- 19 нау. 2020 00:00
- 235
Балгермен бәтуа
Қажымұқан жолаушылап, ауылға қайтарда, жолай үйіне бір балгер жігітті ерте келеді. Онымен бәтуаласып, былай дейді:
— Ал, жігітім, бар шеберлігіңді сал. Енемнің аты — Тәкей. Бес қызы бар. Үлкені — менің зайыбым, оның аты — Мінай. Ең кішісі он бес-он алтыға келіп, бойжетіп қалды. Осы қыз жайлы бір хабардың шетін шығарыңқырап ебін тауып, құмалағыңды сөйлет. Қазір анамды шақырайын, — деп Қажекең сыртқа шығып, енесін ертіп келеді.
— Қане, құлындарым, аман-есен жүр ме екен, бал ашып бере ғой... Бал басың, міне, — деп Тәкей әжей қалтасынан тиын-тебен алып, балгердің алдына қояды.
Балгер жігіт өз-өзінен күбірлеп, ақ орамалдың үстіне шашылған жүгерілерге қарап отырып, әлден соң сөйлей береді.
— Әже, бес перзентіңіз бар екен ғой. Қазір өзіңіз ең үлкенінің үйіндесіз ғой шамасы. Үшеуі тұрмыста сияқты ғой... Бәрі аман. Бірақ мына бір құмалақ жеке тұр ғой. Ең кішіңіз осы болса керек. Балдың айтуына қарағанда, кенжеңіз тұрмысқа шыққан ба? Шамасы бір жетінің ішінде шақырушы келіп тұр ғой босағаңызға, — деп балгер жігіт сөзін аяқтағанда, Тәкей әжей:
— Мынау не деп кетті, ойбай-ау, тұрмысқа шыққаны несі? Әлі жас қой. Ой, қу Құдайым-ау, шұнақ Құдай, бұл не қылған іс болды? — деп жылай береді. Сонда төрде қисайып жатқан Қажекең сылқылдап күле жөнеліпті. Мұны сезген енесі көзін сүртіп:
— Әй, балуан-ай, сенің-ақ ойының таусылмайды-ау. Ұйқы-тұйқы бұл қандай бәле десем... Қой, балың құрсын, балың құрсын, — деп сыртқа шығып кетіпті.