Амангелді Саданов: Қаптаған академиялар академик деген атты кірлетіп бітірді
Жақында көрші елдің президенті ғылым академиясына мүшелікке өткен, шенеуініктік қызмет пен ғалымдықты қатар алып жүргендерді әбден сөгіп, тіпті атқарушы биліктегі кейбір жоғары лауазымды «ғалымдарды» қызметінен босатты.
Егер жемқорлық пен парақорлықты, өзінен жоғары инстанцияға жақсы көріну үшін жүгірісті ысырып қойып, классикалық тұрғыдан алып қарасақ, шенеуніктің ғылыммен айналысуға уақыты болмауы керек. Қаншама материал оқу өз алдына, оны қорыту, салыстыру, зерттеу жүргізу... Бізде қазір кандидат және докторлық деген дәреже берілмейді, магистр және phD докторы. Сонымен бірге ондай атақтарды алу үшін сырттай оқу деген жарамайды. Үздіксіз оқу талабы қойылған. Содан бері ғылым кандидаты, ғылым докторы деген атаққа қатты қызығып, соны алу үшін жанталасатын шенеуніктер, басқа да негізгі мамандығы барлар азайған. Бірақ бұл атаққұмарлық кеселге шалдыққандардың атағы кесел болудан қалды деген сөз емес.
«Кандидат болуы мүмкін, доктор болуы мүмкін, болды да. Бірақ ғылымға енгізген жаңалығы бар ма? Жаңалықты ашу үшін де уақыт керек. Мейлі қоғамдық ғылымдар бола қойсын, ол үшін кітапханаларда отыру керек. Оған министр, министрдің орынбасары, департамент директорларының уақыты бар ма? Не қажеті бар? Ешқандай! Тек атақ үшін. Шенеуніктік басқару деген де терең білімді қажет етеді. Ол жерде ой-өреңді тереңдететін мүмкіндік бар. Сол саламен кетсе де, жетіп жатыр», - дейді билогия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Саданов.
Амангелді Саданов күріш өсіру алқаптарында топырақтың құнарлылығын арттыру, қарашіріктің биологиялық түзілуі мен ыдырау механизмдерін зерттеген ғалым. Зерттеу нәтижелері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы «Түгіскен» және «Задария» кеңшарларының егістіктерінде жүргізіліп, мол өнім жиналған. Ол енді қаптаған академиялар академик деген атты кірлетіп бітірді дейді.
«Біздегі ғылым академиялары 20-ға жуық. Мысалы, Ұлттық академия бар, инженерлік, ауыл шаруашылығы тағы басқа академиялар бар. Көп. Кандидаттығы болса, өткізіп жатыр. Корреспондент-мүше етіп. Ақшаға сатуы мүмкін бе? Енді мен сатты, сатпады деп айта алмаймын. /Күледі/ Әр түрлі айтылады. Бірақ соның өзі дұрыс нәрсе емес», - дейді билогия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Саданов.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, мәселенің мынадай қырына тоқталды. Мықты мамандар бар. Бірақ олардың ешқандай ғылыми атағы жоқ. Олар ғылыми атақ алуға құштар да емес. Алайда солардан тәлім алуға тырысу керек дейді.
«Кейбір бас инженерлер бар, атақ жоқ, бірақ одан артық маман жоқ. Мысалы, Шардинов Ахметжан деген инженер бар, көпір салады. Оның күн-түні сабақ беретін уақыты да жоқ. Сабақ бергісі де жоқ. Бірақ осы саладағы мамандарды тыңдауымыз керек. Астанадағы ЭКСПО-да көпір тәріздес констукция құлап қойды ғой, сонда ол "оны көпір салатын адам салуы керек еді" деді», - дейді ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
1946 жылы күздің басында Сыртқы істер министрі Вячеслав Молотов КСРО ғылым академиясының құрметті мүшесі болып сайланады. Желтоқсан айында Сталин Молотовқа жазады – «Мен, сенің Вавиловтың атына жазған телеграммаңа таңғалдым... Сен құрметті мүше болғаныңа шынымен де шаттанасың ба? «Сіздің Молотов» деп қол қойғаныңыз нені білдіреді? Осындай екінші кезектегі іске сонша елжірейсің деп ойламаппын...». Молотов жауабында «...Мен ақымақтық істеппін. Құрметті мүше болу мені ешқандай да шаттыққа бөлемейді. Егер мені сайламағанда өзімді жақсырақ сезінер едім. Телеграмма үшін рахмет. Молотов» дегенін «Газета. ру» порталы келтіреді. Жергілікті жердегі ресми атақтың мағынасыздығын түсінетін уақытқа көп қалған жоқ деп ойлаймын. Ылғи тартыс, домалақ арыз, біреуге айтқызу... «шырғалаңмен» берілетін атақтар дәуірі аяқталатыны анық. Айналаңды, әлемді мойындату амбициясы да, жолы да мүлдем басқа екенін білетін ұрпақ өсіп келеді.
Астана арнасы