Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 13 сағат бұрын)
Бердіқожа (ІІ нұсқа)

Абылай хан заманында Шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп, руы аздығынан өштескен дұшпан, өсіп-өнген ру туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:

— Туысқаны аз ердің ерлігі зая.
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.
Екіден кіші балам,
Ер жеткен соң, бәлем,
Қаратал, Қояндыға қосыңды тая! —

деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып: «Бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас» — деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:

— Мінгені Бердіекемнің қара алаяқ,
Жау, шіркін, кескілепті-ау аямай-ақ.

Бердіқожа батыр балаларын сынағанда, былайша сынайды екен. үйелмелі-сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған.
Бір пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:

— Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, — дейді екен.

Үлкен екі баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып-жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай-бұлтармай аунайды екен. Пышақты өзі жалтартады екен.

Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:

— Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атандырындар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер, — деп.

Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ  мола бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісу барғандар: «Қозы Көрпеш — Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа тамын көрдік», — деседі.

Тауыңның Арқар деген аты — Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
Хан Абылай аттанады дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа! —

деген батыр — осы.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Бердіқожа (І нұсқа)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама