- 14 ақп. 2020 00:00
- 175
Ұры кінәлі емесп пе?
Түнде ұры молданың қорада тұрған есегін ұрлап кетеді. Мұны естіген көршілері келіп, молданың өзін кінәлай бастайды.
— Есекті ұрлағаны дұрыс болған. Сен өзің кінәлісің. Неге мал қораңды дұрыстап бекітпейсің? — дейді біреуі.
Екіншісі тұрып:
— Мынадай тапал қораны кім соққан? Әрине, бұған ұрылар үйір болады, әлі тағы не болары белгісіз! Өзің кінәлісің бәріне. Дуалын биігірек соқсаң болмай ма? — дейді.
Үшіншісі тұрып:
— Сенің қораңда неге ит жоқ? Өзің кінәлісің, иті жоқ аула бола ма екен? — дейді.
Төртіншісі тұрып:
— Жарайды, сен қалайша бейқам ұйықтай бергенсің? Соншама дәу есегіңді жымқырап кетеді, ал сен түкті сезбей жата беріпсің. Өзің кінәлісің, адам сияқты ұйықтамайсың ба? — дейді.
Молда барлық айыптауларды тыңдап болыпты да:
— Ал жақсы, бәріңнің сөздерің дұрыс, бірақ-ау, ұят бар ма сендерде, бәріне де менің кінәлі болғаным қалай? Сонда, немене, ұры сүттен ақ, судан таза ма? — деген екен күйініп.