- 28 қар. 2019 00:00
- 283
Бұрын туғаннан ақыл сұра
Сырым батыр бала күнінде он төрт жасында-ақ жорыққа аттанатын болыпты. Сонан он сегіз жасқа келеді. Он сегіз жасында жолдасты көбейтіп, манғұлдан таңдап-таңдап алпыс сегіз атты айдап қайтады. Астында тұлпардан туған торы төбел аты бар. Жолдастарының соңынан өзі жалғыз келеді. Жылқының түстеніп кеткен жеріне өзі кешке қонуға келеді. Бір күні жылқының түстеніп кеткен жеріне қонып шығып, жалғыз өзі жүріп келе жатса, сәске түсте Жайықтың арғы тұсында Тайсойған бүйректігінде аң аулайтын сала бар екен. Сол саланың барлығында, арғы бетінде Нұралы хан құсбегілері, билері, аңшыларымен сейілдікте аң аулап жүр екен. Белгілі ғой аң аулап жүрген адамдардың әрбір жерлерде бытырап, жайылып жүретіндігі. Сырым осыларды көрген соң өзінің ақылымен ойлап: «Дәуде болса, бұл жүргендер Нұралы ханның аңшылары болар», — деп шамалап, «Нұралыны көрейінші, реті келсе тілдесейінші деп (бұрын танымайды екен) жолдан бұрылыңқырап келіп, Нұралыны осы болар-ау деп келсе, дұрысында сол шамалап келген адамы Нұралы болып шығады. Нұралыны ойымен танып, сәлем береді. Сол күнде Сырым батыр он сегіз жасында екен. Тәкаппар хан қазақтың бір бозбаласының сәлемін оңдылықпен ала қойсын ба?
— Сен қай тұқымсың? — депті Нұралы Сырымға. Сонда Сырым:
— Қыдырқожаның баласы — Сұлтансиық, онан туған — Байбақты, Байбақтыдан туған — Шолым, Шолымның баласы — Дат, Даттың баласымын, атым — Сырым, — депті. Сонда Нұралы тұрып:
— Е, Қыдырдың көп тентегінің бірі екенсің ғой, — депті. Сонда Сырым:
— Сақбардың суының бойында оғым озар ма екен, боғым озар ма екен деп, оғы мен боғын жарыстырған Тоғым төренің тұқымы едің, — депті.