Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бегім салы

Бір орта жастан асқан адам мен, бір жас жігіт жол жүріп келе жатады. Екеуінің де тіршілігі құбатөбел, мінген көліктері шардақ екен. Күн түске тырмысқан шақта бір белден асып түскен жолаушылар қайран қалып тұрып қалады. Алдарында мал тұяғы тимеген, шүйгін жайлау, көк саздың қақ ортасында тоғыз қанат оқ орда тігулі тұр. Мінезі жеңілтектеу жас жігіт «апыр-ай, бұл кімнің ауылы екен, бұл жерге ешкім қонбаушы еді ғой» дей бергенде көргені көп қарасақал: «Сабыр ет балам, бұл тегін үй емес, не де болса, барып көрейік», — дейді. Екеуі де қазақы ескі әдетпен аттан түсіп, аттарын жетелеп ауылға жаяу келеді. Үйдің тұсына келгенде ересегі: «Шөлдедік, сусын келтіріңіз», — дейді. Сол сәтте сықырлауық айқара ашылып, ішінен бір жан иесі шығады. Бір қолында көн шелекке құйылған қой сүтінің айраны, екінші қолында сүйретпе толы қысырақтың қымызы екен. Асығыс қимылдайтын жас жігіт көн шелекті қағып алады да, мұздай айранды басына бір-ақ көтереді. Ал ересек асықпай сүйретпенің аузын шешіп, қойнынан тостаған алып, соған құйып бір тостаған қымыз ішеді. Сонда сусын алып шыққан үйдің иесі жас жігіттің бетіне қарап тұрып: «Сабырсыз неме! Қойлы болады екенсің», — дейді де, үлкен адамға бұрылып, «Ал сіздің жылқыңыз көп болады екен», — дейді. Былай шыққаннан кейін жігіт жолсерігінен: «Бұ не керемет, мына тұрған үй не, үйдің иесі кім?» деп сұрайды. Серігі — «Үндеме, құдай жарылқады, бізге Бегімсалдың өзі жолықты», — дейді. Көп ұзамай осы екі адам жер қайысқан мал иесі болып шығады.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама