- 27 нау. 2018 00:00
- 199
13 өңірде оқушылардың смартфон ұстауына тыйым салынбақ
Қазақстанның бірқатар облыстарында оқушыларға смартфондарды ұстауға тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
«Бірқатар өңірлерде (Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) мектеп оқушыларына тек қарапайым ұялы телефондарды қолдану туралы мәселе қарастырылуда. Бұндай шешім оқушылардың ата-аналарымен келісілгеннен кейін қабылданды», - деп атап өтті комитет.
Айта кетейік, «Білім туралы» Заңы аясында оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережелерін сақтауға міндетті. Ережелерде олардың бұзушылықтары үшін қабылданатын шаралар көрсетілген және әрбір жағдай ата-аналардың (заңды өкілдерінің) қатысуымен жеке педагогикалық кеңестерде қаралады.
«Комитет білім беру ұйымдарында планшеттерді және смартфондарды қолдану туралы аталған мәселе мектептердің ішкі тәртіп ережелерімен реттелетіндігін хабарлайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасымен ішкі тәртіп қағидаларын әзірлеп, бекіту жергілікті атқарушы органдардың және сол білім беру ұйымдарының құзыретіне жататындығы бекітілген», - делінген комитет мәліметінде.
ҚазАқпарат