Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Алдар Көсенің інісі

Оқушының білетін білмейтінін кім білсін, қазақ халқында ертеден келе жатқан бір әңгіме бар-ды. Қыз, бозбала жиналған шаршы топта әңгіме айтып, күпініп отырған бір жігіт:

— Мерген едім, құланды қуып келе жатып садағымды қолға алып тартып кеп қалғанымда оқ артқы оң аяғын жұлып кетті де, оң құлағын жырып кетті,— депті. Сол арада көптің ішінен өтірікке шыдай алмаған біреу қарғып тұрып:

Ой, иттің баласы, өтірік айтсаң да жөніне келтіріп айтсаң етті, — деген екен. Сонда алғашқы әңгіме айтып, есіп отырғанның жанындағы біреуі:

— Өй, неменеге қызыл өңештене қалдың, құланның қасынуына мылтықтың басылуы келген ғой, — депті. Сонда әлгі түпсіз өтірік жіптіктей болып білінбей сіңіп кеткен екен. Содан бері халықта «өтірікті айтса жарар, қоштаушысы келіссе» деген мәтел болып кеткен деседі.

Нақ осыған ұқсайтын бір жай Қостанай облысында да болды.

Елу бесінші жылдың октябрь айында Өркен ауданының прокуроры Сатай прокуратураның екі атын кенет сатып жіберді. Сөйтіп одан түскен екі мың сом ақша прокурордың сейфінде көзге күйік болып жата тұрсын. Прокуратура қызметкерлеріне қалған екі ат жетпейтін болды. Өйткені бірі жексе бірі табанын сауып қала берді. Прокуратура қызметкерлері Сатайдың мазасын алып, қайта ат сатып алу керек деп қыңқылдап жүргенде бір ат тағы сатылып екі мың сом ақша қолға келді. Сонымен прокуратура кызметкерлері бір жаққа шықса бір аттың біреуі құлағына, біреуі құйрығына жармасты. Бұған шыдай .алмаған қызметкерлер қайта ат сатып алу керек деп прокурорға өтініш айтқанда ол «алмаймын» деп келте қайырды, Ақыры қызметкерлер қыңқылдап қоймағанда:

— Аттың ақшасын облыстық бастықтар командировкаға жұмса деп бұйырды,— деп тағы бір түлкі бұлаңға салып шыға келді: заң кызметкерлері заңды кімнен үйренсін, бәрі алақандарында емес пе, мұндай іске республика прокуроры ғана рұқсат беретінін біліп облыстық прокурормен хабарласа қойысып еді, өтірік сопаң етіп шыға келді.

Бұдан кейін Сатайдың өтірігіне құдайекеңнің өзі береке беріп, қызыр дарытып жіберді. Тіпті құдай құдіретін түсірмеген жерде Сатайдың өзі-ақ ретін келтіріп, Мюнхаузен мен Алдар Көседен үйренгендерін іске батыл тігіп, қалғанын адам көмегімен жымдастырып тастады.

Арада аз уақыт өткенде облыстық прокурор жоғарыдан хабарласқан екен, Сатай үш аттың құнына «ГАЗ — 69» маркалы машина тұрғызып жатырмын деп жауап берді. Мұны естіген облпрокурор қатты қуанды. Қуанбағанда қайтсін, егер үш атқа бір «ГАЗ-69» келе берсе, аз-ақ уақытта қазақ даласына машина деген шілдедегі қара қоңыздай қаптай кетпей ме! Тіпті мұндай жағдайда алыс отарда қой бағып жүрген қойшыға да бір-бір машина тимесе, өзі де оңбас! Па, шіркін, Сатай! Ол тұрғанда тіпті Москвадағы Лихачев атындағы заводтың бізге керегі бола қояр ма екен! Тоқсан тоғыз атты айдап апарсақ Сатай бізге шығыс ертегілерінде кездесетін ұрылардың сиқырлы қақпасына айтқанындай бірдемелерді күбірлей салып, отыз үш машинаны алдымызға салып береді ғой.

Сатайдың тұманды дүниесінің бұлыңғыр қуанышына есі кеткен облпрокурор бұған тағы да мың жарым сом ақша босатты. Оған таңданбай-ақ қойыңыздар, егер үш ат бір машина бола берсе, әркім-ақ үш атқа үш мың сом қоса берер еді.

Сонымен шынында «ГАЗ — 69» жеңіл машина төрт аяғынан тік тұрды. Аудандық прокуратураның қызметкерлері қатты қуанды.

Бірақ қуаныштың артынан іле-шала қатты реніш басталды. Прокурор сейфінде тұрған үш аттан түскен бес мың сом, облпрокурордан алдап алған бір жарым мың сом, айналасы алты жарым мың сом бір-ақ күнде жоқ болды да шықты. «Бұл қайда?» дескендерге Сатай «ГАЗ — 69» сатып алдық дегенді шімірікпестен айтып салды. Шынында прокуратураның басқа қызметкерлерінің қуанғанының жөні бар еді, өйткені табанынан тік басқан жеңіл машинаның моторы қазіргі Қамыс ауданының Өскен совхозынан, ал кузовы Өркен совхозынан тегін алынған болатын. Сондықтан мұндай бекер дүниеге қуанбағанда, олар неге қуансын. Ал реніші ше? Реніш машина тегін келгенде сейфтегі ақшаның жоқ болып кетуі қалай? Демек реніш те орынды.

Заң қызметкері Сатайдың заңды өрескел бұзуы оның көмекшісі Жәкеннің азаматтық арын шымшылады. Ол мемлекеттің ақшасын прокурор Сатайдың жеп қойғанын облыстық прокурорға білдірді. Әрине бұл колхоз, совхоздың бірінде болса Молдажановтың өзі-ақ іс қозғар еді, оның үстіне Молдажанов іс қозғамаса, Сатай қояр ма еді. Амал нешік, алты жарым мыңды асап қойған прокурор Сатайдың өзі. Бастыққа қандай өкім жүрсін. Облыстық прокурор бұл іске күле қарады. «Сатай жылқы етіп жемейді»,— деп ол тіпті қып-қызыл қылмысқа көңіл аудармады. «Май сасыса тұз себер, түз сасыса не себер!»

Ақыры Молдажановтың көтерген ісі өзінің басына поле болып жабысты. Сатай мен оның облыстық бастығы Сокол жоғарыда айтылған екі өтірікшідей бірін бірі қостай түсіп, Молдажановты қолды-аяққа тұрғызбай қудалады. Ауданға тексеру комиссиясы жіберілді. Облыстық прокуратураның қызметкері Тимофеев Молдажановтың қызметін аудара қарап, ақтара төңкеріп ештеме таба алмады. Оның қызметін қанағаттанарлық деп тапты. Дегенмен де Молдажанов бұдан кейін Қостанай облысының аудандарына допша домалады, кадрдан қаңбаққа айналды, Өркен ауданынан Қарабалық ауданына, Қарабалық ауданынан Қостанайға, Қостанайдан Қамыс ауданына, тіпті бұдан кейін шындықты айтамын деп ол өтірікшінің қостаушысы Соколға да жақпай қалып, құлдырап, Федоров ауданына сын мерзімін өтеуге жіберілді.

Ашық қудалауға шыдай алмаған Молдажанов Алматыға кетті, Тіпті ол қызметке де тұрып алды. Ал бұл кезде алты жарым мыңды асаған Сатайдың қылмысы ашылып, Молдажановтың айтқаны анықталып, оған Сокол ескерту беріп қана тынды. Бұл кезде қостанайлықтар «алты жарым мың сом ақша берсе, ескертуді көпсінбей-ақ көтеріп алар едік» деп күлісіп жүрді.

Алматыға кеңеске келген Сокол мен Сатай кызмет істеген жерінен Молдажановты іздеп келді: «Түсініспеген екенбіз, түсінісіп істелік, жүр Қостанайға» десті олар. Тіпті оның кім болатынын Алматыда-ақ шешіп тастады. Қыс көзі қырауда семьясы Қостанайда қалған Молдажанов бұған келісті. Әрі Сокол мен Сатайдың адал жүрегіне риза болды, нағыз коммунистер осылар шығар деп ойлады.

Қостанайға келген соң ол облыстық прокуратураның аға тергеушісі болып таудай жұмысты бастады да, арада үш ай өткен соң қылдай жіңішкеріп, қолынан іс келмеді деген сынықтан табылған сылтаумен қызметтен босатылады. Керек десе осы уақытқа дейін сонда істеген жалақысын да ала алмай-ақ қойды. Сонымен алты жарым мың сомды прокурор Сатай жеді, ал мемлекет мүддесін қорғаған Отан соғысының мүгедегі Молдажанов қызметтен қуылып, тотанаққа қалды. Сөйтіп қостаушысы облыстық прокурор Сокол болып отырған прокурор Сатай әзірге Мюнхаузен мен Алдар Көсенің тәжірибесін зерттеумен шұғылданып жүр. Прокурор әзірге Алдар Көсенің туған інісіндей. Өтірікші де келіскен, қостаушы да бар, мінекиіңіз, алдамшы прокурормен таныс болыңыз.

1959


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама