Бала тілін ойын арқылы дамыту
Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да тәрбиеші балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, оқу іс – әрекетінде бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.
Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының объективті пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.
Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.
Психолог – ғалымдар: Н. Н. Поспелов, Ю. А. Петров, А. Н. Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау» дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой - пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі.
Мектеп жасына дейінгі баланың логикалық ойлауын дамытудың негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Балалардың ойлауын дамыту туралы М. Жұмабаевтың сөзімен алсақ:
«Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».
Баланың логикалық ойлауы арқылы тілін дамыту үшін, тәрбиешіге оның теориясын терең білу міндеті жүктеледі.
Логикалық ойлауды дамытудың кестесі арқылы тіл дамыту жолдарының кестесін жасауға болады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда сұрақтардың алатын орны ерекше. Сондықтан балаға қойылатын сұрақ жүйелі, әрі түсінікті болу керек. Сұрақтар қоя білу қиялдаудың ең жоғарғы сатысы және нәтижелі ойда негізгі рөл атқарады. Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс - әрекеті және олардың айналадағы өмірден алған білімдерін, әсерлерін, жинақтаған тәжірбилерін өз бетінше іс жүзіне асырады. Сондықтан ойын балалар үшін өзіне тән жүру барысымен, мақсатымен маңызды. Міне, осыдан баланың логикалық ойын қиялдау қабілеті шыңдалады, дамиды. Бұл қазіргі заманға өте қажет. Өйткені, бұл компьютер ғасыры.
Баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлауда, оның ақыл - ойы, адамгершілік - эстетикалық сезімдерін, логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруда – балаға құрметпен қарау қажет.
Бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытуда қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын ойын арқылы үйретудің математикалық диктант жазудың, заттарды әр - түрлі геометриялық пішіндерден құрастырудың, ауызша есеп шығарудың, көру арқылы салыстырудың, қиялдаудың жұмбақтар жаттаудың маңызы өте зор. Біздің балабақшаның тәрбиешілері логикалық ойлау қабілеттерін жоғарлатуда.
1. «Логика» ұғымына түсінік
Білім берудің басты мақсаты - үнемі өзгеріп тұратын әлеумет жағдайына қарай өсіп келе жатқан ұрпақты даярлау. Өзгермелі өмірге қарай балаларды бейімдеуде білім мен тәрбиемен қаруландыру білім беру үрдісінің негізгі кілті болып табылады. Логикалық ойлау әдістерін меңгермеген балада, білім саласында көп қиындыққа ұшырайды: есептерді шығаруда, жаттығуларды орындауда көп уақытын және күшін жоғалтады. Нәтижесінде денсаулығы әлсірейді, оқуға деген құлшынысы төмендейді. Бала логикалық операцияларды меңгергенде, анық және дәл ойлай алады, амалды орындауда неге мән беру қажеттілігін түсінеді, өзінің дұрыстығы туралы пікірін білдіре алады. Білімді меңгеру оңайға соғады, мектеп бала үшін қуаныш әкеледі.
Логикалық тәсілдер - салыстыру, талдау, жіктеу, дәлелдеу әртүрлі іс - әрекеттерде қолданылады. Білім берудің мұнай құндылығы күнде артып келеді. Мұның дәлелі ретінде компьютерлік білім сауаттылығы, логиканың теориялық негізін құрайды. Бұл жөнінде адамдық ойлаудың түрлі бағыттары бойынша: Сократ, Аристотель, Декарт, Гегель, М. Берцфаи, М. Монтессори, Ж. Пиаже, П. П. Блонский, Л. С. Выготский, П. Я. Гальперин, және т. б. еңбектерінде көрініс тапқан.
Логика ғылым ретінде дүниеге келіп, қалыптасқан отаны Ежелгі Грекия деп саналады, ал оның негізін салған ертедегі грек философы Аристотель оны «ойлаудың грамматикасы»деп атаған екен. Ежелгі Грекияда логика саласындағы ғылыми зерттеулерді алғаш бастаған Демокрит. Сондай - ақ Ежелгі Грекия идеалистері Сократ пен Плотон да айналысты. Бірақ, олардың ешқайсысы да логика ғылымын жасай алмады. Тек бұл міндетті Аристотель іске асырды.
Логика гректің logos – «ойлау», «сөз», «ақыл - ой», «заңдылық» деген ұғымдарды білдіретін кең мазмұнды сөзінен шыққан. Осыған сәйкес «логика» термині, негізінен, мынадай үш мағынада қолданылады: 1) шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың заңдылықтарын білдіру үшін; 2) ойлаудың дәйектілігін, айқындылығын, дәлелділігін білдіру үшін; 3) логика ғылымы - ойлау логикасының теориялық, ғылыми бейнесі ретінде қолданылады.
Ә. Тұрғынбаевтың анықтамасында «Логика дегеніміз - ойлауды дұрыс құрудың заңдары мен формалары, ережелері туралы, философиялық ғылым» делінген. Ойлау дегеніміз – ең алдымен шындық дүниесінің адам миында бейнеленуі болып табылады.
1. Негізгі мақсаты мен зерттеу пәні:
Логика ұғымы объективті дүниенің, шындықтың даму заңдылықтарын бейнелеу мағынасында да қолданылады. Кең мағынада Логика ойлаудың ғана емес, болмыстың да байланыстарын көрсетеді, бұл жағынан ол онтологиямен сабақтас. Ойлау мен таным қатар жүретіндіктен Логика таным теориясымен (гносеологиямен) байланысады. Логика философияның негізгі бөлігі болып табылады, өйткені философия “оймен басталып, оймен жалғасады, сондықтан оны кейде “ойлау туралы ойлау” деп анықтайды.
Логикалық ойлаудың қисындылығы олардың шындыққа сай келуінде. Логикалық ойлауға түскен құбылыстың себептері мен салдары, ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Пікір алмасу кезінде, әсіресе математикалық тұжырымдар кезінде пайымдау, ойлау заңдылықтарын немесе былайша айтқанда сол заңдылықтар мен формалары жөніндегі ғылым - логиканың көмегімен бір пікірден екінші пікірді шығарамыз. Логикалық тұжырым теориясының ең алғаш грек философы Аристотель негізін қалаған.
Қазақстан Республикасының білім беру стандартында білім берудің басты міндеті логикалық ойлауды дамыту болып табылатындығы атап айтылған. Мектепалды даярлық топ балалардың логикалық ойлауын дамытудың негізгі кезеңі. Бұл кезде балалардың ойлары нақты – бейнеліден абстрактылы – логикалық ойлауға қарай дамиды. Логикалық тапсырмалар орындатудың маңызы зор. Логикалық тапсырмалар балаларды белсенділікке тәрбиелеу, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру, сондай - ақ балаларды икемділік пен шеберлікке баулу мақсатында пайдаланылады.
1. Мектеп жасына дейінгі баланың логикалық тұрғыдан дамуына ойын арқылы ықпал жасау.
Бала ең алғаш мектепке келген кезде, біршама уақыт өзінің ойыншықтарын, бірге ойнаған достарын ұмыта алмай ойы соларға бөлініп жүретіні түсінікті жай.
Балабақшада баланың логикасын дамытуды жеделдететін, нақты геометриялық пішіндермен айлалы әрекеттер жасай отырып абстракты математикалық тұжырымдамаларды қабылдауына ықпал ететін жаңа мазмұндағы ойыншықтармен ойната отырып оқытқан жағдайда оның мектеп өміріне қызығушылығы арта түседі.
Бұл ретте қоғамдық тәрбиенің негізін салушы бүкіл саналы өмірін балабақша тәрбиелеріне «әрбір бала - өзінің мүмкіндіктеріне жету үшін лайықты білім беруді күтетін бірегей тұлға» - деп өз бағдарламаларын үйретуден жалықпаған Фридрих Фребельдің материалдарынан жасалған, көз жауын аларлықтай алуан түсті, экологиялық таза, ағаштан жасалынған математика, информатика пәндеріне арналған геометриялық фигуралар, ұшбұрыш, төртбұрыш, ромб, трапеция, ірі - майда дөңгелек айшықтар мен ұзын, қысқа кесінділерден т. б., бір комплектіде 14 бөліктен тұратын оқыту кезінде ойын элементтерін қолдануға ыңғайлы ойыншықтарды ұсынады. Геометриядан фигуралардан жұлдызшалар жануарлар, зәулім ғимараттар құрастыруда математикалық логиканың даму процесін жылдамдатуға логикалық ойлауды жүйелеумен бірге, логикалық операциялар сияқты негізгі ұғымдарды модельдеуге ықпалы зор. В. Давыдовтың «Балабақша баласының психологиялық даму» еңбегінде: «Оқыту үрдісіндегі балалардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» делінген.
Логикалық тапсырмалар арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үш негізгі бағытта іске асырылады:
Қызығушылығын арттыру;
Ойлау және қабылдау қабілетін дамыту;
Шығармашылық ізденісін дамыту.
Логикалық тапсырмалар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатына негізделген дәріс моделін құрастыруға болады.
Мұндай сабақтардың құрылысы 4 кезеңнен тұрады:
1. Машық. Сергіту;
2. Балалардың шығармашылық қабілетінің негізі болатын психологиялық механизмдерінің дамуы (ес, зейін, қабылдау, ойлау);
3. Іздену тапсырмаларын орындату;
4. Балаларға белгілі түсінікпен жаңалықты көруге тәрбиелеу, мақсатында логикалық тапсырмаларды орындату.
Осы кезеңдегі берілетін тапсырмалар түрлері:
1. Көру қабілетін дамытатын тапсырмалар
2. Есту қабілетін дамытатын тапсырмалар.
1. Көру қабілетін дамытатын ойындар.
Жамауды таңдап ал.
Келесі тұратын суретті таңдап және орнына қой.
Көлеңкесін тап.
Есту қабілетін дамытатын тапсырмалар.
Математикалық жұмбақтар.
Неше алма?
«Бес» алған Асанға –
Бес алма.
«Төрт» алған Досанға –
Төрт алма.
«Үш» алған Хасанға –
Үш алма.
«Екі» алған Болатқа –
Неше алма?
(2)
Інісі мен досын
Сыйлау үшін Қасым
Алма сатып алды.
Әрқайсысына:
Інісімен досына,
Өзіне 1 алмадан болды.
Ол неше алма сатып алды? (3)
Өлең есептер.
Күн шуақтап күшік отыр,
Құйрығын күнге қыздырып.
Жанына бір күшік келіп,
Отыра қалды жылынып.
(1+1=2)
Асан жеді бір кәмпит,
Үсен жеді бір кәмпит.
Қосқан кезде барлығын,
Болады екен неше кәмпит?
(1+1=2)
Екі шаршы Саматта,
Біреуі көрші Маратта.
Бұл шаршыны балалар,
Кәні, қосып санаңдар!
(2+1=3)
Осындай тапсырмалар орындау барысында балалардың субъектілік алғы шарты туындайды:
1. Оқу іс – әрекетіне деген қызығушылығы артады;
2. Ой - өрісі дамиды;
Құрылған тапсырмалар мазмұны жағынан бір - біріне ұқсамайды. Бұл баланың ой - өрісін дамытып қана қоймай, оны байқағыштыққа, шапшаңдыққа, ойын дәлелдеуге де үйретіп, әрі оны жалықтырмайды. Әр сабақ сайын тапсырмаларды қиындатамын, көлемі көбейген сайын тапсырмаларды орындау жылдамдығы да артады.
Оқу іс – әрекетінде тапсырмалардың мынадай түрлерін өз тәжірибемде пайдаланып жүрмін:
1. «Бір сөзбен ата» әдістемесі
2. «Не артық» әдістемесі
3. «Суреттерді есте сақта» әдістемесі
4. «Қисынсыздықтар» әдістемесі
5. «Суретте қандай заттар жасырылған» әдістемесі
6. «Айырмашылықтарын тап» әдістемесі
7. « Мына суреттерде не жетіспейді?» әдістемесі
8. «Белгілерді қой» әдістемесі
«Бір сөзбен ата» әдістемесі
Мақсаты: осының арқасында оларды бір топқа біріктіруге болатын заттардың өзара қарапайым байланыстарын анықтау икемділіктерін, сондай - ақ баланың заттардың жинақтаушы атауын меңгеру деңгейін анықтау.
Тапсырманың сипаттамасы: балаға бір топқа жататын 3 сурет, мысалы, сәбіз, қияр, қызанақтың суреті ұсынылады. Бала берілген суретті жинақтаушы бір ұғыммен атауы тиіс.
«Не артық» әдістемесі
Мақсаты: белгілі бір топқа жататын нысандарды жіктеу, оған сәйкес келмейтін «артық» нысанды шығарып тастау.
Тапсырма: балаға бір топқа жататын заттар және осы заттардың тобына жатпайтын бір зат бейнеленген карточкалар ұсынылады. Оларды қарап көрген бала 1 «артық» суретті алып тастауы тиіс.
«Суреттерді есте сақта» әдістемесі
Мақсаты: бейнені есте сақтау ерекшеліктерін үйрену және оларға диагностика жасау.
Тапсырма: балаға бетіне 5 заттың суреті бейнеленген карточка ұсынылады. Ол бұл заттарды 1 минут ішінде қарап көруі тиіс. Осыдан кейін карточканы алып қойып, баладан өзінің есінде қалған суреттерді атап беру талап етіледі.
Дұрыс аталған бейнелердің санына қарай нәтижелерге баға қойылады.
«Суретте қандай заттар жасырылған» әдістемесі
Мақсаты: кескіні бойынша бейненің тұтас қабылдануын (ұғынуын) анықтау.
Тапсырма: балаға заттардың кескіні бейнеленген сурет ұсынылады. Онда қандай заттардың (барлығы бесеуі бейнеленген) жасырғанын анықтау керек.
«Айырмашылықтарын тап» әдістемесі
Мақсаты: заттарды өзара салыстыру тәсілдерін меңгеру деңгейін анықтау.
Тапсырма: бала 2 суретке зер сала қарап, олардың өзара айырмашылықтарын (барлығы 5 айырмашылық бар) атап көрсетуі қажет.
«Мына суреттерде не жетіспейді?»әдістемесі
Мақсаты: қабылдау (ұғыну) тұтастығын анықтау.
Тапсырманың сипаттамасы: балаға кейбір заттың бір бөлігі жетіспейтіндей етіп бейнеленген суреттер тобы ұсынылады және жетіспейтін бөлікті мүмкіндігінше тез анықтап, оны атау жөнінде тапсырма беріледі. Диагностика жүргізуші баланың бүкіл тапсырманы орындауға жұмсаған уақытын белгілейді.
«Белгілерді қой» әдістемесі
Мақсаты: зейіннің нәтижелілігі мен орнықтылығын анықтау.
Тапсырманың сипаттамасы: балаға суретті көрсетіп, онымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреді. Бұл жұмыстың реті мынадай: әрбір шаршыға, үшбұрышқа, шеңберге және ромбыға үлгінің жоғарғы жағында берілген белгіні қою керек. Бала тапсырманы 2 минут уақыт ішінде үзіліссіз орындайды.
«Кімге не жетіспейді?» әдістемесі
Мақсаты: ойлаудың психологиялық диагностикасы.
Тапсырманың сипаттамасы: балаға ұсынылатын карточкада бейнеленген балалардың әрқайсысына бір зат жетіспейді. Ал оларға жетіспейтін зат жеке суреттерде бейнеленген. Суреттегі әрбір затты ол жетіспейтін суретпен салыстыру керек. Орындау уақыты - 30 секунд. Әр тапсырманың өзіндік қызметі мен нәтижесі баланың қабілетін қалыптастыра отырып, дамытуға үлес қосары сөзсіз. Өткен оқу жылы мен былтырғы оқу жылының қорытындыларын салыстырғанда балалардың логикалық ойлау қабілеттерінің деңгейінің өскенін, кейбір балалардың жағдайлары өте жақсы көтерілгені байқалды.
Қорыта айтсам, оқу - тәрбие үрдісінде балалардың ойлау процестерін дамыту үшін жоғарыда ұсынылған логикалық тапсырмалар, тренингтік жаттығуларды ұйымдастыру қажет. Сондай - ақ, тренингтік жаттығулар бала білімінің деңгейін көтеріп қана қоймай, бір - бірімен жақындастырып, достыққа, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелейді; жүйелі ойлап сөйлеуге, сөздік қорын молайтуға, қиялын ұштауға жетелейді.
Қорытынды
Қорытындылай келе, баланың логикалық ойлауын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйеленді және оны ұйымдастырудың тиімді жолдары, әдіс - тәсілдері айқындалады, ол өз ретінде, балалардың логикалық ой - қабілеттерін қалыптастыру жұмысының жағдайын бір шама арттырды – деп ой түйіндейміз.
Баланы өмірге келген шағынан бастап денсаулығына зиянсыз, дамуына мүмкіндік жасай алатын, шығармашылығы мен танымдық қабілеті дамуына ықпал ететін орта құру бүгінгі күннің басты талабы. Баланы қоршаған ортасы, оның интеллектуалды өсуіне, алған білімін өмірде қолдана білуіне ықпал етіп, айналадағылармен дұрыс байланыс жасауға үйрететін орта болуы тиіс.
Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да тәрбиеші балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады. Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.