depositphotos.com
- 07 нау. 2026 09:30
- 26
Семейде миллиард теңгеге жуық қаржыны жұтып қойған қаржы пирамидасының ісі қаралуда
Семей қаласында қаржы пирамидасының құрбаны болған жүздеген адам әділ сот шешімін күтіп отыр. Жалпы келтірілген шығын көлемі миллиард теңгеден асып жығылады. Қазіргі таңда 100-ден астам адамды жәбірленуші ретінде танылып, алты күдіктіге айып тағылды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы пирамидасының құрбандары
Қала тұрғындарының бірі алдауға сеніп, өз үйінің орнына жарты жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын айтады. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын отбасы қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға 15 миллион теңге берген. Танысының сендіруімен ақша салған әйел, балаларымен бірге кең үйлі боламыз деп үміттенген. Алайда, қазір бес баласымен туыстарының үйін паналап жүр.
«Шынымды айтсам, біздің жағдайымызды білетін, бес балам бар екенін, ерекше қажеттілігі бар баламыз бар екенін біле тұра адамның осылай істейтінін ойламадым. Сот ісі әзірге алға баспай жатыр. Әділ шешім болады деп үміттенеміз», - дейді жәбірленуші әйел.
200 миллион теңге жоғалтқан отбасы
Ірі сомадағы ақшасын салғандардың қатарында көп балалы әке де бар. Ол өзінің 200 миллион теңгеге жуық қаржысынан айырылғанын айтады.
«Мен «Рахат» ЖШС-на екі жүз миллион теңгеге жуық ақша салдым. Бастапқыда аз-аздан салғанмен, кейін сенім арттырып, көбірек салдық. Бірақ біздің сенімімізді пайдаланды. Енді ақшамызды қайтарып ала алмай отырмыз», - дейді ер адам.
Зардап шеккендердің айтуынша, кейбір адамдар ақшасынан айырылған соң, оны көтере алмай қиналған. Көбісі көлік, баспана сатып алып, балаларына жарқын болашақ сыйлауды армандаған. Бірақ үміттері ақталмады. Семейде ресми түрде 141 адам қаржы пирамидасынан зардап шеккенін растаған.
Тергеу деректері
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ақша төлеу жұмыстары қаржы пирамидаларына тән әдіспен жүргізілген: яғни, бір салымшының ақшасы екіншісіне аударылған.
«Жалпы келтірілген шығын миллиард теңгеден асады. Бұл соманың 200 миллион теңгеден астамы ішінара өтелді. Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда», - деп мәлімдеді Абай облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Сәкен Қондыбаев.
Құқық қорғау органдары азаматтарды мұндай ұсыныстарға абай болуға және оларды мұқият тексеруге шақырды.