- 25 қаз. 2015 00:00
- 297
Аңшының әңгімесі
Аңшы Алтай тауында ан аулап жүреді. Аңшы бір шоқы тастың басына шықса, астында бір топ тауешкі жусап тұрады. Аңшы тауешкілерді атуға қимай қарап отырып ешкілерге бұқпантайлап келе жатқан аюды көреді. Аңшы не боларын көрмекке аңдып отырады. Аю таяп келіп бір үлкен тасты алады да, тауешкілерге қарай атып жібереді. Аюдың тасы бір ешкіні жұлып түседі. Аю қарбаң – құрбаң етіп тастан жүгіріп түсіп, өлген тауешкіні әдеті бойынша көтеріп жерге бір соғып жей бастайды. Аңшы аюды атуға оқтала беріп, қарсы беттен бауырлай жылжып келе жатқан бөріге көзі түседі. Қасқыр баспалай аюға жақындай береді. Аюға бес – алты қадамдай қалғанда қасқыр серпіле секіріп аюдың астынан өте шығады. Еттің қызығына түскен аю арс етіп өз бауырын өзі қауып алады.
Аңшының көзіне алыстан аюдың бауырынан бірдемелерді алып тастап жатқаны көрінеді.
Сонша болмай-ақ аю өз олжасын құша жата кетеді. Әлден уақыттан кейін қасқыр қайтадан келеді. Бұл жолы қасқыр қасына аю қарсылық көрсетпей жата береді. Аңшы аюға бір сұмдықтың болғанын біліп қасқырды атып түсіреді. Аңшы келсе аю әлдеқашан өліп қалыпты. Қасқыр шапқан кезде оның жұқа шабын жарып кетіпті. Дүлей аю өзінің шабынан шығып тұрған ішек-қарнын өзі суырып алыпты да өлім қауыпты.
****
Тағы бірде аңшы аң аулай келе жатып, мына бір қызықты көріпті. Жайыла-жайыла інінен ұзап кеткен суырды жем етуге байқаусыз аңдып келе жатқан қасқырды көреді.
Суырға әбден тақап қалған бөрі кенет өз алдына ырылдап секіріп ала жөнеледі. Суыр алғашқы кезіккен інге еніп кетеді. Ал қасқыр өзінен өзі қарғып шоршып арпалысып жүр. Мұны көрген аңшы шоши бастайды. Аңшыға бөрінің алқымында бір нәрсе жабысып жүрген құсап көрінеді.
Қасқыр біраз тулап барып құлап түседі. Аңшы байқай-байқай қасына келсе, қасекең өліп жатыр. Тамағынан қан жосып жатыр да анадай жерде шақар сасықкүзен қарап тұр.
Қасқыр алғаш суырды көргенде, қасқырды сасықкүзен көріпті. Есіл дерті суыр боп келе жатқан бөрінің алқымына сасықкүзеннің жабыса қалғанын да ә, дегенде аңғармай қалыпты.
Ал аңшының мерген оғынан сасықкүзен де мүлт кетпей мерт болыпты.