Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ақбай

Ақбайдың Әубәкірі Құрманғазының торы аты жөнінде хабар естиді. Торының құнан күнінде-ақ бәйге бермегенін жеткізушілер үлкейтіңкіреп аңызға айналдырады. Өзімшіл Әубәкір: «жалаң аяқ Құрманғазыға ондай ат қайдан бітті дейсің, біреуден ұрлап алған шығар, барып тартып алып келіңдер, іздеп келсе, көресіні көрсетерміз ол қарақшыға», — деп екі кісі жібереді. Құрманғазы екеуін екі ұрып аттан түсіріп, босқа арам тер болып старшынның сойылын соғып жүргендерінің ұят екенін бетіне басып: «Көрген-білгендеріңді Әубәкірге айта барыңдар», — деп қоя береді. Құрманғазы Әубәкірдің өзіне өштесіп қалғанын, оның тағы да соңынан жарық алып түсетінін біледі. Дос-жарандарын шақырып алып, старшынның мына шексіз зорлығын әшкерелей, масқаралай шығарған жаңа күйін таратады. Күйдің басында біраз қайғылы хәлдер суреттеледі. Ол қайғы тереңдеп кеңейіп, ыза-ашу ноталарына айналады. Кенет Құрманғазыға тән тағы күн жапқан бұлттың ыдырағанындай жасық дыбыстар қала тұрып, күй көңілденіп, шырқап, домбыраның сағасына қарай сырылып, аттың дүрсілі естілгендей тыңдаушыға құлақ түргізеді. Осы бір күш, қажыр суретті қайталап тағы күшейеді. «Үмітсіз сайтан ісі» дегендей алдан жақсылық күнін күткендей жаймашуақтанады да, тағы кенет ауыр ой, терең қайғыға көшеді. Бұл ауыр жағдай да ұзаққа созылады. Домбыраның сағасына барып біраз «мұңын халқына шаққандай» тақырып пернелер арқылы өтіп, сол кейіп, сол үнінде жайлап, асықпай кейін қайтады. Бастағы ауыр жайды
суреттейтін шырқаған, зарлаған тақырып қайта бір көрініп, күй аяқталады. Жиналған жұрт көп уақытқа шейін томсарып отырып қалады. Біраздан кейін бастарын көтеріп, күйдің аса терең мазмұндылығын әңгіме етеді. Күйшінің анасы Алқа тұрып: «мұның аты—бізге күн көрсетпей қойған Әубәкірдің әкесі Ақбайдың атымен аталсын. Сенің әкеңнің көп жылдар бойы бермеген ақысы үшін, сені талай жәбірлегені үшін, халқыңа Ақбайдың арам атын әйгілеу үшін домбырадан ғана өшіңді аларсың» дейді. Жиналған жұрт бір ауыздан күйдің атын «Ақбай» қоялық дейді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама