Сөзіңізді тыңдатқыңыз келсе...
Сөз тазалығы – сөйлеушінің немесе жазушының әдеби тіл нормасын сақтаумен бірге, ана тілінің мүмкіндігін пайдалана білу. Тіл тазалығының да тілдің дұрыстығына ұқсас кейбір жерлері кездеседі. Тіл мәдениетінің ең басты коммуникативтік сапаларының бірі болғандықтан, сөздің тазалығына ерекше мән беріледі. Дәлірек айтқанда, сөзді қолданғанда, баламасы бар сөздердің әдеби тілге қатысты бірден-бір ұғынықты ана тілінің тазалығын танытатын сөзді таңдай білу керек. Былайша айтқанда, тілді шұбарлауға бармаған жөн. Ал, тілдің тазалығын бұзатын, оған нұсқан келтіретін факторлар аз емес. Оларға, мәселен, ана тіліндегі баламасы бола тұра, басқа тілдерлен енген сөздерді қалай болса солай жұмсау (варваризмдер), жергілікті мәні бар сөздерді (деалектизмдер) талғамсыз қолдану, мамандыққа байланысты шағын ортада кездесетін сөздер (профессионализмдер), сондай-ақ құрбы-құрдастардың, әзіл-қалжыңы аралас адамдардың арасында сөзге кірістірілетін тілдік құралдар (жаргонизмдер) сияқты жайлар жатады. Әрине, бұл аталғандар мүлдем қолданыстан шығып қалуға тиіс деген жаңсақ ұғым тумасқа керек. Әңгіме олардың жөнсіз пайдаланыла бермеуінде болып отыр. Ал, көркем шығармадағы кейіпкер сөздерінде, тиісті ортаға байланысты олардың жұмсалу реттері болатынын теріске шығармаған жөн. Тіл тазалығына кедергі келтіретін ілгеріде айтылған жайлардың бірі – варваризмдер. Бұл құбылыс қазақ тілінде баламасы бола тұра орыс сөздерін қолдануда байқалады. Ауызекі тілде орыс сөздерін орынсыз қолдану тілімізді жұтаңдатып, төл сөздеріміздің қолдану аясын тарылта түседі. Бұрыннан еніп, сіңісті болып кеткен «сәпсем», «даже» дегендер түгілі қазір қазақтың «етіп» деген етістігін қосып алып, орыс сөздерін қазақыландыратын «мода» шықты. Мысалы, «волноватса етіп», «опаздат етіп» т.т.с. Оның үстіне қойыртпақ тілді қоюлата түсетін бір тележүргізушілер шығып жүр. Ондайлар өздерінің қойыртпақ тіліне өздері мәз болып, жұртты күлдірмек болады. Осы, орыстан еніп, құлаққа сіңісті болып бара жатқан жоғарыдағыдай сөздерді теріп, олардың қазақ тіліндегі қысқа да, нұсқа сөздігін қамтыған мақала жазуды қолға алмақпыз. Мәселен, онда жоғарыда айтылған «даженің» «тіпті», «совсемнің» «мүлде» деген сияқты қазақша жеңіл аудармалары барын көрсетуді көздейміз.
Сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тетіктері аз емес. Олардың ең бастысы – жеке тұлғаның рухани қажеттілігінің, өзіндік ізденісінің болуы. Абай тілімен айтқанда, жан құмары қажет. «Адам баласы әсемнен әсем таңдайды» дейді Мағжан. Біздің әсемдікке деген құштарлығымыз сөйлеу мәдениетінен де көрініс табуы тиіс. Адамның тазалығы мен тектілігі оның сөйлеу мәнерінен де байқалады. Өзін құрметтейтін адам тілін шұбарлап, қалай болса солай сөйлемейді. Біз барлық адамға «елден асқан шешен бол» немесе «сөйлегенде қызыл тілден бал тамыз» деп талап қоюдан аулақпыз. Қарапайым, таза, орнықты сөйлеу арқылы да сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға болады. Ең алдымен күнделікті қолданыстағы сөздерді ана тіліңде дұрыс айтуға бейімделу қажет. Оның ешбір айыбы, сөкеттігі жоқ. Ол сөзіңнің де, өзіңнің де қадір-қасиетіңді арттырады. Тілді шұбарлап сөйлеуге әдеттенсең, саған деген сенімді көзқарастың қалыптасуы қиын, сенің тұлға ретінде мойындалуың да екіталай. Мәселен, қазақы тәрбиемен өскен, қазақша да, орысша да бір кісідей сөйлей білетін, іскерлігі де жап-жақсы қыздың ешбір жерде сөзі өтімді болмайтындығы. Себебі ол орысша мен қазақшаны тоқтаусыз араластырып: «Мен ойлаймын, что ол осылай-осылай деп... Бірақ бұл не значит что мен оны білмейді деп» деген секілді сөздерді тыңдау мүмкін емес. Бұл адамның өзіне деген құрметсіздігінің көрінісі. Әйтпесе сол қыздар секілді қазіргі жастардың көбісінің екі тілде де таза сөйлеуге қабілеті әбден жетеді. Бастысы «Сөзіңізді тыңдатқыңыз келсе, қай тілде сөйлесеңіз де таза сөйлеу» парыз. Бауыржан Момышұлының сөйлеу мәнерін ерекшелігі де сол, екі тілді бірдей жетік білген ол кісі ешқашан бір сөйлем ішінде қазақша мен орысшаны араластырып сөйлемеген екен. Кейбір оралымдар орысша оңтайлы болып келсе, сөйлемді түгелімен орысша айтқан, қазақша төгіліп түскен ойлары да шешендігімен, тазалығымен, толықтығымен сүйсіндіреді.
Қай саланың маманы болсаң, сол салаға қатысты кәсіби сөздерді ана тілінде қолдануға мән беру қажет. Бұл ересек буынға да, әртүрлі пәндерді қатар игеріп жүрген мектеп оқушысына да, жоғарғы оқу орнының студенттеріне де қатысты. Кәсіби сөздерді басқа тілде қолданудың дағдыға айналуы – сөйлеу тілін барынша шұбарлап жүрген жайттардың бірі. Мысалы, медициналық ұғымдарды алайық. Қазақша сөйлеп отырып та біз сырқатнама туралы айтқанда міндетті түрде «история болезни» деген сөзді қолданамыз. Тұмауратып ауырғаны туралы бір сөйлемді бүгінгі қазақ былай жеткізеді: «Грипповать етіп, система қабылдап, укол салдырып, больничный ашқызып жатырмын». Қазақ қызына үйленген орыс жігіті келіншегінің қазақша сөйлемейтінін, үйренгісі де келмейтінін айтып, қынжылыс білдіріп отырды.
Басқа адамдар түсінбей қалады-ау деген күмәнмен жалпы қолданыстағы күрделілеу қазақша сөздерді орысша айтып әдеттенудің ешбір қажеті жоқ. Осындай себептерден адамдар тілді шұбарлап сөйлеуге қалыптасып кетеді. Тілді шұбарлау оңай, тазарту қиын. Түсінбей қалады десеңіз, аудармасын айтып беріңіз. Сіз таза қазақша сөйлеу арқылы өз санаңызды тазартып, тіліңізді дамытып қана қоймайсыз, өзгені ойлануға, аударуға, түсінуге тәрбиелейсіз.
Сөйлеу мәдениетіне қатысты өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі тоқтаусыз жүруі тиіс. «Тілім басынан дұрыс қалыптаспады, енді осымен кеттік қой» деп, немқұрайды қала берудің қажеті жоқ. Өмір бүгінгі күнмен тоқтап қалмайды. Сіздің өміріңіз тоқтаса да, өзгенің өмірі жалғасады. Сол үшін де тілдің өмірі жалғасуы керек. Оған бір тамшы болса да сіздің үлесіңіз қосылуы тиіс. Өзгенің емес, өзіңіздің тіліңізді түзету арқылы үлес қосуға тиіссіз. «Өзіңді құтқар, сонда сенің арқаңда мың-мыңдаған адамдар құтылады» деген қанатты сөз дүние тіршілігінің кез келген саласына қатысты айтылған. Жақында жол сапарға шығып бара жатып, жеңіл көлікте отырып, қызметтестеріммен телефон арқылы бірнеше рет сөйлесіп, біраз мәселелерді талқылауыма тура келді. Такси жүргізушісі үнсіз тыңдап отырып, соңынан: - Қай мекемеде жұмыс істейсіз? – деп сұрады. Содан кейін такси жүргізушісі кез келген адамға ой саларлық біраз пікірлер айтты: – Біз кеңес үкіметінің кезінде өсіп, қазақ тіліне мүлде мән бермедік. Бір сөзіміз қазақша болса, екі сөзіміз орысша. Қазіргі жастар да солай. Қазақ тілін таза, шешен сөйлейтін адамдар көбейсе, жастар соларға қызығар еді, еліктер еді, қазақ тілін үйрену, білу сәнге айналар еді. Мен өзім Қазақ радиосын жиі тыңдаймын. Сондағы қыздардың сөзін естігенде, «осылар таза қазақша сөйлеуді қайдан үйренеді екен?» деп таң қаламын, - деді ол. Тілге мүлде қатысы жоқ мекемеде жұмыс істейтінімді естігенде, менің қазақша сөйлейтініме таң қалды. Бұл да біздің қоғамның ақыл-ойының бір көрінісі» - дейді Айнұр Әбдірәсілқызы. Яғни қазақ тілін күнделікті қатынас құралы емес, тілге қатысы бар мамандар ғана қолданатын шектеулі саладағы қатынас құралы деп санау қоғамымызда қалыптасып қалған.
P.S. «Наша казаша» деген сайқымазақ бағдарлама мемлекеттік тілді қорлаудың медиалық озық үлгісі. «Салеметсiз бе, детилер! Итак, биз начинать етемиз урок шала-казахского языка», – деп бастап, мектеп оқушыларына мәңгүрттікті насихаттайтын бағдарлама кезінде тіпті жоғары рейтингке ие болды. Оларға да «Мынауың не?» деп жатқан жан болмады. Ол ол ма, қазір жартылай қазақша, жартылай орысша түсірілген телесериалдарды қарай алмайсың. Жаңалықтар болса, қазан-ошақтың маңындағы әңгімеден арыға аса алмай тұр әзірге. Осы тектес дүниелерді сараптаған сырт көз қазақты ұлттық құндылықтарға бас қатырмайтын, орысшаға жүйріктерге аузын ашып, арзан күлкіге қарық боп отыра беретін тобыр деп ой түйері анық. Бұдан кейін шетел жұртының қазақ халқына деген көзқарасы басқаша болып жатса, кінәні қайдан іздейміз?