Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әдет құшағында

I

Әбілбайдың үйі абыр-сабыр болды да қалды: Әбекеңнің өзі тұрып төр алдындағы тері көрпесін сілкіп салды. Қатыны Жамал есік жақтағы шылапшын-құманын, аяқ-табағын жинастырды. Қызы Сақып шағырдан буған қауқиған сыпырғышпен үйдің ішін сыпыра бастады. Үй ішінің әзірлігі бітер-бітпесте қамшысын сүйретіп шоқша сақалды, қараторы жігіт үйге кіріп келді. Бұл — Байбол еді.

Әбекең де, қатыны да жалпылдап амандық сұрап жатыр. Сақып әйел бала ғой, я отырарын, я сыпырарын білмей сыпырғышты ұстаған күйі аңтарылып тұрып қалды.

— Келін-кепшіктің дені сау ма? — деп Әбекең амандық сұрауды ұзата берді.

— Екі қабат деп еді, әзір босанған жоқ па? — деп Жамал да қосарланып қалмайды.

Байбол маңызды кісі секілденіп, алғашқы әзірде «шүкір» деп ерін жыбырлатудан алысқа бармайды. Беліндегі белбеуін шешіп жерге қояйын деп еді, Әбекең жалма-жан ала салып, жүктің үстіне қойды. Аяғын көсіліп жіберіп қалтасындағы былғары сауытты алдына қойып махоркадан шылым орай бастады. Шылымды тартып арқасын жүкке тірей отырған соң көзі бірден Сақыпқа түсті.

Сақып ажар жағынан бірсыпыра қыздың тәуірі еді, орта бойлы, аққұба келген, талдырмаш қана. Кісіге тура қарамайды. Жасы он бес-он алтының шамасында. Бірақ жасы жас болғанмен ұялшақ екені көрініп тұр; Байбол қарағанда Сақып қып-қызыл болып төмен қарап кетті. Ұялып қызарғаны, сызылып төмен қарағаны бір түрлі жарасып тұрған секілді еді.

— Қатын, тұр, мал алдыр, — деп Әбекең Жамалды жұмсады.

Малды Жамал барып әкелмейді ғой. Әбекеңнің бұл жұмсауы — мал соятындығын қонаққа білдіру үшін секілді еді.

Әшейінде қалай болса солай жүретін Жамал бұл жолы сызылған секілді болып, маңайындағы шөпті қолымен теріп, от басына лақтырып, маңызданып есікке барды. Төмен қарап ұялып, сызылып тұрған Сақыпқа:

— Қарағым, су тасы, әкең қонақ жанында отырсын, мен мал алдырайын, — деді.

Жамалдың бұл сөзінен «байымнан сұрамай-ақ қандай тоқтыны соятынды білем» деген мағына аңғарарлық еді, бірақ ол қалпында тұра алмады, далада кішкене тұрды да есікке келіп:

— Әй, мұнда келіп кетесің бе? — деді.

Бұл — «қандай тоқтыны сойдыратыныңды мен қайдан білейін, өзің алдырсайшы» дегені еді. Әбекең тысқа шығып, қолы бос Жақынбайды шақыртып алып, тоқтыға жұмсады. Жамал жерошағының күлін аршып тезегін қалай бастады. Сақып екі шелекпен ерсілі-қарсылы құдыққа қатынап, су тасыды. Ұзамай тоқты да сойылып, үйткен бастың, сирақтың иісі мұрынды жара бастады.

***

Байбол осы елдегі епті жігіттердің бірі. Азырақ орысша оқығаны да бар. Оны-мұны көріп ысылған жігіт. Бірақ ел арасында қадірі шамалы. Сөзінде тұрлау, ісінде береке жоқ. Өз құлқыны үшін нені болса да сатып кете беретін жігіт. Дұрыстықтан көрі «бармақ басы байды» сүйетін қалпы бар. Осының бәрін көріп-біліп отырған соң елдің қаны ұйымайды. Әйтсе де бірер істі болып қалғандар, не қыларға білмей сасқандар Байболды іздеп табудан тайсалмайды. Өйткені Байбол орысша білгеннің үстіне уезде тұрған әкімдердің кейбіреуімен жақындығы бар екен деген сыбыс бар. «Сот мекемесінде отырған бір азаматпен әкей-үкей олжаны бөлісіп алады екен», — деген лақап елге көптен тараған. Сондықтан, әсіресе сотты болған адамдар Байболды іздейді.

Биыл жоқ жерден Әбекең сотты болды. «Құдайдан сұрап алған» жалғыз қызын керей Тәжен дегенге құда болып беріп еді, әлдекім газетке жазып, сот шақырып жауап алды. Жазалы болатын түрін байқаған соң, Әбекең шауып Байболға барған. Тәженнен киітке мінген құла атты беріп, ісін жаптырмақшы болған.

Міне, содан бері Әбекең Байболды жаныңдай көреді.

Байбол туралы бұрыннан айтылып жүрген өсектің бәрін де өтірікке шығарады:

«Күндегендердің айтып жүрген өсегі ғой. Алтынның қолда барда қадірі жоқ болғанмен, орыс төрелеріне қадірі бар көрінеді; соттың бастығы ұшып тұрып қолын алды», — деп Әбекең аспанға шығара мақтайды.

Әбекенді жоқ жерден құтқарып жіберген соң, бұл ауылдың басқа адамдары да Байболға көзқарасты өзгерте бастап еді, бұл ауыл түгіл дұшпан болып сырттан жамандап жүретін кісілер де, Байболға бетпе-бет келгенде, жайдары сөйлесіп, ойында не барын сездірмеуге тырысатын еді. Оған себеп: бірер жұмысқа керек болып қалар деп бір ойласа, екінші жағынан «құдайдан қорықпағаннан қорық» дегендей, жоқтан пәле тауып басымызды сотқа байлар деп ойлайтын еді.

Кешкі салқында, көлеңкеге төселген кілемнің үстінде, шынтағында жастық, Байбол жатыр. Ауыл адамдарының бәрі алқа-қотан отырып сөз тыңдап отыр. Әбекең бәйек болып Байбол сөйлеген сайын «солай, солай» деп қояды. Жұрт тыңдаған сайын Байбол сөзді өрлетті, өміріне газет оқымаса да «германда пәлен болып жатыр, Қытайда төлен болып жатыр...» — деп, болуы мүмкін емес әңгімелерді де жіберіп жатыр. Ел жайы өзіне мәлім, мынауы теріс дейтін адам жоқ екенін біледі, сонан соң несіне тайынсын.

Бір кезде басын көтеріп алып, жұмық көзін бұрынғыдан гөрі де қыса түсіп, мұртының жебесін қолымен бірер бұрап қойып, жанындағы шалға:

— Қарт! Бұл сұрап отырғаныңыз үкіметтің сыры ғой, мұны білсек те біз ашып айта алмаймыз. Егер айтсақ ол жұртқа жарияланып кетсе, қылмыс заңының 232-233 статьясымен сотқа тартыламыз, — деді.

Жанындағы шал да, басқа отырғандар да «сотқа» деген сөзді есіткен соң үрпиісіп қалды.

— Әй, Сөке-ау, қайдағы сөзді қозғайсың-ау, сондайдың не керегі бар, — деп Әбекең кейіп қалды.

Шал азырақ апалақтаса да:

— Мен айтсам, Байболды өзімсініп айтып отырмын, басқа адамның алдында аузымды ашам ба екен? — деп, жұбауратқан болды.

Шынында шалдың сұрағаны, қылмысты іс емес еді, шал — былтырғы болыс болатын Күрлеуіттің бір жолсыз ісін айтып еді, Күрлеуіт сол ауылдағы Ызыңбай дегендікіне түсіп отырса, Ызыңбай қауқылдап сөйлеп отырып, бір ретте: «осы, болыс шырағым, үкімет басына отырғанда бітіргендерің қайда? Товар әлі арзандаған жоқ, нәлөк көп. Ең арғысы темір жолдарың да баяғы Николайдың салған жолы. Себеп болғанда істеген бір , істерің жоқ...» дейді. Күрлеуіт әбден тыңдап болып, сөмкесінен қағаз алып, шалға протокол істей бастайды. Алпысқа келген шалды түрмеге жіберу оңай ма? Ауылы болып жалынып, аздап айып беріп, шалды зорға құтқарып алады... Міне, осыны айтып келіп, Байболға басқа адамның бұра басқанын үкімет көргіш-ақ, іс басындағылардың бұзықтығын үкімет тергей ме, әлде баса тоқып жүре бере ме?! Күрлеуіттің былтырғы бізге істегені қиянат-ақ қой... — деп сұрау қойып еді. Бұл сұрау Байболға ауыр соқты. Іс басындағы адамдар да сотқа тартылды десе, өзінің толып жатқан қылмысын ашып, жұрттың жабылып кетуі мүмкін. Сондықтан, бүл сөзге жұрттың ауызын үйір қылмайын деген оймен, «үкіметтің сыры» деп шошындырып, жатқаны еді. Қылмыс заңының басқа статьясын білмесе де, қалың мал туралы сотты болғандарға жеңге болып жүріп құлағына шалынған 232 статьяны шалдың алдына тартып, ондай сөзді екіншілей қозғамайтын қылып қойды. Статьяны айтқан соң қорықпайтын ел ме, бәрі де жым болды. «Жұрттың сөзі шығар, мынауың оңай жау емес, қай-қайдағы статьяны біледі ғой», — деп, тыңдағандар қанағат қылған секілденді.

* * *

Тоқты желініп, үйдің жатқанына едәуір уақыт болған. Әбекең күндегі қорылдауына салып үйді басына көтеріп жатыр! Жамал да ұйықтаған тәрізді. ұйықтамаған Сақып пен Байбол. Сақып Байболдың ұйықтамағанын сезіп жатыр, Байбол Сақыптың ұйықтамағанын сезіп жатыр. Кейде бірін-бірі аңдып жатқан секілді. Әсіресе Сақып тынышсызданады. Бұрын-сонды басына келмеген ойлар келіп жатыр. Оған себеп Байболдың осы үйге кіргеннен тесіле қарағандығы; үйде адам жоқта Сақып бақыраш алам деп кіргенде Байболдың жымиып күліп, «Қарындасым, отыр, әңгімелесейік...» дегендігі... Тағы сондай толып жатқан қалпы Сақыпты түрлі ойға түсіріп, ұйқы бермей жатыр.

Сақып балалық дәуірді, жастық шақтан бері мақсат қылған жайларды ойлады. Есі кіргеннен бері өзінің сезуімен, бір жағынан жеңгелерінің айтуымен — жақсы, бай күйеуге тиюді арман қылатын. Ол арманының орынға келетін-келмейтініне көзі жетпейді. Өйткені Сақыптың түсінуінше, әйел бала ата-ананың сататын малы есебінде, кімге берсе соған бару керек. Ата-ана құдайдың жазған жеріне береді. Ондайдың жазғанынан артық еш нәрсе болмайды деп ойлайды. Биыл Тәжен баласына айттырғанда, Сақып жүрегін жеп жүрген арманы орындалмай қалды деп түңіліп еді; Тәженнің баласы ақсақ екен. Бірақ, жоқ жерден себеп болып, әзірінше айрылған секілді болып отыр. Әке-шешесі Тәженнен айрылғандыққа ренжиді. Газетке жазып, сотқа білдірушінің кім екенін білсе, жұлып жегендей болады. Сақып бұған қалай қарау керек? Әке-шешесімен қосылып газетке жазушымен бұл да қас болу керек пе? Шынында газетке жазып жүрген кім екен? Соның жазғанының арқасында Сақып Тәженнің ақсақ баласынан құтылғалы отырған жоқ па?! Олай болса газетке жазушы Сақыппен достық ойлаған кісі болу керек. Сол кісі әлі де болса Сақыптың арманына жетуіне жәрдемдеспес пе еді? Әлде, сол газетке жазушының өзі — сұлу, бай жігіт пе екен?! Сақыпқа ғашық болып Тәженнен айырып алу үшін жазды ма екен?! Болуы да мүмкін-ау! Әйтпесе беталды біреудің қызының сатылғандығында сыртқы адамның не жұмысы бар?!

Сақып ойлай келгенде, сол газетке жазушыны өзінің жары деп танығысы да келеді. «Орта бойлы келген, сұлу, мұртты жігіт болса!» дейді. Мұрт ойына түскенде Байбол көзіне елестеді. «Бәтір-ау, бұл неге ұйықтамай жатыр? Әлде бірдеме ойлап жатыр ма екен? Қой, жынданып па, қырықтан асқан қатыны бар, қартайып қалған адам қызға қызығушы ма еді?!»дейді.

Әбекең қорылдайды, Жамал ыңыранып, аунай түсіп қасынады... Үй іші меңіреу қараңғылық. Есік түрулі. Сықырлауықтың шытырманының арасынан әлдеқайда көз ұшында бір жарық жұлдыз көрінеді, Сақыптың көзіне тұп-тура түседі. Жымың-жымың еткен секілденеді. Әлде бұл Сақыптың бақыт жұлдызы ма? Бүгін туғаны несі? Сақып бұл уақытқа дейін бақытсыз болып келіп, бүгін ғана бақытты болмақшы ма?! Бүгін бақытты болуының себебі не?! Жүрек неге алқынады?!

Көрпесі жыбыр еткендей болды. Суық бірдеме қолына жақындады... Сақып шошып кетіп, мысық па екен деп «бырш» деді... Адам екен, қолын ұстады.

— Қорықпа, қарындасым! — деді.

Байбол екен!.. Жақындады... Қолын о жер, бұ жерге жүгірте бастады. Байболдың быттиған тырбық қолы Сақыптың денесіне тікендей қадалды. Сақып қалтырап кетті. Не қыларын білмей састы. Басы айналғандай болды. Мысық па, әлде ит пе, бірдеме бетін жалаған секілденді. Бүртік-бүртік бірдеме бетіне қадалып барады... Сақып ышқынып кетіп, бар дауысымен:

— Әже! — деді.

— Әу, қарағым, әу! — деп Жамал басын көтеріп алды...

Байбол бұрынғы әдетін істеп, көнбей қайтер дейсің деп, Сақыпты құшағына алып, аймалап сүйіп жатыр еді, кенет шыққан дауыс мұның да зәресін алды, төсегіне қарай қарғыды.

* * *

Түндегі болған оқиғаны Сақыптың өзінен басқа сезген адам жоқ. Әжелеген дауысына Жамал оянса да, не екенін ашып білмей, ұйқылы көзімен бір-екі рет «қарағым, қарағым» деп қайтадан ұйықтап қалып еді.

Ұзақты түнге Сақып ұйықтаған жоқ. Байболдың бұл ісінің не екенін, өзінің қорқып айқайлағанының жөн, жөн емесін айырып біле алмады. Қыз бен жігіттің ойнап-күлуі, ерлі-байлы болу секілді жұмысты Сақып тәжірибе қылып көрмесе де, жеңгесі Нағиманың айтуынан азырақ сезеді. Нағиманың айтуына қарағанда, сүйген жігіт келгенде әйелдің бойы еріп кетпекші, Байбол келгенде Сақып кірпік шешендей жиырылды. Мұның себебі, өзі қатар қыздар біртіндеп күйеуге шығып жатыр. Соның бірі де үйінде жүргенде ешкімді сүйген емес. Бірақ, байға тиген соң, сүйген-сүймегені белгісіз, бәрінің де үні өшеді. Сақып та сондай қыздың бірі. Әзір ешкімді сүйген жоқ. Осы күйінде біреуге берсе еріксіз сүймекші?! Мәселен Байболға берсе?!

Байбол еске түскенде тұла бойы шымырлап кетеді. Жан шошытарлық бір суық нәрсе денеге жабысқан секілді болады. Тікенек сияқты бүртіктер денесіне аяусыз кіріп, қан сорғыш жылан мойнынан орап алып қылғындырғандай болады. Қысылғаннан Сақыптың маңдайынан тер бұршақ-бұршақ ағады.

Шай құйып отырып Сақып көзінің астымен Байболға қарады. Түндегі ісіне ұялатын шығар деп ойлап еді. Бірақ Байболдан ондай пішін көре алмады. Бұрын қандай болса, сондай, бетінен түгі шығып қызара бөртіп отыр; еш нәрсе көрмеген, білмеген адам секілді. Қайта Байболдың жүз жанбайтындығына Сақып ұялды. Ішінен «ұятсыз, бетсіз» екен деп ойлады. «Еркек біткеннің бәрі осындай бола ма екен?» деген ой бір жағынан бас көтерді. «Шынында еркек біткеннің бәрі солай болатын шығар-ау! Мынау Байбол жасы қырықтан асып кеткен, өзінше елге бас болам деп жүрген жігіт, Сақыптар мұның баласымен шамалас дерлік. Сөйтіп отырып ұялмай сөз айтып отыр!..»

Байболға қараған сайын Сақыптың бойы түршігеді. Байбол Сақыпқа жан алатын әзірейіл секілді көрінеді. «Үйден тезірек кетсе екен!» деп тілеуге айналды. Әкесі әңгімеге жұбауратса, шешесі жағынып сөз айтса, Сақып оларды көзімен атып жібере жаздайды.

Байбол жүретін болды. Әбекең тысқа шығып атын дайындатты. Жамал аяқ-табағын далаға шығарып, самаурыннан қалған сумен жуа бастады. Сақып сезген де жоқ, үйде Байболмен оңаша қалған екен.

— Қарындасым, тартқан сыйыңыз естен қалмас, — дегенде ұйқыдан шошып оянғандай Сақып селк етті. Жалма-жан тұрып кетуге айналды.

Махоркасының түтінін аузынан бұрқыратып отырып, Байбол миығынан күлді.

«Қанша қашар екенсің, бір тұтыларсың, сені тоқалдыққа алмасам Байбол атым құрысын!» — деді.

II

Қаратомар басындағы қалың ауылдың сырт жағындағы белесте екі жігіт сөйлесіп отыр. Біреуі төртбақ келген, мұрты көрінер-көрінбес, адырақ көзділеу келген қара жігіт. Бұл осы ауылдағы мектеп мұғалімі Қасен еді; екіншісі ұзын бойлы, арық қара сұр жігіт. Шын аты Ғабдолла, ел жақсы көргендіктен бе, әйтеуір Ғабдолланы өзгертіп «Қапан» деп ат қойған. Қапан бұл елдегі жігіттердің ішіндегі ең тірісі. Азырақ жазу таниды. Ауылдағы мектеп ашылғалы мұғаліммен араласып... газетін оқитын болған, бірақ шаруаға қыры жоқ жігіт, және үйінде сенері бар, күндіз-түні талмай жұмыс істейтін өгіздей сүзеген бір інісі бар. Бір-екі қарасына шепті де інісі шабады. Аз ғана егін-таранын да інісі жияды. Сондықтан Қапан жұмыстан шығып, сал болыңқырап кеткен. Қолы бос жігіттің өзі сияқты бос жүрген адамды айналдыратын әдеті ғой, мұғалімді қырға алып шығып, көр-жерді әңгіме қылып жатқандары еді.

Күз. Кеш болса тымырық аяз тартып, қырау түседі. Бүгін де тымырсықтанып тұр. Желдің лебі беже ызғырық секілденіп тиеді. Ай қарашы, ауыл қара шоғырланып, арасындағы мал, адамдар көрінер-көрінбес болып тұр. Бірен-саран жер ошаққа жаққан оттың сәулесі жылтылдап, ерсілі-қарсылы кесіп өткен адамдар көрініп қалады.

— Солай десейші, Қапан, деп мұғалім шынтақтап жатты.

— Мен естіген-білгенімді айттым ғой, енді сен айтсайшы.

— Мен немді айтайын. Біз бозбалашылықтан тазамыз. Былтырғы, осы ауылдан кеткелі дамыл көргенім жоқ, әкем жарымжан, үйде жұмыс қылатын адам жоқ болған соң соқа айдадым. Жаз екі көрісте болдым. Одан келіп тағы шөпке, егінге түстім. Менің бітіргенім осы.

— Көріс демекші, сол көрістеріңе бізді алар ма еді?

— Оқимын десең саған көріс табылады ғой. Әлі жап-жассың, жұмыстан қолың бос. Оқып кетуіңе дұрыс-ақ қой.

Қапан күлді.

— Өзің сөзінде тұрмайсың ғой, жаңа ғана ауылнай бол, ел жұмысын атқаруға кіріс деп едің, енді оқы дейсің.

— Байғұс-ау, ел жұмысын атқару үшін де оқу керек қой. Қазір сен не білесің? Бірер жыл оқып алсаң едәуір ашылып, іске қарайтын адам болар едің...

Ауыл жақтан шаң-шұң дауыс шықты. Қасен де, Қапан да құлақтарын салып тыңдай қалды. Ауылдың ар жақ шетінде: «елдім, өлдім» деген бір әйелдің даусы естілді. Әлдекімдер арашалап, біреуі «дүзі қара» деп әйелге шаптыққандай болды, Қапан біраз тыңдап тұрғаннан кейін:

— Бұл ұрысты мен білдім. Ырысбайдың үйінен шығып жатыр, — деді.

Ырысбай осы ауылдағы байшікештің бірі. Бұрынғы қатыны бала таппайды деп, өткен жылы Жұмабай деген кедейдің сүттей ұйып отырған қатынын тоқалдыққа азғырып алған. Тоқалдың аты Мәлике. Жасы жиырмадан жаңа ғана асқан. Мәлике Ырысбайға өз ризалығымен келген секілді болды. Өйткені өткен жылы Ырысбай Мәликені алғанда, «тоқал алып отыр» деп Қасен газетке жазып еді, милиция келіп жауап алғанда, бұрынғы кщыны: «Өз ризалығыммен айрылдым», — деп, Мәлике: «Риза болып тидім, менің ешбір мұңым жоқ», — деп қайырыпты, Қадірін адам жіберіп, «мына милиция келіп отыр. Мәлике мұңын жасырмай айтсын» дегенде, Мәлике «сүйген байыма тидім, менің ешбір мұңым жоқ», деп қайырыпты. Қадірін білмейтін адамға болысамын деп ұятқа қалған соң, Қасен содан бері Мәликені жек көретін секілді еді.

— Өлдім деп жатқан Мәлике ме? — деді.

— Ия, сол.

— Байғұсқа обал болды-ау!

Қапан ашынып сөйледі.

— Сол иттің несін аяйсың, өзіне-өзі тілеп алып отыр. Адам болып сөзге түсінсе былтыр сен милиция алдыратыныңда Ырысбайдан айрылып шығар еді-ау, енді обалы жоқ, жаны шықсын, — деді.

Мәликенің Ырысбайға неліктен тигені, милиция келгенде ағасының, ел қуларының ауыздықтауымен бой тежеп қалғаны бері де Қапанға жасырын еді. Қапан қанша ойласа да себебін біле алмай, пәленің бәрін Мәликеге жүктейтін еді. Қасен бұл туралы біткенін, есіткенін Қапанға бейнелеп түсіндірді. Мәликеге ренжіп отырса да мынадай себептерін көріп отырғанда аяйтындығын білдірді.

— Дүние пәленің бәрі сендерде ғой, — деді Қапан.

— Неге?

— Әйелге бостандық деп закон шығарып бүлдіріп жүрген сендер емес пе? Бостандықты арқаға таңып кедей біткеннің қатыны желігіп болды. Байы бірер қатты сөз айтса, я бірер күн тамағы аш болса, «мен кетем» деп тұра келеді. Әйел бостандығынан кедейдің көрген пайдасы аз, байлар пайда көріп отыр. Бұрын жалғыз қатынмен жүргендердің көбі осы күні қатынның санын екі-үшке жеткізді. Әйелге бостандық туған екен деп қалың мал тоқтап тұр ма? Сүйгенін қалыңсыз алып отырған кедейді көргенің бар ма?! Міне, закон шығарарда осының бәрін ойлау керек еді.

Қасен басын көтеріп отырып, бейнелеп түсіндіруге айналды. Ел арасында әйел бостандығын қате түсіндіріп жүргенін, қазақ әйелдерінің сана-сезімінің кемдігінен елдегі қуларға қолжаулық болып жүргенін айтты.

— Қалыңмалға сатылып жылап кетіп жатқан қазақ қызы бар ма? Өкімет декрет шығармаса соның бәрі өткен өміріне күндіктен құтылмай кете берер еді. Жаңа декретті шығарумен іс бітпейді. Оны орындау керек. Орындаушы елдегі ауылдық, болыстық кеңестер, жергілікті сот, милициялар болу керек. Бірақ біздегі жаман жері осы айтылған орындарымызда отырған кейбір адамдар әйел туралы шыққан декретін орындауға шабан, орындаудың орнына өздері декретті бұзып, іс істейді.

— Мына Әбілбайдың қызын тоқалдыққа алам деген Байбол сияқты ғой, — деп Қапан күлімсіреп еді, Қасен таңырқағандай болып Қапанның бетіне қарады.

— Сақыпты алмақшы ма?

— Ия.

— Не дейді ?.. Бозбалаға таңдап барарлық қыз Байболға қатын үстіне тимекші ме?

— Әкесі берсе, қыздың тимейтін шарасы бар ма? Байболға қарсы келетін Әбілбайда не құдірет бар? Ерегіссе бірер пәлені жауып, шауып алмай ма? Бірақ Әбілбай да, қатыны да әзірге бала жас, ел арасы жақын ғой, хабарласып тұрармыз, — деп, келген адамын сылап-сипап қайтарған екен.

Қасен бірдеме есіне түскендей алақанымен Қапанды жауырынға қағып қалды.

— Тоқта, қызық бар, Сақыпты сен былтыр алмақшы болған жоқ па едің?

— Ол екеуіміз оңаша сөйлескенде ермек орнына айтылатын сез еді ғой. Сен кеткен соң ұмытылғай.

— Неге, Сақып алуыңа олқы соға ма?

Қапан басында ойын секілді көрседе, Қасеннің шын ойымен сұрап отырғанын сезген соң, жауапты дұрыстап беруге кірісті:

— Сақыпты олқы соғады демеймін. Бірақ мінезінде ұяңдық бар, ешкіммен ашылып сөйлеспейді, ең арғысы кісінің бетіне тура қарамайды да, сөйлесуге реті келер ме деп үйіне де талай бардым. Болмады. Және әкесінің көже тоғы бар. Кім біледі, тәуір орынға беремін деген ойы болса, сөз салғанмен бермей жүрер деп қауіптенем. Және осы ауылда менің кірме екенімді ұмыттың ба?.. Маған қыз бере қояр ма?.. — деп шын сырын айтты.

Қасен ашық пікірлі жас. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін оқуға кірсе де, үй ішінің күйі нашар болған соң, шарасыз оқудан шығып, бірер жылдан бері бала оқытуға кірісіп жүрді. Осы ауылда Кәрім дейтін жездесі бар. Өр мінезді, бір беткей, тымыры қадам. Өз дегені болмаса, оңайлықпен кісі сөзіне көне қоймайды. Ертеректе осы мінезі үшін Кәрімбай сияқты ақсақалдардың таяғы талай рет басын да жарған. Осы Кәрім өршеленіп жүріп ауылдан мектеп ашты да, Қасен осы мектепке мұғалім болып келді.

Қасен мұғалім болғанда, бір жағынан бала оқытса, екінші жағынан ел жұмысына араласып, елде болып жатқан түрлі жолсыздықпен күресіп, кедей батрақтардың басын ұйыстырып,і ұйтқы болармын деп ойлап еді. Байбол сияқты түйені түгімен, жұтып жүрген алаяқтарға, Кәрімбай сияқты көкжалдарға қарсы күрес салармын деп еді. Ол ойы бірден орындала қоймады Ақсақал аузына қарап, ата, ру намысын қорғап әдеттеніп қалған ел — Қасен сияқты «тыштаңдаған» бір жас баланың соңынан ере қоятын болмады. Бірен-саран кедейлер «солай екен-ay» деп жайшылықта қолдаған сияқтанса да, жеме-жемге келгенде ойларын ашып айтпай бұғып қалатын сияқтанды. Жалғыз ғана Кәрім даурығып айқайлап, жұрт тыңдасын, тыңдамасын өзінің ойын айтпай қалған емес.

— Бай деген не?.. Байдың атасының аузына ұрып, шаңырағын ортасына түсіру керек!.. — деп келеді сөзі.

Өткен жылы ауылдық кеңес сайлауы болып еді, жұрт басын құрап, сайлауды айналдырды да жіберді: ата ұлы болып бөлінді, аруақты атап мүшеге таласты. Қасен кірісіп түсіндірейін деп еді, елеуреген жұрт мысқыл көзімен қарады.

— Осыған не жоқ екен? Осы сөзді қайтеді екен?.. — деп мысқылдап күлгендер болды.

— Сайлауға қарсы үбір таратып, елді бүлдіріп жүр, — деп Байбол пәле салудан да тартынбады.

Қасен жастар жағын айналдырайын десе, олардың ішінде де селт етіп бас көтергені сирек кездеседі. Көбі әке-шешесінің ауызына қарап, солардың айтқанымен болып, жұмыстан қолдары босаса, солаңдап ауыл қыдырып, ыржың күлкімен өмірін өткізеді. Қасеннің маңына үйірілгендері шамалы. Қасен оларды оқытпақшы да болды. Сауық кешін қойып оларды қатынастырып та көрді. Көбі селт етіп, бой жазбайды. Көзге көрінгісі келмейді, қайта солардың ішінен жырылып шығып, Қасенге ере бастаған осы Қапан. Аздап хат таниды, Қасеннің айтқанына аздап елігеді. Бірақ бұ да жалыққыш, ел жұмысы туралы Қасен ұзақ әңгімеге кіріссе, бұл оны бұрмалап, ауылдың ұсақ тұрмысына әкеп соқтырады. Қыз-қатын әңгімесін кірістіреді. Сосын Қапанды жібере тартайын деген адамдай, Қасен де мұның ыңғайына көшкен адам сияқтанады. Сөйтіп Қапанның өзіне де сездірместен, баулып, икемдеп келе жатқан беті еді.

III

Аспан жүзі түнерген бұлт. Сылбырап жауған жауын. Аз ғана ескен жел жаңбырдың дымқылымен қосылып бетке салқын тиеді.

Ауыл әбігер, бұзау-торпақ, қой-қозы үйді ықтап, үйге кіріп шыққанында жол бермейді. Жер батпақ, бір жағынан малдың қиымен араласып, адам аяқ басуға жиренеді. Ел адамының бәрі де үйде, от басында. Су тезекті қалап, үргіштеп, көздеріне түгін кіріп, берекелері кетіп отыр. Бірен-саран жинақты кісілер киімін алмастырып киіп, мал жабдығында тыста жүр.

Жаулығын басына тұмшалай ораған, үсті-басы малмандай су болған Жамал үйіне кірді. Сақып отты жандыра алмай үргіштеп мазасы кетіп жатыр еді.

— Қалқам-ай, әлі жаға алған жоқсың ба? Шалағайсың-ау, ертең күйеуге шыққанда қайтер екенсің?!. Әкеңнің келетін уақыты болды. Тезірек шай қойшы, — деп отты жандыруға Жамалдың өзі кірісті.

Сақып самауырынға су құйып, ұсақталған ағашты ойға қалап жандырды. Кештің қара көлеңкесінде заулап жанған оттың сәулесі үйдің ішін тегіс жарық қылды. Жамалдың жүзін де жарық қылды. Бір түрлі кейістік бар секілді. Сақыпқа бірдемені айтқанда, бұрынғыдай жекіре айтпай, әсіресе соңғы айдың ішінде, аянышты күймен айтатын болды. Сақыптың бірер ісі көңіліне ұнамаса:

— Ертең күйеуге шыққанда қайтер екенсің?! — дейді. .

Бұл қайдағы күйеу? Неге жиі айта береді? Әлде, әке-шешесі сырттан сөз байлап, Байболға бергісі келіп жүр ме екен?!

Жоқ, оның қисыны келмейді. Байбол адам жібергенде ауыл адамдарының бәріде беруді қолайлаған. Әкесі де беруге ыңғайланған, сонда кесе түсіп арашалап алып қалған осы әжесі. «Ұл орнына ұл қылып отырған жалғыз қызым. Менің қызым әзір байсырамайды», — деп бет қаратпаған. Таза бермеймін деп айта алмаған, айтуға аузы бармайтын секілді. Байбол ашуланса, Сақыпты еріксіз алатын секілді.

Енді, Байболға бермейтін болса, мұның айта беретін «күйеуі» кім? Осы болар деп дәмеленгендей басқа қыздар құсап Сақып неге көзге ілінбейді екен?.. Әлде өзі теңді бозбалалардың көз салып жүргенін Сақып сезбей ме екен?..

Бозбала дегенде Сақыптың ойына Қапан түсті. Қапан ауылдағы жігіттердің ішіндегі еті тірісі және әйел алмаған басы бос. Жалғыз айыбы жұмысқа жалқау деп ел жек көреді. Қапан шынында жалқау. Дүние айналып кетсе де, ісі жоқ. Домбырасын тартып үйінде отыра береді. Баласына кейіген кемпірлер: «Қапан құсап ішер асқа, киер киімге жарымай жүресің», деп, Қапанды мысалға келтіреді. Бірақ Қапан жамандық жағымен танылғандай қолынан дым келмейтін жігіт те емес, істеп кетсе кімнен болса да өнерлі, кім біледі, жас қой, жалғыз басты болған соң дүние қадірін білмейтін шығар, үйленсе, ділгерлік көбейсе бұл күнгі салдығын тастап, бәлкім түзеліп те кетер еді...

Соңғы екі-үш күн ішінде Сақып Қапанды көп ойлайтын болады. Қапанның жалқаулығы, ерсі мінездері — бәрі де Сақыптың қарауында жас жігітке жарасты іс секілді.

Қапан кеше де келді, алдыңғы күні де келді. Келгендегі жұмысы шамалы: бірдемені сылтау қылып келген болады. Әбекеңмен, Жамалмен қайдағы-жайдағыны айтып, көп сөйлесті.і Сақыпқа жалтаңдап қарай береді. Бір сөздің ретінде әзілдеп те қойды. Сақыптың ойында еш нәрсе жоқ. Кезінде оның әзіліне жауап қайтарып, ашылып сөйлесе алмады. Сөйлесуге ретін де» келтіретін еді, бірақ соны керексінбеген секілді еді. Енді кеше-і ден бері неге екені белгісіз, Қапанды ойлай береді. Отырса да, тұрса да ойынан шықпайды. Насыбайды ерніне қыстырып алып,і шырт-шырт түкіріп, әңгіме соғып отырған секілді болады. Әсіресе күлімсіреп қарағаны естен кетпейді.

Есік ашылып еді, жел гулеп қоя берді. Жанып тұрған от шалқыды. Әбілбай екен. Үсті-басы малмандай су, ажарында кейістік бар. Есік жақтағы шылапшын аяғына қақтығып еді, салдыр еткізіп теуіп жіберді.

— Құдайдың атқан иті, нәрсені бір жия білмейсің-ау, деді. Жамал әшейінде жауап қайыратын еді, бұл жолы жауынмен су болып кейіп келген соң, қарсы еш нәрсе айтпады, шылапшынын жиып, Әбекеңнің үстіндегі күпісін жеңінен тартып шешіп, керегеге апарып ілді. Сақып екеуі қылмысты адам секілденіп үндемей жүріп шай жабдығына кірісті.

Бір-екі кесе шай ішіп жадырай бастаған соң, Әбекең сөйлейін деді: машинада жүретін көк атты Смайылдың ұстап алып, он пұт потыраба сұрағанын, ауылнайға барып айтқанда «егінді жегізуге болмайды» деп өзіне қарсы закон көрсеткендігін, шөбімізді бір жейді, егінімізді екі жейді, осылар-ақ күн көрсетпейтін шығар деп Сарымсақтың Смайылды жақтай сөйлегендігін қалдырмай айта келіп:

— Кейіген адамға кейістік тап бола береді, ауылнайдан ыза боп шығып келе жатсам, әлгі мұғалім... — деп сөзін аяқтамай, Әбекең май мен нанды аузына толтыра шайнады.

Жамал да, Сақып та Әбекеңнің бетіне қарай қалды. Жамал шыдамай сұрай бастады.

— Мұғалім бірдеме дей ме?

— Не жөнді сөз айтушы еді, еріккен жұрт енді бізді ермек қылатын шығар...

Әбекең тағы сөзін бөліп, нан жеуге кірісті. Жамал бұл ретте кейін деді.

— Байғұс-ай, адам құсап сөзіңді бөлмей айтсаң қайтеді?

— Е, не қылды, жаның шығып бара ма? Онша ынтығатыны шамалы. Сақыпты Қапанға бер дейді... Естідің бе? деп Жамалдың бетіне қарады.

Жамал да, Сақып та аң-таң болтан адамның түріне кірді.

Әбекең әлденеге шіміркене сөйледі:

— Бара-бара жұрт қолжаулық қылуға айналатын шығар. Менің қызым бай іздеп отырған жоқ, күйеуге бере қалғанда да сондай сұмырайға ділгерленбеспіз ғой. Ерегіссе Байболдың өзіне берермін, — деді.

«Байбол» дегенде Сақып шошып кетіп, қолындағы кесесі сылқ етіп жерге түсіп кетті. Екі кезінен жас парлап өкіріп қоя берді. Әкесі де, шешесіде қорыққан пішінмен ожырайысып отырды. Бұрынғы қалыпты шешесінің тағы рақымы келді. Байына ұрыса бастады.

— Аузыңа келгенді сөйлейсің де отырасың. Баланың көңіліне қарау жоқ... Дүниеден байсыз өтсе де Байболға бергізбеймін... — деді.

Әбекең жеңілген кісі тәрізденіп үндемеді.

Түн қараңғы. Жаңбыр сіркіреп үздіксіз жауып түр. Кейде азырақ желдің екпіні білініп, үйді сықырлатқан секілденеді. Үйдің ығындағы малдардың ыңырсығаны, үйге сүйкенгені естіледі.

Үй іші ұйқыда, күні бойы аттан түспей шаршап келген Әбекең бұрынғысынан да бетер қорылдап, үйді басына көтереді. Ояу жатқан жалғыз Сақып. Сақыпта уайым бар. Байбол адам жіберіп айттырғанда су түбіне кететін шығармын-ақ деген еді, бірақ әжесі кесе түсіп, айырып алып қалған секілді. Әжесінің қашанға шейін болысатынына көзі жетпейді. Әкесінің басында билік жоқ адам, көлеңкесінен қорқады, елі ауқым қып бер десе, беріп жіберуіңде сөз жоқ.

Мына Қапанның айттыруы ойда жоқ әңгіме еді. Сақыптың Қапанды есіне алғаны, Қапанға назар салғаны осы екі-үш күннің ғана ішіңде. Бірақ құр есіне алғаны болмаса, Қапанға тием деген ой басына да келген емес. Енді, жоқ жерден айта қалған екен, әкесі оған шыдамай-ақ, шамданбай-ақ, дұрыс жауабын берсе қайтетін еді? Қапан бір қызға бай болуға жарамайтын жігіт пе?

Жалғыз айыбы кедейлігі шығар. Кедейлікке күйетін Әбілбай да не күй бар?

Есік сықырлағандай болды. Сүйкенген мал шытар дейін деп еді, оған ұсамады, адам тәрізді. Есіктің байлауын іздеп, оны шешуге ыңғайланған тәрізді. «Түнде келетін кім бар еді, әлде ұры ма екен? » деген оймен қорқыныш кіріп, Сақып әжесіне айқайлағысы да келді. Бірақ әлденеге айқайлаудан тыйылды. Қанша қорықса да не екенін білгісі келді. Кім екенін ептеп сұрап біткісі келді.

Есік елі сықырлайды, тегінде мықтап байлаған-ау. Сақып тұрып есікке барып қалғанын өзі де сезбеді, әлдекім есікті жамылып тұр... Қалтыраған дауыспен:

— Бұл кім? — деді.

— Мен.

— Менің кім?

— Сақыппысың?.. Мен Қапан ғой...

Сақып не болғанын білместік халге келді. Өңі екенін, түсі екенін айырып біле алмайтын секілденді... Есік ашылды. Әлдекімнің жылы, майда қолы құшағына кіріп кеткен секілді болды... Жүрек алқынды... Көз қарайды... Әлдекім құшағына алып аймалап сүйген тәрізденді...

IV

Октябрь ішіндегі шуақ күн. Жел жоқ тынық. Ауылдың бәрі де земленкеде. Мұржадан шыққан кек түгін тіп-тіке болып аспанға созылады. Жұрт жұмысын бітірген, бұрынғыдай ерте тұрмай ұйқысын қандырып, сәске кезінде шай ішуге кіріскен.

Ауылдан оңашарақ қыстауы қомақты келген бір үй бар. Жанында үлкендеу бір ақ үй мен қара үй тұр. Маңайы жыбыр-жыбыр адам, көгендеген қой, секірген ешкі-лақ.

Ауылдың қатындары қолдарында қос сабауы, емпеңдей басып барып ақ үйге кіріп жатыр. Сөйткенше болмады, елді басына көтеріп сабаудың дауысы шыға бастады. Жұрт шайын ішіп болып, шалдар таяғын қолына алып, сабау даусы шыққан үйге қарай тұс-тұстан жинала бастады...

Еріккен шалдарға ермек керек, жұмыс істеп жатқан жерге екеу-үшеуінің басы қосылса, қайдағы-жайдағыны сөз қыла бастайтын әдеті ғой, еткен күңдерін ауызға алды; Бекмағамбеттің болыстығын, кезінде елді бір уысына сыйғызып, дәуірін жүргізгендігін айтысты. Қашан да болса әңгіменің дені Даубай шалдан шығады ғой, ол сақалын бірер сипап алып:

— Талас штат жылы еді. Сайлау болады деген соң Қызылжарға бардық. Онда Дамбар мен Әйеттің бүлінбеген кезі. Елдің адамдары қандай, кілең ығай мен сығайлар. Бекмағамбет ызғарын төгіп, үстіне жаңды кіргізбейді. Жиылған жұрттың ішінен барып жолығып сөз әкелуші Ахмет пен Арғымбай молда болды, — деді.

Елде болыс болған жалғыз Бекмағамбет пе? Шүйіншәлі де болған. Жаппасбайдың Ахметі де болған. Әсіресе Ахметтің болыстығына шалдардың айызы қанады.

— Шіркін, байлықтың қолынан келмейтін ісі жоқ. Талас штатта Ахмет малмен-ақ жеңіп алды ғой: Сайлауға сонда граф келді білем. Жаппасбайдың Мұстапасы ақшаны уыстап шашып жүріп, елулік біткенді өзінің жағына шығарып алды. Жұрттың айызының қанғаны ғой, Мұстапаға сол жылы «бала граф» деп ат қоңды.

Сөйлей келе сөз Ахмет, Мұстапаның ұрлығына келіп тірелді. Мыңнан аса жылқысы бар екен, соның үстіне ұрлық қылдырыпты. Шалдар соны айтысып жағаларын ұстасты.

Сембі дейтін бақа ғана сары шал, Ахмет, Мұстапаның ұрлығы туралы әңгіме бола бастаған соң, шыдап отыра алмай сезге кірді:

— Бекер сөз ғой, олар ұрлықтан сау еді той, деді.

Отырған жұрт жабыла Сембінің бетіне қарай қалды.

Кейбіреуі жымиып күлісті. Ысқақ отырып:

— Біз құр даурығып отыр екеміз ғой, анығын білетін мына Сембі ғой, — деді.

Сембі жасында баукеспе ұры болған кісі. Ахмет, Мұстапа дүрілдеп тұрғанда, жиырма жігітті күндіз-түні үйіне сақтап, ұрлық қылдырып тұрған. Сембі жиырма жігіттің бірі.

— Сондағы істегендеріңді айтшы, — деп Сембіні кеукеулей бастады.

— Өткен істің керегі не? деп Сембі бой тежесе де, жұрт жабылған соң айтуға кірісті.

— Жиырма жігіт едік. Бізді Мұстапа үнемі ұрлыққа жұмсайтын еді. Ерегіскен жеріне ғана жұмсайтын еді. Біз барған жерімізді үйітіп келуші едік. Болысқа арқа сүйеген соң тендік беру қайда, малын сұрап маңымызға жан келе алмаушы еді...

Әлі есімде. Бір жылы боқырау базары кезінде, Арғынның бір байымен Ахметтің алакөзділігі болып, соның жылқысына тиіңдер деп бізді жұмсады. Апы сайлап мініп алып, бір түні барып тидік: жылқысынан таңдап жүріп қырық жылқы алдық. Бетіміз Қостанай, базарда шеттен келіп күтіп жататын жолдастарымыз бар... Таң сыз беріп келе жатқанда, Қазанбасы ағашының тұсынан өте бергенімізде, бір құр ат семіздіктен жүре алмай зорығып пышаққа ілінді. Қазысын ойып алдық та, қалған етін ал деп жанындағы бір ауылға хабар бердік. Сонымыз мықты қате болыпты, соңымыздан қуып келе жатқан қуғыншыларға ет алушылар бізді түстеп айтып беріпті... Базар кезі, жұрттың бәрі қалада, Арғынның адамдары Ахметке келіп жолығып, өтініш айтыпты:

— Еліңдегі бір тентек жігіттер біздің елді жәбірлеп кетіпті. Тентегіңді өзің тыйып, малымыздың көзін бергізсең, айып-анжысыз бітісер едік, депті.

Ахмет олардың өтінішін қия алмай ертеңіне жылқыны қоя бергізді. Арғындар жылқысын алған соң, пристапқа барып: «Малымызды Ахметтің ұрыларынан таптық», — деп мәлімдепті. Сол кездегі уезде Ахметке теріс қарап жүреді екен. Дереу полиция жіберіп бізден екі адамды ұры деп ұстады. Ахметтің өзіне де кәр қылуға айналды. Елдің, ерлігі сондайда болады екен, біздің басымызды қосып жіберіп:

— Жылқы иесі Арғындардан бүгін түні қырық жылқыны ұрлап алыңдар, — деді.

Орындадық. Ертеңіне: «Ендігі арманым мына уездің жегіп жүрген көк атының қуырдағын жесем екен деймін, қайтсеңдер де соны қолға түсіріп, елге апарыңдар», — деді.

«Тоқтау бар ма, әр көшеге тарап, екінді әлетінде уездің үйін торыдық. Үйдей көк атқа кішкене арбаны жегіп, көшірі мен уездің қатыны қақпаға келіп кірді. Жүгіре басып біз де жақындадық. Қатын мен кешір үйге кіріп кеткенде, жүгіріп барып құлақ бауды қиып жіберіп, көк атқа міне шаптық... Базардан келген соң, Ахмет сойғызып, қанды қуырдағын жеді...» — деді.

Ескілікті әңгіме аяқталуға айналды. Қой қырқылып болған шамада, шалдар үйді-үйіне ыдырады.

V

Үлкен үй гу-гу әңгіме: киіз қарпып жатқан қыз, келіншек, епті бозбалалар, жан-жағын бүргіштеп тіккен ере киізді он бес-жиырма адам ортаға алып, төселген шидің үстіне тізерлеп отырып қолдан-қолға жүгіртіп жатыр. Біресе киізді шыр көбелек айналдырады; біресе жоғары көтеріп шиге әкеліп ұрады. Ыстық сумен пісіріп тастаған жас киізден бу бұрқырап шығып жатыр.

Көппен істеген жұмысқа адам шаршай ма, әсіресе бозбала жағы қыздыра түседі, көтерген киізді апарып келіншектердің басына кигізеді. Әйел-еркек екі жік болып кейде алыс та басталады.

Бозбалалардың ішінде Қапан бар. Әйелдердің ішінде Сақып бар. Қапан Сақыппен бір рет қатар отырып қалып еді, Жамақтың қатыны бірдемесін сезген кісідей, екеуінің арасына кіріп килікті.

— Бұрын-соңды ол жігіт мұндай орынға келмейтін еді, бүгін неғып келіп отыр, — деп кейбір қатындар күңкілдеген болды.

Бір-екі қатын өзара сыбырласып, сөйлесіп Сақып пен Қапанға кезек қарап күлісті. Бұларына қарағанда жасырын сырды білген секілді. Бірақ білмесін деп жүрген Қапан емес қой, жұрттың сезгеніне қуанбаса, күйінбейді ғой, әсіресе Жамақтың қатынының қызғанған кісі тәрізденіп араға келіп қызғанына ашуы келді. «Ақсақ ит, сыбағанды берейін» деген ойға мініп, бозбалалармен көз қысып ымдасып, киізді бір көтергенде ақсақ қатынның басына апарып кигізе қойды. Ақсақ қатын қапелімде басып қалса да, артынан киізден құтылып шыққан соң ашу шығарды:

— Бейбастақ қаңғырғандарды осындай жерге кім шақырады екен, — деді.

Жұрт, айыпты осы той дегендей Қапанға қарады. Қапан ұялуға айналды. Қатынмен бажылдасып ұрысуды ар керді. Коп ортасынан тұрып кету және қиын болды.

Қапанның ренжігенін Сақып сезіп отыр екен. Жамақтың қатынына күңк ете қалды.

— Жеңеше-ай, жоққа ашу шақырасың-ау. Ойынға адам ашулана ма екен?! — деп еді, ақсақ қатын Сақыпқа ажырайып қарады.

— Жанашырың екенін білдік. Бұл жерде кіріспесең де болады!

Сақып қып-қызыл болып төмен қарады. Сақыптың жақын жеңгесі Күләш төзіп отыра алмай кетіп, ақсақ қатынды тақымдай бастады:

— Бейпіл ауыздығыңды үйінде істесейші, біреудің қызын сен тыюшы ма едің?

— Ойбай, адыра қал, жақының екен, білдік... жаның ашыса, Қапанмен тамыр қылма!

Үйде отырған қыздар да, келіншектер де ақсақ қатынның сөзін ерсі көріп, беттерін шымшыды. Сақып жыларманға келді. Күләштің жақындық намысы қозып, күйеуіне қарап, қатты-қатты сөйледі:

— Осы топтың ішінде қарындасыңның не бар мінін айттырып алайын деп отырсың ба, шірік неме? Ана көк айылдың аузынан қанын келтір! — деді.

Күләштің байы — Бөркей дейтін көп үндемейтін, мінезі томырық жігіт еді. Қатынының сөзі шымбайына батып кетіп, ақсақ қатынды тұра жүндеді. Өз жаулығын өзі айырып, бес саусағын бетіне салып, ақсақ қатын ойбаймен үйді басына кетерді. Жұрт үрпиісіп қалды. Жүгіре басып ентігіп Жамақ та келді. Ай-жайға қарамастан шеткерек тұрған Қапанды қолындағы таяғымен басқа салып өтті. Абайсызда тиген таяқ Қапанға оңай соқпады. Қапан есі ауып жерге отыра кетті. Сақып талып құлаған Қапанды көрген соң ойбайын салып келіп құшақтай алды. Жұрт бетіне су бүркіп, біраз жатқаннан кейін барып есін жиды. Қапан есін жиғанда үйде екі-үш-ақ адам бар еді.

VI

Күземде болған төбелес әңгімесі қоюлана бастады. Kөп ішінде қызын масқаралағаны үшін Әбілбай, Әбілбайдың туысқандары Жамақпен араз болды.

Оның бер жағында, Қапанның басы жарылып қалған соң, істі қалаға жіберіп мүдіртіп жүре ме деп күн бұрын қамшылау үшін, Жамақ атқа мінді. Пеле баққан адамның табатыны Байбол ғой, бұл да оған барып әңгімені бастан-аяқ айтты. Сөз қызға келгенде:

— Әбілбай жасырын сөйлесіп, қызын Қапанға бермекші болды. Саған түнеугі айтқаны алдау, — деді.

Әдейі адам жібергенде бермегеніне Байбол бұрын да кектеніп еді. Оның үстіне мына Жамақтың сөзін есіткен соң, мүлде ашуға мінді:

— Қазірде әйел ұрғаннан жаман нәрсе жоқ. Бұл қылмыс заңының 507 статьясына жатады. Ол статья бойынша ұрушы бес жыл түрмеге жатады. Аман болса, Әбілбай мен Қапанның басын түрмеде шірітейін, — деді.

Дау іздеген Жамақ та пар атын жегіп, Байболды арбасына мінгізді: қатынды докторға алып барып, бетіне түскен таңбаны көрсетті. Ерсілі-қарсылы он шақты күн жүріп, екі атын бірдей арықтатып, ақырында арызын беріп үйіне қайтты.

Жамақтың істі сотқа жіберуінен Әбілбай да, Әбілбайдың жақындары да кек алайын дейді. Байболдың ашулы екенін сезісті. Байбол араласқан ісін қара болса да, үске шығуы мүмкін. Мал бағып, ошақтың үш бұтына қарап отырған шаруаға мезгілсіз кезде жауап беруге қалаға бару да оңай ма, сондықтан бұлар да елдегі законшіліктің бірі, Балқаймен сөйлесіп, Қапанның жарылған басын докторға бұларда көрсетіп, Жамаққа қарсы дау қылмақшы болды. Бірақ мұны істеу үшін Сақыпты Қапанға беру керек. Сақыпты беру мәселесі қозғалғанда Әбілбай шын сөзін айтты:

— Жас бала болса да ауызға ілініп кетіп отыр. Пәленшемен жүріпті деген атақтан енді қашып құтылуға болмайды. Сақыпты беруге қарсылығым жоқ. Бірақ мына Байбол қанды тұяқ адам еді, қазір Жамақты қолына ұстап күшейіп отыр той. Нақ осы күйінде қызымды Қапанға берсем, жоқтан пәле тауып, басымды сотқа іліктіруі мүмкін. Сондықтан әңгіме аяғы басылғанша сабыр етелік, деді.

Бұған Қапан да көнді. Тиісті адамдарына бұлар да жолығып, Жамаққа қарсы арыздарын жолдады.

VІІ

Ноябрь іші, күн жылы-шуақ. Қарашаның қары аз күн жатып еріп кеткен. Шалдар «биылғы күз ұзақ болар» деп аңыз қылысады. Ел адамдарының қолы бос, ұзақты күнді әңгіме іздеп қыдырумен өткізеді. Қол босағаннан бергі елдің қызу кірісіп жүрген әңгімесінің бірі — сайлау жұмысы еді: биылғы сайлауда Байбол ауылнай болмақшы. Ел ақсақалдарының бірсыпырасымен сөйлесіп, олардың ризалығын алып та қойған. Өз ойынша әңгімені бітті деп есептеп еді. Бүгін сол ойының аяқталатын күні. Кеше сайлаушы келіп, бүгін Кәриекең ауылына жұртты жиып отыр. Ел ішіндегі ат арқасына мінуге жарайтындардың көбі сайлауға келіп отыр. Сайлаумен жұмысы жоқтардың көбін Байбол әдейі шақыртып алған. Сайлау талас болып кете ме деген қаупі де жоқ емес. Оның үстіне сайлауға келген жігіттің сыңайы келіспейді, Байбол екі ауыл бірдей үйіне қонаққа шақырса да оған бармай, мектеп мұғалімі Қасеннің үйіне барып түскен. Жұрт бұдан әзірінше мағына шығарып, ауылнайлықты Кәриекең ауылына байлап кетпесе игі еді дегенді де айта бастаған. Өйткені сайлауға шыққан жігітті Қасен мұғаліммен таныс екен деген лақап бар. Ол рас болса, мұғалім бұрмалап, өзіне тән адамды сайлатады дейді. Міне, осы жөнді ойлай келіп:

— Әй, мұғалім бүлдіріп жүрмесе игі еді, — деседі.

— Мұғалім кімді сайлатады екен, білесіңдер ме?

— Кімді сайлатсын, күндіз-түні соңына еріп жүрген Қапаны бар ғой, соны сайлатады.

— Қапанды?!

Қапанды ауылнай қылады десе, бүл отырған жұрт түршігетін секілденеді...

Кәриекең ауылы ығы-жығы адам: шеттен келгендер аттарын иіріп байлап тастап екеу-екеу жекеленіп сөзге кірісіп отыр. Елдің арты әлі келіп болмаған. Сайлаушының әйелдерді де «шақырт» дегенімен, ауылнай жақын ауылдың әйелдеріне де хабар айтқан екен, көріксіз жайдақ арбаға тиеле мініп, шағаладай болып әйелдер де келе жатыр.

Топтанған аттың жел жағында, ішінде Байбол бар, он шақты кісі сөйлесіп отыр. Бәріде елдің сүбе билері. Ауылнайлықты Байболдың қанжығасына байлап, басқа орынды мүше қылып бөлгелі отырғандар. Жебелі қара кісі тымағының оң жақ Кулагин жымқырып алып, сөзге кірді:

— Адам болам деген жастың алдына шығып көргеніміз жоқ. Байбол талаптанған екен, бұған да бол деп отырмыз. Бір ауылнай ел болғанмен, құрама секілдіміз; ішімізде арғын да бар, жаппас та бар, керейітте бар. Орынның бәріне адамымызды сайлай берсек, мүшенің бәрін қыпшақ өз бауырына басты деп олар мінеп жүрер. Сондықтан Байбол ауылнай болса «кәндилатып» жаппасқа берейік. «Песірін» арғын алсын, біреуін сайлай жатар, — деді.

Бұл кісінің сезіне былайғылары бөгелгендей болса да, бақылаушы кісі қарсы сөйледі:

— Қыпшақ, сендердің мазақтарың қалмайды, бізге ылғи ойдан шығарғандарыңды бересіңдер. Мүйіздерің шығатын болса, баяғыдан бері болып келесіңдер ғой. Ауылнайлықты бізге де бір ұсынсаңдар қайтеді? деді.

— Өй, жөнсіз шіркін, ұсынғанда кіміңді сайламақсың?

— Кімді сайлайтынымызды өзіміз білеміз. Байбол сияқты біреу бізден де табылар.

— Байғұс-ау, Байболдың жолы басқа ғой. Байболдың көзі қарақты. Басты кісілермен таныстығы бар. Елге салық түссе де, я басқа бір ауыр таян жұмыс болса да зиян көрмейміз ғой.

— Зиянын сен көрмессің, біз көріп-ақ отырмыз. Қит етсе, тізе көрсетеді, ортамыздағы жесірімізді тал түсте-ақ сатып отыр ғой. Байбол ауылнай болса мүлде үйтіп жеуден тайынбас.

Байбол ашуланып:

— Әй, сен, кімді айтып отырсың? — деп жүгініп алды.

— Сені айтып отырмын!

— Бәлем, арғын, құтырайын деген екенсің!..

Сөз ерегіске кетті. Жебелі қара кісі кіжінді.

— Айқай, баяғы дәуреніміз-ай, мұндайды қарсы келгенде, тіліп алушы едік-ау! — деді.

Екінші біреуі оның шашпауын көтере сөйлеп:

— Сайлаушы төрені арқаға танып істеп отыр той, — деді.

Сайлаушы тере жұрт көзіне шешілмейтін бір жұмбақ болып қалды...

Кәриекең албары сығыса толған адам. Ауылнай жүгіріп дәйек боп ортаға стол қойып бүлініп жүр.

— Төре келе жатыр, — деген дауыс естілді.

Ұзын бойлы қара жігіт қолындағы папкасын әкеп столдың үстіне қойды. Қасен мен Қапан бірге ере келіп, столға жақын жерге отырды. Жұрттың көзі төреде, Байбол жағы Қапанға ала көзімен қарап, атып жібергендей болып отыр.

Сайлаушы ауылнайға мәжіліс аш деп еді, қалай ашуын білмеймін деп, ауылнай шегіншектей берді. Сайлаушы мәжілісті өзі ашып, мәжіліс басқарушыларды сайлауын өтінді. Қасен бірден Қапанды атады. Екінші жақтан біреу Байболды атады.

Сайлаушы:

— Мәжіліс ағасы Қапан, хатшысы Байбол, — деп жариялады.

Қапанның Байболдан жоқ жерде жоғары шыққанына жұрттың бірсыпырасы таңданды. Бірсыпырасының іші күйіп, көңілдеріне шек ала бастады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — мемлекетіміздің ішкі-сыртқы күйі туралы еді. Бір жағынан — мәселе жұрттың ұғымына терең болған соң, екінші жағынан өкіл сөзге олақ болғандықтан бұған көңіл қойып тыңдаушы жан болмады. Жұрт өзара күбір-сыбырына кірісті. Ысқақ дейтін біреу Байболды сықақ қыла:

— Байбол қанша тыраштанса да, Қапанға хатшы болудан артыққа бара алмай жүр екен ғой, — дейді.

Байбол жағының бір жігіті мұның әзілін шам көріп, қатты сөз айтты. Екеуі ерегісіп дауыс шығарып боқтасуға айналды. Баяндамашы сонымен «герман үкіметі...» дей бергенде, Ысқақтың «әкеңнің аузын...» деп біреуді салып жібергені көрініп қалды. Жұрт ойпаң-тойпаң, боқтау, арашалау, кімнің кімге жақ екенін айырып боларлық емес...

Жанжал зорға дегенде басылды. Байбол Ысқақты өкілдің алдына жетелеп әкеліп:

— Мынау жиылыста төбелес шығарды. Бұл — контр. Протокол істеп, мұны түрмеге айдау керек! — деді.

Баяндама аяқталмай қалды. Жұрт асығатын болтан соң, бірден сайлауға кірісілді. Өкіл сөз алып сайланатын адамдардың тізбесін оқып шықты.

— Төр ағасы Қапан Жаманбайұлы, мүшелері Ерімұлы Кәрім, Жақайұлы Құлабай...

Байбол ұшып тұрды!

— Сайлау еркі халықтың езіне берілуі керек. Бұл тізбедегі адамның біріне де риза емеспіз! — деді.

— Риза емеспіз! қауым жаты шулап қоя берді.

Өз жағының адамын атаған соң Қисық жағы жым болып үндемеді.

Барлыбай дейтін мырза бөркін қолына алып, жүгініп отырып сезге кірісті.

— Сайлау жұмысына бұрыннан таныспыз ғой. Мұндайда ақсақалдар ымырасымен іс істеуші едік.

Өкіл оны иекке алып кетті:

— Сіз байсыз ғой?

— Күн көргіштігім болмаса, байлығым жоқ.

— Малайың бар ғой?

Барлыбай үндей алмай қалды.

— Сайлау ісінде сіздің жұмысыңыз болмасын. Өзіңіз кейінірек отырыңызшы, — деп оны тұжырып тастады.

Аяқ алысын байқаған соң, басқалар үндей алмай қалды.

— Ал, осы тізбедегі адамдар сайлансын дегендерің қол көтеріңдер!

Әйелдермен қоса санағанда жүз жиырма адам қол көтерді.

— Кім қарсы?

Сексен адам қарсы болды. Бәрі де қауым тобы екені анықталды.

Байбол тағы тұра келді:

— Сайлауда әділшілік жоқ. Тізбені ел көрсетіп отырған жоқ, ол бір; екінші — сайлау Қисыққа қараған елде болып, олардың әйелдері қатынасып отыр. Біздің елдің әйелдері шақырылмай үйде қалып отыр; сондықтан копия алып, ізденеміз!.. — деді.

Бірен-саран жігіттер тана Байболдың шашбауын көтерген болды. Көпшілік жағы «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген ғой, — деді.

Қапанды ауылнай қылып жиылыс тарады...

VIII

Қаланың өзен жақтар көшесімен қаздай шұбырып үш адам келе жатыр. Ымырт қаранғысы. Көше қойыртпақтанған батпақ, кейде аяқты ұстап жібермейді. Ерсілі-қарсылы жүрген і адамдар сиырдың ізіндей ғана соқпақ ізбен шұбырып жүреді.

Көшенің мүйісіне келгенде батпақ бұрынғысынан үдеді. Алдыңғы жағында келе жатқан Байбол еді. Ырсылдап терлеп, бөрікті қолына алды. Арт жағындағы еңгезердей имиген, қыр мұрынды қара орыс мұрты тікірейіп Байболға тақалып тоқтады.

— Әй, Иван-ай, тіл алмайсың-ау, дайын тұрған пар атқа мінсек қой, әлгіде зырқырап келіп қаламыз.

Иван да күлімсіреген тәрізденді. Бірақ атқа мінуге қарсы екендігін тағы қайырып айтты:

— Жарамайды, осы күні біреуді біреу бағып жүреді, көзіне түстік дегенше, сөзге қоса бастайды, — деді.

Ең артқы қаба сақалды қара кісі еді. Басындағы жалбайы милықтанып, буы бұрқырап терлеп, ентіккендей болып тұрды. «Төрелермен» сөйлесуге өзін лайық көрмесе де, бақытымды сынап көрейін дегендей ептеп қана үнін шығарды:

— Ойпырым-ой, жердің түбі екен ғой, — деді.

— Ауылнай болатын адам мұндай жүрісті көпсінбеуі керек, — деп Иван оны тәлкек қылып қойды.

— Иван дұрыс айтады. Тегін жатқан нәрсе бар ма? «Мехнаттанбай, рахат жоқ» деген ғой, — деп Байбол көтеріп қойды.

Іздеп келе жатқан жерлері — бұрыштағы тас үй екен. Маңдайында жылтыраған электр оты жалғыз көзді пері секілденіп түр. Бұлар төніп есікке келгенде, ұйқыдан жаңа маужырап тұрғандай біреу тәлтіректеп шығып, екпінімен ауылнай болғыш мырзаны иығымен қағып өтті. Мырза сескеніп қорқып кетті. Байбол онымен байланысайын деп еді, мырза араға түсіп, әңгімені басқанша асықты.

Үй іші толып жатқан бөлме. Гу-гу әңгіме. Сылдырлаған шынының даусы, кірген қарқында мырза таң қалып, аңырайып аузын ашты. Байбол бәрімен таныс секілді. Жүгіріп ана бөлмеге бір, мына бөлмеге бір барады. Бұрыштағы бір кішкене бөлмеге үшеуі келіп отырды. Жалаңдаған жас жігіттер дәйек болып жүгіріп жүр. Ә дегенше болмай столдың үстін шыны қаптап кетті.

Иван мырзаны иыққа қағып:

— Баяғыдан бері жиғаныңның игілігін көр, әйдә іш, — деді.

— Ал ендеше байдың жолының болуына ішейік, деп Байбол стаканын көтеріп алды.

Бұрын ішіп көрмеген нәрсесі болса да, бай тартына алмады, ішпесе қонағының көңіліне келетін секілденді. Бастапқы кезде пивоның күрмек дәмі ауызға білінсе де, іше келе үйренді. Шыны артынан шыны алмасылды. Бай ықылық атып, басы айнала бастады.

Түнгі сағат 12-деүшеуітеңселіптысқашыкты. Бұрышты орала бергенде, байдың аяғы тайып кетіп, батпақты сүзе құлады, бет-аузы қап-қара балшық болып, сүрініп-қабынып тұрып жатыр:

— Байбол, — деді.

— Әу.

— Іс реттелетін бе?

— Біз кіріскен соң іс реттелмеуші ме еді, Қапанды түрмеге тықсам, ісін саған алып берсем, одан артық не керек? — деді.

IX

Кешкі мезгіл, үй іші қара көлеңке. Бұрыштағы сандықтың үстінде Қапан домбыра тартып отыр. Теректен істеген ақ домбыра сабаған сайын безілдеп, әлдеқайдағы күндерді еске түсіріп отыр. Өмірдің қайғылы кезеңі еске түскенде, домбыра мұңды күйге түсіп, жыламсырап, қуанышты күндерді ойлағанда, аспанға шарықшып бұлбұлдай сайраған секілді болады...

Қапан не көрмеді, екі бала жастан жетім қалып еді; екі-үш жыл кісіге жалданып, інісі ержеткен соң, жалдануды тастап, үйінде отырды. Жұмысқа қыры болмады. Ертенді-кеш айналдыратыны домбыра еді. Ауыл көршілері Қапанды ұнатпай қарап, «кедейдің кербезінен сақта» деп мысқылдай күлуші еді. Қапанның ол кездегі ісіне қарай олардың күлуге жөні де бар еді.

Қапанның азырақ түзеле бастағаны бұл ауылға Қасен мұғалім болып келгеннен былай қарай еді.

Ел себепкер болды ма, қаладан келген сайлаушы себепкер болды ма, әйтеуір ойламаған жерден Қапан ауылнай болды. Бір жағынан ауылнай болып, екінші жағынан өзінің сүйген қызын алып, осы соңғы төрт айды Қапан қызықты тұрмыспен өткізді. Бұрынғы қайғының бері де қойылған тәрізді. Алдағы өмір бұдан гөрі де қызықты болып өтетін тәрізді...

Ауылнай кезінде өзінің беделі өсейін деді. Кедей-кепшіктің Қапан ауылнай болғаннан бері белі көтерілейін деді.

— Үкімет өзіміздікі, ауылнай езіміздікі, бәлем, байлар,енді көзіңді ашып қара!.. — деп, Кәрімнің дауысы бұрынғыдан да ашық шығатын болды.

Ауылнайдан қорқып үрпиіп, соған жарамсақтануға асығатын ел шаруалары, Қапан ауылнай болғаннан былай еркін дем алып, Қапанды өзімсініп, кеңес жұмысының не екенін сезіне бастады.

«Бізге қалған не сез бар? Бізді кім елейді?..» — деген сияқты үмітсіздікке салынған жас жігіттер де, Қапанның жоқ жерден ауылнай болып кеткенін керген соң, жігерлері көтеріліп, әңгімеге бұлар да елеңдесе бастады. Жұмыстан қолдары босаса, Қапанның үйіне жиналады. Жастардың бастары құралса, Қасен олардың ортасына келіп, газет, журнал оқиды; жастардың жігерін есіре сөз сөйлейді. Сөйтіп жүріп он шақты жігіттің басы құралып, кешкі мектеп те ашылды. Сауатсыздар мектебіне кіріп бірен-саран әйел де оқи бастады. Оның бірі Сақып еді. Үйінде жүргенде ынжықтанып кісі бетіне қарауға ұялатын қыз мұнда келгелі ашылып, Қасеннен оқып хат тануға да айналып қалып еді...

Бірақ әлдеқалай жалғыз отырып ойға шомса, қызықты өмірмен қатар Қапан алдағы өмірінде қорқынышты да сезгендей болады. Әлдекім мұның істеген ісін аңдып жүріп, кезінде шалып қалатын секілді болады.

Ауылнай болғанына төрт ай. Төрт айдың ішінде Қасеннің нұсқауымен Қапан көп істеді. Бұрынғы ауылнайларға қарағанда ел кедейлерінен мақтау алды. Бірақ жақсы ісімен қатар бірер білместігі де болды. Қапан оны Қасенге айтса, сөз жоқ, істетпейтін еді.

Ауылнай болып іс алған соң, Қапан өзін ірі кісі болдым деп ойлап еді, ел арасындағы жұмысқа лаумен жүруді лайықсынбай, Ырысбай деген байдан барып аттың майын сұраған. Ырысбай қандай құт адам. Бұрын есігінен қаратпай жүрсе де ауылнай болған соң ескі күйін бірден өзгертіп қадірлеп төріне шығарған. Бұрын «қаңғырған неме қайдан келді?» деп жиырылған бәйбішеде бұл жолы Қапанды ашық жүзбен қарсы алып, «қайным» деп әзілдескенде, Қапан жұмысын айтқан соң бай бір ауыз сөзге келместен «жылқының маңдай алды еді, сатан тана беремін» деп тор төбел атты берген. Атты ноқталап бергелі тұрғанда, Ырысбайдың інісі қалтасынан бір қағазды алып: «Ертең базарға жүрмекші едім, мал сататын едім, мынаған мөр басып берші», — деп мөр бастырып алған.

Атты үйіне әкелген күннің ертеңінде-ақ «Қапан ауылнай болмай жатып, пара алуға айналды», — деп ел ішінде күңкілдеушілер де табылды. Әңгіменің шет жағасын Қасен естіп, Қапанға ренжіп, «жаяу жүрсең де Ырысбайға жоламауың керек еді. Ұры ұстайды деген сыбыс бар, енді сақ бол» деп ақылын айтып еді. Қапан сол жерде мөр бергені есіне түсіп, не қағаз екенін оқып барып мөр баспағанына өкініп, санын соғып еді. Содан бері жатса-тұрса ойынан қалмайтын.

Кешкі қараңғылықта отырып ойға шомған соң, Қапанның ойына мөр келіп түсті. Бұрынғыдан бетер қорқыңқырап, «Егер біліне қалғанда қайтер едім?» — деп ойлады. «Кеңес үкіметі кедейдің үкіметі ғой, менің бірер істеген қатемді кешпес пе? Әлде басқаларға үлгі қылу үшін, ел арасында бұзықтықтың тамырын жою үшін, біліне қалса, шынымен жазаландырар ма екен?..»

...Мектеп үйі, сығырайған кішкене шам. Есік жақтағы байлаулы қозы-лақ, бұзау бырт-бырт күйсейді, ыңыранып қасынады. Дала жел, жазғытұрғы қара суық. Жел екпінімен терезеге әлденелер келіп тырсылдатып тиеді. Жел сызғырады, аш қасқырдай ұлиды. Қою қараңғылықты жамылып, адам өмірінің келешегіне атпас таң әзірлеген тәрізденеді... Әлдеқайда лапаста ма, әлде қой қораның төбесінде ме, ұйлыққан иттердің маңына бара алмай, ақсақ Құтпан ұлиды. Ұлығанда аянышты даусын неше құбылтып үзіліп ұлиды. Қазақ әдетінде ит ұлудан жаман не бар? Ауылды ма, әлде ауылдағы бір аяулы адамды ма андып тұрған пәле бар ма? Әлде әзірейіл қармағын дайындап бір сырбаздың жанын тартқалы тұр ма?!

Үстелге сүйеніп, көзі үмітсіз мөлдіреп, Қапан ауыр ойға батып отыр. Аз күнгі қызық көргені түсі секілденіп, енді шықпас шыңырауға батып жатқан тәрізді... Жел ұлиды, табиғат та, жанды мақұлық та Қапанға келетін бір ауыртпалықты сезіп, бері де жыламсырап аяушылық қылған тәрізді...

Қапан күрсінді, ұйқысынан оянған адамдай жан-жағына қаранды. Жанындағы Қасен тұнжырап ескі істерді ақтарып отыр., Бірінен соң бірін аударады. Қапанның қолы қойылған мөрлі қағаздар кезіне түсіп жоқ болады... Мұны неге аударады екен?.. Қапанның тағы бір қылмысты ісін тапқалы отыр ма? Әлде Қапанға келетін жаманшылықты жоюдың бірер шарасын қарастырып отыр ма?..

Қапан төзіп отыра алмады:

— Енді қайтеміз? — деді.

Қасеннің ойында осы сұрау еді:

— Енді қайтеміз?..

— Өзі қалай болған екен, сен ашып айтшы, — деді Қапан.

Қасен алдындағы қағаздарды азырақ жия түсіп:

— Әңгіме биылғы Ырысбайға берілген мөрде болып отыр ғой, — деді Қасен. — Сол ат — ұрлық екен ғой. Оны мына Сәрсенге сатқан екен. Байбол тіміскімей жүре ме? Түбі шикі екенін біліп, керейден бір кісі әкеліп ие қылған көрінеді. Куәсі Жамак дейді.

— Ырысбайдың інісін де ұстай ма екен?

— Ырысбайдың інісі ұсталар ма, Байболмен ауыз жаласып, «сенен сатып алдым» деп жауап берген көрінеді.

Қапан бұрынғысынан да жаман үрейленді. Айналасының бәрін жау қамап, шыға алмас ұйыққа батқан тәрізденді. Жан ұшырып кейіп кетті.

— Апырым-ай, менің ұрлық қылмайтындығыма, менің сол атты сатпайтындығыма бүкіл ел куә емес пе?! Сен өзің де соған куә болмайсың ба? — деп Қасенге қарады.

Қасен куә болады ғой. Бірақ іс Қасенге тіреліп отыр ма? Ертең сот бола қалса «Мөрді неге бердің» демей ме? Соған беретін жауап Қасенде де, Қапанда да жоқ қой...

Екеуі де сөзді доғарды. Екеуі де терезеге көзді қарап ызғарлы желдің сызғырғанын, ақсақ Құтпанның әлдеқайда көмескі дауыспен үзілтіп ұлығанын тыңдады... Істің келешегі белгісіз: жол тауып шыға ала ма, әлде мәңгі адасып кеткен бойымен кете бере ме, ол жағы қараңғы секілденді.

Х

Қапан ұсталып түрмеде төрт ай жатқаннан кейін сот болды.

Сотқа куә болып Байбол, Ырысбай, Жамақ жағынан оннан аса адам келді. Қапанның ауылдастарынан, қайын атасы Әбілбай жағынан жан келмеді.

— Егер куә болып аттап басушы болса, Қапанмен қоса түрмеге тықтырам! — деп Байбол күшті соқса керек.

Сотта Қапанды жақтап жалғыз-ақ Қасен шығып еді, Байбол жаты көптеп бүктеп кетті.

— Өзі ұрлық тас, олжалас болған соң қорғап тұр, — деп Байбол шап берді.

Сот куәлардың төндіруімен, ұры деп тауып, Қапаңды үш жыл түрмеге салуға қаулы алды. Қапанның кедейлігін, бұрын сотта болмағандығын еске алып жазасының бірсыпырасын кешті. Бірақ бүл хабар елге «Қапан түрмеде он жыл жататын болыпты» деп тарады.

Қапан ұсталғаннан бергі өмірін Сақып жылаумен өткізіп келіп еді. Енді мына он жылға жататын болыпты деген хабар естілген соң мүлде дағдаруға айналды.

Әке-шешесі күн құрғатпай келіп, Қапан ұсталғалы үйіне шақырумен болды. Ондағы мәнісі Қапан ұсталып кеткен соң. Байбол Әбілбайға кісі салып: «Сыйынған құдайын түрмеге тықтым. Енді, Әбілбаймен сөйлесем, маған дос болам десе, ана қызын азғырып маған алып берсін; болмаса менен жақсылық күтпесін», — депті. Әбілбайдың жақындары — бәрі де көлеңкесінен үркіп отырғандар: «Қайтсең де Сақыпты азғырып алып бер. Бір қыз үшін басымызға пәле тілеп ала алмаймыз», — деп қысыпты. Екі жақтан қысқан соң әке-шешесі сасып Сақыпқа барады. Жылап отырып жайларын айтып, «түбінде кере жатарсың, әзірге бізді пәледен құтқара көр» деп жалынады.

Сақып әке-шешесінің бұл өтінішіне баста қарсы болып, дүниеден қаңғырып өтсем де Байбол босағасын көрмеймін десе де, Қапанды он жылға жататын болды деп есіткен соң, не қыларын білмей сасады. Сақыпқа сүйеніш болатын жанашыр Қапан да жоқ. Енді не қылмақ керек? Кімге ақылдаспақшы? Апырым-ау, қызғылықты өмірдің шынымен кері айналып кеткені ме? Қапанмен қосылғанда өмірлік бақытты болдым деп ойлаған жоқ па еді? Сол бақытты бұдан қызғанған кім?! Шынында Сақып бақытты болуға, Қапанмен қосылып қызықты өмір өткізуге лайық емес пе? Сүймеген, өмірлік жауы деп санаған Байболға қалай ғана әйел болып бармақшы? Жылаған көздің жасын көретін кім?..

Сақып талды...

Әке-шешесі, жақын ағалары болып:

— Қайтсең де барасың, деп сіресіп отырып алды. Тіл алмаса, көтеріп арбасына салып жіберулері анық еді...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама