- 03 жел. 2019 00:00
- 327
Ағаға тілек
Биігіне шығып талай асқардың,
Өз салаңды адалдықпен басқардың.
Ұл-қызыңды сұңқар құстай түлетіп,
Жолын аштың соңыңа ерген жастардың.
Келе жатқан асқар тауды сағалап,
Секілдісің төрт тұяғы тағалы ат.
Ұрпақтарың ұлық тұтыт өзіңді,
Отбасыңа сая болсын Сағадат.
*** *** *** ***
Пейілің кең ешқашанда жұтамас,
Қонақ келсе төріңді ұсын, құшақ аш.
Бауырларың – жал құйрығың, қанатың,
Қанаты жоқ қыран көкке ұша алмас.
*** *** *** ***
Таң күліп, жұлдыз жанып пейіліңе,
Халықтың кірдің, сірә, сеніміне.
Бұл күні салауатты жігіт көрем,
Басылған жастық шақтың желігі де.
Жеңгеміз жүр көшіңді өрге сүйреп,
Келеді тірлігіңнің керуені боп.
Жаныңда құлындарың шапқылап жүр,
Ойлағын бір құдайдың бергені деп.
*** *** *** ***
Жан аға, өміріңнің өріндесің,
Қарындас көңіліңнің төріндесің.
Сылдырап Аққайнардан аққан бұлақ
Тағдырдың сындарында жеңілмесін.
Келеміз қиялардан күн кешіп те,
Бауырлық бал сезіммен үндесіп те.
Тербеткен анамыздан айналайын,
.... ұл .... қызды бір бесікте.
Жақсы аға күнде шуақ жағар жанға,
Мерейім өсіп тұрар ағам барда.
Жасыңнан жақсылыққа құштар едің,
Келесің жарық сыйлап адамдарға.
Ағаға ақ тілегім ақтарылсын,
Әкеге тұрпатыңмен тартқан ұлсың.
Қарасай баба рухы қолдап әркез,
Ордаңа қыдыр қонып, бақ дарысын.
Шашамын жан нұрымды жарқылдатып,
Тілеймін саған әркез жарқын бақыт.
Ағаға арнап бауыр махаббатын,
Жүремін жүрегімді мен тулатып.
Әрдайым Алатаудай аңсап жүрем,
Атыңды асқақтатып ән сап жүрем.
Жаныңа титтей кіршік түспесін деп,
Жан аға, періштеңдей қоршап жүрем.
Анарың – аялдаған асыл жарың,
Ұлдарың – ұлан асу, жасыл бағың.
Қайда деп қарындасым іздегенде,
Мен де әркез, асыл аға, қасыңдамын!
Аға, сізді ойласам, шаттанамын,
Тербеледі толқындай бақ талабым.
Жүрегімде өзің деп оянады
Тастай қатып ұйықтап жатқан әнім.
Шүкір деймін өзіңдей жан барына,
Жақсылықты тілеймін жалбарына.
Сіздей аға бар болса – біздей іні
Алаңдамай қарайды алдарына.
*** *** *** ***
Шақырып асқақ арман, дулы дүрмек,
Жүресіз жүректерден жылу іздеп.
Алатау – арқа сүйер ағамызсыз,
Жалғайтын жолыңызды ініңіз көп.
Ізетті қалпынан еш өзгермеген,
Инабатты, көлденең сөзге ермеген.
Жақсылық жасадым деп дандайсымас,
Бәрінде парасатпен безбендеген.
Мәрт жүрек әспеттеген сырласын әр,
Қозғалмас тау қозғалса тұлғасы бар.
Өзіңдей көріп жұрттың барлығын да,
Жасауға бір жақсылық күнде асығар.
Дауырығып бостан босқа ісінбеген,
Өзгеге көлеңкесін түсірмеген.
Адамсыз шен-шекпенге қызықпаған,
Әр сөзің дәлелденген ісіңменен.
Бүкіл жұрт мәрттігіңді қылған аңыз,
Алтынмен жазылыпты жылнамаңыз.
Құрметтеп, хан көтеріп төбемізге,
Ағажан, өзіңізден үлгі аламыз.
*** *** *** ***
Досқа адал, отбасының қорғаны,
Шын бақытты бағалаған қолдағы.
Бір өзіңді мақтан етіп жүреміз,
Шаттық тілеп әр күніңе алдағы.
*** *** *** ***