қалмақ батыры сол жерде өледі де, Нұрбай әрі қарай шайқаса береді. Есім хан анығын білмек болып:

— Нұрбай қай жерінен жараланды? — деп сұрайды. Ханның қасында тұрған бір нөкері:

— Ол тұп-тура маңдайынан жаралы болды, — дейді. Сонда Есім хан:

— Онда Құдай берген екен, даңқты батыр болайын деп тұр екен», — дейді. Бетке ұстаған батыры өлгесін қалмақтың маңдайы тасқа тигендей болып, белі сынып, жалпы соғысқа кірісіп кетеді. Жалпы алғанда қалмақтармен соғыс сексен үш күнге созылды. Оның бір жарым айы жекпе-жекпен өтті. Бұл сол кездегі соғыстың өзіндік ерекшелігі еді.

...Ұлы жорық нәтижесінде Еңсегей бойлы Ер Есім хан ойрат одағын екі жүз жылдық соғыс тарихындағы ең ауыр жеңіліске ұшыратты. Есім ханның соққысының ауырлығы сондай — бір байрақ астына ұйысып, үлкен күшке айналған ойрат ұлысы шылпара ыдырайды.

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Есім хан Нұрбайдың соғыста көрсеткен ерлігіне өте риза болып, қол жайып батасын береді. Хан жас жігітке ақсауыт, дуылға, алмас қылыш, алты қанат ақ киіз үй сыйға тартады.

Қалмақтың Барғай деген батырымен болған жекпе-жек — Нұрбайдың жас кезіндегі алғашқы ерлігі. Сол жағдайды еске салатын:

«Қара қалмақ Барғайдың басын кесіп,
Бақ алған Нұрбай батыр он жетіде жекпе-жектен.
Ерлігі үш алашқа мағлұм болып,
Ұранға аты шыққан сол себептен», — деген.

Оқуға кеңес береміз:

Жидебай батыр (І нұсқа)

Жидебай батыр (ІІ нұсқа)

Тарақты Байғозы батыр туралы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама