- 05 нау. 2024 04:25
- 340
Ауылым алтын бесігім
Ауылым алтын бесігім
Туған жер - адам өмірімен тікелей байланысты. Менің отаным Қазақстан Республикасы. Сол мемлекеттің ішінде Шымкент қаласы, Абай ауданы, Ақтас елді мекенінде мен дүниеге келдім. Балалық шағым туған ауыл көшелерінде алаңсыз ойнап өсумен өтіп жатыр. Туған ауылың бәрінен де ыстық екен.
Жазғы демалыс кезінде ауылдан сәл жырақ шығып, нағашы ата - апаларымның ауылына қыдырсам, туған ауылымның түтіні мен шаңына дейін жазғы күндері шәуілдеп жатпайтын итім Мойнаққа дейін сағынам. Ал ауылға қайтқан кезде, ауылға жақындағанда бойыма ерекше қуат бітіп, туған ауылымның ауасын ауыз толтыра жұтып, әрбір жусан иісі мен шәрбат татитын суын шөлім қанғанша рахаттанып ішіп аламын.
Туған бауырларыммен аунап - қунап қуаласып ойнаймын. Өз аулымды еш жерге айырбастамас едім. Таңертең сабаққа сөмкемді арқама асып алып үй сыртына шықсам, апа - аналарымыздың қазан басында күйбеңдеп үй шаруасы, ас қамымен жүргені, көшеге шықсам, ауылдағы ақсақалдардың азанғы сиырларын өріске айдап, бір – бірімен қауқылдасып амандасып, жөн сұрасып тұрғандарын көремін.
Көше бойлап келе жатып, алдымнан аппақ жұмыртқадай, әсем бой көтерген, ауыл мешіті, одан әріректе менің алтындай жарқыраған мектебім қарсы алады. Ондағы жүзі мейрімді апайларым күліп қарсы алады, сонымен қарбаласқа толы, қызықты сабақтар басталады. Міне мұның бәрін тәпіштеп жазып отырғанымның себебі, әрбір адам баласына өз туған жері, ондағы орналасқан әрбір ғимарат әрбір зат ыстық. Өзімнің туған ауылыма деген махаббатым ерекше, әрбір адам бойында мұндай қасиет болатынына сенемін.
Шымкент қаласы, Абай ауданы,
Ақтас елді мекені № 61 жалпы орта мектеп
5 сынып оқушысы: Қуандық Әли
Жетекшісі Серикбаева Гулдана Шырынбаевна