Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 44 минут бұрын)
Ақтауда полиция күшейтілген бақылау жүргізу себебі: жолдар жабылып, патрульдер көбейді

Ақтау қаласының тұрғындары соңғы уақытта көшелерде полиция экипаждарының жиілеп, кейбір жолдардың жабылуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Бұл жағдайға қатысты полиция департаменті түсініктеме берді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сәуірдің 10-ы күні кешкісін қаланың орталық жолында, 5 және 6 шағын аудандары аралығында полиция көліктерінің топтасып, жолдың уақытша жабылуы байқалды. Куәгерлер бұл жағдайды қандай да бір оқиғамен байланыстырды.

«Құқық тәртібі» операциясы

Алайда, полиция департаменті бұл нұсқаны жоққа шығарып, қалада «Құқық тәртібі» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатқанын хабарлады. Бұл шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ халық арасында құқықтық тәртіпті арттыру болып табылады.

Операция кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Олар қоғамдық орындарды, ойын-сауық мекемелерін және көліктерді кешенді түрде тексеруде. Заңнаманың сақталуын бақылау, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

«Квадрат» әдісімен жұмыс

Құқық қорғау органдары «квадрат» әдісін қолданатынын атап өтті. Бұл әдіс бойынша, белгілі бір аумақта көлік қозғалысы уақытша шектеліп, содан кейін полиция қызметкерлері сол аумаққа кіріп-шығатын барлық көліктерді толық тексереді. Мұндай шаралар құқық бұзушылықтарды анықтауға, іздеуде жүрген тұлғаларды ұстауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Полиция аймақ тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға, құқықтық сананы танытуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырды.

Жаңалықтар

Жарнама