Байбаламнан – бірлік күшті
Әдебиет пен көркемөнер саласындағы қайраткерлердің алдына қойып отырған талап: бүгінгі замандастарымыздың жарқын бейнесін жасау, олардың коммунизм құру жолындағы қажырлы еңбегін көрсету, жаңа адамдарымыздың рухани байлығын паш ету, көпке үлгі етіп ұсыну болып отыр. Бұл өскелең өміріміздегі ғажайып өзгерістердің иесі, бүкіл халқымыздың ақыл-ойы Ұлы
Коммунист партиясының қойып отырған талабы. Жазушылардың Бүкілодақтық III съезі де осы ұранмен өткені мәлім. Партияның әдебиет пен көркемөнер иелерін өзінің сенімді серігі, көмекшісі деп атауында да зор саяси мән бар. Бұл біз үшін үлкен бақыт, демек, Отанымыздағы әрбір табыста жазушының да, мәдениет қайраткерлерінің де өз үлесі болсын, барлығына бірдей жауаптымыз деген зор сенімнен туған тұжырым. Жазушылар халық өмірімен бірге тығыз байланысып, біте қайнасқанда ғана осы талапты, осы сенімді ақтай алады деген сөз.
Біз енді республикамыздағы әрбір әдеби, мәдени өзгерістерге осы талап, осы сенім, осы міндет тұрғысынан қаpayымыз керек. Бұл салада нендей жетістік, нендей кемшілігіміз бар деген сұрауға жауап іздесек драматургия мен театрға айтылып жүрген талаптардың да бетін ашамыз. Театр мен драматургияның көп жұмысы ең алдымен республикадағы творчестволық ұйымдармен тығыз байланысты екені белгілі. Демек, болған кемшілікке, табысқа сол творчестволық ұйымдардың басшылары да ортақ екендігінде дау жоқ. Кейінгі жылдардағы әдебиет пен көркемөнер саласындағы қол жеткен табыстарымыздың бәрі Москвадағы онкүндікке таразыға түсіп, белгілі бағасын алды, ол өз алдына. Содан кейін осы салада не істеліп жатыр, қандай жаңа шығармалар туды, әдебиет пен көркемөнерге қойылып отырған бүгінгі талапқа жауап берерліктей неміз бар деген сұрақ туады. Әдебиетіміздің, көркемөнеріміздің негізгі тақырыбы — бүгінгі күн тақырыбы болу керек екендігі кейінгі жылдардағы партиялық документтерде арнайы аталып келеді.
Рас, өткен жылы театрларымыздың репертуарына бүгінгі күн тақырыбына арналған Ә. Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», С. Адамбековтың «Күн мен көлеңке», P. Райымқұлов пен Қ. Исабаевтың «Ашынған адамдар», В. Абызовтың «Ғашықтар айласы» атты шығармалары қосылып бұл салада аздаған серпілу бар екендігін аңғартты. Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Достық жолы» балеті де зор табысымыз болып саналады. Әрине бұлар тілек-талаптың бәріне бірдей жауап берерлік мінсіз шығармалар деген пікірден аулақпыз. Әрқайсысының өзіне тән жеке-жеке кемшіліктері де бар. Бірақ сеніммен айтатын бір шындық бар. Ол — жазушыларымыз бүгінгі күн тақырыбына шұғыл бет бұрды деген шындық. Одан кейінгі кездері өзіміз танысқан, әлі сахна бетін көрмеген бүгінгі өмірімізді бейнелейтін Ғ. Мүсірепов пен К. Игнатюстің «Қоғамдық соты», Ш. Хұсайыновтың «Таныс адамдары», Қ. Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтың «Алтын таулар» либреттосын қоссақ тағы да бір тартымды еңбектердің туып келе жатқанын көреміз. Әлбетте бұл айтылған бір-екі шығарма сан-салалы өміріміздің жан-жақтылығын қамтитын еңбектер еместігі мәлім. Бұдан туатын қорытынды бүгінгі күн өмірін бейнелеуге арналған шығармалардың әлі де болса тақырып шеңбері тар, үлкен әлеуметтік проблема қоятын еңбек жоқ екендігін дәлелдейді.
Бүгінгі заман тақырыбына музыкалық ipi шығармалар жазу да өте баяу. Композиторлар тарихи тақырыптарға айналсоқтай береді. Қазақтың Абай атындағы опера, балет театрының сахнасында бүгінгі өмірге бағышталған бірде-бір опералық шығарманың көрінбеуі қынжыларлық жайт. Баспа беттерінде көбіне осыған жазушы композиторлар кінәлі деген пікірлер көрінеді. Қаншама ұйымдастырып жатырмыз дегенмен мұнда да шындық бар. Биылғы жылдың өзінде драматург композиторлармен екі-үш рет кеңес өткізілді, ондағы әңгіме негізінен репертуар мәселесі болды. Тіпті кейбір авторларды жеке-жеке шақырып сөйлескен жайлар да жиі болды. Не пайда әзір мардымды нәтиже көрінбей келеді. Бұған кім кінәлі? Ең алдымен республикамыздың Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы кінәлі. Сіздер театрларыңызды әлі де болса советтік өмір шындығын бейнелейтін кең тынысты, өскелең өмірлі қазіргі заман тақырыбына арналған шығармалармен қамтамасыз ете алмай отырсыздар.
Әрине шығарма жазу, коллегияның қаулысымен пәлен мыңның кітабын тарату сияқты ұйымдастыру мәселесінен әлдеқайда қиын екендігі баршаға мәлім. Нағыз көркем шығарма ең алдымен бүгінгі күннің талабын терең түсінген, халық жүрегімен тілдесе білген, халықпен біте қайнасқан, заман алдындағы борышын жан-тәнімен жауапты ұғынған ғана суретшінің қолынан тумақ. Олай болса, бәріне бірдей театрлар мен Мәдениет министрлігі кінәлі деген байбаламмен басын алып қашу, сыпайылап айтқанда творчестволық дәрменсіздік, заман талабын түйсіне ұғынбаушылық болып шығады.
Баршамызға белгілі КПСС Орталық Комитетінің әдебиет, мәдениетке арналған тарихи шешімдері еңбекшілер арасында көркемөнерпаздар коллективінің өрістеуіне мол мүмкіншіліктер беру керек екендігін атап көрсетті. Қажырлы еңбек халқымызды коммунистік рухта тәрбиелеуде халық театрларының, өнерпаздар үйірмелерінің атқаратындығы мәлім. Осыған орай бүкіл одақ көлемінде «халық театрлары» құрыла басталды. Мәдениет министрлігі облыстық мәдениет басқармалары мен театр режиссерлерінің, мәдениет қайраткерлерінің бас қосқан кеңесін өткізгенде жергілікті жерлерде «Халық театры» атағын алуға ынта көрсеткен бірнеше коллективтердің бар екенін анықтады. Көптеген көркемөнерпаздар коллективі өз сахналарында совет авторлары мен классиктердің көлемді шығармаларымен өздерінің зор қабілетін көрсетіп, қалың қауымға эстетикалық тәрбие беруде абыройлы жұмыстар өткізіп жатқандығы байқалды. Көптеген коллективтердің өз материалдық базасы жеткілікті болуымен қатар, орындаушылық шеберлігі де жоғары дәрежеде, көруші жұртшылықтың сый-құрметіне ие болып отыр. Республикамыздағы осы бір мәдени қозғалыстың барысын жан-жақты зерттей отырып ірі-ірі 17 көркемөнерпаздар коллективіне «Халық театры» деген атақ берілді. Осы театрлардың режиссер кадрларын дайындауға екі айлық курс ашылды. Оның үстіне келешекте республика театрларын режиссер кадрларымен қамтамасыз ету мақсатымен Алматы консерваториясының жанынан режиссерлар дайындайтын арнаулы бөлім ашылып отыр.
«Халық театрлары» өнерпаздық жағынан осы күнгі драмалық—профессионалды театрлардан кем түспеу жағы ескеріліп, жергілікті партия, совет, кәсіподақ ұйымдарының тікелей басшылығында болмақ. Әрбір «Халық театры» өз сахнасында жылына 3-4 ірі көлемді, 5-6 шағын көлемді шығармалар көрсетуі шарт. Міне, көріп отырсыздар, репертуар дайындау мәселесі бұрынғыдан да жауапты, бұрынғыдан да ұйымдастыру жағының икемділігін талап етеді. Біздің драматург жазушыларымыз да бұл салада бұрынғыдан да өнімді еңбек етуі керек, осы күнге дейін шағын көлемді пьесалар жазуға көңіл бөлінбей келді. «Халық театрларының» құрылуы бұл жанрдың жанданып, театр сахнасынан өз орнын алады деген сенім зор. Бұдан бұлай репертуар дайындау мәселесінде Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы жауапкершілігін түсінеді деп білеміз.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі заман тақырыбына бет бұруға жазушылар, композиторлар жұртшылығын жұмылдыра түсуде оның баспасөз орындары да дәрменсіздік жасап отыр. «Қазақ әдебиеті» газеті жалпы әдебиет мәселесімен бірге театр, драматургия, музыка мәселелеріне көңіл бөлмей келді. Басқаны бұлай қойғанда тікелей байланысы бар драматургия мәселесінде де проблемалық мақалалар жарияламайды. Жалпы мәдениет саласында тек қана ұсақ хат-хабарлар берумен ғана шектеледі. Газеттің осы жылғы номерлерінде репертуар, театр жайлы жарияланған мақалалар өте азусыз, жалпылама күңгірттіктен арылмай келеді. Жаңа туған шығармаларға профессионалдық талдау жасап, авторға ақыл, кеңес беріп, ой саларлық, өзгеге үлгі боларлықтай теориялық сауатты мақалалар көрінбейді. Оның орнына немесе жер-көкке тигізбей дәріптеу, немесе жерден алып, жерге салып жамандау сияқты екіұшты пікірлерге құрылады.
Маусымның ашылу қарсаңында газет бір-екі мақала жариялады. Онда не тілек, не талап қойып отырғаны да беймәлім. Мәдениет министрлігі жастарды театрға жуытпайды, көпшілігіміз азап шегіп жүрміз деген сарында бір зардың үні бар. Ол қандай жас, нендей шығарманың авторы екені және белгісіз. Жә, Мәдениет министрлігі шынында солай делік, сол танылмай қалған жас талантты Жазушылар одағы неге көрмейді? «Мына бір жарып шыққан таланттың шығармасына неге назар аудармайсыңдар» деп айтса қайтеді. Демек жақсы шығарма жазып еленбей қалған жас драматургті біз әлі көргеніміз жоқ.
Асылында, жас жазушыларды баулу ең алдымен Жазушылар одағының міндеті. Сондықтан ондай өкпені орынсыз да болса Жазушылар одағына айтқан абзал. Сол мақаладағы «Жастарды бетке қағады» деген байбаламның дәлелсіз екендігіне жас драматургтердің «Беу, қыздар-ай», «Бөлтірік бөрік астында» комедияларының академиялық драма театрының сахнасына қойылғандығын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты республикалық жасөспірімдер театрының сахнасына шыққан драматургтер Р. Райымқұловтың пен Қ. Исабаевтың «Ашынған адамдар», С. Адамбековтің «Күн мен көлеңке» атты шығармалары «бетке қағудың» нәтижесі емес шығар. «Осы авторлардың шығармалары зорға дегенде жарық көрді» деп мүсіркеген болады Ш. Хұсайынов пен А. Сатаев. Егер театр коллективі шығарманың көркемдік идеялық тұрғысын көтере түсу керек деген талап қойса, онда тұрған не айып бар? Мақала авторларының осы тілекті «бетке қағу» деп түсінуі өте аянышты.
Сөз орайы келген соң айта кету керек. «Қазақ әдебиеті» газеті «Мәдениет министрлігі газет дабылына неге құлақ аспайды» деген мақала жариялады. Онда Мәдениет министрлігіндегі жолдастар біз көтерген мәселелерді тыңдамайды деген өкпе айтылды. Өз тарапымыздан сол мәселелерді тексере келгенде нені көрдік. Біріншіден, қарға адым жерде отырып «Қазақ әдебиеті» газеті бұл министрліктің не істеп, не қойып жатқанымен жұмысы жоқ. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде ғана театр, музыка тарихын зерттеу саласында, композиторлардың шығармаларын жеке жинақ етіп шығаруда 20-дан астам еңбек жарық көрген екен. Соның бірде-біріне осы газет тиянақты пікір айтып, жұртшылыққа таныстырған жоқ. Газет көтерген «Репертуар мәселесін сөз еткенде» деген мақаласы көбіне ұзын құлаққа құрылғандығы кейін анықталды. Әрине драмалық шығармалар аудару мәселесіндегі кейбір орашолақтықтар қазір бір жөнге қойылды.
Ал, музей, ескерткіш, цирктер салу деген тек қана Мәдениет министрлігінің құшағына сиятын дүние емес. Осындай орындардан көрі тұрғын үйлер және мектеп салуға көңіл бөлінсін деген КПСС Орталық Комитеті мен СССР министрлер Советінің қаулысы «Қазақ әдебиеті» газетінің басшыларына да белгілі болса керек. Сайып келгенде, буынсыз жерге пышақ ұра беру де орынды болмас. Газет ұлт кадрларын даярлауға Мәдениет министрлігі көңіл бөлмей отыр дегені де таңданарлық тұжырым. Өйткені республикамыздағы тоғыз орта және жоғары дәрежелі музыкалық оқу орнында 356 қазақ жастары, Москва, Ленинград қалаларындағы көркемөнер оқу орындарында Мәдениет министрлігінің тарапынан 100-ден аса қазақ жастарының оқып жатқандығын айтсақ та жеткілікті.
Жуырда Мәдениет министрлігінің коллегиясы Жазушылар және Композиторлар одағымен бірлесіп жасаған театр репертуарларының (драмалық, музыкалық) үш жылдық жоспарын бекітті. Осы үш жылдың ішінде 30-дан аса драмалық шығармалар, бес опера, екі балет жазылмақ. Міне, осы игі істің орындалуына да Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы белсене қатынасуы шарт. Болған кемшіліктерді бірімізге-біріміз аудара салмай бірлесе жойып, бірлесіп енбек істеген дұрыс болар. Сонда ғана біз халық тілегіне сай тамаша шығармалардың тууына себіміз тиеді. Бірлесіп істеген жұмыста береке болмақ, байбаламнан бірлік күшті.
1960