Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Алматының мұғалімдеріне ата-аналардан ақша жинамау ескертілді

Бүгін Алматыда өтіп жатқан дәстүрлі тамыз кеңесінде қалалық Білім беру басқармасының басшысы Рахат Шимашева ата-аналардан ақша жинамауды ескертті.

Басқарма осындай  мәтіндегі хатты жыл сайын барлық мектептерге жібереді.

«Құрметті, әріптестер. Қайталап айтамын. Сіздерге ақша жинауға ешқандай негіз жоқ. Егер, мұндай ақпарат пайда болса, шара қолданамыз», - деді Р. Шимашева.

Оның айтуынша, мектептер керісінше, ата-аналарға мектепке бөлінген бюджеттік қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы есеп беруі тиіс.

«Әкімнің тапсыруымен бірінші басшылар мектеп бюджетінің кірісі мен шығысы туралы есеп беруі керек. Соңғы үш жылда сенім телефонын ашқалы бері мектептердегі ақша жинау туралы шағымдар 3 есеге азайды», - деді ол.

Қала әкімі Бауыржан Байбек өзінің баяндамасында биыл білім беру саласына қанша қаржы бөлінгенін айтып өтті.

«Биыл білім беру саласына жаңа нысандардың құрылысын қоспағанда 63,4 млрд теңге қарастырылған. Ал жаңа нысан құрылысын қоса алғанда жалпы 86 млрд теңге жұмсалды. Бұл жалпы қала бюджетінің 1/5 бөлігіне парапар. Мектептерді жабдықтауға - 1,4 млрд теңге, жаңа мазмұндағы оқулықтарды алуға - 2 млрд теңге, 28 мектепті сейсмикалық тұрғыдан күшейтуге 23 млрд теңге бағытталған», - деді әкім.

Сонымен қатар, әкім қалада мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 175 балабақша ғимараты салынып, 57 нысан пайдалануға берілгенін айтты. 

Осының арқасында қала бюджетінен 14 млрд теңге үнемделген. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама