Photo: BYB BYB (https://www.pexels.com/@byb-byb-412101727) / Pexels
- 30 мам. 2026 13:30
- 35
Бағдагүл емші Баян Мақсатқызының концертіне тыйым салуды талап етті
Әлеуметтік желіде «емші Бағдагүл» атанып жүрген азаматша, продюсер Баян Мақсатқызының KeshYou тобының 20 жылдық мерейтойына арналған концертіне қатысты наразылық білдірді. Ол бұл шараға тыйым салуды талап етіп, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Концерттің «жын-ойнаққа» ұқсағаны айтылды
Бағдагүлдің айтуынша, KeshYou тобының мерейтойлық концерті «жын-ойнаққа» айналған және жастарға теріс үлгі көрсетеді. Ол Құрбан айт сияқты қасиетті мереке күндері мұндай «ашық-шашық, бейәдеп көріністері» бар, мән-мағынасыз кештің өтуіне неге рұқсат берілгенін түсінбейтінін жеткізді. Емші бұл іс-шараның қазақтың салт-дәстүріне мүлдем қайшы келетінін алға тартты.
Билікке сын айтылып, басқа елдермен салыстырды
Бағдагүл өз үндеуінде биліктің бұл мәселеге немқұрайлы қарап отырғанын сынап, Өзбекстан мен Қырғызстан секілді басқа мұсылман елдерінде мұндай жағдайларға жол берілмейтінін айтты. Ол тікелей Мемлекет басшысына арнап, заң жүзінде тиісті шаралар қолдануға шақырды. «Тоқаевқа үндеу! Мұндай әдепсіз шоу-концерттерге заң жүзінде тыйым жасалып, тоқтатылсын!» – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.