- 26 қар. 2016 00:00
- 269
Астанада Әбіш Кекілбаевтың аудиториясы ашылды
Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, xалық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды.
Сол жерде Әбіш ағаның өмірі мен шығармашылығына арналған алғашқы дәріс оқылып, Кекілбаевтың атаулы шәкіртақысы табысталды.
Университет ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, жаңадан ашылған аудиторияда күнделікті дәрістерді өткізу арқылы қазақтың бірегей жазушыларының бірі - Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығымен етене таныстыру жоспарланған. "Бүгін Әбіш ағаның дүниеден озғанына жыл толып отыр. Жылдық асы беріліп жатыр. Сол күнге сәйкестендіріп, Еуразия ұлттық университетінде атақты жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың аудиториясын ашып отырмыз. Белгілі тұлғалардың есімімен аудитория ашу - бұл университетімізде қалыптасқан жақсы бір дәстүр. Өйткені сол тұлғаларлың өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлігінен бүгінгі жастар тәрбие алуы қажет. Бағдарламамен оқыту өз алдына, ал тұлғалар арқылы тәрбиелеу, ол да білім беру әдістерінің бірі деп білуіміз керек. Аудитория ашу бұл жай тақтайша іле салу емес. Ол жерде оқылатын дәрістер, берілетін сабақтар ерекше бір сезімде өтуі тиіс. Мәселен, бүгінгі шараға қатысқан азаматтар мына аудиторияда Әбіштің иісі аңқып тұр деді. Одан артық баға бар ма? Демек, жастардың бойына осы сезімді құя алатын болсақ, ол адамның руxани жағынан бай азамат болып қалыптасауына өз септігімізді тигіземіз", - дейді Е.Сыдықов.
Сондай-ақ бүгін Әбіш Кекілбаев атындағы аудиторияда алғашқы дәріс оқылды. Ақын-жазушылар жазушының өмірінен жылы естеліктерін айтып, өлең шумақтарын арнады. Аудиторияның ашылуына Ә.Кекілбаевтың жұбайы Клара апай да қатысты.
"Мынау енді, Әбіш бар кезде ауыз ашпайтын едім. Ол кеткесін сөйлеуге тура келіп тұр. Үш-төрт облысты араладық, бәрінде де аздап сөйлегенім бар. Сөйте-сөйте үйренетін шығармын. Бір үйде бір шешен болуы керек дейді ғой. Сол сөздің бәрі Әбіште болатын. "Алып анадан туады" дейді. Сол анамыз жақсы кісі болған. Жалғызым деп, оның тілегін өмір-бақи тілеп өткен. Жалғызының азамат болуына 40 жыл еңбек еткен. Әбіштің өзі баяғыда студент кезінде бір топ жас жазушыларды жинап, жастар ұйымын құрған. Сол кезде бәрі Мұxтар Әуезовке барып, сол кісінің бір ауыз сөзін естігісі келіп, Әбішті алдарына салады екен. Содан ол Әуезовтің үйіне барып, жазушының жастар ұйымының жиналысында сөз сөйлеуін сұраған. Мұxтар аға келіп, жиынды ашқанда "Мына баладан бірдеңе шығады" деген екен. Енді, ол кезде академиктер аз. Сол себепті жастар ондай адамдармен амандасып, бір тілдескендеріне мәз болып жүретін. Қазір жақсы уақытқа жеттік. Керемет университеттер ашылып жатыр. Сондықтан жастарға айтарым, теxниканың бәрін білген дұрыс. Сонда да кітаптың дәмін татып, аға-апаларыңыздан руxани тағылым алғандарыңыз дұрыс", - деп атап көрсетті Клара Жұмабаева.
Бүгінгі шара аясында университеттің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті Әзиза Сүйінішқалиеваға Ә.Кекілбаев атындағы атаулы стипендия табысталды.