Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ауғанда ағарған шаш

Қайраттың туған ауылына оралғанына бүгiн үшiншi күн. Екi жылдай уақыт жүздеспеген ағайын-туыстарын көрiп, тай-құлындай тебiсiп тел өскен жора-жолдастарымен қайта қауышып, мәре-сәре күй кешiп, сағынған жүрек саябыр тауып, құлазыған көңiл жайлана бастаған-ды.

Бүгiнде әскердегi әдетi бойынша ерте тұрып, күнi бойы аула iшiндегi ұсақ-түйек жұмыстарды ермек еткен ол ақшам әлетiнде жуынып-шайынып, қалыңдығына ұрыншылап баратын күйеу жiгiтше таранып-сипанып, жинала бастады. Оның осынау қимыл-әрекетiн байқап қалған шешесi:

— Апақ-сапақта қайда жиналдың, құлыным? — дедi жанына жақындап келiп.

— Клубта би болады екен!..

— Биiңдi қоя тұр, ботам! Кешке төрт көзiмiз түгел отырғанда кеудеңдегi орден, медальдарыңды қалай алғаныңды айтып бер. Тiптi, келгенiңнен берi кiсi күтемiн деп жүрiп, мейiрiмiмiз қанып шүйiркелесе де алмадық қой. Сағынышымыз да әлi басыла қойған жоқ.

— Ту, апа, ертең де күн бар емес пе?!

— Жарайды, құлыным. Бара ғой. Менiкi жәй-әшейiн айта салған сөз ғой. Қайда жүрсең де аман жүршi, әйтеуiр, — дедi ұлының көңiлiн қимаған Ғазиза шешей.

— Дүниеде анадан артық жан бар ма?! — деп әндете жөнелген Қайрат еркелей келiп, шешесiнiң бетiнен сүйдi. Анасы да мейiрлене маңдайынан иiскедi:

— Әкең бiреудiң жалғызы едi, сен де әкеңнен қалған жалғыз тұяқсың. Жер бетiнде қарайып, аман жүршi, әйтеуiр!.. — деп иегi кемсеңдей бастап едi, ойына келгенiн iрiкпей айтып салатын тiкмiнездеу баласы:

— Қойыңызшы, қайдағы жоқ жаман ырымды бастамай, — деп тиып тастады да, әндеткен күйі сырт киiмдерiн киiнiп, далаға шықты. Соңынан ере шыққан Ғазиза шешей бiр сәтке ұлының сымбатты түр-тұлғасына қарап тұрды да:

— Тәубе, құдай. Бергенiңе шүкiр, — дедi күбiрлей сөйлеп.

Мамыр айының мақпалдай әсем кешi. Ымырт үйiрiлiп, көз байлана бастаған шақ. Көше көңiлдi. Ол баяу адымдаған күйi клубқа қарай бет алды. Маңайдағы үйлерге, қасынан жанай өтiп бара жатқан жандарға көз қырын салып қояды. Ауылдың қақ ортасындағы бұзылған ескi тоқал тамның жанынан өте бергенде ар жақ беттен айқай-шу естiлдi. Ол жүрiсiн жылдамдатып солай қарай бұрылды. Кенет, оң жақ бұрыштағы дөңгелек тасқа жайылған газеттiң үстiндегi қара нанның қалдықтары мен бiр-бiрiмен шекiсiп шетiнеген ұзын өңеш шөлмектердi көзi шалды. Iстiң мәнiсiн айтпай түсiнген Қайрат шапшаң қимылдап, үшеудiң тепкiсiне түскен жалғызды ажыратып алды. Қияқ мұртты, қапсағай денелi, қарасұр жiгiт арашашысын таныды бiлем, сүйретiлiп орнынан көтерiлдi. Қайрат оны қолтығынан демеп, жол бойындағы су шүмекке әкелдi. Жуындырып, киiмiн тазаласып, сәл-пәл есiн жидырған соң: «үйiңе жеткiзiп салайын» деп едi, ол қарсылық бiлдiрiп, клубқа баратынын айтты.

— Жә, онда жолымыз бiр екен, бiрге жүрейiк. — Ол үнсiз соңынан ердi.

Бұлар келгенде бидiң нағыз қызған шағы екен. Қайрат бiрден топқа қосылмай жоғары жақтағы бос орындардың бiрiне жайғасып, әуелi сырттай бақылай тұруды жөн көрдi. Алабұртқан көңiлi жай тауып, музыка әуенiне елiтiп отырған Қайраттың топ ортасында киiктiң лағындай ойнақтап жүрген аққұба қызға көзi түстi. Оның нұрлы жүзi бiртүрлi жанына жылы сезiм ұялатып, қиялында жүрген «бейтаныс» бейненi елестеткендей болды. Көз алмай қарай бергiсi, қадала бергiсi келедi. Әлден уақытта музыка үнi сәл саябырсып, зал iшi абыр-сабырға көшкенде ғана Қайрат «қиял әлемiнен» отырған орнына қайтып оралғандай күй кештi. «Жоқ, бұлай сырттан сұқтанып отыра беруге болмас!» — Ол вальс әуенi басталысымен бойына бар батылдығын жиып, кермаралдай керiлген сұлу бойжеткенге қарай жүрдi.

— Қарындас, сiздi биге шақыруға болар ма екен?

— Неге болмасын! — Қыз қолын соза тақай берген жiгiт құшағына енiп жүре бердi.

Әсем әуен қолтықтарына қанат бiтiргендей екi жас жеңiл қозғалып, қалықтай тербеледi. Олар осы күйiмен тек кең залды бiр айналып шыққан соң ғана тiлдескен едi:

— Қарындас, танысып қоялық. Менiң атым — Қайрат.

— Шынымен танымай қалдыңыз ба, ағай? — дедi қыз наздана.

— Кешiрiңiз, қарындас...

— Өзiңiзбен бiрге оқыған Дәнештiң сiңлiсiмiн ғой.

— А-аа... Әлиясың ба? Кiп-кiшкентай қыз едiң...

— Кiшкентай қыз өспеушi ме едi?!

Бетiнiң ұшы қызарып кеткен Қайрат аңдамай сөйлегенiн сезiп, одан ары тiл қатудың ретiн таппады. Тек би аяқталып, қыз қайтуға ыңғайлана берген кезде:

— Сiздi шығарып салайын — дедi имене тiл қатып.

— Қарсы емеспiн. — Қыздың көзі күлім қақты.

Маужыраған меңiреу түн. Ай дөңгелек жүзiн нұрға малып, күмiс сәулесiн жер-дүниеге мейiрлене төгiп тұр. Алтын түймелерге ұқсаған аспандағы жұлдыздар да әлдебiр қылығына қысылғандай жымың-жымың етедi.

Қайрат әңгiменi неден бастарын бiлмей дағдарып келе жатыр едi:

— Ағай, ренжiмесеңiз бiр нәрсе сұрайын деп едiм, — дедi қыз ойын бөлiп.

— Сұраңыз!

— Ел сiздiң шашыңыздың қалай ағарғаны жайлы аңызға ұқсас әңгiме айтып жүр. Сол шындық па?

Қайрат үшiн бұл сұрақ тосын әрi жайсыз тидi. Бiрақ қыз алдында үнсiз қалудың ретiн таппай:

— Иә, адам сенгiсiз әңгiме екенi рас, — дедi бәсең үнмен. — Есiңiзде болса, әскерге дейiн шашымның түсi қара едi ғой... Ендеше, оқиғаның болғаны шын. Жанымнан еш нәрсе қоспауға уәде берiп, айт десеңiз, айтып-ақ берейiн. Сенесiз бе, маған?

— Әрине, ағай!

Қайрат бiраз жерге дейiн үн-түнсiз жүрiп отырып, сәлден соң сөзге кiрiстi:

— Шiлденiң шiлiңгiр күндерiнiң бiрiнде бiздiң взводтың жауынгерлерi брезент жабылған машиналармен оқшаулау орналасқан әскери бөлiмдерге Кабулдан азық-түлiк әкеле жатқанбыз. Бiр мезгiлде машиналардың алдына бiрдеңе гүрс ете түскендей болды да, iле-шала қою қара түтiн көкке көтерiлдi. Не болғанын аңғара алмай жан-жағымызға аңтарыла көз тастағанымызда, тау беткейiндегi жартастарды паналап, оқ атып жатқан дұшпандарды байқап қалдық. Жалма-жан машинадан секiрiп түсiп, жер бауырлап атыса бастадық. Бiздi оңайлықпен ала алмайтындарына көздерi жеткен олар бiр уақытта атыстарын доғарып, тау беткейiн бөктерлей қашып кеттi. Төңiрек тынышталған соң орнымнан тұра бергенде жол жиегiнде ирелеңдеп жатқан қарасұр жыланды көзiм шалып қалды. Жақындап келiп жерден көтерiп алғанымда, бауырының бырысып күйiп қалғанын көрiп, жаным ашыды. Жыланның өзiң тиiспесең беталды соқтықпайтынын бiлетiн едім, оны тастап кетуге қимай, тұрағымызға алып келдiм. Бiз орналасқан тұстан сәл қашықтау жерде ескi там қаңырап бос тұратын. Жыланның жарасын таңып, сонда әкелiп қамап қойдым. Қолым бос кезде асханадан ол-пұл тамақ әкелiп, тамақтандырып тұрдым. Алғашында жиырылып бiр орнынан қозғалмай жатып алатын жыланымның күйi күн өткен сайын жақсара түстi. Күйген жерлерiнiң терiсi жетiлiп, оңала бастады.

Бiр күнi кешқұрым тамға келiп, қолымдағы тағамды табаққа салдым да, қайтадан сыртқа шығуға бұрыла бергенiм сол едi, жаңа ғана бұрыш жақта оралып жатқан жыланның ирелеңдеп есiк аузына барып қалғанын көрдiм. Ойымда ештеңе жоқ, сыртқа шықпақ болып жыланға тақай бергенiмде, ысылдай бастаған ол айыр тiлiн жалаңдатып, маған қарай түйме басын қақшаң еткiздi. Зәрем зәр түбiне кеттi. Жалма-жан артқа серпiлдiм. Шегiнгенiмдi көрген жылан табалдырыққа тақап барып, жайлана жиырылып жатып алды. Шақшадай басымды шарадай етiп небiр ауыр ойлар қаумалады. «Жақсылық жерде қалмайды» — деп отырушы едi көнекөз қариялар. Жыланның бұнысы несi?! Әй, бiрақ хайуанның аты — хайуан ғой. Тас керең мақұлық жақсылық жасап жүргенiмдi қайдан білсін?! Сiрә, көрер жарығымның таусылған жерi осы шығар. «Ай, аңғал басым-ай!» — деп iштей күбiрлеп қоямын. Ойлаған сайын тұла бойым қалтырап, төбе құйқам шымырлайды. Екi көзiм жыланда. Оның тастай қатып қалған қорқынышты сиқы менiң қимыл-қозғалысымды бағып жатқандай көрiнiп, тұрған орнымнан тырп ете алмадым. Басыма қайдағы бiр сумаңдаған суық ойлардың бiрi кiрiп, бiрi шығады... Бiр мезгiлде талмаусырап барып көзiм iлiнiп кетсе керек, әлгi жылан мойныма оралып алып, қылқындыра бастады. Айқайлауға да шамамды келтiрер емес. Шошып оянсам, бiр қуанарлығы, түсiм екен. Ал жыланым сол мелшиген қалпында тырп етпестен әлі жатыр. Ендi қалғып кетсем бас салатындай елестеп, түнi-бойы көз iлмей шықтым. Таң қылаң бере жайлап орнынан қозғалған жылан маған қарай басын бiр қақшаңдатты да, далаға шығып, ирелеңдеп жөнiне кете барды. Аман қалғаныма қуанып, әскери шатырға қарай құстай ұштым. Маңдайымнан қара тер сорғалаған күйi iшке енгенiмде, төсектерiнде шешiнген қалпы күнде әзiлдесiп қатар жүрген отыз баланың қойдай бауыздалып жатқанын көрдiм. Жер-дүниенiң бәрi қып-қызыл қан. Менiң сондағы күйiмдi ешкiм сөзбен айтып жеткiзе алмас... Шошынғаным сонша, үн шығаруға да шамам келмей, тезiрек тысқа шығуға тырыстым. Бұрыла бере жақтауда iлулi тұрған айнаға көзiм түстi. Түрiм өте қорқынышты едi. Ендi бiр сәтте шашымның айран құйып жiбергендей ағара бастағанын аңғардым, — деп сөзiн аяқтаған Қайраттың қызыл шырайлы жүзi қуарып, дем алысы жиiлей түскен едi.

Әңгiменiң әсерiнен арыла алмай келе жатқан қыз бiраз үнсiздiктен соң ғана:

— Жақсылықтың жерде қалмайтыны рас екен ғой,— дедi қобалжи үн қатып.

— Иә, қарындасым. Жылан болмағанда мен де сол жолы дұшпандардың құрбаны болар едiм.

Осылай әңгiмелесiп келе жатқан олар көк қақпаның алдына келгенде бiр-ақ iркiлдi.

— Ағай, рахмет сiзге. Келесi кездескенше, сау болыңыз! — Әлия аяғын жылдамдата басып, үйiне кiрiп кеттi.

Түн түнере түскен. Сумаңдаған суық жел де қатайып, аспандағы ай, жұлдыздар да мелшие қалған. Үйiне қарай беттеп келе жатқан Қайрат желке тұсынан шыққан: «Тоқта, жiгiтiм» — деген дауысқа жалт қараса, бағанағы өзi арашалап алған қияқ мұртты жiгiт екен. Аузынан арақ иiсi мүңкiген ол теңселе басып жақындай түстi:

— Сенiмен оңаша сөйлесейiн деп едiм.

— Не жайында?

— Әли-и-ия...— дедi ол тұтығып. — Ендiгәрi оның жанынан көрсем, жұлыныңды үземiн!

— Сен не оттап тұрсың, өзi?

— Аяғы аспаннан салбырап түскендей кекіреюін қарашы-ей мұның... Қазiр сабаңа түсірейін, — деп мұртты жiгiт қолын көтере бергенде, Қайрат оны көз iлеспес шапшаңдықпен иек астынан бiр ұрып шалқасынан түсiрдi. Сол сәтте қайдан шыққаны белгiсiз, соқталдай төрт жiгiт қоршай алды. Екеуiн ұрып жыққан Қайрат бұрыла бергенде басына тиген қатты соққыдан есеңгiреп барып құлап түстi. Осыны пайдаланған төртеуi бас-көз демей, оны аяусыз тепкiнiң астына алды. Ашу-ыза кернеген Қайрат екi-үш мәрте алға қарай ұмсынып едi, тұра алмады. Басын көтерсе болғаны, гүрзi етiктiң бiрде ұшы, бiрде өкшесi кеудесi мен қабырғасына «сарт-сарт» тиедi. Кенет, ол бар қайратын жиып, қозғала бергенде темiрдей соққы қарақұсқа тидi. Тiл қатуға шамасы келмеген Қайрат кескен теректей сылқ ете түстi де, қимылсыз қалды...

Бiр сұмдықтың болғанын сезiп, естерiн жиып алған мастар қою қараңғылықты жамылып, емпеңдей басып қаша жөнелдi. Кең даланы баурына басып алған меңiреу түн: «О, адам баласы, не деген қатыгез едiңдер!» дегендей, қабағын түйiп, түнере түскен. Айнала жым-жырт. Тек, аласұрған тентек жел ғана: «Мен адамдардың бiр-бiрiне жасаған қастандықтарына күнде куә болып жүрмiн. Үйреншікті жайт қой!» дегендей, жайбарақат күйде ышқына ысқырып бара жатты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама