Әдебиетшілердің ортақ ісі
Көп ұлтты әдебиетіміздің соншама байлығы мен керемет құдіретін ойлағанда, жазушыларымыз жиналып съезді өткізген Одақтар үйінің колонналы залы еске түседі. Мұншалық көп адам бас қосқан ұлы жиынды біз бұрын түсімізде де көрмеген шығармыз. Керек десеңіз, сан рулы, алуан тілді, бір мақсатты еліміздің шар тарабынан жиналған съезд делегаттарын құттықтаған пионерлер де қайран қалды бұған. Одақтар үйінің фоэсіне Мемлекеттік әдебиет музейі ұйымдастырған кітап көрмесі мейлінше көлемді де көркем болған жоқ па! Көрмеге қойылған ондаған тілдерде жазылған жүздеген кітаптар совет жазушыларының бірінші съезден бергі жиырма жылдағы еңбек жиынтығы. Көрменің сөрелерінде Қиыр Шығыс пен Орта Азия, Алтай мен Прибалтика, Кавказ бен Якутия әдебиеттерінің кітаптары самсап тұрды... Орыс, украин, өзбек, белорус, чуваш, молдаван тілдеріндегі кітаптарға қарасаң көзің тоймайды. . . Біздің қазақ жазушыларының шығармалары да көрме төрінен орын алған...
Біз мұны қанағаттанғандық сезіммен, мақтанышпен еске аламыз. Сонымен қатар, съезд үстінде біздің әрқайсымыздың әдебиетті өркендету орайындағы жауапкершілігіміз артты, оның болашағы жөнінде, «әдеби цехтың» шаруашылығы жайында көп ойланып, көп толғанатын болдық. Көп ұлтты совет әдебиеті қарышты қарқынмен алға басып, шырқау биікке өрлеп барады. Өмір біздің алдымызға жаңа мәселелер мен соны міндеттер қойды. Тегінде, біздің, қазақ жазушыларының алдына қойылып, шешілуін күтіп отырған өзекті мәселелер басқа республика жазушыларының да басында бар. Осы маңызды мәселелердің кейбіреулерін ортаға салғым келеді.
Біз әдебиетке талап-тілекті күшейттік, қатал қарайтын болдық. Әдебиеттегі сүреңсіздікке, сұрқайлыққа қарсы күрес, арзанқол шығармаларға қарсы күрес қазіргі күнде күнделікті өткінші науқан емес, түбегейлі, түпкілікті ісімізге айналды. Сені жас екен деп, әдебиетке еңбегі сіңген мосқал екен деп, жазушыға мүсіркеп бере салған арзан жеңілдігіңді оқырман кешірмейді.
Кейбір жазушылар қазіргі қолайсыз жағдайға ұшырап жүр. Олардың бұрын баспадан шыққан әлденеше кітабы бар, ол кітаптарды мақтап жазылған рецензиялар қаншама. Ал бірақ осы мақтаулы жазушылардың жаңа шығармалары басуға жарамсыз. Олар жазу жағынан бұдан 10-15 жыл бұрынғы дәрежесінен төмендеген жоқ әрине. Сонда да олардың жаңа шығармалары өмір мен әдебиеттің бүгін таңдағы талап-тілегіне жауап бере алмайды, бұл әдебиетшілерді халық әлдеқашан басып озған.
Бұл жазушылардың басым көпшілігі әлі де болса әдебиет майданының алдыңғы шебінде бола алады. Олардың жүрек тебірентер, заман тілегіне сай кесек шығармалар жазуына көмектесуіміз керек. Мұндай көмек үнемі тынбай оқу, үйрену қажеттігін талмай насихаттау арқылы іске асырылады. Өмірдің өзінен үйренуден асатын білім жоқ. Соны тақырыптар, көңілдің көкжиегін кеңейтіп, жүрегіңді тебірентетін, ерік-алдына қоймай жаздыратын қызықты дүниелер өмірден шығады. Былтыр ұйымдастырылған, шама-шарқы әзірге шамалы, тыңдаушыларының саны азғантай жоғары әдебиет курсы немесе одан басқа да қандай да болса әдеби оқу орны жаңағы айтылған үлкен міндетті — жалпы әдебиетшілердің білімін толықтыру міндетін түгел атқара алмайды. Менің ойымша, бұл міндетті ойдағыдай атқарып, жетістікке ие болу үшін барша жазушылар одақтары жұмыла қимылдауы керек.
Әдебиеттің жас ұрпағын тәрбиелеудегі ісіміз бәрінен де қиын. Бұл орайда соңғы кезде көп айтылды, көп жазылды. Бірақ біздің ойымызша бұл реттегі ісіміз бір жақтылау, бір беткейлеу сияқты. Бұл мәселені баспасөзде көтерген жолдастар атақты үлкен жазушылар жастарға жөнді көмектеспейді деп келеді де, сөз соңында, бұдан былай жастарға қамқорлықты, талапты күшейту керек деп, сонымен пікірін аяқтайды. Менің ойымша, «Волганың басы бұлақтан шығады» деген мақаласында Л. Озеров та осы кемшіліктен құр емес («Литературная газета», 30 июль 1955 ж.). Л. Озеровтың жастарға жөнді көңіл бөлмейді деп, үлкен жазушыларға кінә тағуында шындық бар. Бірақ оның жас жазушылардың баяу өсуі — жазушылар ұйымдарында орын алған бюрократизмнен, олардың шығармаларын жөнді басып шығармауынан, оларды елемеуінен, тіпті, «қолжазбалардың тасқындап кетуінен» қорыққандығынан болып отыр деген пікіріне қосыла алмаймыз.
Қазақстанда жас жазушылар сан жағынан аз емес. Соңғы екі жыл ішінде он жас жазушыны одақ мүшелігіне қабылдадық. Ал бірақ, мынандай жас жазушы мынадай керемет кітап жазып тастады деп айта алмаймыз. Дәлірек айтсақ, біздің жас жазушыларымыздың бір де бір шығармасы одақтық аренаға шыққан жоқ. Неге бұлай? Менің ойымша, мұның өзі бірсыпыра жағдайда жастардың өмірге терең араласпауын, өмірді жөнді білмеуінен болып отыр.
Мынадай жағдайлар жиі болып тұрды: жастар әдебиетке университет бітіріп, жоғары біліммен келеді, тіпті аспирантура бітіріп келетіндер де аз емес. Бірақ олар өмірді жөнді білмейді, оқулықтан, кітаптан алған білімдерін місе тұтады. Енді өмірді өз көзімен анықтап көрмей, дайын үлгі бойынша жазған тұңғыш шығармалары олардың көпшілігіне одақ мүшелігіне өтуіне жолдама болды. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай әсіресе біздің ұлт республикаларында жиі кездеседі. Жас жазушы одақ қатарына өтіп алған соң өмірді творчестволық командировка арқылы зерттейді. Біз кейде жас жазушыларға жөнді көңіл бөлмейді, қадағалап тәрбиелемейді, оларға атүсті қарайды деп кінәлаудан қорқып, жас әдебиетшіге жазушы деген құрметті атақты оп-оңай бере саламыз, олардың майлап берсең де өтпейтін кітаптарын асығыс шығарамыз, тіпті оны айтасыз, оларды Жазушылар одағының жауапты қызметтеріне қоямыз.
Жас ақын Б. Аманшиннің өлеңдерінде өмірдің кең тынысы сезілмейді, көркемдік сапасы да төмен. Оның қалыңдығы екі елі өлеңдер жинағы біздің одақта екі дүркін талқыланды. Ақыры, бір жұқалтаң жинақты әрең дегенде іріктеп алдық, тез арада бастырып шығардық. Титімдей кітапшасы шығуы-ақ мұң екен, Аманшин одақ мүшелігіне қабылданды. Екінші жинағы шыққанша кідіре тұруға болатын еді ғой.
Л. Озеровтың біз жастарға үнемі көңіл бөле бермейміз, олардың өсіп, жетілуіне қамқорлығымыз жетісе бермейді деген пікіріне мен де қосыламын. Бірақ оның «Жастарды Горькийше тәрбиелейік» деген ұранын жалпылап айта салмай. мәнісін түсіндіре кеткеніміз жөн болар. Ол ұранның мәнісі — ең алдымен жастарды еңбек сүйгіштікке, өз талантын қастерлеуге тәрбиелеу, өмірмен етене араласып, тығыз қарым-қатынаста болуға тәрбиелеу. Жастарды өзі таңдап алған, бейнетін шеккен, қиындығын көрген тақырыбын қайткен күнде де игеріп шығуға өзінің өміріндегі бағытынан айнымауға, асығыс жазылған жалтылдақ бірдеңелерін жариялауға асықпауға үйретейік. Жазушылар одағы да тәрбиенің осы бағдарын ойластырсын, пайымдасын. Бұл мәселені кәкір-шүкір бірдеңеге айналдырудың, сендердің кітаптарыңды баспай, кідіртіп жүр екенбіз деп кез келген жас әдебиетшіден кешірім сұраудың керегі жоқ. (Л. Озеровтың мақаласында осындай сыңай бар). Бір өкініші, Л. Озеров өзінің мақаласында өзі атаған жастардың кітаптарын басу керек, халыққа тез тарату керек дейді. Жақсы кітап пен жаман кітаптың арасына шек қоймайды.
Меніңше, жас жазушылардың Бүкілодақтық үшінші мәслихаты жастардың бетін өмірдің өзекті мәселелеріне бұруы керек. Ал егер бұл мәслихат жас дарындардың сап түзеген парадына айналса, одан түсер пайда аз болады.
Жазушылар одағы бүгін таңда республикалар мен облыстардың жас әдебиетшілерінің әр алуан шараларға қаншалықты «тартқанын» тексерсе, ол да дұрыс. Ал бірақ, Жазушылар одағының ең басты міндеті жас әдебиетшілерді қоғамдық және азаматтық тұрғыда тәрбиелеп, өсірудің толғағы жеткен маңызды мәселелерін шешу.
СССР халықтары әдебиеттерінің келешекте күшті қарқынмен өркендей беруіне әдеби сынның төмендігі недәуір кемшілік келтіріп отыр. Мысал үшін айтқанда, Қазақстанда маманданған, ысылған сыншылар мен әдебиет зерттеуші ғалымдардың қомақты бір тобы бар. Амал қанша, бізде күні осы уақытқа шейін сын мақаланың бір де бір жинағы, бір де бір толымды монография жоқ. Әдебиеттің ұлттық дәстүрі, эстетикалық критерийлер, халықтар арасындағы әдеби қарым-қатынас жайындағы көптеген мәселелердің талданбауы, шешілмеуі әдеби процесті жинақтауға елеулі қиындық келтіріп отыр.
Біз әдеби сынға аз көңіл бөлеміз. Сынның мешеулігіне әрине өзіміз кінәліміз. СССР Жазушылар одағы әдеби сын тұрғысында бүкіл әдебиетіміздің көлемінде тартымды ой-пікір айта алмай келеді. Әдебиет теориясы мен сын жөніндегі комиссия әлі күнге шейін одақтық орталық бола алған жоқ, әдебиеттердің өзара қарым-қатынасы, байланысы, ұлттық түрі т.б. өзекті мәселелерді талқыламайды. Бұл ретте Маяковскийдің творчестволық дәстүрі мәселесін алсақ та жетіп жатыр. Бір кезде қазақ ақындары шетінен Пушкинге еліктегені, тіпті Пушкинше самай шашын өсіргені әлі есімде. Енді бұл күнде кейбір жас ақындар Маяковский өлеңдерінің сыртқы түрін қалай болса солай айнытпай қайталауға құмар. Мұндай «самай шашы желбіреген» сабаздар біздің поэзиямыздың есуіне кедергі жасайды. Біз Маяковскийдің ақындық дәстүрін барынша ұқыпты игеріп, бойымызға сіңіруіміз керек.
Бұдан екі жыл бұрын СССР Жазушылар одағы қазіргі заман поэзиясындағы Маяковскийдің ақындық дәстүріне арнап, бірнеше күнге созылған үлкен мәжіліс өткізді. Айтары бар ма, қалыптасып қалған ескі әдет бойынша әңгіме тек орыс поэзиясының төңірегінде ғана болды. Биыл М. Луконин Одақтар үйінің колонналы залында Маяковскийдің ақындық дәстүрі жайында баяндама жасады. Бұл жолы Луконин да Жазушылар одағының «дағдылы дәстүрін» сақтады, — кілең орыс ақындарының тәжірибелерін ғана баяндап берді. Маяковскийдің тілі басқа, поэтикалық бітім-болмысы, құрылымы, үні басқа поэзияларға ықпал жасаған ақындық дәстүрін терең пайымдап, тұжырымдау маңызды мәселе. Мұндай бүкілодақтық мәні бар талқылауды Жазушылар одағы ұйымдастыра алған жоқ.
Орта Азия әдебиеттері үшін, немесе Прибалтика әдебиеттері үшін ортақ мәселелер қаншама. Жалпыға бірдей ортақ өзекті мәселерді бірлесіп, бірігіп талқыласақ, кең пікір алыссақ қыруар пайда табар еді. Осыны Жазушылар одағы ойланса қандай жақсы болар еді.
Жуырда, Алматыда жері ыңғайлас бірнеше республикалардың әдебиет зерттеушілері мен сыншылары Орта Азия мен Қазақстан ұлт әдебиеттері тарихының очерктерін жасау жөнінде пікір алысты. Бұл мәслихатты өткізуге бас болған СССР Ғылым академиясының арнаулы шақыруы бойынша оған сыйлы мейман есебінде Ғафур Ғұлам, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты жазушылар қатынасты. Амал қанша, бұл жиын СССР Жазушылар одағының назарынан тыс қалды. Жері ыңғайлас республикалардың осындай мәслихаттарын өткізудегі СССР Ғылым академиясының осы игі тәжірибесін Жазушылар одағы қабылдап, жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді.
Тіпті, айталық, орыс тіліне аударылмаған шығармалар жөнінде де мақалалар жарияланса, талқылаулар ұйымдастырылса СССР Жазушылар одағы мен оның баспасөз орындарының ұлт әдебиеттерінің өркендеуіне жетекшілік қызметінің маңызы недәуір артқан болар еді. Бұдан екі жыл бұрын «Новый мир» журналында «Советский Казахстан» журналы туралы мақала жарияланды. Ал бірақ, қазір қазақ жазушыларының жаңа шығармаларын басатын «Әдебиет және искусство» журналына ешбір рецензия жарияланған емес, енді қанша жариялатыны да мәлімсіз. Жаңа шығармалар жөніндегі парасатты ойлы рецензия біз үшін нағыз мектеп болар еді.
Әдебиеттің кең аумақты мәселелерін қамтитын бірнеше әдебиеттің нақтылы жай-күйі негізінде бүгінгі күннің өзекті маңызды мәселелерін алға қоятын нағыз одақ сын — біздің жазушылардың көптен аңсап жүргені, әлі орындалмай келе жатқан арманы. Атап айтқанда, біздің осы арманымыздың өзі тым ұзаққа созылып бара жатқан жоқ па? Біздің бәріміз болып, әсіресе СССР Жазушылар одағы осындай сынды жасауға түбегейлі кірісетін мезгіл жеткен жоқ па?
Одақтың басшылары әр кезде көлемді де қызықты мәселелер қойып, шешіп отырса да, біздің әдебиетіміздің көп ұлтты сипатын жөнді ескермейді. Неге екені белгісіз жуырда өткізілген әскери-патриоттық әдебиет жөніндегі мәслихатқа қазақ жазушыларынан ешкім де шақырылған жоқ. Колхоз тақырыбына жазатын жазушылардың таяуда өтетін мәслихатына бірен-саран ғана прозашыларды шақырыпты. Жазушылар одағы осы бір қарапайым істің өзін де ескере бермейді. Қазақ жазушылары колхоз деревнясы жөнінде көптеген роман, повесть, әңгіме жазды, қазіргі күнде тың игерушілер туралы шығармалар жазуға құлшына кірісті. Бұл біздің әдебиетіміздің нағыз жауынгер саласы! Алдағы болатын мәслихатта баяндама жасайтын Валентин Овечкин біздің республикаға барып тың жерді игеру жағдайын өз көзімен көрсе, тың игерушілер жайында жазылған шығармаларымызды оқыса, оған пайдалы болар еді.
Әдебиеттің кемелденіп өскені прозалық ірі шығармалармен белгіленеді. Қазақ әдебиеті өзінің кәмәлат белесіне таяудағы жылдарда ғана өрлеп шықты. Тұңғыш қазақ романының авторы Спандияр Көбеев әлі тірі. Бұл күнде біздің әдебиетімізде жанрлар мен түрлердің бәрі де бар. Алайда, романдар бізде қаулап өсіп келе жатқанда өкінішке қарай, әдебиеттің тек лирикалық өлеңдерден басқа ықшам, шағын түрлері мешеу қалып келеді. Бізде көңіл көншітерлік бір актілі жақсы пьесалар, әнге лайық өлеңдер жоқ. Әңгіме мен очерк өте баяу дамуда. Шағын түрдің осынша «әлсіз» болуына басты себеп — Қазақстан Жазушылар одағының тарапынан да, тіпті СССР Жазушылар одағының тарапынан да әдебиеттің бұл саласына тиісінше көңіл бөлінбейді, оны дамытуға жазушыларды қызықтыру, көтермелеу жоқ. Бізде де, СССР Жазушылар одағының өзінде де қалыңдығы кірпіштей кітаптар ғана есепке алынады. Романдар мен повестер орыс тіліне тез аударылады, ал басқа жанрларды аударту зор қиындықпен жүзеге асады.
Үлкен шығарма жазған автор ғана нағыз суреткер деген пікір бірте-бірте қалыптасты. Мұндай пікір біздің жастарымызға теріс әсерін тигізді: қолына жаңа ғана қалам ұстаған жас жазушы өмірден көрген-білгені әдеби тәжірибесі тым аздығына қарамастан ә дегеннен «ұсақ» жанрлардан жиренеді, роман жазады. Пайымдап қарасақ, Чехов, Абай, Марк Твендер әдебиетке ірі шығармаларымен келіп пе еді. Менің ойымша, әр жазушының өзі жандай сүйген әдеби саласы, өзі қалап алған «қару-жарақ түрі» болуға керек. Бізде Лебедев-Кумач, М. Исаковский сияқты әнге арнап жазатын «дербес» ақындар, Гайдар сияқты балалар жазушылары, очеркистер, мысалшылар болуы керек емес пе? Әр жанр бойынша «маманданған» жазушыларымыз болмайынша әдеби шеберліктің сан қырлы сырларын ашу қиын болады. Задында бұл жалғыз қазақ әдебиетінде ғана емес, басқа әдебиеттердің де басында бар кемшілік болса керек.
Соңғы кезде СССР Жазушылар одағының секретариаты Жазушылар одағының жұмысын көп ұлтты әдебиетіміздің жалпы жағдайына сәйкестендіру орайында алғашқы қадам жасады. СССР халықтары әдебиеттері жөніндегі комиссия нығайтыла бастады, оның қасынан консультанттардың қомақты тобы құрылды, әзірге сүреңсіз, жадау болса да информациялық бюллетень шығарыла бастады. Бүкіл Жазушылар одағы, оның барлық комиссиялары республикалық жазушылар ұйымдарымен мықтап шұғылдануы керек. Ұлт әдебиеттерінің бүгінгі өсу дәрежесі осыны талап етеді. Соңғы 5-6 жыл ішінде, одақтың секретариаты немесе президиумы бірде-бір республикалық жазушылар ұйымының жұмысын талқылаған жоқ. Республикалық одақтардың жұмыс жағдайын оқтын-оқтын тексеріп, талқылаудан келер пайда ұшан-теңіз. Енді өз алдына Москва жазушыларының ұйымы құрылды, жазушылардың көп санды бір отряды соған қарайтын болды. Жазушылар одағының, оның комиссияларының біздің әдеби шаруашылығымызға мемлекеттік биік тұрғыдан қарап, тиянақты басшылық жасауына осындай шұғыл өзгерістер болатынына біз кәміл сенеміз. Өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Ондай өзгерістер тезірек іске асырылса екен.
Жазушылар одағының қолы жеткен игі істер де аз емес. Бірақ жетістіктер алда тұрған міндеттермен салыстырыла өлшенеді. Осы биік белестен қарағанда әлі де болса көп істер жете атқарылмағаны, тіпті кейбір маңызды шаралардың әлі қаймағы бұзылмай жатқаны айқын көрінеді. Біздің көп ұлтты әдебиетіміз шапшаң қарқынмен өсе берсін, өркендей берсін десек, жаңағы айтылған аса маңызды міндеттерді тезірек орындауымыз керек.
1955