tengrinews.kz
- 03 сәу. 2026 11:00
- 24
Алматыдағы ауқымды операция: 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына жіберілді
Алматы қаласында екі күнге созылған «Тоқта-бұзушылық» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 4828 жол ережесінің бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасаған Tengri Auto хабарлады.
Бұл операция кезінде жол қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін ауыр бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, көлік жүргізу құқығы жоқ 44 адамның көлік басқарғаны, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 8 адамның көлік тізгіндегені анықталды.
Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланған 8 дерек және қарсы жолаққа шыққан 15 жағдай әшкереленді. Бұл жұмыстар аясында 2 мыңнан астам көлік, оның ішінде шетелдік тіркелген көліктер арнайы тұрақтарға қойылды.
Жол қауіпсіздігіне басымдық
«Біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін ауыр бұзушылықтарды тоқтатуға баса назар аударамыз. Бұл – жүргізуші куәлігінсіз немесе одан айырылғаннан кейін көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану. Мұндай жағдайлар адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді, сондықтан біздің ұстанымымыз қағидатты және қатаң болып қала береді», - деді Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірде Алматыда «Тоқта-бұзушылық» атты ауқымды операция басталды. Бұл операцияға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен полиция экипаждары тартылды. Алғашқы тәулікте Алматыда полиция қызметкерлері 2200-ден астам бұзушылықты анықтады.
Қалаға Астана, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан экипаждардың тартылғанын айта кеткен жөн. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қосымша күштер жолдардағы тәртіп пен қауіпсіздікті бақылау үшін жұмылдырылған.
Айта кетейік, 21 наурызда Алматыда резонансты жол-көлік оқиғасы болған еді. Әл-Фараби және Мендіқұлов көшелерінің қиылысында Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысты. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі аман қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Апат кезінде ол мас болған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру мүмкіндігі туралы мәліметтер бойынша, ішкі қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғап, бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.