Тәубеге келу
(басылмаған шығармаға кіріспе)
I
Мені шоқындырып, христиандық православтық сенімде тәрбиеледі. Балалық шағымнан есейгенге дейін үнемі дінге сенуге үйретті. Мен 18-ге толып университеттің екінші курсынан көшкеннен бастап маған үйреткендердің біреуіне сенген емеспін.
Есіме түскендерінің кейбіріне қарасам, мен шын көңіліммен дінге сенген емеспін, тек үлкендердің үйреткендеріне, оқытқандарына, бұрын менің алдымда олар сенгендерге ғана сеніп келіппін, оның өзі де ұшқары сезім болатын.
Он бір жасымда гимназияда оқитын бір бала, ертерек қайтыс болып кеткен Володинка М., біздің үйге жексенбілікке келіп,гимназияда өзінің ашқан соңғы жаңалығымен бөліскені есімде. Оның ашқан жаңалығы құдай жоқ,ал бізді оқытатындардың барлығы ойдан шығарылған (бұл 1838 жыл еді) деген болатын. Есімде қалғаны үлкен ағаларымыз бұл жаңалыққа қызығушылық танытып, мені әңгімеге шақырғаны. Біздер бұл жаңалықты қызу талқыладық, әбден қызық,болуы мүмкін жаңалық деп қабылдағанбыз.
Тағы бір есімде қалғаны, үлкен ағам Дмитрий, университетте оқып жүріп, оған тән мінез-құлық құштарлығымен дінге беріліп,барлық діни қызметтердің бірін қалдырмай барып жүретін, ораза тұтып, таза, рухани өмір сүретін, ал, біздер де және біздің үлкен ағаларымыз да оған үнемі күлетінбіз, неге екені белгісіз ағамды Ной деп атап кеттік.
Қазан университетінің бұрын қамқоршысы болған Мусин-Пушкин бізді биге шақырып,билеуден қашатын ағама Давидте Ковчег алдында билеген деп, оған күліп, билеуге көндіруге тырысқаны есімде.Үлкендердің ағамды мазақтағанына жаным ашып, бұдан былай діни ілімге үйрену керек,шіркеуге бару қажет деген қорытынды шығардым, бірақ бұны шын көңіліммен қабылдауды қажет деп таппадым. Мен жасымнан Вольтерді оқыдым, оның құдайға қарсы жазған сайқымазақтары мені ашуландырмақ түгіл мені де күлкіге батыратын.
Менің діни сенімнен алыстауым қазіргі оқыған адамдар діннен алыстағандай жағдайда өтті. Адамдар қалай өмір сүрсе басқалар да соларға еретін әдеті емес пе, адамдар діни сенімге жалпы қатысы жоқ негіздермен, қайта дінге қарсы ұғымдармен өмір сүреді, діни ілім олардың өмірінде орын алмайды,адамдармен қатынаста болмасын, өздерінің өмірінде болмасын дінмен қатыспайды, діни сенім өмірден алшақ, тыс жерде айтылады. Ал егер онымен қатынаса қалсаң өмірге, құбылысқа қатысы жоқ сырт дүниеде түйісесің.
Қазір де және бұрын да адамның өміріне, оның ісіне қарап құдайға сенетінін немесе сенбейтінін анықтау мүмкін емес. Православтық сенімді ашық уағыздайтындар мен оны жоққа шығаратындардың арасында айырмашылық болса, ол әрине, сөзсіз біріншісінің пайдасында емес. Қазір де және бұрын да православтық мойындау және уағыздау көбіне надан, қатыгез және арсыз, өздерін өте жоғары санайтын адамдардың арасында кездесті. Ал ақыл мен адалдық, ашық мінез, мейірімділік пен адамгершілік көбіне өздерін дінге сенбейтіндер арасында таралды.
Мектепте имандылықты оқытып, шәкірттерді шіркеуге жіберетін, шенеуніктерден тұрмысында дінге қатысы туралы куәләрді талап ететін. Қазір де және бұрын да біздің ортада оқыған, білім алған және мемлекеттік қызметте істемейтін адамдар христиандар арасында тұратынын бір еске алмай өмір сүре алды, өздерін христиандық православтық ілімді ұстайтындармыз деп есептеді.
Қазір де және бұрын да сыртқы күштің қолдауымен әрең тұрған діни сенім оған қарсы тұратын өмірдің және білімнің қуатына қарсы тұра алмады, оның үстіне адам өзінің діни сенімін елестетіп ұзақ өмір сүрді, ал шынында бала кезінен оған үйреткен діни сенімнен ізде қалмады, ол оның бойында жоқ екенін өзі де сезбеді.
Ақылды және шыншыл С. деген адам маған қалай құдайға сенуден қалғаны туралы әңгімелеп берді.
Ол жиырма алтыда болатын, бірде аңшылықта жүргенде бала кезіндегі әдеті бойынша С. кеште сыйынуға тұрады. Аңшылыққа бірге шыққан, шөп үстінде оған қарап жатқан үлкен ағасы С. сыйынып біткен соң: «Сен осы күнге дейін бұны істейсің бе?» дейді. Бұдан соң олар біріне- бірі ештеңе демейді. С. осы күннен бастап құдайға сыйынуды, шіркеуге баруын қояды. Міне отыз жыл болды құдайға құлшылық етпейді, таранбайды, шіркеуге бармайды. Ол ағасының көзқарасын білгеннен емес, не өзінің жанына бірдеңе істейінші дегеннен оған қосылған жоқ, ағасы айтқан бір ауыз сөз оның жүрегінде діни сенім бар деген, бірақ бос тұрған қуысқа түрткі болып, өзінің салмағынан құлайын деп тұрған қабырғаны саусағымен түртіп жібергендей болды, оның сөзіне қарағанда, крестке шоқыну, құлшылыққа жығылу мәнсіз екенін, олардың қажетсіздігін түсініп, ол құдайға сыйынуды тоқтатады.
Көптеген адамдар тап осындай жағдайды болдыдеп ойлаймын. Мен діни сенімді мақсатына қол жетудің алдамшы құралы етіп алатындар туралы айтып тұрған жоқпын (ондай адамдар құдайға мүлдем сенбейтіндер, өйткені олар діни сенімді тіршіліктемақсатқа жетудің құралы ретінде қолданады, онда ол діни сенім емес шығар) мен біздің деңгейдегі қазіргі оқыған, өздеріне адал адамдар туралы айтып отырмын. Біздің деңгейдегі оқыған қазіргі адамдар өмір мен білімжасанды ғимаратты құлатты деп өздерін құдайдан біржолата босатты, немесе өзіңіз байқағандай, бұнысын өздері де байқамады.
Бала кезден мені үйреткен діни сенімді басқалар жоғалатқандай мен де солай жоғалттым, айырмашылығы сол, мен ерте кезден көп оқыдым, ойлана бастадым, менің діннен бұрылуым ерте, саналы түрде болды. Он алты жастан бастап мен құдайға сыйынған емеспін, жүрегімнің қалауы бойынша шіркеуге баруды, ораза ұстауды қойдым. Бала кезімнен маған айтқандарға сенген емеспін, мен басқаға сендім, мынаған нақты сеніп едім деп те айта алмаймын. Сонымен бірге, мен құдайға сендім бе немесе оны мойындадым ба оны да айта алмаймын, шындығында, мен құдайды жоққа шығарған емеспін, Христос пен оның ілімінде теріске шығармадым, бірақ оның ілімінің не екенін түсіндім деп тағы айта алмаймын.Енді сол кезді еске алсам, маған түсінікті болғаны, мені билеп алған хайуандық түйсіктерден басқа жалғыз сенім бар еді, ол жетілсем деген сезім болатын. Бірақ жетілудің не екенін, оның мақсаты неде екенін сол кезде түсіндіре алмайтынмын. Мен ақылымды жетілдіруге тырыстым, өмірден, мені кеудемнен итергеннің, алдыма кездескеннің бәрінен сабақ алдым; мен өзімнің жігерімді жетілдіруге тырыстым, — өзіме қағидалар белгіледім, сол қағида ережелерді бұзбауға тырысып, еркімді жетілдірдім, әртүрлі жаттығулар арқылы күш-қуатымды, ептілігімді шыңдадым, өзімді қинап шыдамдылыққа, төзімге үйреттім. Осының бәрін менің жетілуім деп санадым. Әрине, басында рухани жетілу тұрды, артынан ол менің жалпы жетілуіме байланысты еді, яғни мен өзім алдында, құдайдың алдында алдында жақсы болу үшін емес, басқа адамдардан жақсы болсам деген тілегім тұрды. Соңында басқалардан жақсы болсам деген тілегім басқалардан күшті болсам, артық болсам, бай болсам, атақты болсам деген тілекке ұласты.
II
Мен кейін бір кезде өзімнің өмір тарихымды, жастық шағымның әсерлі және ғибратты он жылы туралы айтып берермін. Меніңше жас кезіндеәркім мұндайды басынан кешіреді деп ойлаймын. Мен бар жан дүниеммен жақсы болуға тырыстым, жас едім, өмірге құштарболатынмын,жақсылық іздегенде өмірде жалғыз, жаһанда жалғыз едім. Қандай болмасын шын ықыласымды білдіргім келгенде, мен әрқашанда рухани жақсы болуды ойлайтынмын, сол үшін мені жақтағандар да, күлгендерде болды, ал енді жиркенішті құмарлыққа бой алдыра бастағанда мені құптап шыға келетін.
Атақ, даңқ, мансап, байлық, тәнқұмарлық, тәккапарлық, ашу, кек — бәрі құпталатын. Аталған толы құштарлыққа беріліп, үлкендерге ұқсай бастадым, бірақ бұны тоқтату керегін де сезетінмін. Мен қолында тұрған кезде мейрімді, таза пендешіл апайым: rien ne forme un еeune homme comme une liaison avec une femme comme il faut"; (Жас адамды әдепті әйелмен қатынастан басқа ақылға салып қалыптастырмайды.) маған күйеуі бар әйелменқатынас рахатын тілейтін, ол маған тағы бір рахат, адъютант болғанымды тілейтін, ең жақсысы патшаның адъютанты болғанымды және ең үлкен бақыт, менің өте бай қызға үйленіп, соның салдарынан менің көп құлдарым болғанын қалайтын.
Өткен сол жылдарды жүрегім сыздап, қызарып, жиіркенішпен еске аламын.
Мен соғыста адамдарды өлтірдім, оларды дуэлге шақырдым, мұжықтардың адал еңбегін ішіп жеп, шашып картаға ұттырдым, оларды өлімге кестім, адамшылықтан шығып алдадым.... Өтірік, ұрлық, түрлі жыныстық тәнқұмарлық, ішімдік, адамға қиянат жасау, өлтіру... Мен істемеген қылмыс жоқ, осылар үшін мені кәдімгі құптайтын, құрдастарым салыстырмалы түрде мені өнегелі адам санайтын, санады да. Мен осылай он жыл өмір сүрдім.
Сол кезде кеудеме нан пісіп, пайда табу үшін, адамдарға жақсы көріну мақсатында жаза бастадым. Мен өмірде істегендерімді сол күйінде жаздым. Абыройға бөленіп, көп ақша табу үшін жақсыны жасырып, жаманды асырып оқырманға көрсету керек болды. Мен тап солай істедім. Жазғандарымда өмірімнің мәні саналатын ізгі ниеттерімді енжарлықпен, мысқылмен жасыру үшін қаншама қулыққа бардым дейсің. Мен осылайша,өз мақсатыма жеттім: мені мақтай бастады.
Жиырма алты жасымда соғыстан кейін Петербургке келіп жазушылардың қатарына қосылдым. Олар мені өздерінің адамы ретінде қабылдады, олар мені қолпаштайтын, жағымпазданатын. Айналама қарап үлгергенім сол еді, араласып кеткен жазушылардың сол кездегі адамдарға деген көзғарастары маған да жұқты, менің бұрыннан жақсарсам деген ниетім құмға сіңді. Бұл көзғарасым менің азғанымды ақтайтын теорияны туғызды.
Қаламгерлердің адам өміріне деген көзқарастарына қарасам, жалпы өмір даму үстінде, даму барысында екен, ең бастысы — олардың адамдар өміріне араласуы керек, адамдардың ой—санасына жазушылар мен ақындардың ықпалымаңызды екен. Біздің міндет —оларды үйрету. Өзіме осы бір табиғи сұрақты қоймас бұрын: оларды неге үйрете аламын дегенді білу тіпті маңызды емес екенін теория тұрғысында анықтадым, ал жазушы, ақын саналы түрде ешқашанда үйретпейді. Мен керемет көркем жазатын жазушы, ақын едім, сондықтанда маған бұл теорияны игеру қиынға түспеді. Мен жазушы,ақын кім екенін білмей тұрып адамдарды жазып үйреттім. Маған сол үшін ақша төлейтін, менің ішетін азығым, жататын үйім, төсек бөлісетін әйелдерім, ортам болды, атағым бар еді. Соған қарағанда менің жазғандарым өте дұрыс деп саналғаны ғой.
Поэзияда және өмірде пір тұтатын адамдар болады, мен сондай пір тұтқан абыз едім. Абыз болу — маған ұнайтын және тиімді еді. Мен көп жылдар жазушылық қызметімнің ақиқатына сеніп, күмән келтірмей жүрдім. Тек екінші, әсіресе үшінші жылы ғана күмәнім туа бастады, мен өмірлік сенімімнің күмәнді екенінін сезіп,ойлана бастадым. Байқаған бірінші күмәнім, көптеген жазушы абыздар өздерінің ортасына сыймайды екен. Біреулері: біздер ең жақсылармыз, нағыз үйретуші — ұстаздармыз, адамдарға қажетін біздер ғана үйрете аламыз, ал басқалары дұрыс оқытпайды десе, екіншілері: біз —шын мәніндегі ұстазбыз, ал сендер дұрыс оқытпайсыңдар дейді. Олар дауласып, таласатын, бірін-бірі алдайтын, бірін-бірі даттайтын. Сонымен бірге, біздің арамызда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс демей, ішімізде жүріп, біздің осы қызметіміздің арқасында өздерінің пасық ойларына жеткендерде кездесетін. Осының бәрі мені біздің қызметтің ақиқатына сенімсіздікпен қарауға мәжбүр етті.
Сонымен мен жазушылық кәсіптің ақиқатына күмәндәніп, жазушы абыздарға мұқият қарай бастадым, көзім жеткені, жазушы абыздар шетінен оңбаған,арсыз, мінездері нашар — олардың көбі менің бұрынғы қыдырымпаз өмірімде, әскери қызмет барысында кездестірген адамдардан да төмен, кеуделеріне нан піскен, өздеріне шексіз риза, тіршілігіне мәз-мәйрем, қасиеттіліктен мүлдем жұрдай адамдар екен. Бұндай адамдар маған жиркенішті еді, менде өзіме жиіркенішті болдым, мен бұл сенімімнің жалған екенін түсіндім.
Бір қызығы сенімімнің жалған екенін тез түсініп, одан бас тарттым, бірақ олардың маған таққан — қаламгер, ақын, ұстаз деген атақтарынан бас тартқан жоқпын. Неге үйрету керектігін мен өзімде білмей тұрып, аңғалдықпен, ақын, шебер жазушы барлығына үйрете алады деп шештім. Мен осылай жаздым.
Жазушы адамдармен араласқан сайын менің бойыма жаңа кемшіліктер жамылды — ол шексіз мақтаншақтық пен ештеңе білмей тұрып мен үйретуге жаратылғанмын деген жарымжан сенім болатын.
Қазір сол кезді еске ала отырып, сол уақыттағы менің көңіл-күйім, сол кездегі адамдардың көңіл-күйін (ондайлар қазір мыңдаған шығар) маған аянышты, қорқынышты және күлкілі еді, өйткені мен өзімді жындыхана үйінде жүргендей сезетінмін.
Біздер үнемі айта беру керек, жаза беру қажет, мүкіндігінше жылдам жазып, шұғыл басып, көбірек ұсыну керектігіне, оның бәрі адамзат үшін керек дегенге сол кезде сенетінбіз. Мыңдаған біздер сияқтылар, өзара жанжалдасып, өзімізді өзіміз жоққа шығарып, үнемі біреулерді үйретіп шығарма жазатынбыз, жазғандарымыз жарияланып басылатын. Жындылар үйіндегідей өзіміздің ештеңе білмейтінімізді жасырып, өмірдің ең қарапайым сұрақ не жақсы, не жаман дегенге жауап таба алмай, бірімізді біріміз тыңдамай, мені де артынан қостасын, не мақтасын деп, кейде өтірік қостап, ал кейде өтірік мақтап, кейде ашуланып, кейде жекіріп жататынбыз.
Мыңдаған жұмыскерлер күн демей, түн демей, бар күштерін салып, миллиондаған сөзді баспаға теріп, оны басып шығаратын, пошта арқылы бүкіл Ресейге тарататын, таситын, жеткізетін, ал біздер болсақ оларды тынбай оқытып үйрететінбіз, тіпті олар бізді тыңдамайды деп ренжитінбіз.
Маған қазір түсінікті болғаны сол кезде ең жаманы, жұртқа айтатын біздің әңгімелеріміз астарында барынша көп ақша табу,танымал болу, даңққа бөлену тұратын. Осы мақсатқа жету үшін біздер кітап жазудан, газет шығарудан басқа ештеңе білмейтінбіз. Біздер қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Ешкімге керек жоқ істі жасау үшін өзімізді ерекше жаралған адамдар санадық, бұнымызға өзіміз сенімді болу үшін біздің қызметімізді ақтап алатын тұжырымдарды да тауып алдық. Сонымен, біз: дүниенің бәрі ақылға сыйымды екен, айнала өсу үстінде, ағартушылық арқасында өсу үстінде екен, ағартушылыққа бағытталған кітаптарды, газеттерді тарату арқылы даму үстінде дегенді шығарып алдық. Сол үшін бізге көп ақша төлейді, бізді сыйлайды, сондықтанда біз кітаптар жазамыз, газеттер шығарамыз, сондықтанда біз керек адамдармыз дегенді ойлап таптық. Ойымыз дұрыс болар ма еді, егер де біз бұнымен бірімізбен біріміз тегістей келіссек; жоқ, біреудің айтқан ойына, екінші біреудің қарсы ойы тұратын, бұл бізді ойландыруға тиіс еді, бірақ біз бұған ойланбадық. Бізге партия адамдары көп ақша төлейтін, бізді мақтайтын, яғни біздер өзіміздің ісімізді дұрыс атқарғанымыз ғой. Маған қазір түсінікті болғаны, сол кезде жындыхана үйінен біздің ешқандай айырмашылығымыз жоқ еді, мен бұған көмескі күдікпен қарап,есуас адам сияқты өзімнен басқалардың бәрін есуас санайтынмын.
III
Осылай есалаңдыққа салынып, үйленгенге дейін тағы алты жыл өмір сүрдім. Мен осы кезде шет елге аттандым. Европадағы өмірім және алдыңғы қатарлы европа адамдарымен сырласуым менің жетілсем деген ойымды оның үстіне нығайта түсті, өйткені менің бойымда бар сенімді мен олардан да кездестірдім. Бұл сенім менің санамда қалыптасқан, біздің уақыттың оқыған адамдары бойындағы қарапайым түсінік еді. Бұл сенім "прогресс" деген сөзбен анықталатын. Сол кезде маған «прогресс» нақты нәрсені білдіретін сияқты көрінетін. Кеудесінде жаны бар адамды ойландырып, қалай дұрыс өмір сүрсем деген сұраққа: — «прогреске сай өмір сүру керек», —деп жауап беретінмін, бұл қайықта отырып дауыл мен толқынға қарсы есіп, оған қойған басты және жалғыз: «бұл бағыт бізді қайда апарады?» деген сұраққа — «әйтеуір бір жаққа жеткізеді» дегенмен бірдей еді, мен прогресс дегенді әлі түсіне қойған жоқ едім.
Мен сол кезде бұны түсінген жоқпын. Тек кейде ақылым емес, ішкі сезімдерім қарсы шығатын, адамдар өздерінің өмірде білмейтінін осылай жасыратын. Парижде жүргенде, адамды жазалау кезінде басының шабылуы менің прогреске деген сенімімді мүлде жоққа шығарды. Адам басының денесінен ажырап жәшікке сарт етіп түскенін көргенде мен жан дүниеммен ақыл ой мен дамудың қандай болмасын қазіргі теориялары, жер жүзінде өмір сүретін барлық адамдар маған жаратылыс бойынша осылай болуы керек десе де, бұл өте жаман, бұны көріп тұрып бұндай қылықты ақтай алмайтынымды жүрегіммен сездім. Санамда қалғаны, прогресске деген сенімімді жойған тағы бір жәйт — ағамның өлімі еді. Ақылды, қайырымды, өте жақсы адам, менің ағам жас кезінде ауруға шалдығып, бір жылдай ауырып, қиналып өлді, ол не үшін өмір сүргенін, оның үстіне неге өлетінін білмей қайтыс болды.Ол қиналып жатқанда ешқандай теориялар маған да, оғанда жауап бере алмады.
Бұл кейде ойыма түсетін шүбәләрім болса да, мен бәрібір прогреске деген сеніммен,одан әрі өмір сүре бердім. «Бәрі даму үстінде, менде көппен бірге даму үстіндемін, ал не үшін даму үстіндемін, оны уақыт көрсетеді» деп өмір сүре бердім. Сол кездегі ішкі сеніміміме осылай жауап қайыру маған қажет еді.
Шет елден қайтып келгеннен кейін мен деревняға қайтып, крестьяндарды оқытатын мектепке қызметке тұрдым. Оқу сабақтары маған таныс болатын, әдебиет оқытушысы қызметінен маған түсінікті болғаны, әдебиеттегідей бұнда көзді алдайтын өтірік жоқ екен. Бұл жерде де мен прогресс үшін жұмыс істедім, енді прогрестің өзіне мен сын көзбен қарайтын болдым. Мен өзіме прогресс кейде дұрыс болмады деп, алғашқы адамдарға, крестьян балаларына мүлдем еркін қарап, оларға өздері қалайтын прогресс жолын таңдауды ұсыну керек деп санадым.
Мен неге үйретуді басынан білмей тұрып, оқытуға қатысты шешілмейтін мәселелер төңірегінде шырмалдым да қалдым. Жоғары әдеби қызмет ортасында өзім білмей тұрып біреуді үйретуге болмайтынын, өйткені әркім өзінше үйретететін,олар өзара дауласып, өздерінің білмегенін бірінен бірі жасыратынын анық білетінмін; ал крестьян балаларын оларға нені оқығысы келгенін оқытып айналып өтуге болады деп санадым. Қазір еске алсам күлкілі екен, өзімнің күйтшілігімді екі етпеу үшін талай бұлтақтап — жүрегімнің түбінде, менөзімде оларды неге оқыту қажетінбілмейтінмін. Мектепте өткізген оқулардан соң бір жылдан кейін мен тағы шет елге аттандым, бұл жолы неге оқыту керегін білмегендіктен, үйреніп келу үшін жолға аттандым.
Шет елде оқып, біліммен қаруланып, крестьяндарды босатқан жылы Ресейге қайтып оралдым, бітімгершілікпен шұғылданып, оқымаған халықтыөзім шығара бастаған журнал арқылы оқыта бастадым. Ісім алға басып, жақсарғандай болды, бірақмен өз ақылымның сау еместігін, бұның ұзаққа созылуы мүмкін емесін сездім. Мүмкін мен елуге толған шағымда өмірден торығып, үмітсіздікке ұрынар ма едім, егер де өмірімнің тағы бір жағы болмаса, ол мен әлі танып біле қоймаған, мені құтқаруға тырысқан менің отбасым еді.
Бітімгершілік қызмет, мектеп пен журнал арасындағы жұмыс мені қажытып, шаршатып жіберді, мен үшін бітімгершілікті шешу ауыр болғаны сонша, тіпті шатастым десем де болады, мектептегі менің жұмысым қазір есіме әрең түседі, білмейтінімді жасырып, өзім білмейтіндерді үнемі біреулерді үйретуге құрылған журналдағы қызметім жиіркенішті еді, осыдан менің тәнім емес, жаным ауырып, мен далаға башқұрттарға кеттім — таза ауа жұтып, қымыз ішіп, жануарларша өмір сүріп қайттым.
Сол жерден келгеннен кейін үйлендім. Бақытты отбасының жаңа қызықтары мені өмірдің мәнін іздеуден ойымды мүлдем бөлді. Менің өмірім сол кезде отбасыма, әйеліме, балаларыма, олардың күн көріс мұқтажын еселеуге жұмсалды. Жетілсем деген менің талпынысым, жалпы жетілсем деген тілегіммен қоса, енді отбасыма жақсы болсын деген мақсатыма ауысты.
Осылай тағы бір он бес жыл өтті.
Мен осылай жалғасқан он бес жыл ішінде жазушылықты болмашы іс деп санасамда, жазуымды тоқтатпадым. Жазушылық қызметтің мол ақшалай табысына, шамалы еңбегімнің мақтаныш қызығына түсіп, материалдық тіршілігімді жақсартып, жазушылық кәсіпті өмірдің мәні туралы адам жанын қинамайтын құрал етіп алдым.
Мен оқырманға түсінікті, анық нәрселерді жаздым, әркім өзі үшін, өзінің отбасы үшін жақсы өмір сүру қажеттігі туралы жаздым.
Осылай одан әрі өмір сүре бердім, бес жылдан кейін бойымда өте бір оқыс жағдайлар орын ала бастады:басында оны түсінбедім, ал артынан өмірім тоқтап қалатынын сезіне бастадым, мен қалай өмір сүру керектігін, не істеу керектігін білмей, уайымға салынатынды шығардым. Кейде мұндай сәттер өзінен өзі жоғалып, өмірім бұрынғыдай жалғасатын, артынан сол күйінде қайталанатын. Өмірімнің бұлай өзгеруі үнемі: — Неге? деген біріне-бірі ұқсас сұрақтардан тұратын.
Иә, содан кейін?
Басында олар маған мағынасыз, орынсыз сұрақтар сияқты көрінетін.
Бұның бәрі мен білетін,белгілі сұрақтар болатын, оларды кез-келген уақытта шешкім келгенде шешемін, ешқандай қиындығы жоқ, — қазір ол мәселелермен шұғылдануға қолым тимейді, ал қажет болған кезде жауабын берермін деп жүрдім. Қойылатын сұрақтар жиі қайталанып, бас бұрғызбай, табандылықпен менің жауабымды күтіп, тұрып алды, бір қызығы сұрақтар бір ноқтаға шоғырланып, қара төбелге айналып,жауапсыз сұрақтарға жиналды.
Әркім өмірінде ішкі жан азасын бастан өткереді. Басында ауруға шалдыққан адам сырқатқа назар аудармайды, одан соң аурудың жазылмайтын белгілері көріне бастайды, ол белгілер жиі қайталанып, шексіз уайымға ұласады, жойылмайтын қайғыға ұлғаяды, ауруға шалдыққан адам сырқатына қарап үлгергенше, ауру деп қабылдағаны басқа үлкен дүние екенін аңғарады, ол — ажал екен.
Бұндай оқиға меніңде басымнан өтті.Мен мұның, егер де сұрақтар үнемі қайталанып тұратын болса, бұл дерт емес екенін, оларға жауап қайыру керегін сездім. Сұрақтарға жауап беруге тырыстым. Сұрақтар орынсыз, қиын емес, балаларға қойылатын қарапайым сұрақтардан тұратын. Оларға кірісіп, жауап қайыруға тырыса бастасам болды, сол сәтінде, біріншіден, олар балаларға арналған және орынсыз сұрақтар емес екеніне көзім жетті, ал бастысы олар адам өмірін қамтитын терең мәселелер екен, екіншіден, қаншама ойланып, шешімін табуға тырысқанмен, мен оларға жауап бере алмайды екенмін. Самарадағы жер қожалығым, бала тәрбиесі, кітап жазумен шұғылдану не үшін керек, олармен неге айналысуым керегін білуім керек екен. Олардың не үшін маған қажетін анықтамай — мен ештеңе істей алмайды екенмін. Сол кезде шаруашылығымды ойлағанда, маған бірден ойыма түскені: «Иә, жақсы Самара губерниясында 6000 десятина жерім, 300 бас жылқым болады екен, содан кейін?...». Мен асығып барып, не ойларымды білмеймін. Немесе, мен балаларымның тәрбиесі туралы ойлай бастағанда, өзіме: «Не үшін керек?» дейтінмін. Немесе халықтың әл-ауқатын қалай жақсартуға болады дегенді топшылай келіп: «Менің оларда шаруам қанша?» дегенді айтып қалдым.
Жазған шығармаларым даңқы туралы армандай келіп, мен өзіме: «Иә, жақсы, сен Гогольден, Пушкиннен, Шекспирден, Мольерден, әлемнің барша жазушыларынан даңқың артады екен, — Иә, содан кейін!..., ешбір жауап таба алмай үндемей тоқтаймын, іштен тынамын.