Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ақталған еңбек

— Мына Дүйсенбай салық! — деп, ауылдың сырт жағында таяғына сүйеніп тұрған төрт кісінің біреуі, қожыр бет, шоқша сақалды кісі таяғымен ауылдың алдыңғы жағына нұсқады.

Қатар тігілген екі үйдің арасынан өтіп, сөйлесіп тұрған кісілерге қарап, ұзын бойлы қара жігіт келе жатыр. Денесі еңгезердей. Көзі аларып ұясынан шығып бара жатқан тәрізді.

Жүргенде денесін жиып, аяғын пысық баспай, шаршаған атқа ұқсап салпақтап келеді.

— Жүрісіне қарашы, нағыз салдың өзі,— деп, екінші біреу, қожыр беттің сөзін тірілтіп қойды.

— Не қыласың, осы күні құдайы беріп жүр: коммунистердің алдағанына еріп аузына келгенін оттайтын көрінеді, Ерқанның жасырған малын айтып, шығартып жатқан осы білем,— деп, қожыр бет Дүйсенбайдың ісіне наразы қалып білдіріп, Ерқанға жаны аши сөйледі.

— Апырмай, солай ма екен?

— Солай болғанда қандай!.. Ерқанның мал саны толмай конфискадан қалып қойғандай да жөні бар екен, осы Дүйсенбай сөз шығарып, пәлен жерде тыққан малы бар деп арыз беріпті.

— Апырмай, мына шіркінде дін жоқ екен ғой!

— Баяғыдан бері кісі есігінде жүрумен келеді. Мұның бүйірі шығып оңбай жүргені де содан ғой,— деп, қожыр беттің жанында тұрған арық қара кісі, былайғыларға жат әңгіме айтқан сияқтанып, нығызданып, тамағын кенеп қойды.

— Ерқанның тыққан малын көрсетсе, Дүйсенбайдың Ерқаннан ала алмай жүрген кегі бар: Дүйсенбай Ерканның есігінде он жылдан артық жүріп еңбек сіңірді. "Еншілес қыламын, қатын алып беремін" деп алдаусыратып жүріп, ақырында қасқыр жеген тайын Дүйсенбай ұрлады қылып пәле салып, үйінен қуып жіберген жоқ па? Ерқанның осынысы құдай сүйерлік іс пе еді? Ердің еңбегін көре біле жеу деген оңай емес. Дүйсенбайдыкі адал еңбек. Дүйсенбай біреуге малайлыққа жүрсе, кісі жұмысы екен деп алалап көрген бенде емес. Өлген-тірілгеніне қарамай істейді. Бір өзі екі жігіттің жұмысын атқарады. Өліп бара жатса да, қиянатқа бармайды...— деп шеткерірек тұрған жас жігіт қызараңдап Дүйсебайды қорғай сөйледі.

— Бұл күнгі жастар Құдайды, аруақты аяққа басты ғой. Дәм-тұз дегенмен есептесу жоқ, тұзына тышты деген осы да!— деп қара бұжыр сұрланып, шырайын өзгертіп, қарсы сөйлеген жас жігітке ішінен кіжінген пішін көрсетті...

Ауыл ығы-жығы, сан-сапалақ кешкі малдың жабдығымен әуре болып жатыр. Мөңіреген сиыр, айқайлаған дауыс, жылаған бала ауылды басына көтеріп, азан-қазан қылып жіберді. Дүйсенбай орта жолда тұрып, өрістен құлап келе жатқан, андағайлаған сиырларға аз-кем қарап тұрды да, аяңдап, сөйлесіп тұрған кісілердің жанына келді.

Қожыр бет жаратпай теріс қарады. Тұсынан өтіп бара жатқан екі өгіз тұра қалып сүзісіп еді, мүйіздері сыртылдап, тұяқтары ілінген жердің топырағын бұрқыратты.

— Мына арам қатқырлардың жер таба алмағандай, нақ осы жерге келіп сүзісуін қарашы!— деп, ашуын содан алғысы келгендей болып, ақ таяқты жіберіп келіп қалды. Таяқ өгіздің мүйізіне тиіп шарт етіп сынды. Шаңырақ мүйізді қара өгіз басын бірер бұлғап алып, өңіреңдеп, бақайы сыртылдап, алдыңғы сиырларға барып қосылды.

Қожыр беттің ашумен таяғын сындырып алғаны — былайғылардың күлкісін келтірді. Дүйсенбай ыржиып тұрды да:

— Ақ таяқ бүгін тоқалға тимей қалған ғой, соның кесірінен сынды-ау,— деді.

— Ақ таяқтан сол тоқалдың өзі құтылып жүрмесін, інісі коммунистке жазылған көрінеді. Қит етсе сол ініме айтамын деп баж ете қалады білемдеп қожыр беттің жанында тұрған арық қара жігіт бұл жолы Дүйсенбайлардың жағына шыққандай пішін көрсетті.

Сынған таяғын алып қожыр бет келді.

— Е, Дүйсенбай, қалай, Ерқанның тыққан малын түгендеп шықтың ба?

— Түгелделмесе, сен түгендеп берейін деп пе едің,— деп Дүйсенбай шап ете қалды.

— Ойбай, көргенсіз шіркін, мен дегенде жының бар ма? Бірдеме айтсам, беттен ала түсесің... Түнеу күні жиылыста "Атқа мінер, бұзық!" деп жұрт көзінше абройымды айрандай бір төктің.... Менің саған жазған жерім жоқ қой, осы...

— Ендеше, біреуді кекеп-мұқамай жайыңа жүр. Мен айтсам Ерқанның тыққан малын айттым. Оған қимаң қышымасын. Ерқан дұрыс адам болса, өз малын өзі неге ұрлап тығады.

— Ұрлап тықпай қайтсін біреу шауып аламын деп тұрса... малды біреуге бола жиды дейсің бе?

— Қойсайшы, отағасы-ау, Ерқанның жиған малы бар ма еді? Сіңірген еңбегі бар ма еді? Салқын үйде жатып, сапырулы қымыз ішкеннен басқа не бітірді?.. Ол күнін азсынғандай, ұры біткенді маңына жиып, жарлының жалғыз шолағын қақшумен болған жоқ па?

— Дұрыс-ақ, Ерқан еңбек сіңірмесе, сол малдың өзінен өзі жиылғаны ғой...

— Өзінен жиналған жоқ, ол малды жинаған мына мен! Мен сияқты тесік өкпе малайлар!

— Пай, пай!.. Молдаң күшті-ау. Көмекендер қалай үйретеді?!

— Үйретсе, айыбы жоқ. Біз үйренуден қашпаймыз. Коммунисше жоламай сендердің етегіңнен ұстағанда да, тапқан пайдам шамалы. Былтыр Жұматайдан еңбекақымды даулағанымда жиырма пұт бидай өндіріп, соның он пұтын параға өзің алып қалған жоқ па едің?

— Жарайды, бетің түзелген екен. Алдыңнан жарылқасын.

— Сен құрлы жарылқар.

— Қойдым, қойдым...

— Қоймасаң, айта бер. Құдіретіңнен келсе, біреуді шаншуды қойып, ана Ерқаныңды босатып ал.

— Мен түгіл, сендерге құдайдың да әлі келмес.

— Рас айтасың, бізге құдайыңның да әлі келмейді!— деп Дүйсенбай шіміркене сөйледі...

Қожыр бет дәт тұтып тұра алмады. Сынған таяғын қолына ұстап төмен қарап үйіне жөнелді. Басқалары да біртіндеп үйлеріне тарасты. Жас жігіт Дүйсенбаймен қатарласа түсіп:

— Мен бір сойқан есіттім,— деді.

— Немене?

— Ерқан сандығындағы асыл бұйымдарын осы Ержанға тығуға беріп жіберіпті. Бұл оны астыртын қайнына жөнелтіпті...

Дүйсенбай қалшия қарап тұра қалды. Аз-кем ойланды да:

— Ә, бәлем-ай, тұра-тұр, көрсетермін!— деп, қожыр бет Ержанның үйіне қарап жұдырығын түйді...

Екі күннен кейін Ержан ұсталып, қылмысы мойнына қойылып, ауданға айдалды...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама