- 04 жел. 2019 00:00
- 294
Бұрынғы заманның адамдарының қандай екенін танытуға сөйлеген сөз
Күлік баласы — Тілеуімбет, мұнан туған — Жанайдар. Бұл Жанайдар — Абылай заманында жас бала. Жұрт аузында жақсы Жанайдар атанған.
Сол замандағы Бұқарай шәріп ханы Арқадағы Абылай ханға елші жіберген май-қатығын тауып берсін деп. Сонда Абылай хан Күлік Жаңабатыр биге кісі жіберген: «Бір ауыз сөзімен жауапты түзу тауып берерлік жан тауып жіберсін», — деп.
Сонда Жаңабатыр би өзінің сынына келгендіктен, он төрт жасар бала Күнту баласы Жанайдарды жібереді. Сонда Жанайдар Абылай ханға «Алдияр!» деп кіріп барғанда, отырғызбастан сұраған:
— Балам, май-қатығы не болады? — деп.
Сонда Жанайдар кідірместен жауап қайтарған:
— Бұрынғылар айтпап па еді: «Халық айныса, хан түзейді, май айныса, тұз түзейді» деп, халық қатығы ортасындағы ханы болады да, дүниедегі тамам тамақтың дәмін кіргізетұғын май қатығы тұз дағы, тақсыр! — деген.
Бұл сөзден Абылай хан білген Бұқар ханы тұз сұратқан екендігін. Үш жүздің баласы қазақтан түйе жидырып, қырық биіне Жанайдарды ақылшы қылып қосып беріп, көп тұз тиеп жіберген. Барған қырық биді Бұқар ханы сыйлап күтті.
Қайтарар кезі болғанда Бұқар ханы сұрады:
— Абылай артық па, мен артық па? — деп.
Қырық би айтты:
— Сіз артықсыз деп. Сіздің тегіңіз де асыл, сіздің жеріңіз де асыл. өзіңіздің асылдығыңыз Бұқарадай шаһарда алтын тақтың үстінде сап-сарала алтынға малынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы, жеріңіз етікпен намаз оқуға жарайды, — десті.
Бұқар ханы сұрады:
— Абылайдың осы отырғандарыңыздан басқа жіберген кісісі бар ма? — деді.
— Қоста бір атшы бала бар, он төрт жаста, — деді.
— Ендеше, соны шақыр! — деді. Шақырып келді.
Бұқар ханы айтты:
— Әй, балам, — деді, — мен артық па, Абылай артық па? — деді.
Бала айтты:
— Абылай артық, — деді.
Бұқар ханы:
— Абылай менен қалайша артық болады? — деді.
Бала айтты:
— Абылай атасы садағын сағымға көтерткен нұрдан пайда болған, сіздің атаңыз — маңғыт, тоқ маңғыт. Біздің қазақтың балалары ойнағанда: «маңғыт, аузына саңғыт» деп ойнайды. Түбі тегің маңғыт жақсы болатын болса, ауызға үйдеп алынбас еді.
— Балам, Абылай тұрған жері асыл ма, менің тұрған жерім асыл ма? — деді.
— Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сенің суың асыл болатұғын болса, суды Самарқаннан алдырып ішер ме едің? Тұзды Сарыарқадан сұратар ма едің? Абылайдың тұрған жері Сарыарқа екі басса, бірі — бұлақ, ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бірі — тұз, бір үйден біреу тұз сұрап алмайды, — деді.
Бұқардың ханы сөзіне риза болғандықтан, қырық биге сыйлап бергені жалғыз балаға бергеніне тең болды. Жақсы Жанайдар атанған жері — осы.