Айгүл Мыңбаева: Жаңартылған білім мазмұны кезең-кезеңмен жүзеге асырылады
Заманауи талаптарға сәйкес, бүгінгі бала, ертеңгі маман бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық мектептер жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлім етті.
Оның айтуынша, 12 жылдық білімге көшу идеясын Елбасы 2001 жылы білім және ғылым қызметкерлерінің съезінде алған ұсынды. 2002 жылы осыған көшу жөнінде тәжірибе жұмыстары басталып, тиісті нормативтік-құқықтық база жасалды. 2003-2004 оқу жылы облыстың төрт мектебі тәжірибеге қатысып, осы білім ордасының түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 92,6 балл жинады. ҰБТ-ға қатысқан 33 оқушының 18-і немесе 54,5 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды.
Мемлекет басшысы 2011 жылы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы 12 жылдық мектеп толықтай қызмет етуі қажеттігін атап өтсе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес 2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары қолға алынды.
12 жылдық білім беруге көшудің негізгі мақсаты - 5-6 жастағы балаларды 0-інші сыныпта оқыту және мектепалды даярлықтың бірыңғай үлгі бағдарламасын енгізу. 12 жылдық білімнің сызбасы 0 сынып + 11 сынып қағидасына сәйкес құрылды.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы кестеге сәйкес кезең-кезеңмен енгізіледі:
2016 жылы - 1 сыныптар;
2017 жылы - 1,2, 5,7 сыныптар;
2018 жылы - 1,2,3,6,7,8,10 сыныптар;
2019 жылы - барлық 1-11 сыныптар.
2015-2016 оқу жылында жаңартылған білім бағдарламасы республика көлемінде 30 пилоттық мектепте, тек қала ғана емес, ауылдардағы білім ордаларында да сынақтан өтті. Соның ішінде БҚО-дан Орал қаласындағы М.Ықсанов атындағы №36 және Теректі ауданындағы Шаған орта мектептерінде апробацияға 7 сыныпта білім алатын 146 оқушы (131 оқушы қазақ тілінде, 15 оқушы орыс тілінде білім алды) қатысты. Білім беруді 7 бастауыш сынып және 16 пән мұғалімдері жүзеге асырды.
Жаңартылған білім мазмұнын енгізудің сәттілігін мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың бейімделген бағдарламаны жақсы қабылдауынан көруге болады. Сондықтан аталмыш бағдарлама 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектебіне енгізілді.
Облыс бойынша 1 сыныпқа 11373 оқушы қабылданса, соның 7426-сы қазақша, 3947-сі орысша білім алады. Бастауыш мектептің үлгілік оқу жоспарына 14 пән, оның ішінде үшеуі жаңадан: «Жаратылыстану», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ)» 3 сыныптан басталады, «Көркем еңбек» («Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» пәндері мазмұнының кіріктірілуі есебінен) енгізілді. Ағылшын тілін оқыту сағаттары көбейіп, алғаш рет қазақ тілді мектептерде 1 сыныпқа «Орыс тілі» пәні енгізілді.
Жаңартылған білім мазмұнымен қатар 5 күндік оқу аптасына көшу кезең-кезеңмен енгізіледі.
Жаңартылған білім мазмұнына көшуде дәстүрлі оқулықпен қатар цифрлық оқыту ресурстарын (ЦОР) қолданудын маңызы зор. ЦОР - оқыту барысында қолданылатын бейнематериалдар мен интерактивті сабақтар. Әрине, олар педагогты оқыту ісінен шеттетпейді. Ұстаз сыныптағы басты тұлға болып қала бермек. Алайда, бейнематериалдар мен интерактивті сабақтар мұғалімнің балаларға қажетті ақпаратты жеткізу міндетін айтарлықтай жеңілдетері сөзсіз.
Білім беру үрдісі барысында цифрлық оқыту ресурстарын қолдану мақсатында 2016 жылдың күзінен бастап шағын жинақты мектептерді құралдармен (экран, проектор, компьютер, процесор) техникалық жабдықтау басталды. Бұл бағытта 2016 жылы 106 шағын жинақты мектепке мультимедиялық жабдықтар сатып алуға республикалық бюджеттен 105 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар облыстың 157 мектебінде Bilimland.kz білім беру тұғырнамасының мүмкіндіктері оқу процесінде қолданылуда, бұл интерактивті сабақтарға қатысуға мүмкіндік береді, сонымен қатар мектеп бағдарламасы негізінде жасақталған қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі оқыту ресурстарымен жабдықталған.
«Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» базасында жаңартылған білім беру мазмұны аясында біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Оқыту барысында 2500-ден астам бастауыш сынып, қазақ тілі мен орыс тілі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, бейленеу өнері мен технология, музыка және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қамтылды.
«Білім басқармасының бұйрығы негізінде педагогикалық шеберлік орталығымен бірлесе отырып, әр ауданда жаңартылған білім мазмұнына қолдау көрсететін 44 жетекші мектеп бекітілді, оларға 345 магниттік мектеп тіркелді. Осыған байланысты білім басқармасы жанынан үйлестіру кеңесі құрылып, жетекші мектептердің жұмыс жоспары жасақталып, нақты істер атқарылуда», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Айгүл Мыңбаева.