Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Біздің мақсат неде?

Серке – көсем. Боранды күнде адуын күшке төтеп берген төл басшы. Қазақ көгінде бір-ақ рет жарқ етті. Шоқтығы биік жұлдыз еді. Онсыз біздің аспан сұңқиып қалғандай. Замана өтті. Еске алып, есіркейтін сәт жеткендей. Жоқ, әлде сыр сандығын ақтаратын кез бе? Арасын алыстатпай-ақ, екеуін де қозғасақ жарар. Көрер көз, оқыр жан болса...

Тағдырдың тарпаң жолына түскен есіл ер. Дүмпу тудырған дүние. Бұл түзулер «Оян, қазақ» атты ортақ нүктеде қиылысса, Серкенің бірер күндік ғұмырын баяндауға шақ келер. Патша ағзамды түйресең, түйінінде өзің жапа шегесің. Газеттің ақтық демі «Біздің мақсатпен» үзілсе керек-ті. Нақтырақ, Міржақып Дулатұлының мұратымен. Ал ол нені көкседі? Халықтың кем-кетігін бүтіндеуді. Тым болмаса, барынан айырмауды. «Қазағым менің, елім менің»,-деп үн салды. Ресейге тәу ете «тәуба» қылған тәуелділікті меңзеді. Отар екенімізді құқық жоқтығымен айғақтады. Мұның бәрі ыза мен кекке септеудей.

Бүгін де үкімет тарапынан қаржының «қайда?», «неге?» жұмсалғанын біліп болмайсың. Бағзы заманда ше? Міржақып ата, біліп айтқан. Еш қажетсіз дүниеге шығындалған билік өкілдерінің қалың бұқараға көмек қолын созуы екіталай. Өзіндей бас көтерерлер Петербурға аттанса, министрліктерден жөні түзу жауап алмайтыны тағы бар. Министрлер тағайындаған қызметшілердің де мақсұты басқа. Қазақ сахарасының төрінде тайраңдау. Баяғының уряднигі мен стражнигі қазіргі әкімдердің кескініне саяды. Көрегендік емей, не?!

Мал-мүлік тіріні тірнектетсе, рухани өмір аясы аялай түседі. Мұны шектеген чиновниктерді қайпексің? Аузынан жырып асын алды. Көндік. Ең асылын дінін тыйды. Тыншымадық. Біз тақыр кедейліктен үркектемедік. Өздік болмыстан ажыраудан шошындық. Ақыры, әрең-мәрең дегенде бостандыққа жеттік. Қандай құнмен? Жүрекке қадалған тікенмен...

Шүңірек көз мұжықтардың жер аударуы ахуалды шиеленістірді. Тіршілігіміз тұралап қалды. Сонда Ресей құрсағының тар болғаны ма? Жоқ, ол презенттерін шетқақпайлатпас. Керісінше, шетке ысыратын бай-шонжар табылар. Жерімді бермеймін. Алайда, қазақтан үлесің тиеді. Бұндайда «Қызыл жебе»-дегі: «Бөліп ал да, билей бер»,-үзіндісі еріксіз ойға оралады. Жә, бұл бөлек жайт. Бүгін ше? Қазақстанға өзге ұлттың көптеп ағылуы кездейсоқтық па. Неге қаны қазақ, жаны қазақ қандастар қайтпайды?...

Қарап тұрсаң кем дүние бітпейді. Бүтіндігіне бірлік жетіспейді. Жұмылған жұдырық болмасаң да, шашырама қазағым!

Ағыбаева Аружан Оразқызы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама