- 05 жел. 2017 00:00
- 272
Балғожа би
Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз - 1860) - би. Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа би Жаңбыршыұлы Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған.
Балғожа Жаңбыршыұлы 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы «сотник»), 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған.
Ресей өкіметі тарапынан «Ынталылығы үшін» («За усердие») деген алтын медальмен марапатталған. Сонымен бірге патша өкіметі оған аты жазылған екі тапанша мен қосауызды мылтықты сыйға тартқан.
Балғожа би Жаңбыршыұлы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатысқан. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерісшілер қолынан қаза табады. Осыдан соң немересі Ыбырайды өз тәрбиесіне алған. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға береді. Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа би табысқа жетудің ендігі жолы - оқу деп біледі. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған «төре» болып шығуы, ата-анасын асырауы. Балғожа би бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:
Үміт еткен көзімнің нұры - балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Мектеп бітіргеннен кейін, 1857-1859 жылдары аралығында атасы Балғожа бидің хатшысы болады. Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» кітабына «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген өлеңді енгізген. Сол өлеңде айтылатын ақыл - өсиеттер Балғожа бидің сөздері.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлтық энциклопедиясы 2 том.