Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Бес салалы сасық шөп

Бес салалы сасық шөп (пустырник пятилопастный, Leonurus quinquelobatus) — биіктіғі 1,5 метрге жететін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабақтары ұзын, түзу, түк басқан, төрт қырлы. Жапырақтары кезектесіп жарыса орналасқан, төменгі жапырақтары жұмыртқа тәрізді, бес салалы, ортадағылары үш салалы, ұштары сүйір, жоғарғы жапырақтары жіңішке. Барлық жапырақтарыда ірі, ара тісті. Гүлдері қос ерінді, жоғарыдағы жапырақтарының қуысында шоғырланып тұрады. Гүл тәжі ашық қызыл, гүл серігі өткір біз тәрізді. Жемісі — үш қырлы кішкене жаңғақша. Ол маусым-шілде айларында гүлдейді. Тау етектерінде, орманның аралықтарында, тастақты беткейлерде, арықтың маңайында, жайылымдарда өседі. Дәрі үшін өсімдіктің жер үстіндегі бөлігінің жоғарғы жағын орып жинап алады. Құрамында леонурин, стахидрин, кверцетин, рутин, сапониндер, илік заттар, эфир майлары, А, С витамимдері бар.

Қазақстанда бұл өсімдіктің көкшіл және түркістандық сасық шөп деген басқа да түрлері бар. Бұлардың барлығы да біріне-бірі ұқсас және дәрілік қасиеттері де бірдей.

Сасық шөп «ұмыт болған» өсімдіктердің бірі. Бұл өсімдік туралы XV ғасырдағы кітаптарда көп айтылады. Бірақ XX ғасырда пайдаланудан шығып қалған. Тек үстіміздегі ғасырдың 30-жылдарында ғана оған қайтадан көңіл бөліне бастады.

Сасық шөптен жасалған дәрілердің нерв жүйесін тыныштандыратын, қан қысымын төмендететін, жүрек бұлшық еттерінің күшін арттырып, соғуын қалпына келтіретін қасиеттері бар. Нерв жүйесін тыныштандыратын қасиеті дәрілік шүйгіншөптен асып түседі, сөйтіп жүрек неврозына, гипертония ауруына қарсы және жүректің тұсы қысып ауырғанда қолданылады. Бұл өсімдіктен жасалған дәрілер атеросклерозды, жүрек бұлшық еттерінің қабынуын, жемсау ауруын емдеу үшін де пайдаланылады.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі

Өсімдіктің 20 грамын қайнап тұрған 1 стакан суға салып, 20 минут тұндырады да, 2 ас қасықтан 3 рет тамақтанар алдынан жарты сағат бұрын ішеді.

Спиртті тұнба: өсімдіктің 30 грамын 100 мл спиртке салып 10 күн тұндырады да, 30-40 тамшыдан күніне 3 рет ішеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама