Ауыл клубының аукционы
Ауылдағы клубтың аукционға түсетіні туралы хабарлама қараша айының жетісі күні шыққан республикалық газеттің үшінші бетінде жарияланыпты. Баяғыда газеттердің үшінші беттері ауыл шаруашылығының жағдаяттары жайында жабыла жазып жатушы еді, енді тек аукциондарға арналады. Еңсегей алдымен ірі-ірі әріптермен өрнектелген: «Назар аударыңыз: Аукциондар!» деген бас тақырыпты оқыды. Үшінші бетке төрт-бес облыстың аукциондары турасындағы жарнамалар жайғасқан екен, бірінен-бірі өтіп, тізіле төгіледі.
«Ал, назар аудардық», — деді Еңсегей. «Ақпараттық хабарлама» депті одан әрі. «Бұл «ақпарат» деген сөзіңіз жүдә әдемі сіңіп кетті бізге», — деп, өзінше жымиып қойды ауыл клубының бұрынғы меңгерушісі. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Алматы аумақтық комитеті 1998 жылғы 23 қараша күнгі 10.00 сағатта жекешелендірілетін нысандарды сату жөнінде аукцион өткізеді», — депті. «Кәне, өткізіңдерші, не бар екен?» — деп мырс еткен болып, тізімге көз жүгіртіп еді, көбісі ауылдық клубтар екен. Жүрегі атқақтап ала жөнеліп, суылдап барып басылды. Жантайып жатқан жерінен көтеріле, тықыр тысты жастығын таз кілемнің шетіне лақтырып тастап, Алматы аумағының арғы жағын оқымастан, Ақмола мен Атырауды аттап өтіп, Павлодарды пұттап өтіп, әдеттегіше тізімнің төменгі тұсынан орын алатын Оңтүстік Қазақстан аумағына алақтай қадалды. «Бұрынғы моншаның тұрғын емес тұрақжайы», «Қалааралық автостанса жер телімімен бірге», «Көкөніс сақтау қоймасының ғимараты», «Мектеп-кешеннің аяқталмаған құрылысы қоршауымен қоса», «Бұрынғы бюджет банкі ғимаратының бір бөлігі» деген сияқты түсінікті-түсініксіз тізбелерді түгендеп, тіл сындырған Еңсегейдің көз алдына ендігі сәтте «Ауылдық клубтың ғимараты» деген жазудың бірі емес, жиырма шақтысы бірден қыздай сызылып, қаздай тізіліп тұра қалғаны. Жүрегі құрып-ақ кеткір бекер-босқа бұлқынып, алқына ма, ауылдық клубтар хақындағы хабарламаның соңына тақап-ақ қалғанында, самайы солқ ете түсті. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарады. Республикалық басылымыңыздың бас-аяғы дірілдеп, етек-жеңі елбірейтіндей. Оңтүстік Қазақстан аумағы бұлдырап барады. Орнынан тұрып, газетті үстелдің үстіне апарып, қайта жайды. Оң қолымен көздерін, сол қолымен үшінші бетті сипай сүртіп, тағы тесірейді. «Ауылдық клубтың ғимараты. 1958 жылы іске қосылған. Жалпы алаңы — 260 шаршы метр. Бастапқы бағасы 156 мың теңге. Ең төменгі бағасы 8700 теңге». Аукционның өтетін күніне, тіпті сағатына дейін, Шымкент шаһарындагы мекен-жайына дейін көрсетілген. Оған қоса «голландтық әдіспен» деп қосып қойған. Еңсегейдің жыны қозатыны осындайдан ғой. Неге голландтық әдіспен?! Қазақша әдіс құрып қалып па? Міндетті түрде әлдебіреулерге еліктеп, есі кетеді де жүреді осы қазекемнің. Баяғыда, Сы-Сы-Сыр ырду-дырду ыдырай бастағанда ше, осы Еңсегей әзіл-шынын араластырып: «Өй, бәрін қойып, қазекемнің енші беру әдісін неге ғана қолдана қоймайды осылар?!» — дейтін. Алыстағы ауылдың клуб меңгерушісін кім тыңдасын. Міне, ел-елдің еншілері қазақша бөлінбеген соң ақырының не боп жатқанын қараңыз. Енді «голландтық әдіспен» дейді тағы да. Сондағы сататындары Стокгольм мен Амстердамның анау-мынаулары, әйтпесе жылжымайтын мүлкі мен жылжитын мүкәмәлі болса, бір басқа. Қапсағай ауылының қара құлып салынған қараша клубын неге ғана голландтық әдіспен саудалайтындарына түсінбейді. Түсінбейді емес, таңданады. Бұрын да бұның бұлқан-талқан болатындай біраз-біраз нәрселері бартұғын. Мысалы, мына Жабағылы тауының арғы қапталындағы жал-құйрығы бұрқырай шабатын жылқыны апарып, «Пржевальский жылқысы» депті. Неге ол «Жабағылы жылқысы» емес?! Күйесің бе, осындайға, күймейсің бе? Қапсағай беткейінде, шоқ-шоқ қызыл долананың арасындағы бүйрек төбешіктерде тұтанып жөнелетіндей талаурап тұратын қызғалдақты «Грейгтің қызғалдағы» деп жазады. Біле-білсе, қызғалдақтың төресі Голландияда емес, Еңсегейдің елінде. «Қапсағай қызғалдағы» десе ғой, әне, әлемдік әділдік, ғылыми дәлдік, іліми біліктілік сонда салтанат құрар еді. Жабағылы жылқысы мен Қапсағай қызғалдағы ғана емес, осы айнала-төңіректегі талай-талай дүние, шыбын-шіркей, шөп-шөңгеге дейін шет елдік ныспылармен ноқталанып кеткен. Клуб меңгерушісі кезінде қып-қызыл маталарға ұрандар жазып отырып, ой түбіне түсіңкіреп, кей-кейде тереңдеңкіреп кетіп: «Осындай-осындай мәселелердің астарында бірдеңелер бұғып, жасырынып жатқан жоқ па екен, өзі?» — деп те күбірлейтін. Мына «голландтық әдіске» тыз етпе теткуі бұрынғы клуб меңгерушісінің қырау шала бастаған самайынан сәл жоғарырақтағы санасында байырғыдан бұлыңғырланып қалып қойған күдік-күмәннің тұяқ серпуі ме, кім біледі?
Жә, жарайды, қандай әдіспен, нендей тәсілмен сатылатынына бас қатырмақтың қажеті шамалы. Қияли қалыптан арылып, әлдебір әрекетке кіріспек жөн шығар. Дәл осы аукционға қатысса ше?! Міне, бас шіркіннің кейде өстіп істеп кететіні бар! Рас, аукцион өтетін мерзім тіпті таяп кеп тұрыпты. Жеті-сегіз күнде үлгере алар ма енді Еңсегей!? Қалай болғанда да, қайткенде де үлгеру керек. Тәңірге не жазды екен, әйтеуір мына жалғанда Еңсегей Теңсегейге таба болумен келеді. Бес-алты қойдан, бірлі-жарым сиырдан, жиырма шақты тауықтан артық дәулет бітпеді. Қаз-үйрегі көбейе бастаса, анда-санда аудан жақтан жететіндер-ақ желкелерін қиып-қиып түседі. Қайбір жылдары қатыны байқұс күні-түні тыным таппай, түйетауықты үйірлей жайып, топтап айдауға жеткізіп-ақ еді, облыстық мәдениет басқармасынан бес мәшинеге толып келгендерден түте-түтесі шығып, түк те артылмады. Бір үйлі жан көбінесе қара мекиен, қызыл қораз бастаған оншақты тауыққа қарап қала беретін. Ал, анау Теңсегейдің қой қорасы да, сиыр қорасы да аузы-мұрнынан шығатын да тұратын. Жылқылары Қапсағайдың сайларын бермейтін. Тапалтақ-талтақ балаларының бәрі шетінен жоғары оку орындарына түсіп жатыр тағы да. Мұның сылқым-серілеу сұңғақтары тоғайдағы тоқымдай жердің қауыннан қалған сұңғыласын терумен әлек. Әндетіп теретіндерін қайтерсің-ай...
Былтырғы күзде, сүмбіле түсіп, су салқын тартқан шақта осы Қапсағай ауылына тоғыз «КамАЗ» бірден келіп, бүкіл тал-теректі тітірете гүрілдеді ғой. Тізіліп тұрған ағаш атаулының сарыала жапырақтары төгіліп түсті. Еңсегейдің көршісі Теңсегей тоғыз «КамАЗ» және жеті-сегіз жеңіл мәшинемен көшті де кете барды.
Теңсегей көшкеннен кейін тыныш табармын, жүйкем жеңілдер, шарбағымның қабырғасы майыспас, клубыма сиыр сүйкенбес деп еді. Қай-да-а-а-ан... Теңсегейдің қорасы мен қотанының жұртына бүкіл ауылдың сасық сиырлары жиналып алып, ойнақ салуға айналды. Солардың әрқайсысы мұның кілдіреген селдір шарбағына бір, әне жабылады, міне жабылады деп жүрген жабығыңқы клубына екі сүйкеніп өткенде, жүйкесі жүрегін жұлқитын. Отыз жылға жуық уақыты осы клубқа кеткен екен. Обалы нешік, кез-кездерінде, сәт-сәттерінде елу үйлі ауыл адамдары түп-түгел Теңсегейге емес, елден еректеу көрінетін Еңсегейге қызыға қарайтын. Жетпіс сегіз сом сексен тиынды тұрақты түрде, ай сайын, бір күн кешіктірмей алып тұратын. Шәрілі жақта түк емес шығар, ал ауыл үшін Еңсегей ең үлкен айлық алатын адамдар санатында саналатын. Мақтанғаны емес, маңдайшаға «Үгіт пункті» деп жазып қойып, есікті құлыптап, қолды қалтаға салып қыдырып жүретіндерден, немесе «Сельмаг» пен бастауыш мектеп арасындағы теңге жапырақ пен ажырық аралас көгалда отырып алып, қисық арақ пен «Кильки» консервісін қоса қиқалайтындардан емес-ті. Ескірсе де еңсесі түспейтін клуб үйінің іші-сыртын мұнтаздай етіп ұстай білді. Жұмысын қыз-қыз қайнатып-ақ жататын. Аудан жақтан алған алғыс хаттары бір абдыра. Жоспарлы түрде де, жоспарсыз түрде де жиналыстар, іс-шаралар өтіп, концерттер қойыльш, кино көрсетіліп, аудан жағынан, оқта-текте облыс жағынан қонақ үзілмейтін. Ауданыңыз ай мен апта құрғатпас. Қапсағай беткейін қиялай тілетін тастақ жолмен асыға аптығып келе жататын еді олар. Еңсегей еш қабақ шытпас, қайта қуанар. Қатыны һәм қабара қоймас ешқашан. Еңсегей сынды ер-азамат аман-сау болғай, табысының берекесін бергей. Дейтұғын секілді еді-ау сорлы қатын сонда. Әлгілер келеді. Клубтың алдындағы таспашөп тұтасып жататын жасылкөк алаңқайға жұп-жұмсақ қана секірісіп-секірісіп түседі. Еңсегей осы заманғы сәнмен тігілген шибарқыт шалбарының артқы қалтасынан бір бума кілт алып, салдыр-гүлдір кісен ашқандай, клубтың есігін ашады. Жүз орындық зал іші сап-салқын. Ір-рә-һәт! Қабырғалардағы қып-қызыл маталарға алуан түрлі ұрандар жазылған. Мазмұнды мақалдар мен мәтелдер де жоқ емес. Мән-мәністі монтаждарды да Еңсегейдің өзі епсекті қолымен ерінбей құрастырып, жалықпай жасай беретін. Рас, кей-кейде жоғарыдан берілетін нұсқауларға сәйкес жазылатын ұрандардан мүлде мезіленіп, жалығыңқырап, жақтырыңқырамай жүретін кездері де болушы еді. Бірде кезекті сиездің шешімдерінен үзінді жазудың орнына мынадай сөздер өрнектеді: «Көптің қажетіне жараудан асқан жақсылық пен сұлулық болмайды. Бетховен». Өзіміздің қазақ ғұламаларының өзгеше өсиеттерін өрнекке салсаң, ұлтшыл атандыратындар табылар деп қорытқан. Бірақ, Бетховеннің сөзінен де сөгіс ала жаздады. Ауданнан келген үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қатаң ескерту жасап, «Үшінші Интернационал» ұжымшарының Қапсағай ауылында сиез шешімдерінің насихатталуы нашар деп кетті. «Немістерде нең бар, нұсқаушының көкейіндегіні діттей берсеңші», — деп, қатыны мазақтады. Балалары күлді.
Ондай-ондай ханның қызында да болады ғой, негізінен алғанда, ауыл клубы, оның меңгерушісі Еңсегей жоғарғы жақтағыларға жақпай қалған емес. Кейде аудан басы айлар бойы, облыс төрі жылдар бойы ат ізін салмай кетсе, клуб меңгерушісі күллі әлем назарынан тыс қалғандай, жайсыздыққа буылатын. Орталықтағыларды әжептәуір-ақ аңсап, сағынатын. Қыс күндерінде, ұжымшар орталығына жетелейтін жол суырынды қармен күптеле бітеліп, асулар сәуірге дейін тәуірленбес аралықтарда Еңсегей небір қиял-ғажайыптарға шын беріліп, Шекспир мен Гогольдің туындыларын сахнаға шығармаққа әрекеттенетін. Есептеп қараса, күрделі трагедиялар мен комедиялардағы кейіпкерлердің бейнелерін жасамаққа бүкіл ауылдың ересектері түп-түгел дерлік жұмыла жүмсалып кетеді екен. Көрерменді қайдан табады сонда?! Әртістер тізіміндегілерді тұтас шақырып, сұхбат құратын. Бас қосудың басы тәп-тәтті арман, орта тұсы қызғын пікірсайыс, соңғы жағы бұртима бажылдасуға айналыңқырап бара жататын. Ақырында аузы дуалылау, Еңсегейден ересектеу біреуі: «Осы біздің Қапсағайға қайдағы бір, шеттегі Шекспирлер мен еркектігі күдікті Гогольдердің қажеті қанша, өзіміздің Садықбек Адамбеков пен Оразбек Бодықов та жетпейді ме?» — деп, тығырыққа тірейтін. Олардың да кітаптары көктемге дейін табыла қоймас. Сондықтан, жиналғандар шағын концерттің бағдарламасын жасап тастап, тату-тәтті тарасатын. Көп ұзамай-ақ концерт те қойылады. Ауыл еңбеккерлеріне арналған концертті Еңсегейдің өзі ашып, өзі жабады. Әрине, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін беріліп, елігіп айтушы еді:
«Кеттің ұмыты-ы-ы-ып, мүлдем ұмыт-ты-ың;
Жібін үздің ғой, нәзік үміт-ті-і-ің...»
Ойлап отырса, осы ауылда он жылдан астам уақыттай үнді киносының дәурені жүрген екен. Аудандағы таныстарын тиімді пайдаланатын. Олар да біледі ғой, бұларға ненің керектігін. Кино қоятындар Қапсағайға ертерек келіп, сыртқы қабырғадағы қоңыр тақтаға үнді фильмінің атын жазып, жаяу аяңдап клуб меңгерушісінің үйіне беттейтін. Қара тауықтың жұмыртқасын қуырып жіберіп, дастарханның шетіне қос шөлмекті сұлата салсаң, жетіп жатыр. Ір-рә-һә-әт. Сол жетпісінші және сексенінші жылдары Қапсағайдың түрғындары Үндістанның екі сериялы фильмдерін түгел көріп тауысты. Ақырында елу үйдің әрқайсысынан кем дегенде үш-төртеуден үнді әншісі, бес-алтаудан үнді бишісі өсіп жетілгені өтірік емес. Үш сағатқа жуық уақыт бойы клуб іші көз жасына мелдектейтін. Еңсегей де тым елжіреуік тартып, кейде қасында қатар жатқан қатынына қарап кеп қалғанда, оның қыз кезіндегі ақша маңдайынан қоңыр алша жемісіндей дөңгелек дақ елес беріп, бәле болған. Бертін келе, бірте-бірте үнді фильмдері де қатая берді, Қапсағайдың адамдары да қатыгездене түсті ғой.
Одан кейінгісін жұртшылық жүдә жақсы біледі. Егемен ауылға клубтың қажеті шамалы боп шыға келді. Облыс пен аудан жағы өз бастарымен әлек, үлкенді-кішілі атқамінерлер жекешелендірумен әлек-шәлек. «Үшінші Интернационал» ұжымшары ұлт-ұлтқа болмаса да, телім-телімге, тағысын-тағыларға бөлініп, клуб иесіз, меңгеруші жұмыссыз күйге түсті. Бір жылдай тегін істеді, екінші жылы есікке құлып салды лажсыз. Еңсесін түсірмеуге тырысты. Ертеден-ақ психологиялық әзірліктер жасап жүргендіктен, жеңілдеу қабылдаған сыңайлытұғын. Ауыл ішінен де, аудан жақтан да келіңкіреушілер, көңіл айтыңқыраушылар болды біразға дейін. Абырой-беделім бар екен дә деп жұбанды алғаш. Есік алдындағы суы сылдыраған жіңішке арық жағасында, қоңыр алша түбінде отырып ән шырқайтын. Ән шіркініңіз, әсіресе, жұлдызды түн алдындағы айлы кеште алысқа естілер: «Кеттің ұмы-ты-ы-ы-ьш, мүлдем ұмыт-ты-ы-ы-ың; Жібін үздің ғой, нәзік үміт-ті-і-і-ің...»
Кейде бүкіл ауыл күрсінгендей көрінетін. Алайда, олай емес-ті. Рас, бұрынғы клубты және оның бұрынғы меңгерушісін аяушылар бартұғын, өкінішке қарай, табалаушылар басымырақ еді. Кімге кімнің жаны ауырар бүгінде. Адам шіркіндерді кінәлау да қиын. Еңсегей қайраңға шығып қалған шабақтайын шоршыды, амал нешік. Айлық алмасқа кеткеннен кейінгі аса қауіпті жауына айналғандардың бірі — қасындағы қатыны. Баяғы: «Аруым көріп аңсадым; Еркешім көріп еңседімге» елігер елік қыздың із-түзі жоқтай-ау, тіпті. Кебежедегі ұнның түбі көріне бере Еңсегейдің етін шикідей жемекке әзірленіп, зілдене бастайды. Е-е-ей, бұ байқұс та қайбір жетіскенінен жемтік қамдайды дейсің. Бала-шағаның қамы-дағы. Алдын-ала әрекеттенбесе, үлкенді-кішілі серілерден не қайыр...
Қатынының біраздан бері төркін жұртында жатып алғаны мұндай жақсы болар ма, аукцион жайын тоғайдағы жерді айналдырып жүрген Ақансерісімен ақылдасты. Кененсерісі әлі жасырақ. Ауылдың клубы ескі болғанымен, сүйегі мықты. Іргесі Қапсағайдың тепсеңіндегі текше тастардан қаланған. Әсіресе, ағашы асыл, бұзып алсаң-дағы, бір үйге молынан жетеді. Сахнасы қайбір жылы қайта төселген, қалың тақтай. Төбесі жаңалап жабылғалы бесінші жыл-ау, шамасы. Шымкенттің борпылдақтау, бозаң шипыры емес, балта шүйдесімен түйгілесең сыр бермес Семейдің көгілдірі кәдімгі. Жүдә, бұзып тастап, үй-жай салмағанның өзінде, отыз жыл ие болған клубтың басқа біреуге бұйыруы кешірімсіздеу емес пе?!
Әкелі-балалы екеуі ұзақ пікірлесті.
— Сегіз мың жеті жүз теңгеге арзиды ғой, қалай ойлайсың? — дейді Еңсегей.
— Арзымақ түгілім, арзан ғой, — дейді Ақансерісі. — И-и, соны айтам дә! — дейді Еңсегей ентелей түсіп.
— Сол бағаның үстіне соншама ақша қосылады-ау, көбейіп кетеді-ау, көке, — дейді Ақансерісі сәл-пәл мұңайыңқырап.
— Ауыл клубын жекешелендіруге де көп ала ма, немене? — деп еліреді Еңсегей.
— Алуы да мүмкін, алмауы да мүмкін, мәселе онда емес, — дейді Ақансерісі байсалды баянға кешіп. — Бәрібір, біраз-біраз пұл керек, көке.
— Қалай сонда? Не тұспалдап отырсың? Бірдеңені білетін бе едің өзің?
— Бастапқы бағасын көріп тұрсыз ба? — деп, Ақансерісі республикалық газетті қолына қайта алады.
— Көрдім. Төменгі бағасын да жатқа білемін.
— Көрсеңіз, білсеңіз, сол төменгі бағаңызбен екі аралықта бірталай жұмыстар жүреді. Кепілдік жарнасы және бар.
— Ол не тағы да?! — деп, шошыңқырап, сосын таңданыңқырап қарады баласына.
— Жарайды, көке, — деді Ақансерісі одан бетер қайран қалдыра түсіп. — Сақтап жүрген он мың теңгем бар еді, соны алыңыз. Жол-жөнекей стансадағы қызыңыздың бір айлығын сұраңыз. Ниет еткен екенсіз, аукционга қатысып қайтыңыз. Алсаңыз, аларсыз клубыңызды. Алмасаңыз, демалып, қыдырып келерсіз. Қалаға бармағаныңызга көп болды гой.
Осыны айтқан Ақансерісі әлдеқайдан ақша шыгарып, әкесінің алақанына салды.
Арада екі күн өткенде Еңсегей Шымкент шаһарында қызыл «Икарустан» түсіп жатты. Қырғы базардың қызғгын ортасына кірмей-ақ, шетіндегі құжынаған асханалардың бірінен лағман жеп алмаққа бекінді. Соны ойлап, айналасын барлады. Бұрынырақта, бұдан ширек ғасыр шамасы ілгеріректе клуб меңгерушілерінің курсына келіп, қайта даярлаудан өткенде Қошқарата бұлағының бойындағы жиекжолда топ-топ болып әндетіп жүргендері, ұмытылмастай сауық-сайран құрғандары, Шәмшінің шығармаларын кезек-кезек шырқағандары көз алдында тізбектеле тыраулаған тырналардай елестеп, жүрек тұсы шымырлай жөнелді. Автобустан ығыры шыға шуылдап тұрған құлағының түбін басып-басып, діріл буған демін тереңнен тартыңқырап, өзін-өзі сабырға шақырды. Кенет: «Кеттің ұмы-ты-ы-ып, мүлде ұмыт-ты-ы-ы-ың...» деп шырқаған дауыс анық естілді. Баянға қосылып, қоңыр алшаның түбінде әндеткен өзі секілденіп, әлдекім аңыратып отырыпты. Айналасына алақтады. Тапты. Шашлықтан шыққан тәп-тәтті түтіннің арғы жағында, Қошқаратаға құлдилайтын жолдың жиегіндегі үйме-төбе қоқыстың бергі жағында отыр екен әлгі әнші. Тағы тыңдады. Үні таныс секілденді. Бұл осы адамды да бір жерден көрген сияқтанып, еріксіз жақындай түсті. Жанына да жетті-ау. Жерде жаюлы жатқан қарақошқыл орамалдың үстінде азын-аулақ ақша қобырайды.
— Ей! — деді Еңсегей шошып кетіп, үні іртік-іртік шығып, ентелей еңкейіп. — Ей, сен... сен... Шынымен...
Клуб меңгерушілерін қайта даярлайтын арнайы курста жағасы кестеленген аппақ жейде киіп жүретін, сол күндердің сылқым серісі атанған, әншілігі жөнінен алдына жан салмаған аққұба жігітті, бүгінде бүтіндей бүлініп біткен Қалдыбайды бетінің ұшындағы қоңыр алшадай қара дақтан таныды. Кейін де талай көрген еді ғой.
Ал, Қалдыбайдың мұны танығысы келмеді.
Сөйлескісі де жоқ-ты. Бәрінен де баз кешкен, бұл пәниден безген, бақиға алып кеткенге дейін қайыршылыққа көндіккен қалпында отыра берді. Еңсегей аукционға деп Ақансерісі берген бір бума ақшадан біразын бөліп алып, Қалдыбайдың қойын қалтасына салып еді, ол қобырата қайта суырып, алдындағы қарақошқыл орамалға тастады. Түк болмағандай, курстасын көрмегендей, әнге басты қайтадан. Бірақ, бұл басқарақ әнтұғын: «А-а-ай; Аһ-һа-ау! Аруым көріп аңсадым; Еркешім көріп еңседім...»
Бажасының үйіне жеткенде Еңсегейде өң-түс шамалытұғын. Балдызы таңданыңқырады, бажасы басқаға жорыды. Көрмегелі, көріспегелі көп болған. Еңсегей бажайласа, бажасы үш қабатты бір үй, екі қабатты бір үй, ұзыннан-ұзақ тағы бірдеңелерді сонарлатып салып тастапты. Баяғыда пәлен адам бір бөлмеде жата беруші еді, бүгінде бір адам бір бөлмеге сыймасқа кетті. Біреуің не, бір адамыңыз пәлен бөлмелі бір үйге сыймауға айналды. Осыдан тұп-тура жиырма бес жыл ілгеріде, бажасы Алматыдағы «политехта» оқып жүргенде, есігін ашсаң, бірден тротуарға шығатын жалғыз бөлмелі пәтерде жеті адам емін-еркін жатып, емен-жарқын тіршілік кешіп жүргеніне іші елжірей таңырқап қайтушы еді. Енді бәр-бәрі басқашаға бұрылып алып, заулап кетіп барады, әйтеуір.
Ертеңіне ерте тұрып, келген сапары себебінің шет-пұшпағын сездірді. Балдызы жалғыз, бажасы әлдеқашан іссапарға кетіп үлгеріпті. «Аукционға қатысқалы жүрсеңіз, жаман емессіз ғой, жезде», — деді балдызы тәлпіш-тотайланып. «Алыстан ат сабылтып келіп, қолымды бос сермеп қайтам ба, қайдам», — деді жездесі. «Қолтықтап кіргізіп, құттықтап шығарар еді, бажаңыздың маңызды мәселемен кетіп қалғаны-ай», — деді балдызы керіле есінеп. «Стансадағы қыз айлығын алмаған екен, бірер мың қарыз бере тұрасыңдар ма?» — деді жездесі. Балдызы қиналыңқырап барып, үш қабатты үйге қарай кетті. Үш қабатты үйден шыққаны үш мың теңгетұғын.
Ақансері жүдә жақсы біледі екен-ай. Кепілдік жарна деді, басқа деді, біраз сандалтты қаладағылар. Баласының және балдызының арқасында бәріне де төтеп берді. Ақырында аукцион да басталды. Жүргізуші жүдә һәм мәйін жігіт көрінді. Сәлемдесуінің өзі ерітіп жібере жаздады. Тәптіштеп тұрып тәртібін түсіндірді. «Голландтық әдіс» деген сөзі ғана самайынан жоғарырақ тұсқа жайсыздау тиді. Еңсегей қалт жібермей қарап, тыңдап-ақ отырған. Баға мәселесін бағамдап барып, бағана берілген нөмірді көтеріп кеп жіберген. Алайда, кеш қалыпты, бәрібір. Тағы да біреулер көтеріпті. Қашан, қай тараптан көтергенін кім білсін. Мынау уыздай жас бала болса, бірдей-ақ көтерді емес пе? Қайта Еңсегей ертерек қамданбап па еді? Аукцион жүргізуші жігіт тиісті тәртіпті тағы да тәптіштеп түсіндіріп, жеңімпазды хабарлады.
Еңсегейдің самайы солқыл қақты, құлағы шыңылға толды. Қапсағайдың қырық шалы бірдей қырық шалғы орақты шойын төске салып алып, жарыса шыңдап жатқандай. Қырғы базар жанындағы қайыршыға айналып кеткен клуб меңгерушісін, шөлді ауданның серісі Қалдыбайды танығандағыдай есінен тана жаздады. Ақансерісінің айтқаны ғана демеу болып, былғары орындықтың арқалығына сүйеніп, орнынан әзер көтерілді. Аукцион жүргізушісінің даусы алыстан, әлде ғарыштан талып естіледі: «Қапсағай ауылдық клубы. 1958 жылы салынған. Жалпы алаңы 260 шаршы метр... Аукционда ұтқан... Теңсегейұлы... Теңсегейұлы... Теңсегейұлы...» Іртік-іртік, үзік-үзік үннен құтылғысы келді ертерек. Ертеден-ақ етене таныс ескі көшеге түскенде, көңілденіп сала берді. Алсыншы. Ала берсінші солар. Қайыршы боп кеткенде қайтер еді. Қайтетін еді...
«Қайтатын едім», — деді Еңсегей. Қызыл «Икарустың» жүргізушісі күлді: «Қайда, көке?» — деді. «Қапсағайға», — деді бұл. «Ондай қалаға бармайды», — деді жүргізуші. «Аудан орталығынан түсем, одан әрі тағы күтем ғой», — деді бұл.
Қапсағай ауылының клубы қырық жыл бойы қоғамына қалтқысыз қызмет етіп еді. Оньщ отыз жыл бойғы меңгерушісі осы келе жатқан Еңсегей еді. Енді не болды?! Қырық жылдай қып-қызыл матаға маталған клубыңыз жалғанның жалған жықпылы ғана екен дә. Тектілерге кектілердің қан жапқан жанарларын жалқындатып өтіпті де. Әкесі марқұмның ғұмыр бойына кірмей-ақ кетуінде кеп бар екен дә. Ойпырай, жалқы мәрте басын сұқпағанына қалайынша мән бермеген бұл байқұс. Арғы ата-бабаларының сарқытындай асыл басын қанқызылға боялған, ақсүйек әулеттен өрбігендердің өзін әулекілендіріп жіберген, кінәз мінезден мақұрым еткен, шайтан-шатақ шалықтаңқыраған шаңыраққа имей-ақ өткен екен де. Дә-ә-ә-ә... Отыз жыл бойы ақақу-секекумен селкілдеп жүргенде, ерте ме, кеш пе, соның жазырын түбінде бір тартармын деп неге санаға салмағансың, сен бейбақ? «Оралыңның барында ойна да күлді» ойланыңқырамай айтқан қазекеме обал жоқ. Осынау сөздерді сыңаржақ ұғынған ұрпағына сауап. Саған да сауап. Сорлы. Сенен сорлы бар ма енді? Ең болмаса, ауыл клубын жекешелендіре алмадың. Сенен де сорлыны көргің келеді, ә?! Көрдің ғой біреуін. Тағы көрсем дейсің, ә? Қуанғың келе ме, жұбанғың бар ма? Отыз жылғы жігер жаққан алауың, желбіреткен жалауың кімге дәру болды енді? Желіп өтіп кете барам, дедің-ау, ә, мына пәни жалғаннан. Сауап саған, сауап. «Көптің қажетіне жараудан асқан жақсылық пен сұлулық болмайды» деген кім-дүр, клуб меңгерушісі? Ә-ә, анау неміс қой, Бетховен деген. Ал, қажетіне жараған көбің қайда? Жақсылығың мен сұлулығың кәнеки? Үлкен де кетті жөніне, кіші де кетті жөніне. Анау да кетті шебіне, мынау да кетті жеміне. Бәрі де тартты тегіне. Теңсегей кетті тебіне. Сен сорлы қалдың шегіне де шегіне... Қалдыбай отыр қалада... Қайыршы болып, далада...
Елу үйлі ауылдың шетіне іліккенде қас қарайып қалған.
Еңсегей еңірей жылап келе жатты.
* * *
Қапсағайдың қиясынан тағы бір көшкін құлап түсті. Бұл жолғы көшкін бүкіл ауылды солқ еткізді. Бұрындары көшкін дегеніңіз тек көктемде ғана жеңіл-желпі желп етіп, онда да түн баласында ұрланыңқырап түсуші еді. Енді күз соңы, қыс басында, сәске-түс әлетінде әлекке сала беретін болды. Жылаңқы жаңбырдың сіркірегеніне сегізінші күнге кеткенін саусақ бүге санап отырған Еңсегей елмен бірге үйінен үдере шығып, ауылды бауырына алып жатқан Қапсағай жотасына қарады. Тұманы айыға бастаған биік беткейдегі қараша ортасында үсіп үлгерген шоқ-шоқ қызыл долана да қарауыта қалтырайтындай. Солардан сәл былайырақ тұстан былтыр көшкен көршісі Теңсегейдің жұртындағы қой қораның орнындай ойпаң пайда болыпты. Топырағы опырыла ойылып, сыпырыла сырғып түскен жер қазаншұңқырлана қазылып, қанталаған секілді.
Тауық қора жақтан қара мекиен шығып, алша ағашының түбінен өтетін арыққа қарай беттеді. Сіркірі сиреген жаңбырға қанаттарын кезек жайып, қайта жиырған қызыл қораз оның соңынан ілесті. Цемент жетпей қалған қиыршық тасты құмдақ алаңқайдың шетіне іліге бере қызыл қораз қара тауыққа қарғып мінді. Тиісті шаруасын тындырып алып, қағып-сілкінді. Егелері Еңсегей қарап тұр-ау деместен, қоқилана керілді. «Бұлар екеш бұлар тараптан да үй йесіне деген титімдей реакция жоқ, ұят-аятты айтпағанда, — деп күбірлей күрсінді бұрынғы клубтың бұрынғы меңгерушісі. — Бір тәуірі, қызыл қораздың серіленіп, қара тауықтың сергектенгеніне қарағанда, күн ашылмақтан үміт бар».
Жаңбыр толас таба бере екі бірдей «КамАЗ» еліре жарысып, жердің апшысын қуыра жеткен. Клуб үйінің екі шетіне тұра-тұра қалысқан. Кабиналардан қарғып-қарғып түскендер түп-түгел ұсталар, шетінен шеберлер екен. Бесін шамасында қос «КамАЗ» үйме-төбе боп толып, қиядағы тастақ жолмен ыңырана көтеріліп бара жатты.
Ертеңіне Еңсегей клуб орнындағы қоқыс атаулыны жиып-теріп, от қойды.
Түс ауыңқырағанда тоғай жаққа барған Еңсегей, балаларының бірталай тірлік тындырып тастағанын көріп, таң қалды. Қамыстыбұлақ бойындағы егістіктің есіліп жатқан топырағына тәнтілігін танытып, Ақансерісінің арқасынан қағып, Кененсерісінің кекілінен сипады. Нар қамыстан сыбызғы жонып отырып, ойға және бой алдырып қойғанын байқамады. Басын көтерсе, Ақансерісі арық қазып, Кененсерісі көң тасып жүріпті.
Ымырт жабыла үшеуі бірге қайтқан. Клуб орнындағы бықсып жанған қалдықтардан із қалмағандай. Қалаймақан қабарыңқы күйдегі Қапсағайдың баурайына тағы бір түн қонғалы келе жатты. Селдір шарбақ жанындағы төмпешікте селтиген қызыл тікеннің буындары сырқырай сыздап, ауырып тұрған секілденді. Клуб жұртының күлін тіміскілеп күшік жүрді.