- 26 қаң. 2020 00:00
- 391
Ауылымды сағынып жүрмін
Бүгін тағы да түс көрдім. Таңғы арай. Мейірім толы бір таныс өлке өз-өзіне шақырады. Танауымды қарып өткен таңғы салқын ауа мұнша жылы сезілетінін кім білген? Жағасында сайран салып, құмнан соғылған қалашықтың ханшайымы сезінетін арғы беті көкжиекпен астасқан өзіміздің тып-тынық көл жағасында келе жатырмын. Менің балалық бал дәуренімнің бар естелігін, шад-шадыман күлкімді қойнауына сақтап қатпарлы жар әжімді қарт секілді күліп қарайды. Аяғы әсте тайып сонау басынан төменге дейін сырғанап құлап, сонан соң рахаттана күлетін балапан қыздың бойжетіп, өзіменен бой жарыстырып тұрғанына таңырқап қарайтын секілді. Қораздың ку-ка-ре--ку-лап шақырған жағына бет алдым.
Көтерілген күнмен таласа оянып, ауыл адамдары шаруасына кірісіп кеткелі қашан. Қой-ешкілерді шетеннен шығарып, көршілерімен шүйіркелесіп атам жүр. Немерелері көрпесін тартып алып, әдеттегідей әжем тоңып оянса да, "Нұрболым" (мінезі ер баланыкындей деп ер баланың атымен атайтын) деп ерекше махаббатпен иіскеп, шелегін сөмке секілді қолына іліп, мөңіреген бұзауларды енесімен табыстыруға бет алады. Жеңгем қайнатқан самауырдың кернеуінен будақтата шығып, масаханада тәтті ұйқыда жатқандарды түтін түрткілеп оятуда. Үйдегілер бірінен соң бірі сап салқын сумен бетін шайып үлкен дастархан басына жиналады. Әжемнің өзі жасаған ірімшік-құрты, күбі пісіп кеше ғана жинаған майы, иісі мұрыныңды жаратын жаңа ғана шоққа піскен ыстық наны, самауырдың ызылы, бауырларымның ортасында еркелеп ішкен шайдың бәрі қандай рахат. Әлемнің небірі байлығымен таразыға қойсаң да дәл осы сәт ауырланып кез келген құнды затты да оңай еңсеріп, төмен басып жата беретін секілді. Атам әдетінше, шайды ұзақ баппен ішіп отырып, менің жайымды сұрап мейірлене:
- Құлыным, сабағың қалай? -деп сұраулы жүзін маған аударды. Дәл осы сәтте телефон қоңырауынан ояндым. Сағат 8:12 -ден кетіпті. Телефонды көтерсем анам екен. "Қызым, сені сағынып ояндым. Демалыста келіп кетсейші", - дейді. Анашым, қызыңыз да үйін, балалығын сағынып жүр...