tengrinews.kz
- 05 нау. 2026 10:01
- 25
85 жастағы Қарағанды тұрғыны арнайы білімі болмаса да, күрделі математикалық есептерді шешеді
Қарағанды облысының 85 жастағы тұрғыны Ермекбай Жолдыбеков арнайы білімі жоқ болса да, күрделі математикалық есептерді оңай шешетін қабілетімен танымал. Ол жас кезінде натурал сандарды қосудың өзіндік әдісін жасап, жеке формулалар шығарған. Бұл еңбектері ғылыми басылымдарда жарияланған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талантты қарияның тарихы
Ермекбай Жолдыбеков математикаға қабілетін бала кезінен-ақ танытқан. Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде, ол ең күрделі есептерді де оңай шешіп, ғалымдардың құрметіне бөленген. Үшінші курстан кейін оқуын тастағанымен, математикамен өз бетінше айналысуын тоқтатпаған. Тіпті ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүргенде де, табиғат құбылыстарын зерттеп, математикалық есептерді шешудің жаңа әдістерін іздеген.
«Университетте ғалымға екі жобамды көрсетіп, өзім жасағанымды дәлелдедім. Бұл мен үшін алғашқы нағыз жетістік болды. Бірақ ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартып, ауылға оралдым. Кітап оқуға және білімімді жетілдіруге уақыт табу үшін, саналы түрде қойшы болдым – мал бағып, математикалық есептерді шешумен айналысуды жалғастырдым», - дейді зейнеткер.
Ғылыми еңбектері мен жетістіктері
Сүйікті ісімен айналысқан математик-әуесқой натурал сандарды қосудың бірегей әдісін жасап, бұрышты үш бөлікке бөлу туралы ғылыми мақала дайындаған. Ол халықаралық математиктер қауымдастығының форумында өз зерттеулерін ұсынып, ресейлік «Квант» журналында нәтижелерін жариялаған.
«Ол мектеп қабырғасынан-ақ көзге түскен. Бесінші сыныпта емтихан кезінде жетінші сынып деңгейіндегі есептерді сенімді шешкен. Тіпті мұғалімдері де көмек сұрап жататын – ол есептерді шешудің бейстандартты жолдарын табатын. Өз ойын қорқынышсыз қорғап, өзгеше жолмен жүруден тайынбайтын», - дейді өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.
Ермекбай Жолдыбеков өз бетінше математикалық жұмбақтар құрастырып, оларды газеттерде жариялаған. Сондай-ақ, қазақ ертегілері желісімен есептер ойлап тапқан. Одан бөлек, ақсақал ғарыш пен Жердің құрылымына да қызығушылық танытады. Ол өзі үшін көрнекі құралдарды да жасайды. Оның жасаған конструкцияларының бірі Жердің тартылыс күшін көрсетеді.
«Осы макет арқылы мен Жердің тартылыс күшін дәлелдедім. Конструкцияның әр миллиметрін өзім есептедім. Кейін бұл жұмысымды Қарағанды университетінде көрсетіп, жоғары баға алдым», - дейді Ермекбай Жолдыбеков.
Зейнеткер жиі мектеп оқушыларымен кездесіп, олардың «ғылым патшайымына» деген қызығушылығын оятуға тырысады. Ол математикасыз айналамыздағы әлемді түсіну және ойлау қабілетін дамыту қиын екенін айтады.