- 03 сәу. 2020 00:00
- 212
Ақын қыз бен арсыз шал
Елінің сорпаға шығары атанған қыңыр мінезді Балғабай болыс алты қатын алып, бірақ солардың бірде-бірінен бала сүймепті. Қазаны майлы, төсегі жайлы, төрт түлігі сайлы Топай бай алпысты алқымдағанына қарамай, ат сабылтып қалындық іздей бастайды. «Ел құлағы елу» дегендей, жасынан әнші атанған Балкүмістің даңқын естіген бай оған көз салады.
Қыз ауылын маңайлап, үй тіктіріп, ақ дастархан жайып тастайды да:
— Ақ дидарын көрсетіп, әсем әнін естіртсін, — деп бай бір жігітті Балкүміске жібереді. Құрбы қыздарын ертіп табалдырықтан аттай берген Балкүмісті Балғабай қарсы алып:
— Балкүміс, іздеп келдім сені алыстан,
Қырандай ұясына қонған-ұшқан.
Жасатам күміс ошақ, алтын кесе,
Жар болсаң жақсылыққа қол алысқан, —
деп бір серігіне шығартып жаттап алған өлеңін айтып, аңырап қоя береді.
— Жайылған дүйім елге атағың бар,
Қалтаң тоқ, үстінде асыл шапаның бар.
Табылар өн бойыңнан бір ғана мін —
Иегінде қарсы тұтам сақалың бар.
Не керек күміс ошақ, алтын кесе,
Тілегін жас жүректің өтемесе,
Айтшы ата, он жетіңде қайтер едің,
Кемпірге алпыстағы некелесе, —
деп тоқтайды да, үйден шыға жөнеледі.