- 22 қар. 2018 00:00
- 307
Ағылшын тілін жетік меңгерудің ҰБТ-да қандай көмегі бар
Келер жылы ҰБТ тапсыруда ағылшын тілін терең меңгерген оқушылар үшін арнайы мүмкіндік қарастырылған.
«Егер талапкердің түскелі жатқан мамандығы немесе таңдау пәні ағылшын тілі болып, ол тілді жетік меңгерген жағдайда ҰБТ-дағы ағылшын тілінен тапсырудан босатылады. Бірақ, оның сол тілді терең меңгергендігін дәлелдейтін IELTS, TOEFL секілді халықаралық сертификаты болуы қажет. Және сертификаттың мерзімі жарамды болуы тиіс», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр аталған жаңашылдық ЖОО-дағы магистратураға түсу тәжірибесінде біраз жылдан бері қолданылып келе жатқанын да айтып өтті.
Сонымен қатар, Білім министрінің орынбасары журналистердің «ағылшын тілін жетік меңгергендігін дәлелдейтін IELTS, TOEFL сертификаттарын жасатып алмасына кім кепіл, ол жағы қалай шешіледі» деген сұрақтарына жауап берді.
«Иә, шынында да ойлантарлық мәселе. Дегенмен біздің миинстрлік аталған проблеманың алдын алып, тиісті шараларды қабылдаудамыз. Яғни емтихан құжаттарын қабылдайтын комиссия шетел тілін меңгергендігі туралы сертификаттарын қабылдау кезінде тексеріп алуы қажет. Ол үшін бізде арнайы база бар, ол базаға талапкердің аты-жөні мен сертификатының нөмірін енгізсе оның қаншалықты растығы туралы барлық деректер шығады. Сондықтан бұл жерде проблема жоқ», - деді ол.
Еске салсақ, үстіміздегі жылдың көктемінде Астана медициналық университетінде студенттердің арыз-шағымынан кейін ағылшын тіліне арналған жүздеген IELTS жалған сертификаты анықталған болатын. Кейін аталған жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов түсінік беріп, сертификаты жалған деп танылған студенттердің мемлекеттік гранттарынан айырылып, оқудан шығарылғанын мәлім етті.
Айта кетейік, бұған дейін 2019 жылы ҰБТ тапсыруда бірқатар өзгерістер енгізілгенін хабарлаған болатынбыз.