Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 15 сағат бұрын)
Ағыбай Қоңырбайұлы

Ағыбай Қоңырбайұлы — қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі батыр, қолбасшы. Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі. Туып-өскен жері — Қарағанды облысындағы Балқаш, Бетпақдала алабымен жапсарласып жатқан Арқаның Қызылтау, Ортау, Ақтау, Ұлытау деп аталатын сілемді таулары. Топырақ бұйырғанжері — Ағадыр елді мекенінің оңтүстігінде 80-90 шақырымдай жерде ағып жатқан Қаратал өзенінің бойы, Тайатқан, Шұнақ тауларының алқабы.

Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы қарсы 1824 жылы Қарқаралы аймағында болған көтеріліске белсене қатысқан Ағыбай алғаш рет ерлік, батырлық, тапқырлық, табандылығымен көзге түседі. Мұнан кейін де 1826,1827,1829,1832 жылдары Ресей әскерімен болған қақтығыстарда Ағыбай батыр өзін ел үшін белін бекем буған қаһарман батыр, қабырғалы қолбасшы ретінде танытады. Ресей отаршылдығына қарсы Орта Азиядағы түркі тілдес халықтармен бірігіп, күрес жүргізу мақсатымен елшілік келісімдерге қатысады. Қасым сұлтан Бегдербектің қолынан қаза тапқан соң, Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде Ағыбай бастаған қазақ қосындары өзбек әскерлерін тас-талқан етіп жеңіп, Түркістан аймағын өзбек ықпалынан сейілтеді.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғысы қарқын алған кезде, 1837 жылы Айыртаудың етегінде Кенесарыны Орта жүзге хан етіп көтергенде, Ағыбай батыр да бір ауыздан бас сардар — әскербасы болып тағайындалады. Кенесары ханның тікелей басшылығымен Ағыбай батыр бастаған қазақ қосындары Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары — Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, орыс әскерлеріне Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында талай рет ойсырата соққы береді.

Кенесары хан бастап, 1847 жылы Кекілік тауында қырғыздармен болған қанды шайқаста Ағыбайдың қолы шепті бұзып шығады. Осы шайқаста Кенесары өлген соң да Ағыбай батыр Ресей өктемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуыл ұйымдастырып, кейін Сыздық төре бастаған отаршылдыққа қарсы бағытталған қозғалысқа қосылады.

Салт атты әскери тактикаға жүйрік Ағыбай батырды замандастары «Ақжолтай батыр» деп атап, оның есімін ұранға қосқан. Ағыбай қартайып, бойынан қуат қайтқан шағында ауыл-елін егіншілікке, балықшылыққа жұмылдырып, бас-көз болған. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін барлық өмірін арнаған Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің еңбектеріне арқау болған.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама