Ботпайдан шыққан XX ғасырдағы екі ұлы тұлға!
ХХ ғасырдың басында қазақ еліне адал қызмет атқарған, халықты біріктіре білген нағыз еңбекқор жандар ретінде ботпайдан шыққан екі тұлғаны атап өтуге болады. Олар - Қабылбек Сарымолдаев пен Мәсімхан Бейсебаев.
Қабылбек Сарымолдаев - 1898 жылы Жамбыл облысындағы Ойтал деген ауылда туған мемлекет қайраткері, талантты публицист, экономист, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қара халыққа демеу бола білген көшбасшылардың бірі.
Еңбек жолында 1918 жылы Әулиеата уезінің төрағасы, 1920-1922 жылдары Қазақ АССР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары, 1923-1925 жылдары Ташкент облыстық кеңесі атқару комитетінің, 1925-1933 жылдары Республика жоспарлау комиссиясының, 1933-1937 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы секілді қызметтерді атқарған адамдардың бірі, әрі Тұрар Рысқұловтың мектеп кезіндегі өмірінен бастап, бірге болған арқа сүйер адал досы. Жалпы кеңестендіру жүргізіліп жатқан кезде: ТурЦИК-тің, Азық-түлік халкомы коллегиясының мүшесі болған, аштықпен күрес жөніндегі комиссия төрағасы секілді қызметтерді атқарған. Голощекиндік, Сталиндік саясатты өз көзімен көрген кезінде С.Қожанов секілді азаматтарға «қазақтардың қырылып жатқандығы, көмекке мұқтаж екені, геноцидтің болғандығы» туралы көптеген баяндама-хатын жіберген. Одан басқа, кейінгі жылдары Ленин Академиясының Қазақстандағы филиалын ұйымдастыру жөнінде үлес қосқан және соның басы-қасында жүрген. Мақта шаруашылығын, жалпы астық пен мал шаруашылықтарын дамыту жөнінде көптеген іс-шараларды өзі ұйымдастырып, белсене атсалысқан. Тіпті, қазіргі кезде де шешімін таппай келе жатқан «Сырдария өзені арнасының жыл сайын ауысып отыруы» мәселесі ол кездің өзінде-ақ, Республика су шаруашылығы басқармасының басшысы Қабылбек Сармолдаевтың бастамасымен талқыланған еді. Сонымен қатар, ірімшік жасау, шұбат өндірудің тиімділігін, ұлттық тағамдарды дайындау дәстүрлерін, оларды жаңғырту, көпшілікке таныстыру міндеттерін алға қойған. Индустриалды сала бойынша мағлұматтар жинап, зерттеп, зерделеген, әрі құнды деректер қалдырған, басшылық еткен 10 жыл ішінде 378,6 мың гектарлы егіс көлемі ұлғайған....
Шығармашылық жолында көптеген құнды мақалалар жазған. Оған «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Шардараға айрықша назар салынсын», «Қазақ мақтасы – кендір», «Қазақстанда жер суландыру жұмысы», «Мақта мәселелері» атты ғылыми мақалаларын дәлел ретінде келтіруге болады. Тіпті, «Егемен Қазақстан», «Народное хозяиство Казахстана» атты газет-журналдарының тұрақты әрі белсенді шығармаларының авторы болып, көпшілікке таныс деректер толы кітапшаларды шығарып отырған. Алайда қазақ елінің әр саласын дамытқан Қабылбек Сармолдаев 1938 жылы 25 ақпанда «халық жауы», «жапон империалистерінің тыңшысы» деген айыппен кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, ОГПУ «үштігінің» шешіміне сәйкес ату жазасына кесілген.
Мәсімхан Бейсебаев – 1908 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысындағы Қаскелең ауданында (қазіргі Қарасайда), Елтай ауылында дүниеге келген аса көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат, әрі саясаткер.
Еңбек жолын жерді ұйымдастыру органдарынан бастаған. 1931-33 жылдары Қазақ АКСР-і Егіншілік халкоматында,1933-36 жылдары Алматы ауыл шаруашылығы техникумында директор болып жұмыс істеген. 1936-41 жылдары Қазақстан К(б)П ОК-нің және Алматы облыстық партия комитетінің аппаратында жауапты қызметтер атқарған. 1941- 42 жылдары 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан.1942-70 жылдары Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Ақмола облыстық атқару комитетінің 2-хатшысы, Көкшетау облыстық атқару комитетінің 1-хатшысы, ал 1954-58 жылдары ҚазКСР-і Министірлік Кеңесі төрағасының 1-орынбасары, 1964-70 жылдары төрағасы болған. Әйел кадрларының басшы қызметіне көбірек тартылуына баса назар аударған. Сонымен қоса, мәдениет, оқу істеріне ұдайы көңіл бөлген. Тіпті, Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларда оқып жүрген жастарға арнайы стипендия бөлген...Одан бөлек, Қапшағайдың қала болып қалыптасуына, Қапшағай ГЭС-інің салдыруына, Жаңаөзен қаласының ірге көтеруіне, Мақат-Гурьев-Өзен жергілікті теміржолының салынуына, «Сарытұқым», «Бозой» совхоздарын ұйымдастыруға, «Алматы» шипажайының бой көтеруіне, тарихи ескерткіштердің қалпына келтірілуіне көп септігін тигізіп, басы-қасында жүрген. Сонымен қатар Д.Қонаев, Ж.Шаяхметов, О.Жандосов, М.Тынышпаев, Л.Мирзоян тәрізді аса ірі тұлғалармен бірге жұмыс істеген, әрі Т.Сейдәлім, Ж.Сұлтан, Е.Қосай, А.Әріпбай, Е.Мақан, Б.Жұмақан, А.Қасым, К.Петр, Б.Оразай, К.Тимофей, Ү.Аида, Б.Заманбек, Б.Ғайникен секілді жастарға жол көрсетіп, мемлекет қайраткерлері дәрежесіне дейін жетуге зор үлес қосқан бірден-бір тұлға. Тіпті, екі мәрте Ленин, Еңбек, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, I дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Ал 1987 жылдың 23 маусымында дүниеден озған.
Сөз соңында, Қ.Сарымолдаев пен Мәсімхан Бейсебаев - жастайынан қатал тағдырдың сынағын көре отырып, еліне деген сүйіспеншілік пен патриоттылықтан бойына рухты сіңірген, көзі ашық, көкірегі ояу, «ұлт жанашыры» бола білген бабаларымыздың бірі. Тарих қойнауының саңлағындағы өмір ағынының толқыны сол кезде әлі де жалғасқанда, кім білсін, екеуі де еліне талай қызмет атқарып, орындай алмай кеткен арман-мақсаттарына жетер ме еді? Жоғарыда атап көрсетілгендей, туған жерінің көркейіп, дамуына үлес қосқан қажырлы еңбектері мен халқының күш-жігерін жұмылдырған қадамдарынан кейін, осындай бабаларымыздың атын қалай естен шығаруға болады?!