Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Әл-Фараби – ұлы даланың ұлы тұлғасы

2020 жылы әлемдегі «екінші ұстаз» атанған даңқты тұлға Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы қабылдап, мерейтойды жоспарлау мен өткізу жөнінде комиссия құрған болатын. Аудандық және республикалық көлемде 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарлануда.

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Фараб (қазіргі Отырар) қаласында дүниеге келген. Білімге деген ерекше ықыласының арқасында Самарқан, Бағдат, Шам, Мадина және Мекке қалаларында болды. «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Ғылымдардың шығуы», «Кемеңгерлік меруерті», «Метафизика» және «Музыка туралы үлкен кітап» сияқты 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазды.

Ақын Мұхтар Шаханов өзінің музыка туралы пікірінде әл-Фарабидің еңбектері орта деңгейде ғана зерттелінгенін атап өтеді. «Нотаның өзін Әбу Насыр әл-Фараби ойлап шығарған. Оның музыка жөніндегі әлі жұртқа белгісіз зерттеулері бар екен», - дейді Мұхтар Шаханов. Расында, әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» еңбегіндегі талдауларға көз жүгіртсеңіз, оның білімділігіне таңданбасқа шараңыз қалмайды.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түрлі шаралар, мерекелер өткізілді. Солардың бiрi университетiмiздiң профессоры Қозыбақова Фатима апайдың ұйымдастыруымен «Әл-Фараби – ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты тақырыбында филология және әлем тілдері факультетінің Шетел филологиясы мамандығы студенттері арасында конференция өткізілді. Конференция мақсаты – ғұлама ойшылдың өмірі мен шығармашылығымен танысу, ол туралы шетел ғалымдарының зерттеулері мен еңбектерін талдау, тарихи тұлғаның есімін жаңғырту. Конференцияда студенттер әл-Фараби туралы деректерді талдап, оның еңбектерінің бүгінгі күнде үлкен маңызы бар екенін, халқымыздың ұлы ойшылына деген құрметін көрсетті, күмбірлеген күй ойналды. Бұл шара студенттердің мәдени және рухани дамуына ықпал етті, ұлттық сана-сезімін дамытты. Сонымен қатар, біз білмейтін құпияларға, мәліметтерге куә болдық. Мұндай бастамалар студенттердің шығармашылық қабілетін арттырып, ғылыми ізденісіне себепкер болады.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ұлы ойшылдың туған жері Қазақстан өлкесінде атап өтілуі көңіл қуантады.

«Әл-Фараби Аристотельдің «Физикасын» - қырық рет, «Риторикасын» - екі жүз, «Жан туралы» атты кітабын – жүз рет оқыған екен. Неткен таңғаларлық еңбек!» - деген екен өз таңданысын жасыра алмаған немістің ұлы философы Гегель. Ғылым дамуына айшықты үлес қосқан ұлы ойшылдың әлі де ашылмаған қырлары мен сырларына терең бойлау – тарихымызды түгендеудің бір көрінісі. Сондықтан бұл мерейтойға жан-жақты атсалысып, ел жадынан ұмытылмайтындай етіп өткізуіміз керек.

Ф.Қозыбақова,

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

тарих кафедрасының доценті

Г. Мамытхан,

1-курс студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама