Тілі ащы әйел
— Ажаркүлдің айтқаны келді. Барып қолын алып қайт. Оқуға түстің, Полат түсе алмай қалды. «Сенің балаң түседі, Алтынайдың баласы түсе алмайды» деп еді, мен ашық ауыз байқамай Полаттың шешесіне айтып қойыппын. Айтқандай, Полат бірінші ығзамнан-ақ құлап келді. Енді шешесі барып, Ажаркүлді жұлатын шығар. Ажаркүлдің аузы дуалы ғой, — деді апам айналасына рақаттана қарап. — Енді сені әскерге де алмайды ғой?
— Алмайды. Сол жерде оқытады. Лейтенант болып шығамыз.
— Полат сүндетке отырғанда «мен неге отырмаймын» деп жылап едің. «Сені бес жасыңда періште кесіп кеткен, сен одан бұрын отырғансың» деп әрең қойдырғаным есіңде ме? Сартқожаның бәкісінен де, әскерден де құтылдың. Құдайдың қарасқаны да. Бар, Ажаркүлдің қолын алып қайт, — деп апам айналасына одан сайын рақаттана қарады.
— Сонда бес жыл оқисың ғой? — деді әкем тақуа кейпімен сөзге араласып.
— Иә, бес жыл.
— Әгрөнөмдық қой.
— Иә, агроном.
— Бітіріп кеп, гләуный әгрөнөм боп, қыпшақтардың қызын ұрып, кеткен есемізді алып берші, — деп рулық аражікті араға сала сөйледі.
— Әй, не болса соны айтпай тыныш отыршы, — деп апам тиып тастады. Сосын: — Әкең де қуанып жүр, — деп оның да көңілін қалдырмай ілестіре кетті.
Орнымнан тұрып, тура жолға түстім. Ажаркүл апа ауылдың шет жағында тұрады, бізге туыстық жақындығы жоқ шетқақпай көп ауылдастың бірі. Күйеуі соғыста өлген. Өзі үш некелі болыпты, үшінші күйеуінен қара қағаз келгеннен кейін жиналыс жасап, беталды кейіген бригадқа: «Қарағым, мен үш байға тиген қатынмын, ештеңеден қорықпаймын, байқап сөйле, қолымнан келгенін істеймін, келмегенін істей алмаймын», — деп аузын жаптырыпты. Бұның бәрін апам айтты, әкем сөзге жоқ, ішкен асына қанағат етіп отырар тақуа адам.
Бала күнімде, сиырға шөп салып жатқанымда, айырмен көтерген бір бау пішеннің қылтанағы желкеммен ұшып кеп көзіме түсіп, оң көзімді аша алмай қалдым. Суырып тартып, жаным шығып барады. Апам қолымнан ұстап, дедектетіп Ажаркүлдің үйіне әкелді.
— Өй, көккөз, шала қазақ, — деп алдына алып, айналып-толғанып отырды да, еңкейіп, қызыл тілінің ұшын тигізіп қалғанда сұп-суық бірдеңе көзімді аралап кетті. Бір кезде тілінің ұшын көз құйыршығыма таман әкеліп жұтынып қалғанда, көзім шайдай ашылды. Бөртпешектей қиқымды тіл ұшынан сипап алып, саусақ ұшына іліп тұрып, апама зеки сөйледі:
— Қаршадай баланы жұмсамасаңдар болмай ма? Көптің бірі емес, өзі жалғыз. Байың дәсібісін тізіп, енегін уқалағаннан басқа не бітіреді. Тұр, көккөз, — деп құйрығымнан сипап жіберді.
Шешемде үн жоқ, сөйтсе Ажаркүлге ешкім де жауап қайтармайды екен. Сосын маған қарап:
— Осы, көккөз, кішкентайларға тіке қарамасын. Көрген жерде балаға түкіріп жүрсін. Тұқымдарыңда бар ғой, төресіңдер ғой, — деді.
Шешем басын изеп, аудандық газетке орап әкелген шүберегі мен бір ашымқа шәйін ұсынып еді, қолын созбады. Қасына қоя сап, қайтуға асықты. Көзім шәйдай ашылып, борпылдақ топырақты борп-борп басып, апамның алдына түсіп ап үйге қарай жүгірдім.
Енді осы үйге екінші рет келе жатырмын. Бұл кісі шешеммен қатарлас, қолында жалғыз қызы бар. Менімен сыныптас, тікбақайлау, ер балдармен көп ұрсысады. Балдар да қарап жүрмейді, ара-тұра денесіне қол жүгірткенде доп-домалақ әлеуетті қыз білегін сермеп, салып-салып жібереді. Аты Бағланкүл. Ерте туған бағландай топ-толық, беті дөп-дөңгелек, басынан қызыл тақиясын тастамайды. «Онысы несі?» десем, «Ажаркүлдің істеп жүргені ғой» дейді апам. Төбесінен қақиған қоңыр үкісі түспейді. «Неге үкі тағады?» десем, «көз тимесін дейді де, Ажаркүлдің қызының қай жеріне көз тиеді екен» деп тағы да қосып қойды. «Қызың да өзіңе тартқан сұлу ғой» деп кекеткен құрдас еркекке: «Сұлу болсын, сызық болсын, байға тиіп, бала туса болды да. Менің қызым сендейлердің баласына пысқырмайды. Соғыс кезінде көрдік қой кім екеніңді, мекиеннен қашқан қыт-қыттаған қоразсың, соғыс сен сияқтылардың көтін ашты» дегенде, анау сөзге келмей тұра айдапты.
Соғыс дейді, соғыс кезінде біздің ауылдағы күріштікке су алар дәу арнаны кілең әйел қазыпты. Сонда Ажаркүл бір келіншекке «сенің байыңнан қара қағаз келеді» десе, ұзамай жаманат қағаз келіп, «сенің ниетіңнен болды, байға жарымаған бейбақ» деп, қара жамылған қатын көңіл айтып келген Ажаркүлдің бетін тырнап жіберіпті. Ашынған әйел не істемейді. Сонан кейін Ажаркүл тілін тістеп, не де болса ішіне түйіп, екі бүктетіліп жүретін болыпты. «Кетпен шапқанда ыңылдап ән салып шабатын, бұл өзі «р»-ды «л» дейтін сақау ғой, «Қалағым-ау» деп ән шырқағанда «үш байға тиген Ажаркүл тағы біреуді құртқалы жүр ғой» деп әйелдер мазақ қылатын. Десек те, бәріміз соған жалтақтап, аузынан сөз күтетінбіз. Ажаркүлдің мысы басып тұратын». Шешемнің қатар-құрбыларына, кейбір сөз тыңдайтын келіндеріне сыр ғып айтатын әңгімесі құлағымда ызыңдап келеді. Көшеге тас төселіпті, бірақ беті асфальтпен жабылмапты. Сүп-сүйір туфлиімнің тұмсығына тиген ұсақ тастар жан-жаққа ұшып жатыр. Бұл — қайта құрудың біздің ауылға жеткен көрінісі. Адамдар да біртүрлі, сөйлеп тұрып, бір-біріне сенбейді. Күріш егетін жерді билігі барлар жекеменшік қып бөліп алып, жұрт не істерін білмей сандалып жүр.
Апамның даусы тағы да құмығып, құлағыма естілді.
— Анау Сейтімхан ұстаның баласынан қара қағаз келгенде, кілең қатын көңіл айтып үйіне бардық. «Шаңырағымнан тірі шығып ең, өлді деуге қалай сенем» — деп келіні аңырағанда, кісі аяғы басылған соң Ажаркүл оңаша алып шығып, «Әй, қатын, босқа бақыра берме, байың тірі» депті де, «тісіңнен шығарма, мен айтты деме» деп кетіп қалыпты. Соғыс біткесін екі жылдан кейін ұстаның баласы шәпкесі қисайып келіп тұр дейді. Тұтқында болыпты, бір бай неміс сұрап алып, шошқасын бақтырыпты. «Жағдайым жаман болған жоқ, апта сайын бір торайды үйітіп жеймін» дейді, жүгермек» деп жеңгелері келеке ғып отыратын. Кейін сол неміс тілінен сабақ беріп күн көріпті.
Ажаркүлдің соңына да «үш әріп» түсіпті. Қазақ тыныш жүре ме, біреулер көрсеткен ғой, аузына келгенді көкіп жүр деп. «Ендігәрі аузымды ашпаймын, тыныш жүремін» деп, қол қойу білмесем де, қағаздың шетіне қақитып бір таяқ сызып беріп кеттім» деп шешеме сыр ғып айтыпты. Сонда үкіметтің кетпен шауып жүрген әйелдердің арасынан да хауіпті элемент іздегені ғой.
Кеңсенің алдына жеттім. Қос қабатты кеңсе үйі ауылға көрік беріп тұр. Қарсы алдында тапалдау клуб. Бірақ, осы маңдағы жайқалып тұрған қара ағаштар кесіліп, тек түбіртегі қалыпты. Орнына шетелден әкелген ағаштың ұзақ жасайтын басқа сортын екпекші екен. Кеңсе алдында осы ауылдың атын жер жүзіне жайған даңқты диқан атаның суреті ілулі тұрушы еді, ол да жоқ. Жаңа келген бастық: «Бұл кемелденген социализмнің өкілі, қазір қайта құру, орнына Горбачевтің суретін ілеміз» деп алдыртып тастапты. «Мынау асыра сілтеудің көкесі ғой, біз соның тәжірибесімен күріш егіп жүрген жоқпыз ба, ауыл болса соның атында» деген бір даңғайыр диқанға: «Ексең ек, екпесең табаныңды жалтырат, сенсіз де егетіндер табылады» деп жер бермей қойыпты. Бұл не, қайта құру деген осындай бола ма екен? Оқуды бітіріп, агроном боп ауылға келсем, осындайлардың бәрін орнына қоям. Диқан атаның суретін де қайта ілгізем, жерге қолы жете алмай жүрген кәнігі күрішшілерді де қарық қылам.
Ажаркүл апаның үйінің төбесі көрінді. Тапалдау соғылған, шипрмен жабылған көнетоздау там. Ең бірінші тиген күйеуі салдырып кеткен үй дейді, қалған екеуі күшік күйеу боп қолында тұрыпты. Жүрегім біртүрлі дүрсілдей бастады. Бір нәрсе сұрай қалса, не деймін. Елден естіген бір сөзім бар еді, соны сұрасам ба екен. Бір сөзбен шотыма қондырса қайтем. «Шешең сұра деп жіберді ме?» десе, не деймін. Ол — ауыл адамдарының гу-гу сөзі, қарабайыр тіршіліктен қажыған қазақтың қара әңгімесі. Ажаркүлдің қызы — менің сыныптасым Бағланкүл телебезерді қосып қалса, Горбачев шекесі жылтырап, аузы-аузына жұқпай сөйлеп тұр екен. «Мынау, қалды шеке, елді таратуға келген сужұқпас қой. Көрмегенім сен болсын. Өшір!» деп, көгілдір экранды қара шүберекпен қымтап қойыпты. Осыны сұрасам ба екен. Жігіт басыммен сөз естіп қалсам, ол да ұят.
Қисайып, шегесі босап, салбырап тұрған шарбақ қораның есігін аштым. Төбе шипры қар мен жаңбырдан әбден жұқарып, дуалының әгі көмескі тартқан ескі үйге беттей бергенімде Ажаркүл апа есік алдына шықты да, мені көріп селт тұрып қалды. Жымық көздері сығырая күлімсіреп, тәмпіш танауы қусырыла қарады. Сынап-мінеп тұрған да жайы бар.
— Өй, көккөз, қайдан жүрсің-ей, — деді сұрау салып. — Оқуға түстің ғой.
— Түстім. Қолыңызды алып кетейін деп...
— Кеше, анау көршілерің Алтынай кеп, он екі мүшемді түгел атап тұрып, қарғап кетті. Маған қарғыс өтсе әлдеқашан өліп қалар едім. Шешеңнің де аузы жеңіл.
Осы кезде сыныптасым Бағлангүл үйден шыға келді. Басында баяғы қызыл тақия, төбесінде антенна секілді тіп-тік үкі. Бойжетіп қалған қызға дөңгелек қызыл тақия мен үкі сондай жарасып тұр.
— Кләстасыңа шәй қой, — деді Ажаркүл апа.
Бағланкүл есік алдындағы тапал кереуетке көрпеше төсеп, жастық тастады. Самауырға шоқ салды.
— Төрге шық, еркексің ғой, — деді апа. Қысық көзін сығырайтып, сынай қарап отыр.
— Кләстасыңды Бәйгеқұмдағы СПТУ-дың мәшінке басатын оқуына берейін деп отырмын. Сен әгрөнөм боп келгенде қағаздарыңды өзі басады, — деді езуіне күлкі үйіріліп.
— Бағланкүл сабаққа жақсы, әсіресе, есепке жүйрік, қай оқу болса да түсіп кетеді ғой.
— Өз есебін білсе болды да. Үш байға тиген мен де есебімнен жаңылған жоқпын, — деп қырын қарағанда әлгі күлкінің ізі өң-жүзінен сытылып кетті. — Шешең қалай? Жалғыз бала деп атыңды Тілеу қойып еді, Құдай тілеуіңді берсін. Әкең аман болсын, әйтеуір сені туғызу қолынан келді, оған да шүкір, — деп еркек жыныстыларға деген бір тілеу мен бір ыза ыздиып аузынан шықты.
Шешемдей адамның бетіне қарап мен де күліп жібердім.
— Алматың қалай, онда да қайта құру ма? Біздің ауыл қайта құрылып бітті. Бәрі бұзылды, бәрі сатылды, анау дән сақтайтын скләдті сатқасын не сұрайсың. Астық бола қалса, көттеріңе тығып сақтар ма екен. Колхоз деген атын да құртыпты. Сен үлкен жерден келдің ғой, бұл не өзі? — Тағы да жүзіне жымысқы күлкі үйірілді. — Айтыс болады дегесін әнеукүні Шиеліге барсам, айтыс емес, ақшаға сатылған өңкей жарамсақ. «Қайта құру дегенім, қайта құру, Атымды қайта ерттеп, қайта міну» дейді домбыраны енегінің үстіне қойып ап. Қайта құруды жырлаған түрлері ғой. Нартайлар домбыраны биік ұстаушы еді, қор болған сөз бен қайран домбыра деп, кетіп қалдым. Үлкен жерден келдің, қаладағылар да осылай ойына келгенін істеп жүр ме?
— Қайдам, апа, оқуға жаңа түсіп жатырмын ғой, — деп төмен қарадым.
— Осы, біздің қазаққа айналысатын ештеңе қалмады-ау деймін. — Апа сөзін айтып болғанда самауыр селк-селк етіп қайнап, төбесіне кигізген кернейден шыққан қою түтін сейіле бастады.
Дастархан жайылып, Бағланкүлдің қолынан шәй ішіп отырмын. Енді байқадым, кеудесі мен бөксесі бұлтиып, нағыз қыз қалпына еніпті.
— Біздің кластан Алматыға оқуға түскен сен ғана. Қайта құрудың кезінде... — деді кесе ұсынып.
— Бұның оққағары бар ғой. Қызым, қайта құру деген бәлені енді аузыңнан шығарушы болма. Қарашы, зәкүншіл боп қалғанын, — деп қызына қарағанда ол селк-селк етіп күлді, төбесіндегі тіп-тік үкісі де қоса селкілдеді. Ол шешесінің сөзіне күлсе, мен Бағланкүлдің бітіміне рақаттана көз салдым.
— Осы, Ажаркүл апа, телебезерден Горбачевті көргенде «мынау, қалды шеке, елді таратуға келген сужұқпас қой» деп өшіріп тастағаныңыз рас па? — дедім көмейіме келген сөзді ірікпей.
— Мені өтірік айтты деп естіп пе ең.
Тосылып қалдым. Қарашы, бүлдіргенімді. Болары болды ғой деп тағы да сұрадым.
— Өзіміз туралы не дейсіз?
— Оны кейін естисің.
Ажаркүл апа қайтпады. Қарашы, не айтса да именбей, еркін бермей, кең далада бір өзі отырғандай көсіліп отырысын. Өмірі ешкімнен ықпаған тілі ащы әйел маған түсін суыта қарады. Бір нәрсе білгім кеп іштей ынтығып отырғанымды сезіп отыр, бірақ көңілінде күдігі бар.
— Екеуің шәй ішіп отыра беріңдер. Мынау насыбайшы Әжімұрат құран оқытып жатыр екен, соған кіріп шығайын, — деп жылжып барып орнынан тұрды да: — Әй, Тілеу, келіп тұр, кләстәсің Бағланкүлді ұмытып кетпе. Сенің шешең екеуміз бір жыл емес, бір күнде туғанбыз сендерді. Екеуің түйдей жастысыңдар. Бұны шешең айтқан жоқ шығар, өсек айтқаннан басқа не біледі о қатын, — деп тез-тез сөйлеп кете берді.
Мен сыныптасыммен жалғыз қалғаныма айдарымнан жел есті. Жастыққа жантайып, шәниіп жаттым. Кесе ұстағанда саусағына саусағым тиіп кетіп еді, үлкен жерге оқуға түсіп келдім дегендей өзімді биік ұстап, сезімімді сездірмедім, ол болса дір етіп, кесені түсіріп ала жаздады. Осыны байқап қалдым. Кластағылардың қайсысы қандай, кім қорқақ, кім батыр еді, кім кіммен хат жазысып, ұсталып қалғанын айтып, бөсіп отырғанда Ажаркүл апаның төбесі көрінді. Орнымнан ұшып тұрдым.
— Жақсы, апа, қолыңызды алайын деп келгенім ғой.
— Келіп тұр, — деді түсін суытып. Бұрынғыдай емес, даусы тым бәсең шықты.
***
Алты ай өтіп, қысқы каникулға келгенімде шешемнің айтқан алғашқы сөзі — «Ажаркүл қайтыс болды, кеше қырқын берді. Қызына көңіл айтып шық, кләстәсің емес пе», — деді. Апыл-тапыл жолға шықтым. Былтыр тас төселген көшелердің, тіпті көркі кете бастапты. Тас төселгенмен асфальт құйылмапты, таздың басындай ала-құла. Қоймалжың батпақ бетін жауып, бұзау тұмсық бәтіңкемнің табанын армансыз жалап жатыр. Ауылдың көркі кетіп қалыпты. Кеңсе алдындағы «Қайта құру — уақыт талабы» деген плакат-жазу қисайып, қара желмен желп-желп етіп желбіреп тұр. Кесілген қара ағаштардың орны да тып-типыл. Клубтың дәл алдында ұлы көсем Лениннің ескерткіші тұрушы еді, бір күнде құлатып, мойнына темір арқан байлап, «Беларуспен» сүйретіп, шошқа баздың түбіне апарып көміп тастапты. Ескерткіштің тұғырына кішкентайлар секіріп ойнап, сальто жасап, етбеттеп-шалқалай құлап мәз-мәйрам. Жылдам басып кеп Ажаркүл апаның үйіне жақындадым. Өткен жолғыдай емес, қыс ауасы сергек, адымым ширақ, қоймалжың батпақты шылп-шылп басып келемін. Әрі үкі таққан сыныптасымды көргім кеп, көңіл айтуды мойныма жүктеген бір міндет деп сезінем. Көріп, көңілін ауласам жеңілдеп қалатын секілдімін.
Көрші үйдің әйелі аулаға енген мені көріп, сол үйге қарай кетті. «Келе жатыр» деп ескерткен болу керек. Батпаққа шыланған бәтеңкемді ауыз үйге шешіп, кіре бергенімде қарсы алдымда тұрған Бағланкүл сыңсып қоя берді. Кәдімгі ұзатылар қыздай өксіп-өксіп сыңсыды. Басында үкілі тақиясы жоқ, төмілжіте тартқан қара орамал. Даусы ащы. Мектепте жалпы хорда тұрып ән салғанда да даусы елден ерекше саңқ-саңқ етіп жылдам шығатын, мен оны Роза Бағлановаға ұқсататынмын. Аяп кеттім. Мұң аралас өксік дауыс көңілімді босатып жіберді. «Барым да, нарым да жалғыз шешем еді» деп сөз қосып айтып, иығымнан ұстап жібермеді. «Тілі ащы болғанмен, ешкімге зияны жоқ еді» деп тағы да қосып қойды. Басу айтып, білген құлқуалламды оқыдым. Ол өз-өзіне кеп, аздап көңілі жайланғасын сыныптастарына деген ризалығын білдірді. Шәй қойып, әңгіме өрбітті. Ол өткен жолғыдай еркін көсіліп кетпесе де, арасында күлімсіреп қойып, сөйлеп отыр.
— Кластастар түгел келді. Қырқына да келді. Бәріне ризамын, — деді. Бір кезде: «Ең жаманы — жалғыздық екен. Шешем үш байға тисе де, бір еркек кіндік көре алмапты. Ағам не інім болғанда соларға арқа сүйеп, шалқайып отырар едім, — деді өксіп. Сәл үнсіз қалды да: «Тілі ащы болса да, айтқан сөзі айналайыннан бетер еді», — деп төмен қарап, самауыр сыртына ирелеңдеп тұрып қалған қайнаған судың қағын сұқ саусағымен түрткілей берді.
— Оқуға қашан барасың?
— Енді ненің оқуы. Мына үйді құлыптап, қайда кетем. Сендер оқыңдар, бізге сол жетеді ғой, — деп басын көтеріп, бетіме қарады. — Қырық күн өтті, апамның жоқтығына да біртіндеп үйрене бастадым. «Ажаркүлдің тілі ащы» деуші еді, тұщы нәрсені көрмедік қой.
Менің көкейімде былтырғы жауабы жоқ сауалым сол күйі сақтаулы тұр. «Кейін естисің ғой» деген кекесінді үні де құлағымда. Әлі ешкімнен қайта құруға орай «Ажаркүл айтыпты» деген сөзді естігем жоқ.
— Осы, Бағланкүл, Ажаркүл апа кетерінде ештеңе айтқан жоқ па? — дедім қипақтап.
— Не туралы?
— Ауыл туралы, болашақ туралы, атқа мінгендер туралы...
— Естігем жоқ, — деп басын шайқады.
— Берік бол. Кеткенше әлі келемін. — Батпаққа былғанған бәтіңкемді аяғыма сұға бастадым.
Ол табалдырықтан аттаған жоқ. Қазақ салтында жылын бергенше қаралы үйден ешкімді шығарып салмайды.
Артыма бір қарадым. Бағланкүлдің көздері кіртиіп, кірпік қақпай қарап тұр екен. Ажаркүл ападан аумай қалыпты.
«Тілі ащы әйел өмірден тілін тістеп кетті ме екен?». Үйді айнала бергендегі ойым бұл. Көшенің қара батпағына табаным тиді, былш-былш басып келемін. «Ажаркүл апа қайта құруға қолды бір сілтеп кетті ме екен. Артында Бағланкүл қалды ғой. Кеткенше тағы бір соғамын. Бәлкім бір нәрсе айтып қалар».