Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 минут бұрын)
Астана аспанында жойғыш ұшақтар ұшады: Қорғаныс министрлігі тұрғындарды ескертті

15 мамырда Астанада әуе қорғаныс күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі астаналықтар мен қала қонақтарына үндеу жасады.

Таратылған хабарламада айтылғандай, іс-шараға дайындыққа байланысты 10 мамырдан бастап елорданың әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады.

"Жойғыш ұшақтардың ұшуы және жаттығу іс-шаралары қауіпсіз биіктікте өтеді және қала өмірінің қалыпты ырғағын бұзбайды. Жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезінде ықтимал дыбыс деңгейінің қысқа мерзімді жоғарылауына түсіністікпен қарауды сұраймыз", - деп хабарлады қорғаныс ведомствосы.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұйымдастырылғанын және халық үшін ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті. Түрлі-түсті түтіндерді қолдану тек демонстрациялық сипатта болып, қоршаған ортаға зиян келтірмейді.

Еске сала кетейік, 25 ақпанда Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ресми мәліметтер бойынша, ұшақ экипажы уақытылы катапультпен шыққан. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды.

Жаңалықтар

Жарнама