Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 17 сағат бұрын)
Бір семья

Төрт перделі бес суретті пьеса

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Сергей Степанович Богданов — аудандық партия комитетінің секретары.
Айдос — Теңіз құрылысының бас инженері.
Жанар — оның әйелі, колхоз председатель.
Александр Петрович Кремлев — хирург.
Дәурен — колхозда партия ұйымының секретары.
Гулпан — жас дәрігер.
Мәжел — Айдостың досы, теңіз құрылысының бастығы.
Балқия — Айдостың қарындасы, жас дәрігер.
Таусоғар — колхоз ұстасы.
Рабиға — Айдостың шешесі.
Жаныл — Мәжелдің әйелі.
Қоқым — Айдостың ағайыны, колхоз есепшісі, кейіннен бригадир.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет

Аудандық партия комитеті секретарының кабинеті. Перде ашылғанда Богданов Барсакелместің қабырғадағы картасына шаттана қарап, оның әр жеріне белгі қойып тұр. Қасында көмекшісі. Карта ашық жатқан кітаптың бетіне ұқсас екі бет. Бір беті ақтаңдақ. Тек алыстан ағып келіп, орта тұсына жете бере құритын Күркілдек өзені жатыр. Ол өзеннің шөлге жете берген жерінде «Кіші Айдарлы», бірер жерінде «Үлкен Айдарлы» деген сөз бар. Оның жоғарғы тұсында «бүгінгі» делінген бетінде «Барсакелмес» шөлі 200 ООО шаршы километр» деген жазу бар. Екінші бөлігінің жоғары тұсында «ертең» деген жазу бар. Бұл бетте шалқыған теңіздің, ол теңіздің жағасына салынған сәулетті қаланың, жасыл орман жамылып жайнаған даланың суреті бар. Теңіздің жан-жағынан бес тармақты жұлдыз секілденіп алысқа тартылған бес үлкен канал бар.

Богданов. Қарашы, достым! Ғасырлар бойы сарғайып жатқан cap даламыздың да жайнағалы тұрғанын.. Бұл нағыз ғажайып емес пе, ә?!

Көмекші, Сергей Степанович, табиғатты мұндай өзгерткен ғажапты кәрі тарих біле ме екен, сірә?

Богданов. Ол кәрі байғұс көрмеген соң, қайдан білсін! Біздің жиырмасыншы ғасырдың талай кереметтеріне алдағы ғасырларда бас иер.

Көмекші. Ал, осы теңіздің проектісін жасаушы кім?

Богданов. Ол - Отан үшін құрбан болған Айдос Байсалов дейтін инженер, ұмытпа атын, сақта жаныңда. Ондай адамдарды жүректе мәңгі сақтау - біздерге қарыз.

Көмекші (терезеден сыртқа қарап), Айбасова да келеді.

Богданов. Жібер тез! (Көмекші кетеді. Аздан соң Жанар келеді.)

Жанар. Рұқсат па екен?

Богданов. А, «Жеңіс» колхозының жеңімпазы, кел, кел!

Жанар (қол алысып). Саламатсыз ба? Сіз мұндай сөздерді үлкен міндет артар кезде ғана айтушы едіңіз...

Богданов. Қорықпа, мен бұл сапар жаңа жеңісіңмен құттықтаймын.

Жанар. Жана жеңіс?

Богданов. Иә! Айдос Байсаловтың проектісін сақтай біліп, партияның қолына дер кезінде тапсырғаның үшін рақмет айтамын.

Жанар (қуанышты). Не дейсіз? Әлде Айдостың проектісі бекітілді ме?

Богданов. Бақытжан Шалқаровичтың ұйғаруы бойынша, үкімет басқалардың проектісін қабылдамай, Айдосыңыздың проектісін қабылдады.

Жанар. Мүмкін бе? (Шаттықпен ұмтыла бере, қайта тоқтап.) Онда Елемесов жолдастардың қазіргі жүргізіп жатқан дайындығының оған сәйкес келмейтіні қалай? Олар көл жасаймыз деп, жұмысшылар су ішетін құдық қазып жатыр ғой.

Богданов. Ол - алдағыны көре алмаудың әлегі. Отыр... Назаров қайда?

Жанар. Қазір келеді. (Отырып.) Ғажап екен! Мен ол проектіні Бақытжан ағайға жіберуін жіберсем де, дәл мұндай боларын күткен емес едім. Тіпті, сенер - сенбесімді де білмей отырмын.

Богданов. Неге сенбейсің?

Жанар. Айдос бұл теңізді салу үшін кемі елу мың адам мен екі жыл уақыт керек деуші еді. Оған қазір күш жетпейді ғой.

Богданов. Біздің күшіміз қазір бәріне де жетеді. Онан да сен Назаров келгенше, өз жайыңмен таныстыра отыр.

Жанар. Жайымыз жаман емес.

Богданов. Колхозыңның жайы жақсы екенін білемін. Сұрап отырғаным - өз жайың.

Жанар. Сергей Степанович, менің жайым өзіңізге де белгілі ғой. Оны несіне сұрадыңыз?

Богданов. (күлімсіреп). Сендей ақылды, сендей керікті қыздың еңсесі соңғы кезде не себепті түсіп жүргені маған белгілі емес.

Жанар. Сергей Степанович! Осындай бақытты өмірде отырып, үлкен арманда болудың жеңіл емес екені кімге болса да белгілі емес пе?

Богданов. Неге арманда боласың?

Жанар. Енем байғұс баласынан әлі күдер үзген жоқ. Нендей ауырлық көрсем де, оны ренжіткім келмейді. Ар жағын сұрап қайтесіз.

Богданов. Солай ма? Онда ол кісі баласының қаза болған хабарын кеш естіген екен ғой.

Жанар. Кеш емес, сол қырық екінші жылы-ақ естіген.

Богданов (ойланып). Төрт жыл. Төрт жылдан бері үмітін үзбеген, ә? (Аз үнсіз.) Ол жағдай түсінікті. Ешқандай күш жеңе алмайтын табиғаттың заңын жеңу де, ана жүрегін аяққа басу да саған қиын екенін түсінемін. Бірақ «үлкен армандамын» дегеніне түсінбеймін.

Жанар. Біздер – бірімізді - бірімізден ажал ғана айырады дейтін адамдармыз. (Көзіне жас алады.)

Богданов. Оның - үлкен адамгершілік. Бірақ, сен сол ажал ғана айырар дейтін адаммен айрылысар күніңнің алыс емес екенін неге жасырдың? (Жанардың сөйлегісі келеді де, тоқтап қалады.) Мен саған жас өміріңді өксітіп, осылай жүре бер демеймін, өз өміріңді де өксітпе, аяулы шешені де екі өлтірме, ол үшін өз кеудеңдегі жаңа сәулені сол ана жүрегіне түсіре біл демекпін.

Дәурен (есіктен). Рұқсат па?

Богданов. Кел, кел! Біз сені күтудеміз.

Дәурен (қол алысып). Саламатсыз ба? Кешіккеніме ғафу етіңіз. Дүйсен мені бөгеп қалған.

Богданов. Сонда сен Шалқаров жолдастың телеграммасымен танысқан екенсің ғой.

Дәурен. Таныстым.

Богданов. Оған не дедің?

Дәурен. Не дейін, келешегіміздің үлкен салтанаты болатын бұл теңізден аянарымыз жоқ деуден басқа айтар сөз бар ма?

Богданов. Иә, тайсалар кезден өткенбіз, алдымызда екі үлкен қиын міндет тұр. Енді сонан да тайсалмайық. Соны да жеңе білейік, достар.

Дәурен. Екі түрлі?

Богданов. Біз бұл теңізді халықтың өз күшімен бір жарым жыл ішінде салып бітіруге тиіспіз. Ол үшін отыз мың адам керек. Барсакелместі құбыжық көретіндер өлі де жоқ емес. Сондайларға үлгі көрсетіп, сұңқардың қияғы күйетін шөлге отыз мың адамды бастап бару біздің ауданға жүктеліп отыр. Ол үшін, біздің бір колхоз ұран тастап, бүкіл Қазақстан колхозшыларын жарысқа шақыру керек. Осыған қалайсыңдар?

Жанар. Әзірміз.

Богданов. Күштерің жете ме?

Жанар. Әбден жетеді.

Богданов (Дәуренге). Бұған сен не дейсің?

Дәурен. Ондай үлкен ұран тастау үшін қойылар шарттың қандай екенін біле алмай отырмын.

Богданов. Шарттың ең үлкені - адам. Ол адамдардың тек еңбеккүнін ғана емес, барлық керегін өздерің көтересіңдер.

Жанар. Онда мұныңыз өте қиын екен.

Богданов. Оңай болса, бұл далаға ең алғаш шабуыл жасаған сонау Александр Македонский де жеңіп алмас па еді? Сонан бері талай ғасыр «қиын - қиын» деумен күрсіне өткен жоқ па? Онан да жеңбей қоймас салтымызбен жеңер жолыңды айт.

Көмекші (келіп). Мәжел Елемесов жолдас асығыс жұмысым бар деп, кіруге рұқсат сұрап тұр.

Богданов. Келсін де. (Көмекші кетеді. Богданов картаның «ертең» делінген бөлігін қағазбен жауып қояды. Екпіндей басып, ентіге сөйлеп Мәжел келеді.)

Мәжел. Шарт та шұрт шатақ, Сергей Степанович, прямо үлкен шатақ... (Келе портфелін ақтара бастайды.)

Богданов (қолын ұсынып). Алдымен амандасып алайық.

Мәжел. ғафу етіңіз. (Богдановтың қолын ұстай алып.) Менің есім шығып кетіпті...

Богданов. Есіңіз шыққандай не болды?

Мәжел. Мен түскен күйге қазір өзіңіз де түсесіз. (Портфелін ақтарып). Қазір, қазір... Міне, Антоновтан телеграмма алдым. Ол құдық қазу жұмысы тезінен тоқталсын депті. Құдық қазылмаса, канал қазылмайды. Канал қазылмаса, су келмейді. Су келмесе, көл салынбайды. Сонда...

Богданов. Тоқтаңыз, мүмкін, Айдос Байсаловтың проектісі бекіп, көз емес, тіпті теңіз жасалатын болар.

Мәжел. Теңіз деген алыстағы арман ғой. Оған, кемінде, он жыл керек. Оның үстіне, Айдостың құмға сіңіп жатқан суды байлаймын деуі қисынсыз.

Богданов. Қалайша?

Мәжел (картаға жетіп барып). Өзіңіз мынаған қараңызшы, мына Үлкен Айдарлы мен Кіші Айдарлының арасы жүз елу километр. Ал, Күркілдек өзені Кіші Айдарлыдан өте бере, біздің канал қазамыз деп жүрген мына жерімізге жете бере, құмға сіңіп жоқ болады. Соған қарағанда...

Богданов. Тоқтаңыз. Сіз сол құмға сіңіп жатқан судың қайда кетіп жатқанын білесіз бе?

Мәжел. Міне, қызық, жердің астына кетіп жатқанын өзіңіз де білмейсіз бе?

Богданов. Мен өзімнің емес, сіздің білетін - білмейтініңізді сұрап отырмын.

Мәжел (терін сүртіп). Ғафу етіңіз, мен түсінбей қалдым.

Богданов. Онда өз ойыңызды айта беріңіз.

Мәжел. Менің ойым: иә, соған қарағанда, құмға сіңіп жатқан судың жүз елу километр жердегі Айдарлыға дейін ағып баруы мүмкін емес.

Жанар. Егер арнасы соған дейін барса, неге мүмкін емес?

Богданов. Сіз осы маңда қандай теңіз барын білесіз бе?

Мәжел. Білем. Бір шеті Барсакелместің арғы шетін, екінші шеті құм тауының астына ала орналасқан, көлемі Арал теңізіндей теңіз бар. Бірақ, екі жүз метр тереңдікте ғой.

Дәурен (таңданып). Арал теңізіндей?!

Мәжел. Иә!

Богданов. Өте дұрыс. Енді мынаны айтыңызшы. Сол жер астындағы теңіз осы Күркілдектің суынан пайда болғанын қалай білмейсіз?

Мәжел. Ол әлі зерттеліп бітпеген талас мәселе, Сергей Степанович.

Богданов. Оның ешқандай таласы жоқ. Айдос Байсаловтың бұны сол құм тауына жібермей, мына Үлкен Айдарлының тұсынан байлаймыз деуі - жерін жете зерттегендіктен. (Картасының екінші бөлегін ашып.) Қараңыз, ертеңгі Барсакелмеске қараңыз. Ертеңгі күні бұл теңіздің қамтитын жеріне қараңызшы. Англия сияқты бір мемлекет түгел сыйып кеткендей емес пе? Сондықтан, бұл теңізге қарағанда сіздердің көлдеріңіз шалшық сияқты мардымсыз бірдеңе!

Мәжел (шіміркеніп портфелін жиыстыра бастайды). Адамның басы кішкентай болса да, оған жер шарына сыймайтын қиял да сия береді, Сергей Степанович, ондай бос қиялға бола біреудің жеті жылдан бергі ойын, екі жылдан бергі еңбегін қорламаңыз.

Богданов. Ғафу етіңіз, мен шындықты ғана айтып тұрмын.

Мәжел. Ондай шындықты білмеймін. (Кете береді.)

Богданов. Тоқтаңыз! Сіздер ертеңнен бастап теңіз салу жұмысына кірісесіздер. Соған әзірлене беріңіз.

Мәжел. Ертеңнен бастап?

Богданов. Иә!

Мәжел. Жоқ, мен ондай апатқа бара алмаспын.

Богданов. Апатыңыз не?

Мәжел. Барсакелместің талай жерінде оп бар. Ол әлі толық зерттелген жоқ. Егер де теңізіміз біткен күні бар суын сол оптың бірі жұтып қойса, онан ауыр апат болмас.

Богданов. Есіңізде болсын, партия мен үкімет Айдостың проектісін бекітті.

Мәжел. Coлай ма? (Отыра кетеді.)

Богданов. Солай! (Жанарға.) Қане, бастық жолдас, сонымен, неше кісі беруге бел байладың?

Жанар. Біз көл салу жұмысына бөлінген отыз кісімізді осыған берер едік, бірақ отыз адамның еңбеккүнін екі жыл бойына қалай көтеретінімізді білмей отырмын.

Богданов. Жоқ, құрметтім, ойың үлкен болғанмен, бойың әлі көрінбей жатыр. Отыз адаммен отыз мың адамды бастай алмайсың.

Жанар. Бір колхозға отыз адам аз ба? Қазақстанда жеті мың колхоз бар: соның әрқайсысы бес адамнан жіберсе де отыз бес мың адам келмей ме?

Богданов. Колхоздардың бәрі бірдей емес екенін білетін боларсың.

Жанаp. Білемін. Алайда, бес адам жібере алмайтын бір де бір колхоз жоғын жақсы білемін.

Дәурен. Бүкіл республикалық жарысты бастау үшін бар мүмкіндікті жұмсау керек екенін ойламай отырсың - ау, Жанар.

Богданов. Сол мүмкіндік сендерде бар ма?

Дәурен. Бар. Біздер ең кемі сексен адам бере аламыз.

Жанap. Е, сенің жанбайтын жәшігіңе салып қойған адамын, бар ма еді, онда дұрыс.

Дәурен. Біз барлық отарымызды машиналандыруға жақындадық. Егер де облыстан алатын машиналарымыз тез тисе, онда елу отардан елу адам алуға болады. Оған көл салуға бөлінген отыз адамды қосамыз да, сексен адам береміз.

Богданов. Ал, Жанар, бұған қарсы айтар дауың бар ма?

Жанар. Тіпті соның бәрі бола қалған күннің өзінде сексен кісінің еңбеккүнін бір жарым жыл бойы көтеру колхозға ауыр, сондықтан, менің сол отыз адамнан басқа берерім жоқ.

Дәурен. Жанар! Айдостың арманын жүзеге асыру үшін дәл сенің аянатын не жөнің бар? Ойланшы!

Жанар. Айдостың арманы - көптің арманы. Оның іске асуын көксесем - өзім үшін емес, ел үшін көксегенмін. Екіншіден: партия мен үкіметтің маған тапсырғаны - Айдостың проектісі емес, колхоз жұмысы. Сондықтан да мен ол үшін колхоздың жұмысын ақсата алмаймын.

Богданов. Өз колхозың үшін аянбайсың ғой!

Жанар. Аянбаймын.

Богданов (орнынан тұрып). Ендеше, сен шыныңды айтшы, колхозыңның қойын жүз мыңға жеткіземін деп жүргенің рас па?

Жанар. Иә! Рас.

Богданов. Олай болса, сонша малға жерді қайдан таппақсың?

Жанар. Жеріміз енді көбейгелі тұрған жоқ па?

Богданов. Жоқ, басқаның жері көбейсе де, сендердің жерлерің қалпында қалғалы тұр. Алда тұрған қиыншылықтың ең зоры сол.

Жанар. Қалайша?

Богданов (картаға барып). Бері қараңдар! Теңіздің суы мына Көктөбеден әрі аспайды. Ол -сендердің келешекте шабындық, егіндік етеміз деп жүрген мына дала түп-түгел сусыз қалады деген сөз.

Жанар. Ол қалай? Айдостың проектісінде Көктөбені қақ жарып, теңіздің бір сілемін сол далаға шығару да бар еді ғой.

Богданов. Теңіздің ол сілемі екінші кезекке қалды. Сондықтан, сендерге енді не он шақты жылға дейін алға жылжымай отыру керек, не осы төбені қызудың үстінде талқандау керек. Екінің бірі.

Дәурен. Өзіңіз қандай ақыл бересіз?

Богданов. «Барлық күшті осы төбеге салыңдар» дегеннен басқа айтарым жоқ.

Жанар. Ол біздің қолдан келмейді, Сергей Степанович.

Богданов. Ол сіздердің қолдарыңыздан келеді, біз кімнің қолынан не келетінін жақсы білеміз. Егер халықты бастай білсеңдер, тебе түгіл асқар тауды да қопарып, шалқар теңізді де қопара аласыңдар!

Шымылдық

Екінші сурет

Жанардың дүние жиһаздарына бай орталық бөлмесі. Қақ төрде үлкен террас, террастан шешек атып, жайнап тұрған алуан түрлі жеміс ағаштары көрінеді. Бірақ бұл сәулет үй айналасынан әлі ұзап кете алмаған. Алыста созылып жатқан шөл дала. Перде ашылғанда Жаңыл тырнағын бояп, Диванда әндетіп жатыр.

ЖАҢЫЛ

Жаз болса - ей, жердің жүзі жайнап тұрған.

Бірдеңе, бірдеңесі сайрап тұрған,

Ай, айым - ай, айхай қыз күндегім - ай...

деген екен-ау баяғыда мен секілді бір қыз. (Жанар кіріп келеді де, Жаңылды құшақтай алады.)

Жанар. Жаңыл - ау, жаным - ау, менің Айдосым тірілді ғой, тірілтті ғой Отаны!

Жаңыл Не дейді? Әлдеқашан өлген адам қалай тіріледі?

Жанар. Арман еткен теңізі салынып, аты мәңгі өшпесе, тірілгені емей немене?!

Жаңыл. Е - е, сол ма, мен рас тірілген екен деп қалсам.

Жанар. Оның бізге қалдырып кеткен ондай мұрасына бүгінгі мен ғана емес, ертеңгі ұрпақтар да қуанар. Олай болса, өлді деп кім айтар?

Жаңыл. Оның да рас екен-ау. Бірақ менің әлгі шырылдауығымның: «Айдостың жобасы бойынша үлкен теңіз жасалу керек... Еһе, оған бір он жылсыз шама келмейді. Еһе, біз оны қойып, көл жасаймыз», - деп балтайт етіп жүргені қайда?..

Жанар. Ол кісі еліміздің он жылды бір-ақ аттайтын болып кеткенін байқамаған ғой. (Айдостың суретіне қарап.) Айдосым, айым, қайда екені белгісіз қабіріңе орнатқан менің ескерткішім осы ғана. Разы бол, жаным! Разы бол!..

Жаңыл. Қой, сені тезінен қуантпасам болмас. (Қалтасынан телеграмманы алып, Жанардың алдына тастай салады.)

Жанар. Бұл кімнен?

Жаңыл. Әлгі бір Кремлев дейтін ғашығыңнан көрінеді. «Бүгін Москваға жүремін. Сізбен бірге өткізетін ең бақытты өмірім сонан қайтып келгесін басталар...» депті.

Жанар (қуанып). Қашан келетінін айтпап па?

Жаңыл. Екі жылдан бері сілесі қатып жүрген адам қанша кешігер дейсің. Тойға әзірлене бер! Ондай ынтық адамды сағат сайын күтуге болады.

Жанар. Оның сілесін кім қатырыпты?

Жаңыл. Қуланбай-ақ қой, сенің қолыңнан басқаның бәрі келсе де, қулану келмейді. Онан да шешейдің ризалығын алып қал.

Жанар (кенет өзгеріп, телеграмманы стол үстіне лақтырып тастайды). Мен босқа мәз боп тұр екенмін ғой. (Ауыр ойға түсіп, террасқа шығып кетеді.)

Жаңыл (өзіне). Тағы не боп қалды? Ой, құдай-ай, жер астына түскенше жесір қыла көрме! (Телефон шылдырайды, Жаңыл тыңдап.) Ало!.. Ал, немен?.. Жоқ, шай қоюға уақытым жоқ. Қымыз іш те жүре бер. (Ол екінші бөлмеден Рабиғаның келе жатқанын байқамайды). Әй, бұл үйдің жаңа қожайыны келетін болды. Ол бізге Айдостай бола қоймас, тезінен жақсы квартир тап.

Рабиға. О, жасаған, мынау не деп тұр?!

Жаңыл (сасқаннан телефонды тастай салады). Шеше, сіз маған бірдеме дедіңіз бе?

Рабиға. Сендерге мен не деуші едім. Мен жастайымнан жесір қалып, жесірліктің де қайғысын көрген адаммын. (Қарсы бөлмеге кетеді.)

Жаңыл. Ай, алаңғасар Жаңыл! (Кетеді. Аздан соң қызып алған Қоқым келеді. Қолында есепшот, қолтығында жуан портфелі бар. Террастан Жанар келе жатады.)

Қоқым. Амансың ба, келін жолдас! (Жанар суық жүзбен қарайды. Қоқым сасқалақтап, ыржиып күле береді.) Жанаржан, саумысың? Жанартай, ұрыса көрме, мен шыдай алмаған соң келдім.

Жанар. Шыдатпай жүрген немене, арақ па?

Қоқым. Жо-о-оқ,... Мен, жо-о-о, мен емес-ау жұрт менен екі түрлі сыр сұрайды, соның жауабын таба алмай саған келдім, Жанаржан.

Жанар. Ол нендей сыр?

Қоқым. Жұрт айтады: Қоқым - ау, - дейді, - осы Мәжелдің әйелі Жаңыл неге жұмыс істемейді, болмаса неге бала таппайды; ауруы бар дейін десек, сеп-семіз, дүниеге тек семіру үшін келген бе дейді, осыған не жауап берейін, Жанаржан?

Жанар. Тағы айтарыңыз бар ма?

Қоқым. Бар, Жанаржан, бар ғой айтарым. Мен емес-ау, жұрт айтады: Қоқым - ау, - дейді, -сенің осы Жанар келініңнің не ойлағаны бар? Ен даланы еркін жайлаған колхоз едік, мына көл салынса басқа колхоздар көшіп келіп өрісімізді тарылтпай ма дейді. Осыған не дейін, Жанаржан?

Жанар. А, олар: Қоқым - ау жұмыс кезінде мас болып жүруді қашан қоясыз, көпшілікке берген уәдеңіз қайда демей ме?

Қоқым. Жоқ, Жанаржан. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген ғой. Әйтпесе, мен арақты қойғалы қашан. Кейде ескі достардың зорлауымен кішкене қақсам болғаны, миымның іші толған цифр болып кетеді де, бүкіл колхозшының бір айлық еңбеккүнін жарты сағатта (шотын сартылдатып) бітіріп жүре берем. Ал, Таусоғар сияқты оңбағандар менің жұмысты сондай жақсы істейтінімді көре алмай, қайдағы бір жаланы жаба салды. Мен әдейі саған соны айта келдім, Жанаржан. Сен ондайларға сеніп қалып жүрме, Жанаржан.

Жанар. Осы сіз біреуден қорқып келгеннен саусыз ба?

Қоқым. Ойбой, Жанаржан - ай, әлі бала екенсің ғой, мен қорқуды қойғалы қашан.

Жанар. Басқа айтарыңыз болмаса, барыңыз.

Қоқым. Солай ма! (Кекетіп.) Жоқ, айтарым әбден бар. Жұрт айтады: Қоқым - ау, - дейді. -Сенің Жанар келінің бір орыс жігітімен кеткелі жүрген көрінеді. Сорлы Рабиғаның күні енді не болар екен дейді. Ал, бұған не дейін? (Телефон шылдырайды.)

Жанар (тыңдап). Иә, бұл кім? А... Жақсы кездестіңіз - ау. (Қоқымға.) Сіз ана үйге бара тұрыңыз.

Қоқым. Ол кім сонша? Мен бөтенің емеспін, сөйлесе бер.

Жанар. Прокурордың сөзін тыңдайтындай болған шығарсыз деймін.

Қоқым. Прокурор ма? А, онда барайын, Жанаржан, барайын! (Ас үйге кетеді.)

Жанар (телефонда). Осы сіздің кеудеңізде жан бар ма, жоқ па? Өзіңіз әлі жап - жассыз, бір шалға ие бола алмай бетімен жіберетініңіз не? Қазір шақырып алыңыз да, қашан мастығы тарқағанша қамап қойыңыз. Мұнан былай қызмет кезінде мас болып жүргенін көрсем, өкпелемеңіз.

Қоқым (аузын сүртіп қайта келеді). Болдың ба, Жанаржан?

Жанаp. Келіңіз, сізді сұрап тұр.

Қоқым (шошынып). А, атай көрме, жаным! Көрмегенім прокурор болсын, айта көрме.

Жанар. Сізде тығыз жұмысы бар көрінеді, келіңіз.

Қоқым. Жо-жо-жоқ, ана жылғы жұмыс қысқартылған. Онан кейін істеген түк қылмысым жоқ, не жұмысы бар менде!

Жанар. Сол жұмыс орынсыз қысқартылған көрінеді... Келмейтін болса, милиция жіберем дейді, келіңіз тез!

Қоқым. А... Солай ма екен? Бұл қалай, ә? (Телефонға қолын созып). Сақтай көр өзің, жасаған! (О Жанар. Шегіне, шегіне жар басына жеткен екенсіз, алыңыз жылдам.

Қоқым (селк етіп). Қойдым, Жанаржан, қойдым!

(Жанар ызаланып тұрып кетеді. Қоқым қалтырай түсіп телефонды тыңдайды.) Қоқым Қарабасов тыңдап тұр! Бұл кім дейсіз бе? «Жеңіс» колхозының есепшісі Қоқым Қарабасов қой! Қарабассың дейсіз бе? Мен бе? Әй, әй, мынау прокурор емес, біздің тоқал ғой!

Жанар. Телефонистка үзіп жіберген болар. (Шығып кетеді.)

Қоқым. Маржан, жаным! Мен прокурормен сөйлесіп жатыр едім, сен үзіп жібердің, үзіп жібердің деймін. Мұнда ма? Жай бір қағазға қол қойғызғалы келіп едім. Жә, жә, болды, болды. Не үйде, не түзде қызық көрмейтін мен кіммін сонша? (Телефонды тастай салады. Аузын сүртіп.) Осы аузы құрғыр да абыройымды айрандай төгіп болды-ау әбден. Манағы маскүнемнің қалампыр жесең арақ иісі шықпайды дегені қайда? Телефоннан - ақ біліп қойды ғой. (Стол үстінде жатқан Кремлевтің телеграммасын алып, ішінен оқиды да, қалтасына салады.) А, келін жолдас. Сіз енді тыңдайтын боларсыз мені.

Осы кезде алдына алжапқыш байлаған екі білегін сыбанған, қолында балғасы бар бурыл сақалды Таусоғар келіп кіреді.

Таусоғар. А, жақсы кездестің. Жүр бері.

Қоқым (шошынып). Қайда?

Таусоғар. Мола жаққа барамыз. Сен әкеңнің моласы қай жерде екен.

Қоқым. Білемін, мен бәрін де білемін. Ал, оны қайтесіз?

Таусоғар. Сенің осындай қоқым - қоқсық боларыңды біліп, атыңды Қоқым қойған екен, әулие екен. Моласына барып түнейін деп едім.

Қоқым (ызаланып). Қолыңда өлер ем, әттең, әлім келмейді-ау, ә.

Таусоғар. Колхоздың бетіне күйе болмай, басқаларға «Жеңіс» колхозының Қоқымындай дегізбей, тезірек өлсең екен, жүр деймін біреудің үйінде бажылдамай.

Қоқым. Жоқ, мен мас емеспін, міне, мен мас емеспін. Ендеше, менің сізге түк жазығым жоқ қой. Сіздің менде неңіз бар, осы? (Ішкі бөлмеге кеткісі келеді. Таусоғар жібермейді.)

Таусоғар. Сенің елде нең бар? Жұмыс кезінде мас болып жүргеніңмен қоймай, шешеңдей кісіге неге тіл тигізесің?

Қоқым. А!.. Мен мас болып қалдым ба, мен біреуге тіл тигіздім бе? А, онда қойдым, Тауке, қойдым. Тек, Жанарға айта көрмеңіз. Міне, мен мас емеспін, Тауке.

Таусоғар. Жанарға айтқанда оңаша емес, кешке көптің алдында көзіңді бақырайтып тұрып айтамын. О, халайық, деймін: мына Қоқым түзелуден кетті, сенімдеріңді аяқтамай, аяққа басты, опасыз. Жұмыс кезінде мас болып жүргенімен қоймай, Наташаның шешесіне тіл тигізді. Бәрің де ұл асырап, қыз өсіріп отырсыңдар, сол ұл мен қыздарың жаман тәлім алсын демесеңдер құртыңдар мынаны, қуыңдар колхоздан деймін.

Қоқым. Жо-оқ... Мен тіпті Наташаның шешесін танымаймын. Жала бұл, жала!

Таусоғар. Қара бет!.. Сенің оған айтқан сөзіңнен мен жерге кірген жоқпын ба?! Сол кемпір жібермеді ғой, жібергенде мен саған жаланың әкесін көрсететін едім. Жүр деймін Жанардың көзіне көрінбей. (Тістеніп.) Әйтпесе мен сені...

Қоқым. Жоқ, мен бұл қорлықтарыңа көнбеспін. Өлермін, өлмесем кегімді алармын. (Тұра қашады.)

Соңынан қуа кетеді. Аздан соң, Дәурен келеді. Оның ізінше Балқия кіреді.

Балқия. Дәурен, тоқтаңызшы.

Дәурен (жайдары жүзбен жалт бұрылып). Апырай, сен - ақ тоқтатасың да жүресің - ау осы.

Балқия. Сізді мүлдем тоқтатпаса болатын емес.

Дәурен. Неге, жаным - ау?

Балқия. Апам келіп қалар. Әрірек барып тұрыңыз. (Дәурен кейін шегінеді. Өзі стол үстінен әлденені қарай бастайды.) Сізге ол кісі барда келуші болмаңыз дегенім қайда?

Дәурен. Ғафу ет. Бізде қазір үлкен жұмыс болып жатыр. (Төргі үйге беттейді.)

Балқия. Тоқтаңыз. Жанар үйде жоқ. Апам қазір Алматыға кетеді, жұмысыңыз болса, сонан кейін келерсіз. Оған дейін көріне көрмеңіз.

Дәурен. Балқия, сенің осы жап-жас басыңмен ескінің сөзін сөйлегенің қалай?

Балқия. Қандай сөз?

Дәурен. Сен осы мінезіңмен шешенді ғана емес, өзіңді де кері тартып жүргеніңді қалай сезбейсің?

Балқия (тіксініп). Кері тартып жүргеніңді?.

Дәурен. Иә! Сен ол кісінің жетегіне ере бермей, қайта ол кісіні жаңа дүниенің жаңа санасына қарай жетектеуің керек емес пе?

Балқия. Түсінікті... Сіздің білгеніңіз осы болса, рақмет. (Бір пачканы ақтара бастайды).

Дәурен. Сен әлі түсінген жоқсың.

Балқия. Жоқ, мен жақсы түсінемін. Есіңізде болсын, мен шешемнің жан дегенде жалғыз баласымын. Оның ендігі бар тілегі - менің бақытты болуым. Егер де ата-ананың ризалығын алуды ескілік деп түсінсеңіз, жолыңыз әне.

Дәурен (күлімсіреп). Мен сенің осы қатты айтқан сөзіңнің өзінен де бір тәттілікті сезіп тұрмын, бұл қалай? Күлме, мен рас айтамын.

Балқия. Мен өзіме күлемін. Қанша ашуланайын десем де, қолымнан келер емес.

Дәурен. Тіпті өмір бойы келмесінші.

Балқия. Жарайды. Соның ақысына мынаны түсіндіріп беріңіз. (Бірнеше тарақ қағаздар ұсынады.)

Дәурен. Бұл не?

Балқия. Қабырға газетіне түскен хаттар.

Дәурен. Бұған түсінбейтін не бар?

Балқия. Түсінбейтінім, мысалы: мына бір хат - егін бригадирі Толыбек қарттың хаты. Ол кісі: біз неге құрғақшылықтан қорықпайтын болмаймыз. Ол үшін неге егін-жайды айналдыра ағаш екпейміз дейді. Ал, мына малшылардың арманы одан да үлкен. Олар: неге біз жұттан қорықпайтын болмаймыз. Ол үшін неге қармен, мұзбен күресетін машина ойлап шығармаймыз дейді. Ал, суды аңсамайтын біреуі жоқ. Бірі емес, бәрі де осындай. Сондықтан, мен бұларды газетке баса алмаймын.

Дәурен. Балым, ол - шарықтаған ойдың алға қарай шашылған шапағы. Келешекте мұның бәрі де болады. Оларға ойларыңды жаз деген менмін... Бірден туған ой мыңға тарасын, шығара бер.

Балқия. А, онда мен неге өз ойымды жазбаймын?

Дәурен. Алға басар ой болса, жаз.

Балқия. Әттең, оған күш жетер емес, әйтпесе алға басар еді-ау!

Дәурен. Күш жетпейтін ол не сонша?

Балқия. Кейін газет бетінен көрерсіз. Егер оған колхоздың күші жететіндей болса, Жанар екеуіңізге тыныштық бермеймін. Тыңдамасаңыздар кімге жазатынымды білесіз бе?

Дәурен. Оны кейін көрерміз. Сен газетіңнің бұл номерін бір күнге кешіктіре тұр.

Балқия. Неге?

Дәурен. Алда тұрған жаңа міндетке сәйкес газетіміздің үні де жаңарсын. (Телефон.)

Балқия (тыңдап). Мен тыңдап тұрмын... Қайда? Не болып қалды? Қазір, міне шықтым. (Телефонды қойып, қағаздарын жинастырады). Мен больницаға кеттім.

Дәурен. Немене, жайсыз бірдеңе болып па?

Балқия. Жоқ, дүниеге қазір бір жаңа адам келетін болыпты, жаңа адам.

Дәурен. Өзің баланы жақсы көресің - ау осы?

Балқия. Жақсы көрем, өте жақсы көрем, Дәурен. (Жүгіріп кете бере тоқтап). Сіз ше?

Дәурен. Мен сенен де жақсы көрем.

Балқия. Тілектеспін. (кетеді.)

Жанар келе жатады, Дәурен оған қарсы жүреді.

Дәурен. Сен тіпті гүл-гүл жайнап кетіпсің ғой.

Жанар. Беттің гүл жайнағаны не болар дейсің. Онан да бүгінгі күніміздің әрбір сағаты келешектің асқар шыңына құлаш ұрып жатсын десеңші.

Дәурен. Міне, міне, осы ғой менің күткенім. Бірақ, сен кейде ой жетпеске қол созасың да, кейде қолың жетіп тұрған жерге ойың жетпей қалады.

Жанар. Сенің ойыңның жеткен жерін көрелік. Үндеуіңді әкелші.

Дәурен. Мен оны әлі жазған жоқпын.

Жанар. Неге?

Дәурен. Алдымен келісіп алайық та. Көктөбеге шабуыл жасаймыз ба, жоқ па? Егер жасайтын болсақ, көтерер туымыз сол шабуыл болсын, үндеуде сол көрсетілсін. Сексен адам дегенің көп емес, ойланшы әлі де.

Жанар (салмақпен). Мен ойланып та, толғанып та болдым. Ол шабуыл жасалады, бірақ үндеуде сексен адам деп атама.

Дәурен. Неге?

Жанар. Үкіметтен көмекке экскаваторлар аламыз да, Көктөбеге шабуылды өзіміз жеке жасаймыз.

Дәурен. Колхоздың келешегін ойлаған бастықты мен жаңа көрдім - ау.

Жанар. Лепірмей қоя тұр. Ол төбені талқандаудың қиындығы үндеуде толық көрсетілсін. Ол үшін мынамен танысып ал. (Столдың тартпасынан бір папка береді. Осы кезде Рабиға қайта келе жатады. Жанар қарсы. жүріп.) Аға, өзіңіз айта беретін ертектегі суы күміс, балығы алтын теңіздің осы жерге келіп орнайтын болғанын естідіңіз бе?

Рабиға. Талай ертекті естісем де, дәл келіні енесін келеке еткен ертекті естімеген ем.

Жанар. Келеке емес, апа! Айдостың арман еткен теңізі салынатын болыпты.

Рабиға. Солай ма?.. О, жасаған, бере көр. Өзі кетсе де, артында ізі қалса екен. (Террастан Дәурен келеді.) Бұл бала кім?

Жанар. Бұл кісі біздің колхоздың парторгы - Дәурен Назаров дейтін балаңыз емес пе?

Дәурен. Саумысыз, шеше! (Қол алысады).

Рабиға. Ә, әлгі мал маманы бала екен ғой. Бар бол, балам. Осы үйден көп көрсем де, жадымда сақталмапсың. Кім болсаң да адал бол тек.

Жанар (енесін құшақтап). Апа, байқайсыз ба? Сіз соңғы кезде бір жаңа мінез тауып алып жүрсіз.

Рабиға. Менен енді ешқандай жаңа мінез шыға қоймас, балам!

Жанар. Білем ғой, апа, менімен сөйлескен жігіттерге адалдықты көбірек айтатын болып барасыз.

Рабиға. Саған сенсем де, кейбіреулерге сенбейтінім рас. Мен біріңнен емес, бәріңнен де адалдықты тілеймін. (Дәуренге қарап.) Қалай, балам, ата-анаң, бала - шаған аман ба?

Дәурен. Шеше, мен ата-анадан жастайынан айрылған, әзінен басқа әзір ешкімі жоқ адаммын.

Рабиға «Әзір» дейсің, ә? Осы уақытқа дейін үйленбей неғып жүргенсің?

Дәурен. Оқуды былтыр ғана бітірдім.

Рабиға. Былтырдан бері не бітіріп жүрдің? Қыз таба алмай жүрдің бе?

Дәурен (сәл бөгеліп). Өзі - өзім болатын, анасы - ана болатын адамды іздеп жүрмін.

Рабиға. Е, солай де! (Ойланып қалады.) Осы уақытқа дейін үйленбей, оқығандағы оқуың қой құрттау, тағы сондай кәкір-шүкір болғаны қалай?

Жанap. Апа, ол кәкір-шүкір емес. Біздің колхоздың қойын елу мыңға, әр қойдың салмағын 150 килоға жеткізген осы балаларыңыздың көмегі.

Рабиға. Әй, қойшы. Қойды қойшылар да көбейтіп жатыр ғой. Жанардың құлағына сыбырлап.) Үндеме, әдейі айтып отырмын. (Дәуренге.) Көп өміріңді бос өткізген екенсің, балам, ә? Тым болмаса адам дәрігерінің оқуын оқуың керек еді ғой. Мал оқуы деген не? Оны менің ұлым түгіл қызым да оқу деп елеген емес. (Балқия кіріп келеді.)

Балқия. Апа, машина келді, әзірленіңіз.

Жанар. Немене, өзің апаратын болдың ба?

Балқия. Жоқ, Гүлпан апаратын болды.

Рабиға (Дәуренге қарап). Балам, әркімнің өмірден алсам дейтін сыбағасы, әр түрлі арманы бар. Менің арманым - балаларымның ержетіп, ел қатарына қосылғанын көру еді: ол тілегіме жеттім деп жүргенде жалғыз ұлдан айрылдым. Ендігі қалған мына біреу. Осы жетімекті сендерге тапсырдым. Тым болмаса, өзім келгенше жылата көрмеңдер!..

Осы кезде Гүлпан келеді.

Жанар (қарсы алып.) А, Гүлпан, хош келдің, жоғары шық... Апа, біздің колхоздың бас дәрігері Гүлпан дейтін қызыңызды танитын шығарсыз?

Рабиға. Е, мұны танимын ғой. Кел, шырағым, кел (Шақырып алып маңдайынан сүйеді.)

Гүлпан. Қалай, шеше, көңіліңіз тәуір ме?

Рабиға. Көңіл жаман емес. Бұл ауру кең дүниені де тарылтқысы келетін ауру екен. Бірақ, оған кеудем де тарылатын емес. Жанаржан, біз енді әзірленейік. (Жанар мен Балқияны ертіп, өз бөлмесіне кетеді.)

Гүлпан. Дәурен сізден бір сыр сұрайын, жасырмай айтасыз ба?

Дәурен. Сұрап көр.

Гүлпан. Жоқ, алдымен сіз уәдеңізді беріп көріңіз. Екіншіден, қыздың көңілін көбелек көретін мінезден аулақ болыңыз.

Дәурен (қағаздан басын көтеріп алып). Қалай? Менің сондай мінезім бар ма?

Гүлпан (күліп). Жоқ, жақсы ниетті андамай, мазақ етіп жүрмеңіз дегенім ғой.

Дәурен (күліп). Жоқ, жақсы ниетті аңдамай, мазақ тап көрген емеспін, айта бер, ойнап сұрасаң да шындап жауап беруге әзірмін.

Гүлпан. Ендеше, мынаны айтыңызшы: сіз осы үйге кім үшін келе бересіз? Жанар үшін бе, жоқ әлде Балқия үшін бе?

Дәурен. Ол не үшін керек?

Гүлпан. Өзім үшін емес, сіз үшін керек. Жанар екеуіңізді әркімдер жел сөздің қақпақылы етіп жүр. Егер де бұл рас болса, жаны сұлу Балқияны ғана емес, осы уақытқа дейін баласынан күдер үзбей, Жанарды көзінің жанарындай көріп отырған мынау қымбат ананы да аямағандық.

Дәурен. Бұл не сөз?

Гүлпан. Бұл - достың досқа айтар жан сөзі.

Дәурен. Жазықсыздан жазалаған достықты мен білмеймін. Осымен сөзді тоқтатсақ қайтеді?

Гүлпан. Жазықсыз болсаңыз, достық тілегім мәңгі бірге, бірақ шөптің басы жел болса ғана қозғалады ғой. Мен бірдің емес көптің аузынан естіп кеп тұрмын.

Дәурен. Жел деген жосып өтеді де кетеді, шөп орнында қала береді, ал кімнің кімді сүйгенінде елдің несі бар, әсіресе, сенің нең бар?

Гүлпан. Балқиямен сізді ең алғаш таныстырған мен едім ғой, жазықсыз жас жанның обалына мені де қалдырып жүрмеңіз. Ойланыңыз әлі де.

Дәурен. Гүлпан, аяулы Гүлпан, жаңа сездім сырыңды. (Келіп қолын ұстайды.) Айтқандарыңның бәрі асыл, бірақ естігендеріңнің бәрі де сандырақтай бірдеңе, ашуға ерік берем деп, жүрек сырын ұқпапсың. Енді ашық айтайын, көшпелі көңіл менде жоқ. Ендеше, Балқиядан басқа сүйерім жоқ деп айтуға өмір бойы әзірмін. (Қолында чемоданы бар Балқия шыға келеді де, кейін шегінеді.)

Гүлпан. Кел, Балым, кел бері. (Дәуренге.) Жаңағы бір сөзді тағы естігім келеді, тағы бір айтыңызшы.

Балқия. Мен сіздерге бөгет еттім білемін.

Дәурен. Бөгет болғанда қандай, адам аса алмайтын асқар таудай.

Балқия. Онда сақтанғайсыз!

Дәурен. Неге?

Балқия. Мерт болуыңыз мүмкін ғой.

Дәурен. Мерт болсам болайын, тек өзің биік болшы, (Балқияның қолындағы чемоданды ала жөнеледі. Гүлпан Балқияға бірдеңені енді айта бергенде, Рабиға мен Жанар келеді.)

Рабиға. Гүлпаш, мына екеуін маған қалдыра тұр.

Гүлпан. Уақыт болып қалды, тез шығыңыз. (Кетеді.)

Рабиға. Жанаржан, айтарың жоқ па маған?

Жанар. Жоқ, апа!

Рабиға. Анық жоқ қой.

Жанар. Өзіңізде болмаса, менде жоқ.

Рабиға (Балқияға). Сенің де айтарың жоқ па?

Балқия. Бұл не тергеу?

Жанар. Апа, сіздің ойыңызда бірдеңе тұр ғой, айтыңызшы?

Балқия. Айт, апатай. (Екеуі екі жағынан келеді.)

Рабиға. Сен мынаны білесің бе? Адам малды бауыздағаннан кейін де, деуге батпай сирағынан ұрып байқайды. Сол не үшін?

Балқия. Ол не сөз?

Жанар. Апатай - ай, мына сөзіңіз өтіп кетті-ау! (Құшақтай алады.) Ондай аяспайтын біз бе едік?

Рабиға. Мен сенің бағыңды байлағым келмейді. Тек есіңде болсын, Айдостан күдерді сендер үзсеңдер де, мен үзген жоқпын. Үзбеймін де, қош болыңдар! (Кетеді. Жанар мен Балқия оны қолтықтап кетеді. Сахна аз уақыт бос. Біраздан соң түндей түнеріп Мәжел келеді.)

Мәжел. Жеті жылдан бергі ойым, екі жылдан бергі еңбегімнің далаға кеткені ме, апыр-ау! Өмірім мақсатсыз болса, көрген күнін сәулесіз. Менің бар мақсатым - осы көл еді. Осының суын татқан ұрпақтар мені де аңыз етіп айтар, менің де атым өшпес деуші екем. Сол көл дәмін ұрпақтар түгіл өзіме де бір татқызбастан суалмақ, суалтпақ. Жоқ, ол болмас, қара басым қара жерге кіргенше алысармын ол үшін! (Асығыс жаза бастайды, уһлеп-аһлап Жаңыл келеді.)

Жаңыл. Уһ, өлдім, өлдім.

Мәжел. Ой, Жәкесі, тәтесі, жаным, жан торғайым, не болды? Ойбай-ау, көзің бозарып барады ғой.

Жаңыл. Көш, тезінен көш. Мына қу даланың ыстығы мені пісіріп жесін демесең, көш тезінен.

Мәжел. Көшейін, жаным, көшейін. (Тез су ішкізеді.) Ертеңнен қалмай өзіміз де көшеміз.

Жаңыл. Уһ, жоқ, ертең көшпейсің. Жанардың тойын көріп көшеміз. (Сырттан Балқияның: «Көке, көкетайым», Айдостың: «Балым, бауырым» деген дауыстары естіледі. Аздан соң қасында Балқия, Таусоғар, тағы бір-екі адам бар Айдос келеді.)

Мәжел (Жаңылды тастай жүгіреді). Айдосым, достым.

Айдос. Амансың ба, маубас Мәжелім.

Жаңыл. Ой, ғажап - ай, өңім бе, түсім бе, жаным - ау! (Жылап, жөнді сөйлей алмайды.) Ей, балаға жабысқан шыбын құсамай босатшы тез.

Айдос. Кел, кел, Жаңыл бауырым! Келші, сағындым ғой бәріңді де.

Жаңыл. Сағынған деп бізді айт,бізді (Құшақтасады.)

Мәжел. Мұндай да ғажап болады екен, ә?!

Айдос. Апам мен Жанар қайда?

Жаңыл. Апаң сырқат еді, емделу үшін бүгін Алматыға кетті.

Айдос. Ал, Жанар қайда?

Мәжел. Жанарды жаңа ғана кеңсеге шақырып кетті. (Телефон соғып жатады.)

Балқия. Көкетай - ау, соғыс біткелі әлдеқашан, осыншама зарықтырып хабар-ошарсыз қайда жүрдіңіз?

Айдос (қасына барған Балқияны құшақтап басынан сипайды). Мен 42-ші жылдан бері үкіметтің арнаулы тапсырмасы бойынша шет жақта жүріп, сендерге хабар бере алмадым, жаным. Екіншіден: соғыс әлдеқашан бітті дегенің қате. Рас, гитлершіл Германиямен соғыс бітті. Бірақ, барлық адам баласына ең қатерлі жаулар, ең ақырғы жаулар әлі құрып біткен жоқ.

Мәжел. Ең ақырғы жаулар! Дұрыс, дұрыс айтасың, достым. Біз сені Гитлердің тұсында -ақ суға батып өлді деп естіген едік. Енді сол ақырғы жаулардың құрығанын да көреді екенсің.

Айдос. Ол солай болады, оны да көреміз. Айтпақшы, сені бір көл салғалы жатыр деп естідім, рас па?

Мәжел (массаттана). Біздің қазір ойымыз жеткен жерге күшіміз де жетіп жатыр, достым. Бәрі де рас, бәрі де мүмкін.

Айдос. Апыр-ау, сенейін бе, сенбейін бе?

Балқия. Көке, басқаға сенбесеңіз де маған сеніңіз, маған.

Айдос. Сендім, бауырым, бәріңе де сендім. Сондықтан бәріңе де ризамын. Әсіресе, өзім өлсем де, атымды өшірмейтін партияма, халқыма ризамын. Енді бұл теңіз біткенше бәріміз де бел шешпеспіз. Солай емес пе, Тауке?

Таусоғар (Айдостың маңдайынан сүйіп). Дәл айттың, қарағым. (Мәжел мен Балқияға қарап.) Ал, балалар, отырмайық, өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Енді біздің колхозда бірнеше күн той болсын. Мен мал жағын реттейін, басқасын сендер реттей беріңдер. (Кетеді.)

Осы кезде манағысынан да қызып алған Қоқым келе жатады.

Қоқым (таңданып). Ой, мынау Айдос бауырым ба - ей, ә?

Айдос. Қоқа, амансыз ба, Қоқа!.. (Құшақтасады.)

Қоқым. Мен аман емеспін, бауырым. Осында Кремлев дегеннің ызасынан осындай болып кеттім, бауырым! (Құшақтап жылайды.)

Жаңыл Мына кісі не деп тұр - ей?

Айдос. Кремлев дегеніңіз кім?

Қоқым (қалтасынан манағы телеграмманы. алып береді). Ол - мынау, ол - мынау. Осы үшін бүгін осы үйде де, өз үйімде де Таусоғардан таяқ жедім. Соның бәрін істеп отырған... Жоқ, оны айтпасам да өзің білерсің.

Балқия (Қоқымның алдына тұра қалып.) Қоқа! Бұл қай қастығыңыз еді? Не айтып тұрсыз, Қоқа!

Айдос (ызалы). Балқия, сенде жүрек жоғын көріп тұрмын, былай кетіп.

Балқия (жыламсырап). Көкетай - ай, не дедің? Ол сөзді кімге айтарыңызды білмедіңіз - ау, көке. Мен не десеңіз де көтерем, бірақ маған бәрі де белгілі, сіз тәтемді күнәсыз күйдіре көрмеңіз!

Айдос. Күнәсыз болса, мынау не? (Телеграмманы лақтырады.)

Балқия (телеграмманы алып). Маған бұл да белгілі. Кісі өлтірген айыпкердің де ақтық сөзін тыңдаушы еді ғой, тым болмаса анығына жетсеңші, көке!

Мәжел (Қоқымға есікті нұсқайды). Шық үйден, мен саған шық деп тұрмын!

Айдос. Кеш қалдың, Мәжел. Шығатын ол кісі емес, мен.

Мәжел. Айдос, ақылды едің ғой, сабыр етші, бауырым.

Айдос (ауыр ойда ерсілі-қарсылы жүреді де, екі қолын столға тіреп тұра қалады). Қоқа!

Қоқым. Ау, бауырым - ау!..

Жаңыл. «Ау, ау» Атаңыздың басы, «ау, ау» ма?

Айдос. Менің өкпемде жаудың атқан оғы бар. Мен оны Отаныма келген соң біліп, өмір сүруден кеш қалдым деп, ендігі қалған өмірімнің бір минутын бір жылға теңеп келіп ем. Сіз менің сол үмітіме көне дүниенің тот басқан қара балтасын әкеп шаптыңыз. Сіз доспын, туыспын деп тұрып, жауымнан да қатты ұрдыңыз - ау!?

Қоқым. А, а, мен не істедім осы, ә? Мен әлде маспын ба, ә? (Жын қаққандай өзін-өзі билей алмай шыға бергенде, қарсы алдынан Жанар кіріп келеді. Қоқым тәлтіректеп кейін шегінеді.) Қойдым, Жанаржан, қойдым.

Жанар (барлық шаттық даусымен). Айдос, Айым! (Тұра ұмтылады.)

Айдос. Тоқта (Пауза). Сен танымай қалдың, мен Айдос емес, Кремлевпын. (Жанар селк етіп, теріс қарап кетеді. Айдос қасына жетіп барып.) Қара менің көзіме!

Жанар. Айым... Ай-ым... (Сөйлей алмай жылап жібереді.)

Айдос. Жанар десе от емес, жалын еді жүрегім. Сағынышпен сарғайған да еді ол жүрек, менде қандай жазық бар? (Аз ойланып.) Аруақ күзетіп, аңыраумен қара шашын ағартатын бұрынғының келіні емессің, сенде қандай жазық бар? Ah! (Кеудесін басып отыра кетеді.)

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Үшінші сурет

Құлан жортпас, құладан ұшпас шөл дала. Кейде асқар тау орнатып, кейде шалқар көл шалқытып тұрған ерке сағым, кейде жақындағыны алыстатып, кейде алыстағыны жақындатып тұр. Сахнаның екі жақ шетінде екі шатыр тұр. Оның біреуінің маңдайшасында «Жеңіс» колхозының көшпелі емханасы» деген жазу бар. Сол шатырдан әрірек жерде біріне бірі қарама-қарсы қарап екі үлкен экскаватор мен бірнеше вагонеткалар көрінеді. Шеткі үлкен экскаватордың көлеңкесінде отырған бір топ адамның бастары ғана көрінеді. Солардың ортасында Жанар сөйлеп тұр. Перде сол отырғандардың қол соғуымен бірге ашылады. Екінші жақтан аяғын аңди басып Қоқым келе жатыр. Ол көптің ішіне кіруге бата алмай, оқшау тұрып қалады.

Жанар. Мен сіздердің маңдайларыңыз күнге, табандарыңыз оттай ыстық құмға күйетінін білемін. Бірақ, сіздер бұл теңіздің күндей шалқыған келешегіміз екенін, ұрпақтарға қалдырар үлкен мұрамыз екенін түсінетін адамдарсыздар, ендеше...

Таусоғар (оның сөзін бөліп). Ұрпағы түгіл, өз күйін ойламайтындар да бар-ау әлі.

Жанар. Жоқ, ондай тірі аруақ бізде жоқ.

Таусоғар (Қоқымды нұсқап). Онда ана тұрғанды не дейміз?

Жанар (Қоқымды енді аңғарып). Мен, өмір жұртында қалып қойған бұралқыларға емес, ел тұлғасы, өмір тұтқасы - сіздерге арнап айтамын. Мен сіздерге ғана сенемін. Кешегі сұрапыл соғыста да өшпес даңққа ие болған «Жеңіс» колхозы, бұл майданда да үлкен даңққа ие болсын. Оның кілті сіздердің қолдарыңызда.

Таусоғар. Ол сенімді ақтаймыз!

Дауыстар. Ақтаймыз! Ақтаймыз!

Жанаp. Тағы кімде сұрау бар?

Таусоғар. Түсінікті.

Дауыстар. Сұрау жоқ.

Таусоғар. Түсінбейтін бізде ешкім жоқ, сондықтан сұраудың да жөні жоқ. Тек ішер судан зарығатын түріміз бар.

Жанаp. Иә, бізді қинайтын сол.

Қоқым. Маған сұрауға бола ма?

Таусоғар. Ал сұра!

Қоқым. Жұрт айтады, Қоқым - ау, дейді. Адамды түзейтін - еңбек дейді. Сол рас па, жоқ алдау ма?

Таусоғар. Е, сен Америкадан қашан келіп едің?

Балқия. Тауке, қоя тұрыңызшы.

Қоқым. Ойынды қойыңыз, Тауке, мен бойымдағы барыммен, аз да болса қалған-құтқан арыммен сұрап тұрмын.

Таусоғар. Аз да болса барына тәубә, айта бер.

Қоқым. Айтарым сол, менен мұнша неге бездіңдер? Жанар, мен бұны саған айтып тұрмын. Білімсіздің білместігін кешпесең, білгендігің қайсы? Өтінемін, Барсакелместің шөлін менен аяма, сал жұмыстың ең ауырына. Ақтық айтар арызым сол болсын, ақтық рет бір сына. Сол сыныңнан өте алмасам, өз обалым өзіме. .

Жанар. Ол - менің сізден талай естіген ертегім. Сізді сынай - сынай сағымыз талай сынған-ды. Жетер енді. (Басқаларға.) Қане, басқа сұрау жоқ болса, жұмысқа кірісіңдер!

Балқия. Қаталастың - ау, тәте!

Таусоғар. Қарағым Жанар, мына шіркін, туғалы аузынан шықпаған жан сөзін бүгін айтты - ау, тағы бір сынап көрсек қайтеді? (Оны мақұлдаған дауыстар көтеріледі.)

Балқия. Солай дейсіздер ме?.. (Қоқымға үнсіз қарап аз тұрды.) Сіз айғақ дейтін шөл жапырағын танисыз ба?

Қоқым (қуанып). Танимын, Жанаржан, танимын.

Жанар. Ол әр түрлі ғой, қандай түрін білесіз?

Қоқым. Мен емес-ау, жұрт айтады, Қоқым - ау, дейді, айғақтың бірі сарғылт, бірі көк дейді.

Жанар. Оның екі түрі болуы неліктен?

Қоқым. Ол жер астындағы судың жақын, алыстығына қарай дейді. Суы тереңдегі жердің айғағы сарғылт та, суы бетіне жақын жердікі көк болады дейді.

Таусоғар. Қарағым Жанар, мынау дұрыс айтып тұр.

Жанар. Егер де біздің ортамыздан әлі де үмітіңіз болса, осы маңнан сол айғақтың көгін табасыз. Сізге қойылатын бірінші шарт сол.

Қоқым. Сонан кейін?

Жанар. Сонан кейін сол жерден құдық қазыңыз. Есіңізде болсын: бізге айдаладағы құдықтың керегі жоқ.

Қоқым. Сонан кейін?

Жанар. Сонан кейін ойланып көреміз.

Қоқым. Егер осы шартыңды орындасам, орталарыңда жүргізіп, мына бір күректі бересің бе? Басқа тілек тілемеймін.

Жанар (ойланып қалады). Мақұл.

Қоқым. Көп жаса, қарағым, көп жаса! (Қолынан ұстап алып.) Айдосыңмен бірге жасап, Айдосыңмен бірге ағар.

Жанар. Рақмет, Қоқа! Қане, жолдастар, жұмысқа кірісіңдер. Тауке, тұңғыш топырақты сіз көтеріңіз. Сергей, Серкебай, экскаваторды жүргізіңдер!

Қоқым (жалғыз). «Рақмет, Қоқа» деді. «Рақмет!» өткен жылы, неткен әдемі сөз еді... Қоқым - Қоқым болғалы дәл осы сөзді көк мойын бөтелкелерден басқадан естідім бе екен, сірә? Жоқ, Қоқым, естіген жоқсың. Ендеше, қалма өмір жұртында, қайтпа осы бетіңнен. Қайтпа!

Кете бергенде Айдос кездеседі.

Айдос. Ау, қайда қашып барасыз?

Қоқым. Ой, айналайын-ай, жақсы кездестің - ау. Мен қашып емес, тасып барамын. Мен емес-ау, жұрт айтады, Қоқым - ау, дейді... Жоқ, мен тағы да баяғы әніме басып барады екенмін. Сен маған мынаны айтып берші: айғағы бар жердің суы саяздан шығатыны рас па?

Айдос. Көгі болса рас, Оның сізге керегі не?

Қоқым. Шатасып кетерсің, қарағым, оны сен білмей-ақ қой.

Айдос. Мен не үшін шатасамын?

Қоқым. Мен емес-ау, жұрт айтады: Қоқым - ау, дейді, сенің миың суланып кеткен, аузыңа келгенді айта беретінің сондықтан дейді, Сірә, сол сөз рас болу керек, өйткені мен өзім түгіл сені де шатастырдым ғой, жарайды, қош бол! (Кетеді.)

Айдос сол кеткен жаққа қарап тұрады. Оның ту сыртынан Жанар келеді.

Жанар. Бас инженер жолдаспен амандасуға болар ма екен?

Айдос. А, бойжеткен, амансыз ба?

Жанар. Бойжеткеннің амандығы бозбаласында болып жүр-ау.

Айдос. Сіз ана кісіні қайда жіберіп едіңіз?

Жанар. Осы жердің суын татқан еркектер адасқыш болып жүр ғой, адасып жүр де.

Айдос. Өзі шыр айналып не іздеп жүр?

Жанар. Бір жаққа лағып кетпей, айналсоқтап жүрісіне де тәубә.

Айдос. Осы сіз не айтып тұрсыз? (Ортадағы столға жайып, сыза бастайды.)

Жанар. Сіздің түтін түтеткен жеріңізді қашан көрер екенмін деп жүрмін.

Айдос. Түтін түтеткен жерімді кейін өзім шақырған кезде көрерсіз. Оған дейін сіз менің киімдерімді беріп жіберіңіз.

Жанар. Сен бұл дүниедегінің барлығынан безген емессің бе, киімнің керегі не?

Айдос. Барлығынан дегенің жала болар.

Жанар. Жала болса қуанар ем, олай емес пе деп қорқамын.

Айдос. Мүмкін, мен жасынан жаны сүйген Жанарды да жасықсыз жазалаған опасыз шығармын, солай ма?

Жанар. Нақ солай. «Мен олай емеспін, сен кінәлісің» деп өзің де айта алмассың.

Aйдос. Ех, Жанар, Жанар! Келешегіңе көз салсаң, маған алғыс айтар едің-ау.

Жанар. Алғыс!

Айдос. Иә! Қарғыс емес, алғыс.

Жанар. Жаманшылыққа алғыс айтсақ, жақсылыққа айтарымыз не болмақ?

Айдос. Жақсылықты тани білу үшін де үлкен ой керек екен ғой. Тағы айтамын. Сен жазықты емессің де, мен сені жазалаушы емеспін. Мүмкін өмір бойы қимаспын сені, қиналармын ол үшін, бірақ, соның бәріне до шыдадым мен.

Жанар. Жалған айтасың. Жалғандығы сол - мені қимайтының рас болса, өзіңді мұндай азапқа қимас едің. Сен кейінгі жастардың көзіне ескінің жұрнағы болып көрінбеу үшін осындай жалған бірдеңелерді сылтау етіп жүрсің.

Айдос (ызамен). Мен сенің бағынды байлағым келмейді, түсінемісің?!

Жанар. Оның тіпті бекер. Менің бағым ешкімнің қолында емес екенін өзің де жақсы білесің.

Айдос. Қой, екеуміз әлдекімдерге ұқсап далада көріспейік. Мен кешке үйге барайын, ескінің жұрнағы кім екенін кімді келешекте не күтіп тұрғанын сонда сөйлесіп көрейік.

Екінші шатырдан ұйқысын аша алмай Мәжел шығады.

Мәжел (ұйқыдан көзін аша алмай керіліп). Айдос әлі келген жоқ па?

Айдос. Жоқ, ертең келеді.

Мәжел (шошынып). Ертең? (Көзін жыпылықтатып). Еһе, өзің екенсің ғой. Жүрмейміз бе енді?

Айдос. Сен екі-ақ сағат ұйықтадың ғой, жүре алар ма екенсің?

Айдос (есінеп). Ай, достым - ай, көл салатын болсақ қой мұндай күйге түспейміз. Бұл не? Келесі ғасырға керекті су үшін қансорпа болып жүрген біздей кім бар, ойлашы?

Айдос. Сен көлді аңсасаң, мен бұл теңіз біткен күні Барсакелместің бетінен бес өзен қатар ағып жатқанын бір көрсем деп жүрмін. Сұңқар ұшпастың шөліне сол үшін барамыз.

Мәжел. Не дейді?

Айдос. Солай деймін. Біз теңіздің өзін ғана емес, келешекте салынатын каналдарды да осы күннен бастаймыз.

Мәжел. Еһе, жердің суынан емес, адамның маңдай терінен жасаймын де теңізді.

Айдос. Күннен қорықсаң, көлеңкеде жата бер. Богданов екеуміз барып қайтамыз. Мына келе жатқан сол кісі болар.

Мәжел. Жолдарың болсын. (Шатырға қайта кіріп кетеді.)

Айдос. Ауыл арасынан ұзамайтын қойшының қоңыр шолағы сияқты емес пе, ә?

Жанар. Айдос, менен безсең де, достарыңнан безбесеңші?

Айдос. Кімде-кім өзінің ғана жан рақатын ойласа, мен соның бәрінен беземін. Айтпақшы, сен бұл канал жөнінде ойланып болдың ба?

Жанар. Басқа қинауың да жетеді, бұл үшін мені қинама!

Айдос. Мен үшін емес, колхозың үшін қинал.

Жанар. Сенің айтып отырғаның - колхоз үшін қиналу емес, колхоздың өзін қинау. (Қасында көмекшісі бар Богданов келеді.) Сәлем, Сергей Степанович!

Богданов. Саламат, саламат. (Қол алысып.) Мен кешігіп қалған жоқпын ба?

Айдос. Яковлев жолдас жүріп кетті. Ал біздің кідіретін түріміз бар.

Богданов. Себеп?

Aйдос. Себебі сол, Елемесов жолдас ойланып-толғанудан көзін әлі ашқан жоқ.

Богданов. Не үшін баратынымызды айтып па едің?

Айдос. Айттым.

Богданов. Қашан көзі жеткенше шегіне беру ол кісінің әдеті, ал көзін бір жеткізсең, аспандағыны іліп түседі. Өзі қайда?

Мәжел (шыға келіп). Мен мұндамын, Сергей Степанович. (қол алысып). Сәлеметсіз бе?

Богданов. Өз халіңіз қалай?

Мәжел. Бір үлкен ойдың келіп тұрғаны болмаса, денсаулығым жаман емес.

Богданов. Ол ойыңызды кейін, қайтып келген соң айтарсыз, кешігіп қалдық.

Жанар. Сергей Степанович, сіз не жұмыспен бара жатырсыз?

Богданов. Мұндай мол күш Барсакелмеске келе бермейді. Темірді қызған кезінде соғып қалу керек, жеңімпазым.

Айдос. Сергей Степанович! Сіздің бұл жеңімпазыңыз, колхозымның жұмысы ақсап қалады деп, канал салуға қадам басар емес.

Богданов. Жала, жала оның! Менің жеңімпазым артта қалып көрген емес. Оны кейін өзін де көрерсің. Қане, жүріңіздер!

Мәжел (киініп қайта шығады). Жанар, сендерден бір тілек. Гүлпан, Балқия қарақтарым, орталықтан дәрігерлер келіп жеткенше, осы бір екінші учаскенің ауырып-сырқағандарына екеуің көмектесе тұрындар. Күн өтіп құлап қалмасын, екеуің кезек-кезек аралап отырыңдар, қарақтарым.

Гүлпан. Онда облыстан дәрі әкелуге машина беріңіз.

Мәжел. Что ты, машина топырақ тасудан босамайды. Дәріні өздерің бірдеңе етіп жеткізіңдер.

Гүлпан. Онда, өздеріңіз емдеңіздер.

Айдос. (кете бере тоқтап). Что ты, что ты, дәрігерсіз біз қалай емдейміз?

Гүлпан. Дәрісіз біз қалай емдейміз?

Мәжел. Еһе, ол да рас екен-ау, машинаның реті жоқ, енді қайттік?

Жанар (күліп). Екі мың машинасы бар сізден екі-ақ машинасы бар мен баймын, сіздер бұрғы салып су бар жерді тауып берсеңіздер болды.

Мәжел. Оның керегі не?

Жанар. Жақын жерде ауыз су жоқ, құдық қазамыз.

Мәжел. Еһе, оның реті әзір келмейді. Барлық бұрғы мына сырттан келгендерге су іздеуде. Сендердің машиналарың бар, жаным - ау, суды сонымен таси тұрсаңдаршы. (Сырттан. машинаның гудогі естіледі.) Мен кешігіп қалдым. (Тұра жөнеледі.)

Гүлпан. Бұл кісіден қайыр жоқ екен. (Шатырға қарай беттеп.) Балқия, дәріні үнемдей көр.

Балқия. Қанша үндемесек те, өзіміздің колхоздан артылатын дәрі жоқ.

Жанар (ойда тұрып қалады). Кез келген жерді қаза беруге болмайды, енді қайттік?

Балқия. Манағы айтқан жапырағыңызды іздесек қайтеді?

Жанар. Бұл жерден оны табу қиын. Дәурен де келмеді - ау.

Жұмыс істеп жатқандарға қарап кетеді. Балқия мен Гүлпан шатыр ішімде. Екеуі дәрі-дәрмек әзірлеп жүр.

Балқия (әндетіп).

Амал жоқ қайттым білдірмей,

Япырмау, қайтып айтамын!

Қоймады дертін күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

(Кенет ойланып.) Мұны мен не үшін айтып тұрмын?

Гүлпан. Дәурен есіңе түсіп кеткен ғой. Оны қой да, ана газетті әпер, саған өміріңде айып көрмеген бір әнді салдырайын. (Балқия күледі.) Неге күлесің?

Балқия. Дәуреннің өзі емес, саған айтқан бір сөзі есіме түсіп, соған күлемін. (Газетті береді.) Мына сөзің де сондай бір күлкіні шақырып тұр.

Гүлпан. Дәуреннің қай сөзі?

Балқия. «Айтқандарыңның бәрі асыл, естігендеріңнің бәрі де сандырақтай бірдеңе» деп пе еді, не деп еді?

Гүлпан. Ол күлкі емес-ау, Көрімдей кісінің әзілін айтсаңшы. Мен тіпті Дәуренге тіл тигізіп бола жаздадым ғой. Ай, осы аңқаулықтан өлемін ғой бір күні.

Балқия. Аңқау емессің, адалсың. Бірақ жанның өзіңдей көресің, соның жақсы емес. Қусың деген төбесі көкке жеткендей болатын Кәрім сияқтыларға алдануың да сондықтан.

Гүлпан. Өзіммен танысқалы келген. Ол да аңқаулық емес пе?

Балқия. Жоқ, ол да адалдықтан, мені жақсы көретіндігіңнен.

Гүлпан. Ал, егер мен сені сол Дәуреніңмен қосақтасам, атты сынасам ше?

Балқия. Дұрыс, сынасаң оны да адалдық деймін.

Гүлпан. Адалсың деп тура шүбәлануың қалай? Әрқашан да әділ сынамай ма?

Балқия. Онымен не айтпақшысың?

Жаңыл. Ойбай-ау, қанымның қабыршақ болып қалғанын көрмей тұрсың ба? Ішемін.

Балқия (әзілдеп). Мәжел ағай кімде-кім жұмыс істемесе, бір тамшы су берілмесін деген еді, қайтсем екен, ә?

Жаңыл. Мәжел түгіл, Мәжелдің әкесінің әкесі айтса да жұмыс істемеспін. Уһ, әкел деймін тез.

Балқия. Онда сол кісіден рұқсат әкеліңіз.

Жаңыл. Уһ, өлдім, шөлде қалғыр Мәжел, Мәжелге сәлем де. (Талықсыған болады. Балқия шошып, тез су құя бастайды.)

Балқия. Ой, жеңге, жеңге, мә су, мә! Ойбай-ау, балық болып кеткенсіз бе? (Су ішкізеді.)

Жаңыл. УҺ, орта жолдан қайттым - ау, машинаның іші от боп кетті.

Балқия. Үйге жете алмай қаларсыз, келген шаруаңызды айтыңыз да, тез қайтыңыз.

Жаңыл. Шаруам сол, маған қайдан тапсаң да, Жанарды тез тауып бер.

Балқия. Оны қайтесіз?

Жаңыл. Әлгі бір қатынсыз қалғыр Кремлев дейтін қырсықтың кесірі оған тағы да тиетін болды.

Балқия. Қалайша?

Жаңыл. УҺ, ол қазір шыққалы тұрмын деп, облыстан телефон соқты. Қалайда оны Айдостың көзіне көрсетпеу керек. Егер көрсе, оның осы кеткені кеткен, үміт жоқ.

Балқия. Е, солай де! Шошаңдап жүріп, бүлдірдіңдер ме ақыры. (Басын ұстап отыра кетеді.)

Жаңыл. Ей, шошаңдаған деп сен өзің кімді айтасың - ей?

Балқия. Сізді айтамын, сізді. Сіз емес пе едіңіз, ойбай, еркектердің сыры маған мәлім, олар еңкейе берсең шалқая береді, енді сен де шалқай деп тәтеме жел берген.

Жаңыл Давай, не балтай. Ақылды болсаң, қайда қалдың?

Балқия. Өй, давайыңыз да құрысын сіздің, давай да давайдан басқа білеріңіз бар ма екен осы?

Жаңыл (қатты). Давай не балтай!.. Жанардың хатын алған соң келмес дедім мен. Қайдан білейін, оның аш кенедей жабысып қалатынын. Екіншіден, сен өйтіп балтайт етпе, білдің бе? Мен қанша жел берсем де, желіккен жоқ. Оның жазықсыз иілген басын елеп, сөзін елеп жүрген сенің ағаң жоқ. Бар кінә ағаңда. Ұқтың ба?

Таусоғаp. Қарағым, мына бір дөрекі антұрғанның кетіп қалғанын орап берші.

Балқия. Мұны неғып жаралап алғансыз? Ойбай-ау ақ тырнаңыз бөлек тұр ғой.

Таусоғap. Экскаватордың бір жері бүлініп қалған деп, мылжалап алдым.

Балқия. Сіз оны жүргізе білмейсіз ғой.

Жаңыл (дауыстап). Ей, Додабай, давай машина сюда, давай! (Сырттан дауыс естіледі.)

Дауыс. Машинаның суы қайнап кетті.

Жаңыл. Су мұрын немене дейді? Машинаның ішіндегі су қайнаушы ма еді, давай не балтай!

Екінші жақтан қолында бірнеше бума газет, журналы бар Дәурен келеді.

Дәурен. Е, Жаныл жеңгей де келген екен ғой, саламатсыз ба!

Жаңыл. Оның иесіне таң қалдың?

Дәурен. Сіз мұнда жұмыс істеп жүрген жоқсыз ба?

Жаңыл (атып тұрып). Ой, шіркін-ай! Қолына кетпен ұстайтын шойтабанды тапқан екеңсін! (Кетіп бара жатып.) Ей, Додабай, суы қайнамақ түгіл суалып қалса да давай машина сюда! Давай. (Кетеді.)

Дәурен. Осы кісі өзінің сол шойтабаннан төмен екенін қашан түсінер екен?!. Жаным - ау, мынаны ессіз тастап кеткені несі? (Гүлпан келеді.) А, сыншы жолдас! Сіз де келіп пе едіңіз? Сау боларсыз. (Қол алысады.)

Гүлпан (күлімсіреп). «Сіз» деп сызыла қалған екенсіз. «Сыншы» деген сөзіңіздің зілі жоқ па, әйтеуір? (Асығыс дәрі әзірлей бастайды.)

Дәурен. «Сезікті секірердің» кері ғой.

Гүлпан. Егер сезіктенерім жоқ болса ненің «кері» дер едіңіз?

Дәурен (сумкасынан бір газетті алып бетін ашады да, Гүлпанның алдына тосады). Мүмкін, мынандай сандырағын үшін ұяларсың.

Гүлпан. Сандырағыңыз не?

Дәурен. Қазіргі киіз үйлердің заманымызға сай емес екенін білместен, ауызға келгенді айту сандырақ емей немене?

Гүлпан. Не десеңіз де, ата-бабамыздың қара шаңырағын коммунизмге артып апарамыз деуден тәуір.

Дәурен. Коммунизм, коммунизм деп айқайлай беру емес, біздің мақсат - оны орната білу.

Гүлпан. Оны сіз айтпасаңыз да ұғатын секілдімін.

Дәурен. Жоқ, сен әлі ұға алмай жүрсің, егер де оны ұққан болсаң, жайлау мен отарды колхоз қаласының қатарына жеткізу үшін бізге жүздеген үйлер салу керек, ол үйлерді салу үшін бірнеше бес жылдық керек екенін ойлар едің.

Гүлпан. Жүздеген үйлер?

Дәурен. Ә, сен оған таңданамысың? Бекер асығасың, таңданар кезің әлі алда. Мына теңіз біткеннен кейін ондай үйлерді жүздеп емес, мыңдап салып, Барсакелместің кең даласын малшылардың қаласына айналдырамыз.

Гүлпан. Е, сіз бүкіл Қазақстанның салатын үйін айтып отыр ма едіңіз?

Дәурен. Жоқ менің айтып отырғаным осы колхоз. Алдағы жылда біздің колхоздың отары жүзге жуық. Осы жүз отар жылына алты-ақ рет көшсін дейік. Өзің есепте! Егер сіздің ұсынысыңыз бойынша жоятын болсақ, неше үй салуымыз керек? Алты жүз енді ұқтың ба?

Балқия келеді.

Балқия. Бұл не жанжал?

Дәурен (жалт қарап). Ә, Балым, саумысың? (Қол алысады.)

Балқия. Саумын.

Гүлпан. Сау болсаң, кішкене бара тұр. Мен анда өзін тілдейтін Қоқымның керін киіп тұрмын.

Балқия. Гүлпан, сен айтшы, не болып қалды?

Гүлпан. Дәуреннің саған шағымдануынан шыққан «жанжал» дерліктей ештеңе жоқ.

Балқия. Шағымданғаны қалай?

Гүлпан. Сұра өзінен.

Дәурен. Тағы да теріс кеттің, Гүлпан. Қателессең бетінде үлкен көрініп едің, енді ұсақталып барасың.

Балқия. Е, Гүлпанға ашуланамын деп газетке де тигізіп алған екенсіз ғой. Онда Қоқым ағайға шын саған екенсіз.

Дәурен. Осы сен менің ойымдағыны қайдан білесің?

Балқия. Білмейтінім де жоқ емес. Мысалы, сынаушы Гүлпан, сыналушы мен, оған сіздің не үшін кірісіп қалғаныңызды білмеймін.

Дәурен. Әңгіме сенің сыналғаныңда болып тұрған жоқ, үй туралы да емес. Гүлпан сияқты саналы замандасымыздың осындай ортада отырып, нысананы дәл көздей алмауында болып тұр.

Балқия. Ойымыз жарысқа түскен екен, қайсының жемісі қандай боларын өмірдің өзі-ақ ертең көрсетпей ме?

Дәурен. Әрине, бірақ...

Балқия. Гүлпан, сен не дейсің?

Гүлпан. Мен де солай деймін.

Балқия. Солай дейтініңді мақалаңда көрсетсең еді. Білем, сен оны көрсетпейін деген жоқсың, көрсетуге күшің жеткен жоқ. Өйткені сен малшылардың өмірімен әлі таныс емессің, сондықтан біздің киіз үй жөніндегі ойымыз саған жат көрінді. Тыңдар болсаң, айтар тілегім: өзің білмей өзгеге өнеге айтпа. (Бір дәріні алады да, асығыс кетеді.)

Гүлпан. Енді екеуміз отырсақ деймін.

Дәурен. Не үшін?

Гүлпан. Балқия екеумізді де отырғызып кетті ғой.

Жаңыл (келе жатып). Әлгі су мұрынды сағым жұтып қойған ба, жаным - ау! (Екінші жақтан Жанар келіп)

Жанар. Мен сені іздеп жүрсем, мұнда ма едің? Біздің бір экскаватор тоқтап қалыпты, мен дейтін болсаң, соны бүгінше жүргізе тұршы.

Жаңыл. Ой, шіркін-ай! Май-май болып жүрсем - ау!

Жанар. Бір мезгіл май-май болып жүрмесең, тазалықтың да қадірін білмей кетесің.

Жаңыл (қолын бір сермейді де, шатырға кіреді). Уһ, амансың ба, Гүлпан! (Гүлпанның қасына барып отыра кетеді.)

Жанар. Дәурен? Сен келіп қалып па едің? (Қол алып амандасады.) Аман жеттің бе, әйтеуір?

Дәурен. Барсакелместің ыстығына машина да шыдамайды екен, әрең жеттім.

Жанар. Сенің машинаң да біздің Жаңыл сияқты, ыстыққа бір сағат шыдамайды.

Жаңыл. Немене, мен сонда кім көрінген мініп түсетін машинаға тең болыппын ба? (Гүлпан жақтырмай шығып кетеді.)

Жанар. Сондай құнсыз сөзді қайдан біле бересің осы?

Жаңыл. Давай, давай сөзді қой да, бері кел. Оңаша айтатыным бар.

Жанар. Сөзді өзің қой да, ана экскаваторға қара.

Дәурен. Оны бұл кісі жүргізе біле ме?

Жанар. Соғыс кезінде жүргізген болатын.

Жаңыл Кел деймін бері, асығыспын.

Жaнар. Асығыс болсаң жүре бер. (Дәуренге.) Иә, Алматы қалай? Бізге разы ма екен?

Дәурен. Разы болғанда қандай! (Сумкасынан бір нәрсе алып.) Өздігінен жүретін төрт шөп машинасы мен екі үлкен машина босатса, оларға өзің де боларсың. Ол үшін мына қаулымен таныса бер, мен жайлауға жөнелтіп келейін. (Кетеді.)

Жаңыл. Ей, әлгі біреуің сендерге қарай шыққалы тұрмын деп облыстан телефон соқты, оны қайтушы едің?

Жанар. Әлгі біреуі кім?

Жаңыл. Кремлев ше?

Жанар. Не дейсің? (Өз ойымен алысып.) Бұл қайсы. Әлде ол менің соңғы жазған хатымды алмады ма екен?

Жаңыл. Уһ, тіпті миым жетер емес, жүрші, үйге барып ақылдасайық.

Жaнар (үрейленіп). Тоқта, тоқта! Менің басыма бірдеңе төніп келеді.

Жаңыл. Не дейді?

Жанаp. Айдос мені өзіне енді өлім тілеуші көруі де мүмкін.

Жаңыл. Қалайша?

Жанар. Ол: мені ұзақ өмір сүрмейді деп; Кремлевті әдейі келтірдің деуден тайынбайды.

Жаңыл. Қой, ол ондай ақымақ емес қой.

Жанар. Ақымақ болмаса да, төрт жыл бойы шетте жүрудің зардабы оған тиген сияқты. Енді қайттым? (Кетеді.)

Жаңыл. Уһ, тіпті миым жетер емес. Әй, Додабай, арқаласаң да, үйге тез жеткіз мені... (Кетеді. Осы кезде жанынан Айдос пен Мәжел шыға келеді.)

Aйдос. Апыр-ау, өмірге мен жаңа келгенмін бе, әлде біздің адамдар шарықтап кеткен бе?

Мәжел. А, солай ма екен? Соңғы кезде шетте қалғанымнан біздің адамдардың таң қаларлықтай болып кеткенін сезбей жүрсің десем, көңіліне ауыр тиер енді өзің.

Таусоғар (экскаватордың үстінен көрінеді). Қарағым, Мәжел - ау, сіздің үйдегі келін де таң қаларлық адам ба, ә?

Мәжел (желкесін қасып). Ай, Жаңыл - ай, сен - ақ бетіме салық бола бердің - ау! (Көрінбей кетеді.)

Айдос. Тауке - ау, сіздің мұндай да өнеріңіз бар ма еді?

Таусоғар. Ой, Айдосжан - ай, отыз жыл ерте тумасам, мұндай өнердің алуан түрін өргізетін едім ғой. Амал не, ерте туып қалыппын... Мынаның бойы биік пе, жоқ менің ойым биік пе, білмей турмын. Қасыма келіп қарады. Маған қазір Барсакелместің бар даласы аяғымның дәл астында жатқан секілденеді. (Қасына келген Айдоспен құшақтаса тұрып, алысқа қол созады.) Көрдің бе?

Айдос. Көріп тұрмын, кәрия, оның ар жағында не барын да көріп тұрмын. Сондықтан да менің осы күні ұйқым жоқ.

Таусоғар. Көре білсең, көрсете де біл ендеше!

Айдос. Қазір менің түн ұйқымды төрт бөліп жүрген мақсаттың да өзі сол. Сол үшін Сұңқар ұшпастың шөліне де барып қуанып келдім. (Жарық олардан алынып, шатырдың ішіне түседі. Дәурен мен Мәжел келеді.)

Мәжел (сөйлей кіреді). Жарайсың, жігітім, жарайсыңдар! Сендер өрт қаулатқан ұшқындай болдыңдар, рақмет сендерге!

Дәурен. Өздеріңіз қандайсыздар?

Мәжел . Біздің хал сондықтан да жақсы еді, отыз мыңның орнына отыз бес мың адам келіп сардаланы судай сапыра бастаған еді, тағы бір шартта-шұрт шатаққа кездесіп тұрмыз.

Дәурен. Шатақ? Ол не?

Мәжел. Айдос теңізбен қоса канал қазамыз деп жатыр. Адам деген өмірге тоймайтын қанағатсыз ғой.

Айдос келеді.

Айдос. Аман ба, достым? (Қол алысады.) Сендер өңкей ығай мен сығайды шақырғансыңдар ма қалай, әйтеуір, мына келген халық көңілді шалқытып жіберді.

Мәжел. Сондықтан бұл кісі теңізді жобадағыдан да асыра шалқытпақ.

Айдос. Не десең де, мен соған әбден бекіндім, достым.

Мәжел. Сен не десең о де, мен қашан теңіз біткенше бір адам бермеймін, бір адам.

Айдос. Оңашада әркім батыр, өзіңді-өзің алдай беріп қайтесің. (Мәжел шатырға кетеді.)

Дәурен. Бұл таластарыңыздың мәнісіне түсінуге болар ма екен?

Айдос (қолындағы картаны стол үстіне қояды). Мынау біздің қазіргі жасап жатқан теңізіміз. Мынау төңіректегі бес ауданның ертең осы теңіздің су тартатын каналы. Менің ендігі ойым: осы бес каналды теңізбен бірге бітіру.

Мәжел (қайта келіп). Жоқ, достым, онда біз теңізді белгілеген мерзімінде бітіре алмай, масқара боламыз, масқара!

Дәурен. Бұл тамаша идея емес пе?

Мәжел. Тамаша, тамаша! Оған мен де түсінемін, бірақ, менің оған ешбір лажым жоқ.

Айдос (қағаздан басын көтермей). Мәжел, артына қарап мақтана бермей, алға, болашаққа қарап шаттан.

Сен бір басқан ізіңді қайта басып шиырлап жүрсің, соны ойла!

Мәжел. Кім, мен бе?

Айдос. Иә, сен! Ертеңгіні көре алмау, дәл сен үшін ұят. Ол ғана емес, сен осы теңіз жөнінде осымен екінші рет сүріндің, аяқ басқан сайын сүріну - өлім, соны ескер!

Мәжел. Қанша соқыр болсам да, дәл осы ойыңның алға баспайтынын көріп тұрмын, мерт боларсың, сақ бол! (Кетеді.)

Дәурен. Айдос аға! Шынында екеуіне бірдей күш жетпейді ғой.

Айдос. Жетеді, достым. Туысқан Украина халқы көмекке жер қазатын (землеройные) машинаның елуін жіберіпті. Бес канал үшін соның өзі де жетіп жатыр. Қалай, бұл саған ұнай ма?

Дәурен. Мен мұнан біздің елдің ғажайып күшін көріп тұрмын - ау, Айдос аға!

Айдос. Дұрыс айтасың, достым, Біздің ел бір-бірімен дүниесі түгіл жанын да аямайды. Айтпақшы, сен халін білдің бе?

Дәурен. Білдім, дәрігерлердің айтуына қарағанда жаман емес.

Айдос. Өзі не дейді?

Дәурен. Мына хатқа жазған болар. (Хат береді.)

Айдос. Өзің ол кісіні көрмеген екенсің ғой?

Дәурен. Көрдім, әлі де бес-алты ай жататын сияқты.

Айдос (хатты оқып болып). Ол кісіге менің Жанардан бөлек тұратынымды жеткізген кім?

Дәурен. Білмедім кім екенін.

Айдос. Тіпті, менің теңіз басында жалғыз жатқаныма дейін жазыпты, осыны жеткізіп жүрген сенсің - ау, ә?

Дәурен. Айып етпеңіз, қарт адамды алдай алмадым. Өзі де шет жағасын естіп, Жанар үшін күйінішті екен.

Айдос. Иә, ол кісі Жанарды туған баласы - менен де артық көреді.

Дәурен. Онда Жанарды сіз де жақсы көріңіз.

Айдос (ауыр күрсініп). Өмірі сағатпен санаулы мен секілді адамға біреудің бағын байлаудан не пайда?

Дәурен (таңдана қадалып). Айдос аға! Сіз осындай ойда ма едіңіз?

Айдос (кеудесін кере дем алып). Е, достым! Оның несін сұрайсың. Жанды жеп жүрген дерт аз емес қой менде. Сен үгіт айтқыш болсаң, маған емес, өз бағын өзі байлап, жастық қызығын көре алмай жүрген Жанарға айт! (Сырттан шу естіледі.) Ол не, білші. (Дәурен кетеді. Аздан соң екінші жақтан Кремлев келе жатады.)

Кремлев. Рұқсат етіңіз?!

Айдос (қағаздан басын көтеріп). Келіңіз, келіңіз! (Қол алысып.) Байсалов.

Кремлев (қол алысып). Кремлев! (Айдостың әні бұзылып кетеді, Кремлев оны байқамайды.) Шөлдеп кеттім, бір жұтым су болар ма екен?

Айдос (су құйып беріп). Сақтаныңыз, бұл жердің суының дәмі тәтті болғанымен, ауыртатын әдеті бар.

Кремлев. Не де болса тағы беріңіз.

Айдос. Иә, неге болса да тәуекел ететін адам екеніңіз көрініп тұр.

Кремлев. Қателескен жоқсыз. (Тағы да ішіп.) Рақмет! Енді болмағанда шөлдеп өлетін едім. (Папирос тартады.)

Айдос. Бұрын бұл жердің қандай екенін көрген жоқ па едіңіз?

Кремлев. Жоқ, тіпті шөл болса да, мұндай ғой деп ойлаған емеспін.

Айдос. Солай ма, көрмеген жердің ой-шұқыры көп емес... «Жеңіс» колхозына бір хирург келеді деп естіп едім, сол сіз боларсыз деймін.

Кремлев. Қателескен жоқсыз. Ал, өзіңіз кім боласыз?

Айдос. Мен осындағы бір инженермін. Сізді көптен күткен адамның бірімін.

Кремлев. Не үшін?

Айдос. Маған бір-екі түрлі операция жасау керек еді. Дер кезінде жақсы келдіңіз! Жүріңіз, ауыл жаққа барайық... Мұнда түсетін таныс үйіңіз бар ма еді?

Кремлев (сәл бөгеліп). Бір адаммен аздаған таныстығым бар еді. Бірақ оның үйіне бірден барып түсуді лайықсыз көріп тұрмын.

Айдос. Онда біздің үйге түсіңіз.

Кремлев. Үлкен рақмет сізге.

Айдос. Пожалуйста.

Екеуі шығып кетеді. Келе жатқан Балқия оларды көріп қалады.

Балқия. Бұл кім, жаным - ау?

Екінші жақтан Жанар келе жатады.

Жанар. Балым, сен көкеңді көрдің бе?

Балқия. Тәте, Кремлев дегенің қандай адам еді?

Жанар. Оны неге сұрадың?

Балқия. Сыртынан танисыз ба? Сонау көкемнің қасында кетіп бара жатқан сол емес пе?

Жанар. Не дейсің? (Қарап жіберіп Балқияны құшақтай алады.) Сол, дәл соның өзі. Енді қайттым, Балым - ау!? Енді қайттым?

Осы кезде Дәурен, Таусоғар, Гүлпан, Қоқымдар келе жатады. Қоқым қуанышты.

Дәурен. Жанар! Мына кісіге енді разы бол. Қақ іргеңнен тауып келді жоғыңды.

Қоқым (Дәуренге). Ой, айналайын-ай, мен мұны сенің арқаңда таптым ғой. Сенен де айналайын, Жанаржан. Айдосыңмен бірге жасап, Айдосыңмен бірге ағар, Жанаржан.

Жанар. Өмір бойы аузыңыздан шыққан бір жақсы тілек осы еді. Әне, ол да көмілді.

Кете береді, басқалар аң-таң..

Шымылдық.

ҮІШНШІ ПЕРДЕ

Төртінші сурет

Сахна екінші суреттегі қалпы. Күн кешкірген кез. Перде ашылғанда Айдос өз жұмыстарымен шұғылданып, стол басында отыр да, Кремлев диванда бір қағаздарды оқып отыр.

Кремлев. Сіз маған ең керегін бермепсіз ғой? (Айдос өз ойымен отырып, оның не дегенін аңғармайды. Кремлев террасқа шығып кетеді.)

Айдос. Сіз маған бірдеңе дедіңіз бе? (Кремлевтің үйде жоғын енді байқап, күлімсіреп, басын шайқайды да, телефонды алады.) Қарындасым, маған Жанарды тауып берші. Жоқ, оған айт, үйге телефон соқсын. (Телефонды орнына қояды. Терраста тұрған Кремлев орыстың бір халық әнін айтады. Оған Айдос та баяу қосылады. Телефон шылдырайды.) Бұл кім? Иә, сіз бе едіңіз?.. Байқамай жатырмын... Мен сіздің қонағыңызды ертіп келіп, енді күтуші болып отырмын ғой, онан хабарыңыз бар ма? Асығыс жұмыстарым бар еді, қонағыңыздың қасына өзіңіз келіп, мені босатсаңыз екен. Ау, неге үндемейсіз? Енді қашан? (Телефонды орнына қойып, басын шайқайды да, жұмысына қайта кіріседі.)

Кремлев (қайта келіп, Айдостың сызып отырған чертежіне қарап аз тұрады). Сіз тағы бір үлкен істі бастағалы отырсыз ба?

Айдос. Иә, халқымыздың мына қимылы бұл теңізді келешекке өлшей сал деп отыр. Сіз қалай ойлайсыз, мен күнделіктен гөрі өмірлікті қымбат деп білемін.

Кремлев (оның соңғы сөзінің мәніне түсінбей). Әрине, әрине, мен бір шеге қағылса да келешек үшін қағылсын дейтін адаммын.

Айдос. Тек түзу қағылсын деңіз. Қисық қағылған шегенің келешек түгіл бүгінге де пайдасы жоқ. Ол сіздің де есіңізде болсын.

Кремлев. Ғафу етіңіз, мен бұл сөзіңізге түсіне алмадым.

Айдос. Кейін түсінерсіз... (Аздан соң.) Сіз жаңа менен бірдеңе сұрадыңыз ба осы?

Кремлев. Бастапқы сөзіңізге қарағанда, сізде тағы бір хирургтің қорытындысы бар сияқты еді. Мен сонымен таныссам деп едім.

Айдос. Қай хирургтің?

Кремлев. Москвадағы профессор Лаврованың.

Айдос. Ол жаңағылардың ішінде жоқ па екен?

Кремлев. Жоқ көрінеді.

Айдос. Онда ғафу етіңіз, қазір... (Портфелінің Ішінен бір қағазды. алып, Кремлевке берді.) Алдыңғы қараған хирургтердің бәрі де сіздің өміріңізді сақтау тек сол Лаврованың ғана қолынан келер деген еді. Ол кісінің қолынан бар келгені: басын шайқап ауыр күрсіну болды. (Жұмысына қайта кіріседі.)

Кремлев. Бұл кісі де оқты алынбайды деді ме?

Айдос. Әрі жүрегіңіз нашар, әрі оқ тереңде. Операция жасау қауіпті. Дегенмен біраз уақыт демалып, дәрігерлік ережені сақтап жүре тұрыңыз да, маған қайтып келіңіз деді. (Сәл күрсініп.) Онысы көңілді аулағандық қой.

Кремлев. Сіз онша үмітсіз болмаңыз.

Айдос. Мен өкпе операциясы жөнінде совет хирургтеріне тең келетін хирург дүние жүзінде жоқ екенін жақсы білемін. Сондықтан енді үмітім аз.

Кремлев (ішінен оқып шығып, қуанышты кескінмен). Айдос Байсалович! Мына кісінің қорытындысына қарағанда, менің үмітім үлкен. Міне, қараңыз. Мына бір сөзін ғана оқыңызшы. (Қасына жетіп барады.)

Айдос (тыңдағысы келмей). Оны бұрын да талай оқығанмын. Қиял деген сағым секілді, оған, әсіресе, сіз көп ере бермеңіз.

Кремлев. Бұл қиял емес, құрметтім... Мен осыдан екі ай бұрын біреудің өкпесіндегі оқты алдым. Әрине, ол мұнан гөрі оңай жерінде еді, сол операциядан бері маған үлкен сенім пайда болды. Мен қазір сонау Бабалиев, Блоктардан бастап барлық хирургтердің жүрекке де операция жасау жөніндегі жетпіс жылдық тәжрибесін бойыма сіңіріп, уақыт ұтудың жолын іздеудемін. Егер де уақытты ұтсам, қандай қауіпті болса да, мен бұл оқты ала аламын.

Айдос. Маған осы әңгімелер онша жайлы тиіп тұрған жоқ. Басқа бір көңілділеу әңгімеге көшсек қайтеді?

Кремлев. Ғафу етіңіз. Мен сіздің жұмысыңызға бөгет еттім білем. Менің колхоз бастығында асығыс жұмысым бар еді. Сонда барып келейін, кеңсесіне баратын жолды айта аласыз ба?

Айдос. Меніңше, сіз ол кісінің үйін де білетін боларсыз деймін?

Кремлев. Өзім білсем, өзгеден жөн сұрамас едім ғой.

Айдос. Сіз тым сыпайы екенсіз.

Кремлев. Бұл сөзіңізге түсіне алмадым.

Айдос. Есіңізде болсын, сіздің, мұнда қызмет істеу үшін емес, сол кісі үшін келгеніңіз де бізге белгілі. (Ас үйдің есігінен қарап.) Балқия, тездет, шырағым.

Балқия (даусы естіледі). Бері келіңізші. (Айдос көрінбей кетеді.)

Кремлев (көзі пианиноның үстінде тұрған суретке түседі де, ұстай алады). О, тамаша, бұл қалай? Мынау Жанар... Тіпті жас кезіндегі сурет. Мынау жаңағы инженер емес пе? (Ойланып.) Апыр-ай, мен осы Жанар үшін жаны ауыратын біреудің үйінде отырған жоқ па екенмін?.. (Ойланып.) Бұл кім болды екен? (Суретке қадала қарап.) Туысы болуға мүмкін емес. Әлде өлді деп жүрген жігіті тірі келді ме екен? Жоқ, ол да мүмкін емес. (Жан - жарына үрейлене қарап барып телефонды алады.) Құрметтім, маған колхоз председателі Жанар Айбасованың квартирін беріңізші!.. Неге күлесіз? Не дейсіз? Бұл қалай? Мен сол үйде тұрмын ба? (Телефонды тастай салады.) Бұл не жұмбақ?..

Айдос қайта келеді.

Айдос. Дәмге жүріңіз! (Аз кідіріс.)

Кремлев. Ғафу етіңіз, сіз маған дәміңізден бұрын өзіңіздің кім екеніңізді ашығырақ айтыңызшы.

Айдос. Кім екенімді көрген жерде - ақ айттым - ау деймін сізге.

Кремлев. Жасырмай айтыңызшы. Сіз Жанардың неменесісіз осы?..

Айдос. Нансаңыз, соны дәл қазір өзім де білмеймін. (Жанар келеді. Кремлев екеуі біріне-бірі үнсіз қарап тұрып қалады. Айдос екеуіне кезек қарап, күлімсіреп.) Бұл үйдің иесі осы кісі, танысыңыздар!

Жанар. Айым, әзәзіл ойға аза көрме дегеннен басқа не айтайын. (Кремлевқа.) Сізді қуанышыма ортақтасар деп сенемін.

Кремлев. Құрметті Жанар! (Қол алысып.) Мен қазір не дерімді де білер емеспін.

Айдос (қолтығынан ұстап). Өтінемін, дәмге жүріңіз. Хозяйка, сіз де жүріңіз!

Кремлев. Түсінбеймін. (Айдос екеуі кетеді.)

Жанар (жалғыз). Ой толқыны күшейсе, бас деген соның бетінде қалқыған жапырақ екен ғой. (Басын ұстап отыра кетеді. Аздан соң Мәжел келеді. Жанар барып құшақтай алады.) Мәжел аға...

Мәжел. Сабыр, шырағым, сабыр. (Отырғызады.)

Жанар. Ақыл табылмай, сабыр табылар емес, табыңызшы ақылын.

Мәжел. Дәл осы жөнінде ешкімнен ешқандай ақыл күтпе. Бұған ақылшы да, үкімші де өз жүрегің.

Жанар. Кімім айтылып бітті - ау деймін. Енді тек мені өзіне өлім тілеуші көрмесе екен... Сіз солардың қасына барыңызшы.

Мәжел. Ондай ойға бармас, бірақ енді қайтып қайрыла да қоймас. Өйткені, ол - бір мұздаса жібімейтін қатал адам. Ондай адамның көңіл жарасы ешуақытта жазылмайды. Қайта қосылғандарыңмен өмірлерің қызықты болмай, іштей тынып, ырың-жырыңмен өтулерің мүмкін.

Жанар. Ондай өмірдің қажеті қанша?

Мәжел. Менің де айтып отырғаным сол. Халық: «Сүймеген сұлудан, сүйген су мұрын артық» деп бекер айтпаған. Соның бәрін ойла да, өзің шеш...

Айдостар отырған бөлмеге кетеді. Жанар жалғыз, әлденені асығыс жаза бастайды. Балқия келеді.

Балқия. Тәте, ана кісілер сізді күтіп отыр.

Жанар. О, Балым, олар күтіп отыр ма, жоқ, әлде іштерінен түтігіп отыр ма, кім білсін?!

Балқия. Солардың түтігіп отырғанын көре алмадым-ау мен.

Жанар. Оның екеуі де терең ойлы адамдар. Тереңдегіні көру қиын... Енді менен сен де безесің ғой, ә?..

Балқия. Мен неге беземін?

Жанар. Көкең иілер кезден өтіп кетті, енді безбегенде қайтесің?

Балқия. Көкем де, мен де, ешкім де безбейді. Апам келгеннен кейін екеуміз бірігеміз де, сізді ақтап аламыз.

Жанар(құшақтап). Рақмет, Балым! Мен Айдостан кетсем де, сендерден кетпеспін.

Балқия. Онда ешкімнен де именбеңіз, жүріңіз. (Бұлар кете бергенде, есік қағылды. Жанар кетеді де, Балқия есік ашуға барады.) Сізді кім шақырды?

Дәурен (сөйлей кіреді). Сен шақырған жоқ па едің?

Балқия. Ақырын сөйлеңіз, үйде көкем отыр.

Дәурен. Осы сен біресе апам, біресе көкем деуді қашан қояр екенсің.. Жарайды, көзіңмен атпай-ақ қой. Мен дәл сіздің сол көкеңізбен мықтап тұрып сөйлескелі келдім.

Балқия. Неге? Не жөнінде?

Дәурен. Жанар жөнінде.

Балқия . Сізге ондай правоны кім берді?

Дәурен. Маған ондай правоны берген - мен, өзім.

Балқия. Біреудің семья мәселесіне араласуға ешқандай хақыңыз жоқ болғандықтан, ол правоны біз сізден сыпырып аламыз да, мынаны бұйырамыз: бүгін жеті кісіні қара құрт шағып кетті. Ертең тәжірибелі қарттардың мәжілісін шақырыңыз да, сол пәлені құртудың жолын кеңесіңіз.

Дәурен. Бір сағат кешігіп бұйырғанын болмаса, бұл тілегің дұрыс. Мен қазір сол мәжілісті өткізіп келдім, сендерден Гүлпан қатынасты.

Балқия. Онда рақмет сізге. Енді айтарыңыз бар ма?

Дәурен. Бар. Мен мына келген кісіні өз үйіме шақыра келдім. Бар келген шаруам сол.

Балқия. Мұныңыз да ұнайды. Онда сіз сәлден соң кіріңіз. (Кетеді. Аздан соң, Айдостар отырған бөлмеден Жаңыл келеді.)

Жаңыл (қызыңқырап алған, келе білегін сыбанып). Қане менің шақырғаныма жүрмей көр.

Дәурен. Жүрейін, жеңгей, жүрейін. Мен басқаны жеңсем де, сізді жеңе алмаймын.

Жаңыл А, солай ма екен! Ха-ха-ха!

Дәурен. Күлкіңіз жақсы екен, бірақ көмейіңізден қасірет те көрініп тұр-ау, емдетпесеңіз болмас.

Жаңыл (мықынын таянып). Ол қандай ем? Сен сияқты сұлу жігіттер ме? Ха-ха-ха!..

Дәурен. Жоқ, ол емнің аты - еңбек пен бала. (Кетеді.)

Жаңыл (көзін бір ашып, бір жұмып). Еңбек пен бала!.. Осылар бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба, ей? Қой, Қоқымдай болса да, бір ұл таппасам болмас. (Кете бере есік қоңырауын естіп, сыртқа қарай кетеді.) Тағы кім болды екен? (Аздан соң Қоқымды ертіп сөйлей кіреді.) Қоқа - ау, түнделетіп неғып жүрсіз?

Қоқым. А, Жаңылжан, амансың ба, қарағым. Мен олай дөңбекшіп, бұлай дөңбекшіп, ұйқының есебін бір таба алмай, ақырында осында келдім.

Жаңыл Е, арақ ішкіңіз келген екен ғой! (Тез барып арақ әкеледі.) Келіңіз, менің сіздей бір ұл табуым үшін қағып жіберейік;

Қоқым (арақты алмайды). Тілектеспін. Бірақ бала табу үшін арақ ішудің де, ақымақ болудың да қажеті жоқ.

Жаңыл. Бала табу үшін ақылды болудың да қажеті жоқ. Сөзді қойыңыз да алыңыз. Менің сізден сұрайтын сөзім бар!

Қоқым. Осының кесірінен өзім тек бүгін ғана адам санатына қосылып тұрмын, азғырмашы, қарағым.

Жаңыл. Е, тәубаға келген екенсіз ғой.

Қоқым. Жоқ, тәубаға емес, парторгке ант берген едім.

Жаңыл Сіз партияда бар ма едіңіз?

Қоқым. Мен беспартийный болсам да, партияны қадірлейтін адаммын.

Жаңыл Өтірік айтпай-ақ қаға беріңіз, мен ешкімге айтпаймын.

Қоқым. Сен айтпағанмен, басқа айтушы бар.

Жаңыл Ол кім?

Қоқым. Ол өзімнің арым.

Жаңыл. Ендеше сіздің өмір бойы арақ көрмеуіңіз үшін! (Екеуі де қағып салады.)

Қоқым. Көрмесем көрмейін, тек өзің құлап қалмашы.

Жаңыл Ой, тәйірі - ай, бөтелке құрлы жоқпын ба? Мына бір шынтақтай бөтелке ішіндегі вино кеңірдегінен келсе де құламай-ақ тұр ғой. Қане, енді шыныңызды айтыңыз. Осы сіз арақты маскүнемдерше ішіп, етті мешкейлерше жеп, сөзді жындыларша сөйлейтініңіз қалай? Сіздің мені жатып ішер деуге қандай правоңыз бар?

Қоқым. Кімді, сізді ме?

Жаңыл. Мені, мені.

Қоқым. Соны айтқан кісіні көзіме көрсетші, көзін желкесінен шығарайын.

Жаңыл. Шығарсаң шығар, оны айтушы Таусоғар.

Қоқым. Таусоғар! А, онда дұрыс, онда дұрыс.

Жаңыл. Немене дұрыс. Атаңыздың басы ма?

Қоқым. Жоқ, сіздікі дұрыс.

Мәжел. келеді.

Мәжел. Бұл не шу? Еһе, Қоқым екен ғой жылқысын қайыра алмай жүрген.

Қоқым. Ол дәулет біздің бастан кеткен, өзгеге өнеге айтқыштар ғой байып жатқан. (Мәжел Жаңылға қадалады.)

Жаңыл. Үндеме, үндеме, мен саған Қоқымдай бір ұл тауып беруге бел будым. Ха-ха-ха!

Мәжел. Еһе, Қоқымдай ұл тапсаң жетіскен екенсің.

Жаңыл. Онда, өзіңдей ұл табамын. (Өз бөлмесіне алып кетеді.)

Қоқым. Онда да онша жетіскен жоқсың. Ой, құдай-ай, мас кезімде мен де осындай болып, аузыма келгенді оттадым - ау, (Виноға тамсана қарап). Мына сайтан сарының көзімді бұлдыратуын - ай, қайтсем екен? Егер жұмысты жақсы істесем, арақты аз-аздан ұрлап қана ішсем, қалай болар еді? Жұрт білер ме еді, білмес пе еді? Қой, оны кейін үйге барған соң ойланармын. Әзірше мынаны...

Ұмтыла бере, қайта тоқтап, не істерін білмей тұрған кезде Дәурен, Балқия келеді.

Дәурен. Сіз мұнда не бітіріп отырсыз?

Балқия. Тағы да адасып келдіңіз бе?

Қоқым. Жоқ, шырағым, мен енді адаса қоймаспын. (Дәуренге қарап.) Жанар екеуіңе жолығайын деп келерін келсем де, сый кісі болған соң, кіруге бата алмай отыр едім.

Дәурен. Иә, не айтпақшы едіңіз?

Қоқым. Ертең маған жұмыс беріле ме?

Дәурен. Неге берілмейді?

Қоқым. Ой, айналайын-ай, мен соған әлі де сене алмай көңілім алаң болып ұйықтай алмай келдім ғой. Онда кете берейін бе, жоқ әлде, алдымен өздерің ақылдасасыңдар ма?

Дәурен. Ақылдасылған. Алаңсыз ұйықтаңыз да, ертең ерте барып, сол құдықты қазыңыздар.

Қоқым. Көп жаса, қарағым, көп жасаңдар! (Кете береді.)

Балқия (қолтығынан демеп). Анық ішкен жоқсыз ба, әйтеуір?!

Қоқым. Атама, аты өшкірдің атын. (Кетеді. Телефон шылдырайды).

Дәурен (тыңдап). Мен тыңдап тұрмын... Сергей Степанович, бұл мен ғой, саламатсыз ба?.. Ол рас! Осы үйге түсіпті... Айдос та осында. Жоқ, басқа бөлмеде отыр... Кешіріңіз, мен тіпті білмей қалдым... Әрине, әрине... менің осында келгендегі жұмысымның өзі сол. Мақұл... қазір. (Екінші бөлменің есігіне қарап) Александр Петрович! Айдос! Сіздерді жолдас Богданов телефонға шақырады.

Кремлев, Айдос, Жанар келеді.

Кремлев. Богдановыңыз кім?

Дәурен. Біздің ауданның бірінші секретары.

Кремлев. Ол кісі мені қайдан біледі?

Дәурен. Ол кісі сіздің өзіңіз түгіл барлық ойыңызды да білетін сияқты.

Айдос (тыңдап). Байсалов тыңдап тұр. Хал жаман емес. Каналдардың жобасын жаңа жасап болдым. Алматыға ертең жіберемін. Иә, иә, Украинадан келетін көмек келді дейсіз бе? Кісі жіберейік пе? Мақұл. Жақсы, жақсы. Иә, иә... Жарайды, ертең сағат он бірде барайын. Ол кісі қасымда тұр. Мақұл (Телефонды Кремлевке ұсынып жатып). Сізді сұрайды.

Кремлев (телефонды тыңдап). Сізбен сәлемдесіп тұрған Кремлев... Саламатсыз ба? Жаман емес. Сіз оны қайдан білесіз? Солай ма?.. Құттықтауыңызға болады. Рақмет, рақмет. Менің диссертациям өкпе операциясы жайында болатын. Иә... Рақмет, рақмет. Москвадан кеше шықтым. Сонымен, министрдің бұйрығы бойынша сіздердің теңіздеріңізді салысқалы осында келдім. Жоқ, ешқандай ренішім жоқ. Мұнда өзім тіленіп келдім. Ертеңнен бастап кірісеміз. Оныңыз өте жақсы, өте жақсы... Иә, иә. А, ол кісінің жайы маған қазір-ақ белгілі, өйткені Москва хирургтерінің қорытындысы қолында көрінеді.

Дәурен(Айдосқа). Сізді тапсырып жатыр.

Кремлев. Бұл жөнінде сізге берер уәдем: ол кісі үшін аянбаймын. Рақмет, рақмет... Сау болыңыз.

Айдос. Кіршіксіз жүректен қабыл алыңыз. (Қолын қысып.) Мұнан да зор атаққа ие болып, басқа елдердің ғалымдарын басып озуыңызға тілектеспін.

Кремлев (қолын сілкіп). Үлкен рақмет сізге. Жаңағы кісінің айрықша тапсыруы бойынша, сіз қазірден бастап менің өмірімдесіз. Жүрегіңіздің ұзақ соғуын өз жүрегімдей тілеймін.

Айдос. Бар тілегім сізбен бір. Тек, өз жүрегіме өзім иемін.

Кремлев. Әрине, иесіз. Бірақ, сіз жаңа көмекке келген машиналарға да қуандыңыз ғой.

Айдос (күлімсіреп). Сіз мені жеңдіңіз.

Кремлев. Ал, құрметті достым, көрсеткен құрметімізге, меймандостығыңызға шын жүректен көп алғыс. Енді маған рұқсат етіңіз.

Айдос. Сіз қайда барасыз?

Кремлев. Мен мына Дәурен жолдастың үйіне бармақшы едім. (Жанарға.) Сіз жұмыс басына ерте кетесіз бе?

Жанар. Оны не үшін сұрадыңыз?

Кремлев. Мен мұнда қызмет істеуге келген адаммын. Ен алдымен ертеңнен бастап үлкен больница ашуым керек. Соған керекті үй жөнінде қандай кеңес бересіз?

Жанар. Менің сізге берер кеңесім: ертеңнен қалмай қайтыңыз!

Кремлев. Менің атқаратын қызметім онан гөрі басқарақ екенін жаңа сезген боларсыз.

Жанар. Бізде қазір дәрігерлер жеткілікті. Сондықтан сізге орын жоқ.

Кремлев. Ертеңгіні бүгінгімен өлшегеніңіз қалай?

Жанар. Сізге ертең де орын болмайтынын көріп тұрмын.

Айдос. Жанар, өмір бар жерде мұндай кісіге орын да бар. Ол есіңде болсын (Кремлевқа). Ал, сіз ешқайда да кетпеңіз.

Дәурен (Айдостың қолтығынан ұстап). Айдос аға, бір минутке бері келіңізші. (Екеуі кетеді.)

Жанар. Александр Петрович, мен өмірімде көріп, білмеген бақытсыздық деген осылай басталатын шығар, енді тым болмаса сіз бақытты болыңыз.

Кремлев. Ол үшін не істеуім керек?

Жанар. Ол үшін мені бүгіннен бастап ұмытыңыз.

Кремлев. Егер ол қолымнан келмесе қайтемін?

Жанар. Менің арбаушы сайқал әйел екенімді білсеңіз, ұмыту оңай. Шынында, мен тірі күйеуімді «өлі» деп сізді алдағанмын.

Кремлев: Не дейсіз? Сіз күйеуіңіздің тірі екенін білуші ме едіңіз?

Жанар. Білетінмін.

Кремлев. Мүмкін бе? (Отыра бере қайта атып тұрады.) Жоқ, сіз мені енді ғана алдап тұрсыз. Жо-жоқ, сіздің мені алдауыңыз мүмкін емес, мүмкін емес.

Жанар. Неге мүмкін емес, ондайлар тіпті өзінін жиырмадағы баласын өзгелерге інім деп таныстыратын әйелдер де бар емес пе?

Кремлев. Бар, бірақ сіз олар емессіз, жалған сөзбен жанымды қинамаңыз.

Жанар. Сезімде ешбір жалған жоқ. Бұрын ондай емес едім, сіз мені адастырған.

Кремлев. Солай ма? Ондай өкінішті болсаңыз, менің айтарым жоқ. Тілектеспін, бақытты болыңыз, Дәурен! Менің осында чемоданым бар еді.

Айдос пен Дәурен келеді.

Дәурен. Оны ертең аламыз.

Айдос. Айыпқа бұйырмаңыз, мен сізді өз қасыма әкетер едім, бірақ жатқан үйім - итім мен мылтығым үшеуміз әрең ғана сыятын аядай тар шатыр.

Кремлев. Уақа емес, ол үшін қысылмаңыз. Тек сізбен ертең кең отырып сөйлесуге рұқсат етіңіз.

Айдос. Мақұл, келіңіз.

Кремлев. Қош болыңыздар! (Дәурен екеуі кетеді.)

Айдос. Ойлан, ойлан, махаббатты бұлай қорлауға болмайды. (Керекті киімдерін алып, кетуге әзірленеді).

Жанар. Қайтып ашар есікті мұнша қатты серіппесең еді, Айдосым?!

Айдос (әлдене айтқысы келіп, әлденеше рет оқтайланады да, айта алмайды. Ақырында азар сөйлеп). Есігіңді қайта ашады екен деп қапы қалма! Қош, қош бол!

Шыға жөнеледі. Жанар ұшып тұрады да диванға құлап түседі.

Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Бесінші сурет

Сахна екінші пердедегі дала. Бірақ қазір өзгерген. Бұрынғы алыстан көрінетін «Көктөбе» қазір ортасынан қақ жарылып тұр. Сахнаның сол жағын ала бір боз киіз үйдің іші көрінеді. Үйдің іші сәнді, терезесінен шашылған күн шұғыласы ішін сұлулыққа бөлеп тұр.

Үйдің оң жағында бір кісілік ақ кровать. Оның бас жағында жазу столының үстінде кітап, телефон тұр. Екінші бір кішкене столдың үстінде радиоприемник. Ортада орындықтар қойылған ұзын стол.

Перде ашылғанда сол үйдің ішіне электр сымын тартып жүрген Таусоғар столда жазу жазып отырған Айдос көрінеді.

Таусоғар (Айдостың ойын бөлгісі келмей, ақырын қозғалып). Шырағым - ай, сарылдың -ау, біраз жүріп демалып келсең қайтеді?

Айдос. Сарылмасқа болмайды, қария.

Таусоғар. Бұл немене еді сонша?

Айдос. Бұл - үкімет басшысына жіберілетін рапорт. Бұған сіз де қол қоясыз.

Таусоғар (қасына жетіп барады.) Қазір ме, қане, әкелші онда.

Айдос. Аз сабыр етіңіз. (Телефон шылдырайды. Таусоғар басын бір шайқап, жұмысына қайта кіріседі). Мен тыңдап тұрмын. Бұл төртінші участке ме? Ал, баянда. Иә... иә... Мен «аз уақытта» дегенді білмеймін, қанша сағатта бітіретініңді айт. Бір сағат дегенің көп. Есіңде болсын, сен ең арттасың. Қимылда!.. Мақұл, күттім. (Телефонды қояды да, қайта алады.) Қарындасым, маған жетінші участке керек еді... рақмет... Бұл кім? Иә, тағы да мен. Сабырымның кетіп отырғаны рас. Баяндашы!.. Осы сендерде сағат бар ма? Ендеше, мен «жақындадық» дегенді білмеймін, сағатпен айт... Жарты сағат! Есіңде болсын, сен дәл қазір он бірінші орындасың. Жақсы, жақсы. (Жазуына қайта кіріседі. Сахнаның төр жағында Қоқым жүгіріп жүр.)

Қоқым (төмендегі біреулерге айқайлап). Ей, айналайындар - ау, мен емес-ау, жұрт айтады, Қоқым - ау, дейді, он бір айдан бері алда келе жатқан Қоқым Қарабасовтың бригадасы дәл көмбеге келгенде қалып қойғаны ма дейді. Қимылдасаңдаршы тезірек. (Етпетінен жата қалып дауыстайды). Не дейсің? Бір сағат! Ей, дәл бүгін бір минуттың өзі көп. Қимылдаңдар! (Екінші бір жерге тоқтап.) Цементтерің жете ме? (Тағы да жата қалып.) Ей, цемент жете ме деймін?..

Дауыстар. Жетеді, жетеді.

Қоқым (сыртқа бір қарап алып). Ей, Богдановтар келе жатыр. Тездетіңдер!

Таусоғар. Қара, қара! Күздігүнгі қара шыбынша безілдеуін.

Айдос. Тауке, ойды бөле бердіңіз - ау!

Таусоғар. Әркім өзінің аты тез жүргенін жақсы көреді ғой.

Айдос. Ол ескірген әдет қой.

Богданов пен Мәжел келе жатады. Екеуі сахна төріне келе бере, алысқа көз жіберіп тоқтайды.

Қоқым (жүгіріп барып солдатша қақиып тұра қалады). Жолдас, Степан Сергеевич! Қоқым Қарабасовтың бригадасы өзіне жүктелген бір жарым жылдық жоспарын он бір ай, он жеті күнде, яғни бір сағатта бітіреді.

Богданов (қол алысып). Жеңісіңмен құттықтаймын. Ал рапортты маған емес, мына начальникке бер!

Қоқым. Жолдас начальник, Мәжел Елемесов...

Мәжел. Жетер енді. Алдымен кісінің аты-жөнін жөн айтатын бол.

Қоқым. А, онда қойдым.

Богданов. Жоқ, қойма! Ойлан қайта! Мұндай әрбір жаңа жеңістің артар жаңа міндеті, алға қояр мақсаты бар, соны ойла. Біздің мақсат теңізді бітірумен бітпейді. Қазір сол теңіздің телегей суын жетер жеріне жеткізіп, жемісін көрудің он жылдық жоспары жасалып жатыр. Сол алдағы он жылды көре білуді Ойла!

Қоқым. Он жылды көре білуді!

Богданов. Иә!

Мәжел. Сергей Степанович, күн ысып кетті, мына бір үйге көлеңкелей тұрайық.

Богданов. Бұл кімнің үйі?

Мәжел. Бұл теңіздің жағасында салқындап жатсын деп, «Жеңіс» колхозының Айдосқа тартқан сыйы. Теңіз бітпестен бұрын олар сыйлығын да әзірлеп жатыр.

Богданов. Өте татымды сыйлық. Жанар кісіні тани да, қадірлей де біледі. (Ішке кіреді.)

Айдос. Бұл Жанардың сыйлығы емес, колхоздікі, Сергей Степанович.

Богданов. Мен Жанар жөнінде қателескен емеспін. (Таусоғарды аңғарып.) Пәле, біздің тау бұзар алыбымыздың саялап тұрғанын қараңдар!

Таусоғар. Мен бұзатын таудың өзі де қалмады - ау, Сергей Степанович. (Қол алысып.) Балалар мен келін-кепшік аман ба?

Богданов. Балалар да, келініңіз де аман. Ал, «кепшігіңізді» білмеймін.

Таусоғар. Е, оны білмесеңіз де болады.

Богданов. Жоқ, білгім келеді, сіздерде осындай қосалқы сөздер көп, соның мәнісін айтыңызшы.

Таусоғар. Ол жақсы мен жаманның таразысы. Мысалы, Қоқым-соқым дейміз «Қоқым» дегеніміз бүгінгі Қоқым да, «соқым» дегеніміз бір жыл бұрынғы Қоқым.

Мәжел. Қатырды Қоқымды, қатырды.

Богданов. Ал, «келін-кепшік» деген не?

Таусоғар. Келін деп Жанар сияқты келіндерді, кепшік деп Мәжелдің үйіндегі келін сияқтыны айтамыз.

Қоқым. Тауке, сөзіңізді тезінен қайтып алыңыз. Ол келін де қазір кепшік емес, былтыр мендей бір ұл табуға уәде берген еді, қазір ай - күніне жетіп отыр. Нанбасаңыз Мәжелдің өзінен сұраңыз.

Таусоғаp. Сұрамай-ақ сендім саған.

Богданов. Ал, енді мынаны айтыңызшы, осындағы жұрттың бәрі теңізді бітіруге жанталасып жатқанда, сіздің көлеңкеде саялап отырғаныңыз қалай?

Таусоғар. Айдос біткен істің соңғы шегесін қаққаннан гөрі, жаңа басталатын істің тұңғыш шегесін қағуды артық дейді.

Богданов. Жаңа басталатын ісіңіз атамзаманғы киіз үй ме?

Таусоғар. Бір сұраулар беруге рұқсат етіңіз.

Богданов. Сұраңыз.

Таусоғар. Біз осы теңізді не үшін жасадық? Тек жерді көгерту үшін бе?

Богданов. Жеріміз көгерген сайын, еліміз де көркейе бермей ме?

Таусоғар. Сол ел дегеніміздің бірі қысы-жазы малмен бірге көшіп жүретін сонау малшылар ғой. Солардың тұрмысын көркейту керек пе, жоқ па?

Богданов. Әбден керек.

Таусоғар. Ендеше жақсы үйсіз, жақсы күй болмайтынын ескеріңіздер де, жаңағы айтқан он жылдық жоспарыңызға...

Богданов (оның сөзін бөліп). Ендігісін айтпасаңыз да түсінем. Сіз маған мынаны айтыңызшы. Сізге осы үйдің қандай қажеті бар?

Таусоғар. Түк қажеті жоқ. Өйткені менің төрт бөлмелі үйім бар, оны мынаның төртеуіне де бермеймін.

Богданов. Төртеуі бір үйге татымайтын болса, мұны неге көбейтейік дейсіз?

Таусоғар. Орталықта отырған біздер үшін емес, малшылар үшін деймін.

Қоқым. Біз емес-ау, жұрт айтады...

Осы кезде көрші шатырдан шығып қолында настольный лампасы бар Жанар келе жатады.

Богданов. А, Жанар, жеңістерің қайырлы болсын!

Жанар (қол алысып). Ол сөзді біз сізге айтуға тиіспіз ғой, саламатсыз ба?

Богданов. Бір тауды жалғыз өзі қопарып тастап, қаласының көшесінен де дария ағызғалы тұрған колхоздың бастығы да осыны айта ма екен?

Таусоғар. Сіздер жер қазатын машинаны көп бермесеңіздер, біз бұл жеңіске жете алмас едік.

Богданов. Сіздердей адамның қолына түссе ғана экскаватор іске батыр. Әйтпесе, ол бір жай темір. (Лампаны ұстап). Мынау мұнда қайдан жүр?

Жанар. Барсакелместің даласына бұл да келді. Тауке, әлі бітірген жоқсыз ба?

Таусоғар. Міне, шырағым, бәрі де бітті. (Жанар лампаны стол үстіне қойып, жағады).

Богданов. Сендер станция салынбай жатып-ақ электрдің өзін әкелгенсіңдер ме, ә?

Жанар. Бір кішкене двигатель сатып алған едік.

Қоқым. Ой, керемет - ай, киіз үйде де электр жанады екен-ау?

Богданов (үйді айнала қарап). Бұрынғы қазақтардың да үйі осындай болған ба?

Айдос. Жоқ, бұл - ешбір елдің мұрасы емес, жаңа ойлардың жас төлі, қысы-жазы малмен көшіп жүретін малшылардың күйін көтеруді ойлаудан туған дүние.

Қоқым. Шырағым-ау! Балқияның ойы деп ашық - ақ айтсаңшы оны. (Дәурен келеді.)

Богданов. Дәурен, былтыр сен мұны алыстағы армандай көріп жүруші едің, бір-ақ жылда қолға қондырыпсыңдар ғой.

Дәурен. Ол арман әлі де болса алыста жатыр-ау Сергей Степанович, Жанардан сұраңызшы, біздің колхозға мұндай үйдің нешеуі керек екен? Дәл жүзі керек. Үйдің өзі ғана емес, іші де керек, Мыналар, мыналар... (Радиоприемник пен электр лампасын және телефонды көрсетеді.)

Богданов. Жоқ, жолдастар! Алыстағы арманымыз түйеге артып алып кеше беретін киіз үй болса, біздер алысқа бара алмаймыз. Бұл бір белден асқанша ғана серік, онан әрі қарай біртіндеп жұртымызда қала береді. Қазір ауылдағы Таусоғарлардың үйі қаладағы Богдановтардың үйіндей болса, енді отардағы малшылардың үйі де сондай болу керек.

Жанар. Егер теңізіміз бітсе, оған да жетеміз. Мал шаруашылығының барлық жұмысын техникамен де, жердің де, малдың да өнімін көбейтеміз. Өнім көбейсе бәрі де қиын емес, солай емес пе?

Богданов. Солай екен! солай-ау. Бірақ «теңіз бітсе» деген сөзіңе түсіне алмай отырмын, ол біткен жоқ па?

Жанар. Ғафу етіңіз, азғана уақыттың ішінде дәл сондай үлкен істің біте қалғанын бұрын көрмегендіктен бе, не үшін екенін де білмеймін, әйтеуір қашан толқыны жағаны ұрып жатқанын көргенше сене алмай жүрмін.

Богданов (Айдосқа). Естіп отырсың ба, Айдос? Сірә, тездетпесең болмас.

Айдос. Үкімет комиссиясы келсе, біз әзірміз. Біздің инженерлер теңіздің тиегін ағытқалы жоғары сағада күтіп отыр.

Богданов. Үкімет комиссиясының алды келді, басқалары қазір келеді, әзірлене беріңдер!

Мәжел. Алды келді дейсіз бе?

Богданов. Иә.

Мәжел. Еһе, міне, қызық! Олар осы уақытқа дейін бізге көрінбей қайда жүр? (Басын шайқап). Сондай бюрократтық қашан қалар екен?

Богданов. Ғафу етіңіз, мен оны сіздерге әлі айтқан жоқ екенмін ғой, үкімет комиссиясының бастығы етіп Алматыны белгілепті. Басқалар қазір келеді.

Мәжел. Әне, қызық.

Богданов. Мына бір келе жатқан машина солар емес пе екен?

Қоқым (өз адамдарына жүгіріп барады). Ей, үкімет комиссиясы келді, тездетіңдер!

Айдос. Сергей Степанович, Мәжел екеуіңіз мына хаттың бас жағын қарап шығыңыздаршы. (Жазып отырған қағаздарын береді.)

Дәурен. Жанар, бізге тағы бір үлкен салмақ түскенін естідің бе?

Жанaр. Салмақ? Ол не?

Дәурен. Сергей Степанович айтқан жоқ па? Біздер егістікті де, шабындықты да, жайлау мен отарды да жасыл орманмен көмкеретін болдық.

Жанар. Адамның көркі - ақыл, жердің көркі - ағаш емес пе? Біздің елге көріксіз даланың енді жараспайтынын ойла да, осындай қиындықтан қаймықпай құшағыңды жая бер! (Айдосқа жақындап.) Айдос, бізге де рұқсат ет.

Айдос. Сіздей бойжеткеннен арызым бар ма? Мә! Тек бір сөзіне де тиіспеңдер.

Жанар мен Дәурен алып оқиды. Таусоғар хатқа үңіліп тұрады.

Богданов. Сен Жанарды көбірек мақтап жіберген екенсің, ә?

Айдос. Мен мақтау сөзді әркімнің еңбегіне қарай айтуға тырыстым. Артық кеткен жері болса, алып тастаңыз.

Богданов. Ешқандай артығы жоқ, мен жай айтамын. Өте орынды жазғансың.

Айдос. Мен де солай деп ойлаймын.

Жанар. (хаттың орта тұсына тоқтап). Жоқ, мен мұнан әрі оқи алатын емеспін. (Ұшып тұра келіп.) Айым! Сен неткен қаталсың!

Айдос. Ол не сөз?

Жанар. Сен мені әлі де сүйеді екенсің ғой. Мынау сүйетін жүректің сөзі ғой.

Айдос. Кімде-кім ойыма ой қосса, жүрегіммен жүрегін қосқан адамдай көретінім рас. Алабырта бермей, түгел оқы. (Жанар қайта оқиды.)

Богданов. Айтпақшы, осы Кремлев қайда?

Айдос. Ол кісі облысқа кетті.

Богданов. Облысқа! Онда несі бар?

Айдос. Осы жерге салынатын санаторияның мәселесі облисполкомда қаралады екен, соған кетті. Сергей Сепанович, осы теңіз үшін біздің еңбегіміз қандай бағаланса, Кремлевтің еңбегі де сондай бағалануы керек. Өйткені, ол кісінің еңбегі көп. Былтырдан бері талай адамды қарақұрт шақты, бірақ Кремлев оның бірде-біреуін ажалға берген жоқ. Ал, бұрынғы заманда қарақұрт шаққан адамның бірде-бірі тірі қалмайтын.

Богданов. Кремлев сондай үлкен дәрігер болса, өз жараңды неге емдетпей жүрсің?

Aйдос. Оған уақыт болды ма?

Жанар (әзілдеп). Уақыт болмады дегенше, бақсы-балгер таба алмай жүрмін десеңші.

Aйдос. Не дейсің? (Осы кезде сырттан Қоқымның даусы естіледі.)

Қоқым. Ау, үкімет комиссиясы деп тұрғанымыз өзіміздің Рабиға жеңгей ғой.

Жанар сыртқа жүгіріп кетеді. Аздан соң Қоқым бір торсық қымыз көтеріп әкеледі, оның соңында да келе жатқан Рабиғаның қолында шелек лық толы әр түрлі ішімдіктер.

Айдос (келе жатқан Рабиғаға қарсы жүріп). Апар, мұның бәрін қайткелі әкелдіңіз?

Рабиға. Жарысқазан істегелі әкелдім. (Богдановпен амандасады.) Саламатсыз ба?

Дәурен. Жарысқазан деген не?

Рабиға. Өз ана тілін өздері білмейді. Осылар да ел басқарып жүр-ау, ә?

Богданов. Міне, нағыз әділ сыншы!

Айдос. Апа, осы «жарысқазан» дегеніңіздің өзі қазақ дәстүрінен қалған сөз болу керек, өйткені бұл сөзді мен де бірінші рет естіп отырмын.

Қоқым. Жоқ, жолдастар, өздерің білмегендеріңмен қоймай, сөзге жала жаппаңдар! Сендер түсінбесеңдер, мына мен түсінемін. Мен емес-ау, жұрт айтады, Қоқым - ау, дейді. «Жарысқазан» - деп бала туарда толғақпен жарыса қайнаған қазанды, яғни алдын ала жасалатын тойды айтады дейді.

Айдос. А, онда түсіндім, бұл қайта туа бастаған сіз үшін жасалатын той екен ғой.

Қоқым. Қой, шырағым, қырық беске келген кісіге «жарысқазан» жасалмайды. Тауке - ау, ертек болса да бірдеңені айтып жіберсеңізші.

Таусоғар. Өз толғағын өзі сезбей отырған адам жайындағы ертекті айтсам айтайын. Ертек емес, шыны сол, балалар! Теңізіміз үшін дәл қазір бәріміз де толғатып тұрмыз. Қазіргі көрер теңізіміз, аңсап күткен перзентіміз сияқты. Бұл соның жарысқазаны, солай ма, Рабиға?

Богданов. Қарт жұмбағын қарт шешті - ау осы?

Рабиға. Ай, кәрі тарланым - ай, сүрінуді бір білмейсің - ау.

Айдос. (шешесін барып құшақтап). Апатайым ырымың неткен жақсы еді. (Келген ішімдікті құя бастайды.)

Рабиға. (бір бөтелке шампанды қымыз сапырып отырған Қоқымға ұсынады). Мынау сенің сыбағаң.

Қоқым. Жоқ, жеңеше, мына теңіздің суы тегісінен арақ болып кетсе де, Қоқым енді тата қоймас.

Рабиға. Жылына бір ішкен қайтер дейсің, ала бер.

Қоқым. Айналайын, жеңеше, қартайғанда әзәзіл болмасаңшы.

Жанap. Апа, жеңіліп қалдыңыз, қойыңыз.

Рабиға. Айтпақшы, саған келген телеграмма бар. (Қалтасынан алып береді. Жұрттың назары соған ауған кезде, Қоқым виноны қымызына қосып жібереді.)

Жанар (телеграмманы ішінен оқиды да, Богдановна береді). Менің баяндамам Министрлік алқасында бүгін қаралатын болыпты.

Богданов (қолын қысып). Жолың болсын!

Жанар. Апа, мен қазір Алматыға ұшатын болдым.

Тым болмаса «жарысқаныңызды» көріп кетейін.

Богданов. Шеше, мынау үй туралы сіздің пікіріңізді білмедік қой. Қалай, сізге ұнай ма?

Рабиғa (жан жағына қарап). Жоқ, онша ұнамайды.

Богданов. Бірге, жақсы емес пе?

Рабиға. Үйдің жақсы екені рас, бірақ мен жалғыздықты жаным сүймейтін адаммын.

Жанар. Апа, оны бұл жерде айтып қайтесіз?

Рабиға. Жоқ, бүгін әдейі соны айтқалы келдім.

Жанар (Сөздің бетін бұруға асығып). Қане, теңіздің басқа елдердің барлық теңізінен игілікті болуы үшін көтеріңіздер...

Aйдос. Александр Петровичтің жоғын пайдаланып, мен сені көтеріп қалайын. (Қолынан Жанар ұстай алады.

Жанар. Сен қымыз іш!

Қоқым. Ой, айналайын-ай, дұрыс айтасың - ау, дымы жарықтық әрі тамақ, әрі дәрі ғой.

Айдос. Апыр-ау, бұл шіркінді бүгін ішпегенде қайда ішемін?

Қоқым. Түк етпейді. Мен де шыдап отырмын ғой. Арақты ақылға да, малға да кедей адамдар ішу керек.

Айдос. Сол байлықты сіз көп көрдіңіз ғой. Талабым жоқ. Қане ендеше, өзіңіз құйып жіберіңіз. (Қоқым стаканға қымыз құяды).

Богданов. Ал, мен бір тост көтерейін. Біріміз емес, бәріміз шын тілекпен көтерейік. Біздің қасиетті Ұлы Отан әр семьядан құралса да, тұтасқан бір семья. Сондықтан осы отырған бәріміз қашан да, қайда жүрсек те бірімізді - біріміз сүйе білейік, ол үшін ең алдымен өзі жанымызды сүйе білейік. Сол үшін, Айдос пен Жанар сендердің үлгілі семья болуларыңыз үшін, тату-тәтті өмір сүрулеріңіз үшін!

Жанар. Сергей Степанович! (Жасқа булығып сөйлей алмай аз тұрады да, Богдановты құшақтай алады.)

Рабиға. Көп жаса, қарағым! Жанар айтқызбаған қайғы тілегім осы еді. Өз тілегіңе ана тілегін қоса айттық. Өмірімде шарап татып көрмесем де, дәл осы үшін!

Aйдос. Апа, дәл осы тост көтерілмейді. (Гуілдесе жатқан жұрт тына қалады. Жанар қолындағы бокалын түсіріп алады.)

Рабиға. Балам, саған не айтып отыр, ойланшы!

Айдос. Сергей Степанович!..

Рабиға. Тоқта! Сен ең алдымен менің сөзімді тыңда! Қабағыңа қарай-қарай менің де шыдамым бітті. Теңізді сылтау етіп, өз үйіңнен өзің бездің, өз төсегіңнен өзің түңілдің. Теңізің біте бастап еді, енді соның жағасында самалына салқындап жатамын дегенді шығардың, бұл не?

Жанаp. Апа, мен сізге қоя тұрыңыз деп едім ғой.

Рабиға. Қоймаймын. Көшіремін үйді бұл жерден.

Богданов. «шыға тұрыңыздар» деген белгі береді. Мәжел, Дәурен, Таусоғар, Қоқымдар кетеді.

Таусоғар (үй сыртынан шыға күрсініп). Сергей Степановичтің айтқаны болмай қалғаны осы шығар.

Қоқым. Ай, арақ - ай, осыларды бүлдірген сенің қырсығың - ау.

Таусоғар. Иә, Қоқым мені арақ қой бүлдірген. (Кетеді.)

Богданов. (аздан соң). Айдос, есіңде болсын, біз сені бағалай да, сыйлай да білеміз. Сонымен бірге, ретіне қарай сынай да білеміз. Иә, айта бер.

Айдос. Онда менің айтар сөзім жоқ.

Богданов. Неге жоқ?

Айдос. Ол - өз жұмысым...

Жанар. Сергей Степанович, Айдос кейін бәрін де айтады. Біз оның төрт жыл шетте жүріп қалғанын ескеруіміз керек.

Богданов (ренішті түрде). Мен Айдостың: «Өз жұмысым» дегені не екенін білгім келеді. Сен киліге бермей, қоя тұр.

Айдос. Білгіңіз келсе менің семья мәселесіне өз көзқарасым бар. Өз семьямды өзгенің айтуымен сүйетін халде болсам, ондай өмірдің маған керегі жоқ.

Жанар. Жалынамын, Сергей Степанович...

Богданов. Жанар, қазақта, «Дос жылата, дұшпан күлдіре айтады» деген мәтел бар емес пе еді? Осы отырған бәріміз де Айдостың жанашыр достары емеспіз бе? (Айдосқа қарап.) Сенің туған анаң мына отырған ақ шашты ана болса, өсірген анаң, - партия. Осылар қанға қатты айтса да достық деп біл де, бойында ескіліктің қалмай жүрген даты барын ескер. Бар айтарым сол ғана.

Айдос (қатты тіксініп). Ескіліктің даты?!

Богданов. Иә.

Бір колхозшы келеді.

Колхозшы. Сергей Степанович, сізді Алматыдан келгендер тосып отыр.

Богданов. Ойлан, Айдос! (Ол кетеді).

Жанар. Айдос, маған түсіне білмесең де, шыдай білші. (Айдос, сазарып отырып қалады.) Мен көзіне күйік болып жүрсем, кетейін бір жаққа. Тек маған қайда жүрсем де осы үйдің адамымын деуге право бер. Біз қайда жүрсек те бір семьямыз. Жалғыз ғана тілегім: сақта өзіңді, мен үшін емес, халық үшін сақта. (Жасқа булығып шыға жөнеледі.) Қош бол!

Рабиға (қуа сыртқа шығып). Жаным - ау, қашан қайтасың?

 

Жанар. Кешікпеспін, апа, сізден тілегім Айдосты кіналай көрмеңіз. (Кетеді.)

Рабиға (Жанар кеткен жаққа қарап тұр). Осындай адамды қалай қиярсың?! (Үйге қайта кіреді.)

Айдос. Апа, Жанар кетіп қалды ма?

Рабиға. Кетпегенде қайтеді? Бүйте берсең мен де кетемін. (Айдос тұра бере столға құлап түседі.)

Рабиға. Құлыным - ай, не болды? (Айдос бір қолымен кеудесін баса, бір қолымен шешесін құшақтай түрегеледі.)

Айдос (азар сөйлейді). Апа, қорықпа. Жатқызыңызшы, жоқ, жатқызба, жер мені төмен тартып барады, жіберме, апа! Ол сенен күшті емес, жіберме, апа! (Өзі бірте-бірте әлсірейді, Рабиға үрейленіп көтере береді.)

Рабиға. Құлыным - ау, тағы да тастап кеткенің бе?

Осы кезде сырттан шаттық үні естіледі. Халықтың сол шалқыған шаттығын бастап Богданов келе жатыр, кейбіреулер заулаған сумен жарыса өтіп жатыр...

Богданов. Айдос қайда, Айдос!.. (Сөйлей кіреді.) Теңізді жетектеп алдына әкелдік, жая бер құшағыңды! (Айдостың жайсызданып тұрғанын көре салып.) Айдос, саған не болды, Айдос! (Тұра ұмтылады.)

Айдос. АҺ, арман! (Богданов құлап бара жатқан оны сүйеп тұрып қалады.)

Шымылдық.

Алтыншы сурет

Емхананың кішірек бір бөлмесі.

Бөлменің екі жағында екі есік. Оның бірі - сырттан кіреді, екіншісі - ішкі бөлмелерге апаратын есік. Қабырғаларда адамның ішкі сарайын көрсеткен суреттер ілінген. Ақ матамен жабылған стол, кресло, диван. Бұрыштағы столдың үстінде дәрілер құйылған үлкенді-кішілі шыны ыдыстар. Ортадағы жазу столының үстінде Лениннің болашаққа жөн сілтеп тұрған суреті, оның қатарында стол сағаты. Әрірек жерде телефон. Перде ашылғанда сахнада ешкім жоқ. Аздан соң ішкі есіктен Балқия шығып келе жатады, ол сыртқы есіктен Кремлевтің келе жатқанын да байқамайды, басын төмен салып ойда келеді.

Кремлев. Балқия!.. Айдостың халі қалай?

Балқия. Тез, тез барыңызшы.

Кремлев. Үміт бар ма өзінен?

Балқия. Қорқамын.

Кремлев (халат киіп жатып). Шақыр Гүлпанды, басқаларды да шақыр.

Балқия. Бәрі де сонда.

Кремлев (кете беріп, қайта бұрылады). Жанардың Алматыға кеткені рас па?

Балқия. Рас.

Кремлев. Сен оған хабар бермей-ақ қой, ұқтың ба?

Балқия. Сонда сіз операцияны бүгін жасамақшысыз ба?

Кремлев. Иә! (Ішкі есіктен шығып кетеді, аздан соң Рабиға кіріп келеді.)

Рабиға (алыстан бір үміттің үлкен сәулесін көргендей, бір нысанаға қадалып сөйлейді). Жаз жылдам, жаз!

Балқия (жазуға ыңғайланып). Кімге, не жазайын?

Рабиға. Кімге, неге деп тергемей, айтқанымды жаза бер. Тез баратын етіп жаз.

Балқия (жазып). Ал, молния дедім.

Рабиға. Алматы де.

Балқия (жалт қарап). Алматыда кімге?

Рабиға. Сөзімді бөлмей жаза бер... Жолдас Шалқаров де. Қарағым Бақытжан! Менің жаныммен тең жалғыз ұлым бар еді. Соның өкпесінде жаудың атқан оғы қалған еді. Сол балам қазір хал үстінде жатыр. Жалбарынамын: қалайда соның жанын алып қала көріңіздер. Сол оқты алатын бір адамды тауып жібере көріңіз. Егер де ондай адам табылмаса, менің осы тілегімді үкіметке тез жеткізе көріңіз. Жаздың ба?

Балқия (жатып болып). Апа, ол кісіні әурелемей-ақ қойыңыз. Операцияны өзіміздің Александр Петрович жасағалы жатыр.

Рабиға. Сөзді қой. Ондай ем колхоз дәрігерінің қолынан келмейді. (Телеграмманы алады да, тез кетеді.)

Балқия. Колхоз бен қаланың арасының жақындап қалғанын білмедің - ау, апа!

Шам сөнеді. Шам қайта жанған кезде сахнада ешкім жоқ. Таң жаңа атып келе жатқан кез. Аздан соң ішкі есіктен ауыр ойда папиросты үсті үстіне тартып Кремлев келе жатады.

Кремлев. Өзіме - өзім қанша сенсем де, не боларын бір сұрау көкейімнен кетер емес. Бір жыл бойы шарықтаған үмітім жер соққандай күйдемін. Бұл қалай?

Ерсілі-қарсылы жүреді. Аздан соң ол келген жақтан Гүлпан келеді.

Гүлпан. Александр Петрович...

Кремлев. Операцияға әзір болыңыз. (Сөйлескісі келмей қайта кете береді.)

Гүлпан. Тоқтаңызшы, сіз мені өзіңізге сенбейді, ойлайсыз ба?

Кремлев (бөгеліп). Жоқ, ешуақытта олай ойламаймын. Өйткені, біздер бір-бірімізді тани білген адамдармыз. Солай емес пе?

Гүлпан. Ол рас. Бірақ, сіз өзіңізге өзіңіз сене алмай жүрген сияқтысыз. Бұл қалай?

Кремлев. Оны мұнан гөрі кең уақытта айтармын, операцияға әзірленіңіз.

Гүлпан. Өкініште қаларсыз, ойланыңыз. (Кетіп бара жатқан Кремлев кенет тоқтай қалады.)

Кремлев. А!

Гүлпан. Сіз өзіңізге сенбесеңіз, екеуміздің біріміз мұны Москваға алып ұшайық.

Кремлев. Қорықпа, құрметтім, қорықпа! Сіз жарасаңыз мен мұндай ажалды жеңе аламын.

Кетеді. Балқия келеді.

Балқия. Операцияға мен де қатысатын болдым. Бірақ өзім тіленсем де қорқып тұрмын.

Гүлпан. Қорықпай-ақ қой. Операцияға сен қатыспайсың.

Балқия. Кім айтты деп?

Гүлпан. Мен айтты деп. (Телефон шылдырлайды.)

Балқия. Мен тыңдап тұрмын. Бұл кім? Тәте! Сіз қайдан сөйлеп тұрсыз? Алматыдан ба? Қайдағы аэродромная? Иә, оны кімнен естідіңіз? Солай ма? Көкемнің халі жаман емес, бірақ тез операция жасалмаса болатын емес. Қазір кіріскелі жатыр... Иә, сол кісі жасайды. Машина жіберейін бе.. Не дейсіз? Жарайды, айтайын. (Телефонды орнына қойып.) Үлкен шатақ енді басталды.

Гүлпан. Түк те шатағы жоқ, ол келе берсін, дәрігерлердің өз заңы бар.

Кремлев (ішкі есіктен қарап). Бері келіңіздер.

Балқия. Александр Петрович, Жанар мен барғанша операция жасалмасын дейді.

Кремлев. Операция жасалмасын дейді, онысы бола қояр ма екен, өзі қайда?

Балқия. Жаңа ғана аэропорттан телефон соқты, қазір келеді.

Кремлев. Оған хабар берген кім?

Балқия. Көкемнің жайы Алматыға түнде-ақ жетіпті, (Дәурен келеді.)

Дәурен (есікті ашып). Рұқсат па?

Гүлпан. Келіңіз, келіңіз.

Дәурен (Кремлевті байқамай). Айдостың жайы қалай?

Гүлпан. Жайы әзір белгісіз.

Кремлев. Жұмысыңды тез айт, достым.

Дәурен. Біз теңізді мерзімінен бұрын бітіргенімізді айтып Орталық Комитетке рапорт бермекпіз. Сол рапортқа Айдостың қолы керек еді.

Гүлпан. Әркімнің ойлайтыны өз операциясы, жүр, Балқия. (Балқия екеуі кетеді.)

Кремлев. Онда тез апар. Қойсын қолын. Көрсін еңбегінің жемісін. (Дәурен ішке кіріп кетеді. Аздан соң Жанар келеді.) А, келіңіз, келіңіз! (Қол алысады.)

Жанар. Айдостың жайын айтыңызшы. Өзі анық тірі ме?

Кремлев. Жаман емес, отырыңыз.

Жанар. Мен оны қазір Москваға алып ұшамын. Рұқсат етіңіз, өзімен сөйлесіп шығайын.

Кремлев. Енді кеш қалдыңыз. Ол кісі қазір ұшатын халде емес.

Жанар. Солай ма? (Отыра кетеді.)

Қолында қағазы бар Дәурен кіреді.

Дәурен. А, Жанар, дер кезінде жақсы келдің. Қол қой мынаған.

Жанар (көңілсіз). Бұл не?

Дәурен. Ел басындағы Орталық Комитетке деген бәрін де ұғасың. Қоя бер қолыңды.

Жанаp. Шіркін-ай! Барлық арманға осылай неге жете бермейді екенбіз!

Дәурен. Сабыр, сабыр етсең бәріне де жетесін. Жанар қол қояды. Дәурен рапортты Кремлевке ұсынады Ендігі кезек сіздікі. Мына бір жердей тезірек қол қойып жіберіңіз.

Кремлев. Тоқтаңыз, мен не үшін?

Дәурен. Еңбегіңіз үшін.

Кремлев. Соншалықты менің қандай еңбегім бар?

Дәурен. Осындай шөлде отыз бес мың адамның бірде-бірін ажалға бермеу аз еңбек емес.

Кремлев. Тоқтай тұр, қолым қалтырап кетті. (Қаламын ұстаған күйі хатқа қарап отырып қалады.) Рақмет, достарым, рақмет! (Қол қояды). Маған үлкен сыйлық тартыпсыздар. Мен мұны өмір бойы ұмытпаспын.

Дәурен. Айдосты аман алып қалсаңыз, біз де сізді мәңгі ұмытпаспыз.

Кремлев (күлімсіреп). Онда тырысып көрермін. Барыңыз. (Дәурен кетеді.)

Жанар. Александр Петрович! Мен қалайда оны алып ұшамын. Рұқсат етіңіз. (Айдос жатқан бөлмеге қарай беттейді.)

Кремлев. Тоқтаңыз... Мұныңыз қалай? Әлде маған сенбейсіз бе?

Жанар. Басқалар сенбесе де, мен сізге сенемін. Бірақ, мен ажалға ешуақытта сенбеймін.

Кремлев. Егер де өлі адамды қайта тірілтудің орнына тірі адамды өлтіріп алсақ кім болғанымыз, сіз осыны ойладыңыз ба?

Жанар. Дәл осы жөнінде кім боларымды ойлағым да келмейді. Оған сіз түсініңіз. (Ішкі есікке беттейді.)

Кремлев (қарсы алдына тұра қалып). Тоқтаңыз, сізбен енді қаттырақ сөйлеспеске амалым жоқ.

Жанар. Қалай сөйлессеңіз де ештеңе шығара алмайсыз, бөгемеңіз.

Кремлев. Бұл үшін қандай кедергі болса да кесіп өтуге әзірмін. Сіз түсініңіз осыған.

Жанар. Сіз де түсініңіз. Операцияңыз сәтсіздікке ұшыраса, екеуміз де масқара боламыз.

Кремлев (шошынып). А, сіз оны сол үшін құрбан еткіңіз келе ме?

Жанар. Не үшін дейсіз?

Кремлев. Операция сәтсіздікке ұшырап, Айдос жазым болса, әдейі өлтіртті деген өсекке қаламыз деп қорқасыз ғой. Ұят, масқара бұл. (Жүріп кетеді, Жанар сол орнында тұрып қалады.)

Жанар. Құрметті Александр Петрович! Сіз мені өзіңізден жиырма жыл кейін қойып, тым алыстан қарап тұрсыз. Егер де Москваға жетсе, оның тірі қалатындығына мен шүбәсіз сенемін. Сіз менің сол үмітімді құр тәуекелге құрбан етпеңіз.

Кремлев. Сіздің айтып тұрған үмітіңіз апаттың арбаушысы. (Гүлпан келеді.) Гүлпан! Құдай үшін сіз мына кісіге дәрігерлердің заңы қолындағы алмасынан да өткір екенін түсіндіріңізші. (Кетеді).

Жанар. Сол алмасына өз жүрегімді тосармын ендеше. (Есікке қарай ұмтылады.)

Гүлпан (есікті басып). Сенін оған сенбейтін себебің не?

Жанар. Онда сенің не жұмысың бар?

Гүлпан. Жұмысым соң - сен сүйе білсең де, тани білмеген екенсің?

Жанар. Сен өз мақсатыңа жету үшін басқа біреудің өмірін басқыш етем деп ойлама. Ол қолыңнан келмейді. (Бике кетеді.)

Гүлпан. Жаным - ау, мынау не деп кетті.

Осы кезде үстіне ақ халат киген екі дәрігер келіп кіреді.

І - дәрігер. Сізбен тілдесуге бола ма екен?

Гүлпан. Ғафу етіңіздер, сіздер кім боласыздар? (Амандасады.)

1-дәрігер. Біз Шалқаров жолдастың тапсыруы бойынша осындағы Кремлев деген хирургке көмектескелі келіп едік. Кешігіп қалған жоқпыз ба?

Гүлпан. Жоқ, дер кезінде жақсы келдіңіздер, бері жүріңіздер.

Екеуін ертіп шығып кетеді. Сахна аз уақыт бос. Аздан соң Балқия келеді, телефон шылдырлайды.

Балқия (тыңдап). Бұл қайдан? Алматыдан ба?.. Балқия Байсалова... Иә, сол кісінің қарындасымын. Халі жаман емес, бұл кім сұрап тұрған?.. Иә... Сөйлесетін кім дейсіз? (Қуанып.) Бақытжан аға, саламатсыз ба? ... ол кісі осында. Қазір шақырайын, қазір... Александр Петрович, сізді Бақытжан ағай сұрап тұр.

Кремлев (тыңдап). Кремлев тыңдап тұр. А, саламатсыз ба? Хал жаман емес... ол рас, ешқайда апаруға (болмайды. Әбден сенімдімін. Жіберген кісілеріңіз де келді. Қазір кірісеміз... Мақұл, мақұл, операция бітісімен хабар берейін... Рақмет, рақмет. Қош, сау болыңыз!..

Рабиға мен Жанар келе жатыр.

Рабиға. Жалғызымның жанын бір өзіңе тапсырдым, шырағым, басқа не айтайын!

Кремлев. Қорықпаңыз, шеше! Тойға әзірлене беріңіз! (Кетеді. Оған ілесе Балқия да кетеді.)

Жанар. Апа! (Рабиға үндемейді, қалпын да өзгертпейді. Жанар жақындап.) Апа, жүзіңізде бір ғажайып толқын бар, айтыңызшы, апатай, нені сезіп, неге мұнша қиналдыңыз?

Рабиға (қалпын өзгертпестен). Жанарым, мен жалғызымның жан сөзін ұқпаппын ғой.

Жанар. Қай сөзін?

Рабиға. Оның жаңағы сөзі арыздасып қоштасқаны екен ғой. Тым болмаса жалғыз ауыз тіл қатып, қош айтысып шығайын, мені сонда апаршы! (Жанар сүйене түрегеледі.)

Жанар. Онысы қоштасқандық емес, апа.

Рабиға. Енді не?

Жанар. Мұнан былай: адасқан ой, кірлі көңіл болмасын деген тілегі. Жүріңіз, салқын ауаға шығайық.

Рабиға (Жанардың қолтығында кетіп бара жатып). Өзі солай деді ме?

Жанар. Иә, солай деді.

Екеуі шығып кетеді. Сахна аз уақыт бос, аздан соң Дәурен, Таусоғар, Қоқым келеді.

Таусоғар (сөйлей кіреді). Апыр-ай, Рабиға байғұс әлден қаусап қалыпты - ау.

Қоқым (жыламсырап). Ол - бірдің улы емес, көптің ұлы еді ғой. Айдосым - ай! Арыстаным - ай! (Отыра кетеді.)

Дәурен. Сабыр, қариялар, сабыр етіңдерші.

Таусоғар. Мен де тау қозғалса да қозғалмастың өзі едім. Қайтейін, жүрек шіркін шыдатпай барады.

Операция бөлмесінен жасқа булығып Балқия шығады, отырғандар шошынып қалады.

Дәурен (қасына жетіп барады). Балқия, не болды?

Балқия. Александр Петрович операцияға қатыстырамын деп мана уәде берген еді, енді қуып шықты.

Дәурен. Түу, сол ма? Ол кісі дұрыс еткен. Айдосты кескілеп жатқанда сен түгіл мен де шыдамаспын.

Балқия (көзін жұмып, құлағын басып). Неткен қатал адамсың! Айтпашы сондай сөзді!

Дәурен. Естігенде көз жұмасың, көргенде қайтесің?

Балқия (көзін ашып). Жоқ, мен көкем үшін неге болса да шыдайтын едім. Гүлпан мені шығартқан.

Дәурен. Балқия, операцияға жанашыр адамын қатыстырмайтын дәрігерлердің заңы емес пе, Гүлпанды нахақтан кіналап тұрсың.

Балқия (сағатына қарап). Апыр-ай, операцияның бітетін кезі болды. Неге мұнша кешікті?

Дәурен. Бергі жағынан барып білсең қайтеді?

Балқия. Жүрегім бармай тұр... Апам осы маңда жүрген болар, сен сол кісіні алып кетші. (Кетеді.)

Рабиға мен Жанар келеді.

Рабиға. Ой, жасаған - ай, не болды екен? (Дәуренге.) Балам - ау, әлі біткен жоқ па?

Дәурен. Балқия білуге кетті.

Рабиға. Ол операцияға қатыспай мұнда неғып жүр?

Дәурен Жақын адамына жасалған операцияға қатыстырмайтын дәрігерлердің заңы, апа!

Pабиға. Алдап тұрған жоқсың ба, балам?

Дәурен. Сеніңіз маған!

Таусоғар (ойланып). Ол заңның өзі дұрыс та екен-ау.

Қоқым. Әрине, дұрыс болмаса ондай заңды біздің үкімет шығара ма?

Дәурен. Апа, шаршадыңыз ғой, үйге апарайын ба?

Рабиға (сезіктене қарап). Сен неменеге маған елжірей қалдың осы? «Апа, апа?..»

Богданов пен Мәжел келеді.

Богданов. Операция әлі біткен жоқ па?

Дәурен. Біткен жоқ.

Багданов ауыр ойға түсіп ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Рабиғадан басқалардың бәрі түрегеліп тұр. Бәрі де түнеруде. Бәрінің де көзі Богдановта. Аздан соң операция бөлмесінен Гүлпан келеді.

Жанаp. Гүлпан! (Барып құшақтай алады.)

Гүлпан. Шүйінші! Операция жақсы өтті. (Жанар ішке жүгіріп кетеді.)

Рабиғa. Аһ, не дейді?!

Мәжел. Сергей Степанович, сіз бір жолы құтты адамсыз - ау. Қорқып келген едіңіз, міне қараңызшы.

Богданов. Онда бақытты екенмін. (Гүлпанның қолын қысып.) Рақмет, көп рақмет!

Кремлев шыға келеді, оған ілесе гүл-гүл жайнап Балқия шығады.

Кремлев (бас киімін жұлып алып). Шеше, той қайда? Міне Айдостың өкпесіндегі оқ. (Береді, жұрт бірінен соң бірі көріп жатады.

Қоқым. Ой, айналайын-ай!

Рабиға. О, жасаған, бар тілегіне, бар дегеніне жеткен осыларды. Келші, құлыным, кел! (Кремлевті құшақтап сүйеді.)

Кремлев. Мені ғана емес. (Алматыдан келген дәрігерлер мен Гүлпанды нұсқап.) Мына кісілерді де құшақтаңыздар. Егер де бұл кісілер серіктікке жарамаса, бұл қуаныштың болмай қалуы да мүмкін еді.

Балқия. Келші, Гүлпаным! (Құшақтай алады.)

Шам сөнеді. Аздан соң қайта жанып, шалқып жатқан теңіз көрінеді. «Көктөбе» қазір сол теңіздің кішкентай аралы сияқты болып тұр. Сол аралдың басынан шығып келе жатқан күн көрінеді. Алыстан «Отан жыры» естіліп, жүзіп келе жатқан кеме көрінеді. Ауруханадан әлі шықпаған Айдос сол теңізге қарап отыр. Аздан соң үстіне ақ халат киіп, Жанарды ертіп Балқия мен Гүлпан келеді. Ол екеуі кейін тұрып қалады да, Жанар Айдосқа жақындайды.

Жанар. Айдос, мені жай шақырттың ба?

Айдос (енді ғана аңғарып орнынан тұрады). Жанар, айтар сөзім көп еді, бірақ сен құшағыма кірмей, сөйлей алар емеспін. (Құшағын жайып.) Келші, Жанарым!

Жанар. Айым менің, айым. (Құшақтасады. Балқия мен Гүлпан барып екеуіне гүл тапсырады.)

Айдос. Көрдің бе, Жанарым! Ажалы мен азабы көп, тіршілігі мен рақаты жоқ, ғасырлар бойы су татпай, қаусап жатқан қу дала таңғажайып болған жоқ па?!

Жанар. Көріп тұрмын, мен енді болашақта бардың бәрін де көре аламын. (Құшақтай түседі.)

Богданов пен Кремлев келеді.

Богданов (келе жатып сөйлейді). Шалқыңдар, достарым! Өз теңіздеріңдей шалқыңдар! Әне! Теңіз бетінен күн көтеріліп келеді. Ол - коммунизм күні! Ол, бүкіл адам баласының біздер секілді бір семья болатын заманның күні! Сол күнмен бірге өрлеп, сол теңізбен бірге шалқыңдар! (Айдос пен Жанардың қолын соғыстырады.)

Шымылдық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама