- 20 ақп. 2017 00:00
- 219
Балабақшаға орын алу республикалық бір кезекке біріктіріледі
Қазақстанда балабақшаларға арналған жаңа санитарлық нормалар мен ережелер енгізіледі. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім етті.
«Балабақшаларда кезектілікті тәртіпке келтіру қажет, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қою қажет. Ол үшін барлық кезектерді республикалық бір тізбекке біріктіруді жоспарлап отырмыз және электронды үкімет деңгейінде балабақшаға жолдама беруді автоматтандыру ескеріліп отыр», - деді министр.
Осы орайда ол бұл мәселеде бүгінде өңірлерде жағдай бір қалыпта емес екенін жеткізді.
«Негізінде, «Балапан» бағдарламасының қаражатын (балабақша қызметтері үшін төленетін - автор) бағыттау құқығын ата-аналарға берген жөн. Олар үздік ұйымдарды өздері таңдап, мемлекеттік тапсырысты сол жаққа бағыттауы қажет. Бұл тұрғыда жекеменшік пе немесе мемлекеттік балабақша ма - маңызды емес», - деді Сағадиев.
Министрдің сөзіне қарағанда, алға қойылған міндеттер күрделі болғанымен, жарты немесе бір жылда орындауға мүмкіндік бар.
«Сонда барлығы әділетті әрі ашық болады. Бізде төрт жоба қанатқақты режімде Астана, Қарағанды, Алматы және Қостанайды әкімдіктерінде енгізілуде», - деді ол.