Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 9 сағат бұрын)
Билік дәлізі

Do in Rome as Romans do — римдіктер өзін қалай ұстаса — Римде өзіңді сен де солай ұста деген даналық әлі күнге күшін жойған жоқ.

Өркениет — топтың, немесе рудың, я болмаса қауымның игілігі емес. Ол қоғамның игілігі. Арғы-бергі заманда адамзаттың даму сатысы деп аталатын көзге көрінбейтін, әйтсе-дағы осы жүрген кез келгенімізді адамгершілік таразысына тартып салмақтап алатын, кез келгеніміздің қолтығымыздан демеп, ізгі мұраттарға жегетін қасиетті басқыш, келер күндердің көкжиегіне жеткізетін тура жол, кісілік қалыбы, жүрек шамы.

Осы күні кісінің басы айналар мәртебелі билік дәлізінде жүрген, Ақ Ордада, Үкімет әкімшілігінде істейтін Тайтұяқ өзін осы өркениет сатысының жуан ортасында жүрмін деп ойлайтын. Ойлап жүрген жалғыз Тайтұяқ па екен? Өркениет сатысына аяқ салған үлкенді-кішілі лауазым иелерінің тіршілік-тынысы, іс-қимылы, мінез айнасы, кісілік болмысы... бәрі-бәрі қайтсек үлкен кісінің қызметіне жараймыз, қайтсек тәуелсіз мемлекет аталатын алып мәшиненің ең қажетті, еш мүлтіксіз жұмыс істейтін бір-бір тегіршігі боламыз деп жығылып-сүрініп жүргендер кілең.

Іншалла, әзірге беталысы дұрыс. Лауазым басқышымен биіктеп келе жатқан секілді еді.

Тек қана... кешегі күні... ойда жоқта қырсық шалып, өмір бойына күш-жігерін аямай жұмсап тырмысып жеткен зау биіктен омақасып құлап қала жаздады. Құлап қала жаздаған жоқ-ау, аяғы тайып кетудің аз-ақ алдында қалды. Биіктен құлағанның аяғы құрдым. Бір жерің майып болады, жоқ дегенде қатар-құрбыларың биіктен омақасқан кісі деген сұп-суық жанама есім жамайды. Жүре-бара әлгі есімнен құтылар-ау!.. Уақыт өте бәрі-бәрі ұмытылар-ау!.. Әйтсе-дағы құз басынан шыңырау түбіне топ ете түскен мезетте я бір жерің майып болады, я миың шайқалады, я әлгі құдықтан енді қайтып тырбанып шығуға шамаң жетпейді. Болашағың күмәнді қалады.

Осы Тайтұяқ таң алакеуімде жайсыздау түс көрді. Түс дейтін — түске де келмейді, дәп өңіндегі тіршіліктей... ерте тұрып, мұздай киініп, қызметіне келген екен дейді. 15-ші қабаттағы, лифтінің оң қапталындағы, ұзын дәліз төріндегі 1523 нөмірлі есігіне кілт салып әрі бұрайды... бері бұрайды... емен есіктің шетелдік құлыбы сырт етіп ашыла қоймайды. Уақыт шіркін сырт-сырт соғып тоғызға ілікті. Ту сыртынан аяқ дыбысын сезіп, бұрылып қарайды. Өзінің тікелей бастығы — бөлім меңгерушісі. Суық жымиып тұсынан өтіп бара жатып: «Есігің ашылмай тұр ма?.. Бәлкім бөлме иесін бөтенсігені болар...» деп сырт айналып кетті. Тайтұяқ төбесінен тас түскендей есеңгіреген қалпы меңірейіп қала беріпті.

Бар болғаны осы-ақ. Осындайда түс бола ма, бәтір-ау!

Төсегінен тұрып, жуынып-шайынып, зайыбы әзірлеп қойған сәрілік шайға тізе бүкті. Ыстық шайдан екі ұрттады. Жайсыздау көрген түсін зайыбына айтқалы оқталды-дағы, сабыр сақтап саппа тиылды. Әйелі құрғыр түймедей түсті түйедей етіп теріске жорып, жүрегін жаралап жүрер, сырымды аша бермейін деп бекінді. Келесі кесені қылғынып әзер тауысыпты.

— Жазған-ау, өң-түс жоқ қой өзіңде! — деп зайыбы сұраулы көзі жаутаң қағып есік алдына шығарып салды.

Жеңіл жүйрігіне тізе бүккенде... жұмыс орнына... 15-ші қабатқа көтерілгенде... әлгі түсі жадынан еш жуылмады. Қызмет бөлмесінің есігіне келді, кідірді, жан-жағына жалтақтап қарады. Вахтадан алған кілтті құлып ұңғысына сұғып сырт бұрады. Емен есік лық ашылды, жүзіне жылы леп тепті. Маңдайына тепкен суық терді алақанымен сыйпай сыпырды. Іштей тіксініп: «О, тоба», — деді!

Әңірейген бөлмесі өзіне өгей сезілді. Батареяны сипап еді, өлімші жылу табы білінді. Үстелін айналып, орындыққа тізе бүгіп, алдындағы қағазға үңіліп бірауқым үнсіз ошарылды. Телефон құлағы тым-тырыс. Хатшы қыз күндегіден біраз кешікті. Бойы құрысып тоңазыды ма, тізесін сытырлата қозғап бөлмеден шықты. Жайлап басып дәліз төріндегі бөлім меңгерушісінің есігін тық-тық шертіп, созалаңдап ішке енді.

Бөлім меңгерушісі мен мұның қызмет бөлмесінің арасы аттай екі жүз қадам, арада кадр бөлімі, заңгер орналасқан. Осы екі жүз қадамды екі жыл бойына кейде қуанышы басылмаған оттай ыстық көңілмен... бәзбірде салбыраңқы ұсқынсыз алакүлік итырғылжың халде... бәзбірде иығына ері лықсыған мәстекке ұқсас кепте емпең-емпең басып өтті. Жаттанды жүріс, жабы көңіл. Жарқырап атқан таңдай шырайланар шағы сирек. Бастығы ертеңгі газеттерді қарап отыр екен, иегін әнтек көтеріп, сәлемін салқын алды. Айқара беттің ішінен жоқ іздеген кісіше үнсіз-түнсіз мөлиіп ұзақ отырды. Кейінгі кезде қолы шықпай, ісі жылжымай жүрсе-дағы тастабандап үкіметтік үлкен жоба-иновацияның компьютерлік картасын жасап ұсынған. Тірі саны тастай тұғын.

Тайтұяқ мына мөлиістің мәнісін түсіне алмай дал. Біраздасын барып бастығы басын көтерді.

— Шырағым, кейінгі кездегі жұмысыңды ұнатпаймын, — деді зілдей етіп. — Кеше ұлы мерекеге тәуелсіздік туымыздың су жаңасын алакеуімнен төбешік төрге ілдіріпсің. Әйтсе-дағы... осылай да осылай... туды ілгізе берейін бе... әлде пәске кідірейін бе... үлкен кісінің кортежі зулап өтер кезде ғана су жаңасын желбіретейін бе... деп бір ауыз сұрасаң нетеді. Өзім білемін деп төске өрлеп барасың. Мұның алдында саммит қорытындысы туралы құжатты Ақ ордаға елден бұрын жеткізіп беріпсің. Сонда қалай? Көзге түскің келіп жүр ме?.. Әлде жарық жалғанда пікір білдіріп, нұсқау айтатын мына біздің бар екенімізді ұмытып үлгердің бе?..

Бөлім меңгерушісі осыны айтып түсін суыққа салып, көзілдірігінің арғы жағынан тұнжырап сынай-міней тесіліп қарады. Бұл көкең не десін! Істелетін шаруаны елден бұрын қамдап, ерекше етіп тындыра салғанда не тұр. Қамшы салдырмай істегені жөн емес пе! Қайта білетін кісі: «Ай, айтқызбай-ақ орындап тастапсың! Тәңір жарылқасын»,— деп ризалық білдірмес пе. Не қилы қиын шаруаны айтқызбай істейтін маман бұл күнде көзден бұлбұл болып ұшты. Көбі кер жалқау. Мың салсаң бір баспайды. Бастығының осыншалық жерге қарап, жерге тұқыртып, жербеттеніп сөйлейтіні несі десеңші!

Тайтұяқ өз ісін өзі дұрысқа санап қарсы дау айтқысы келіп еді. Бастығы оң қолымен ауаны кесті.

— Бара бер!— деді.

Ұнжырғасы түсіп, шегіншектей басып бөлмеден шығып жөнелді. Айналып бөлмесіне келді. Алдында тау болып үйіліп жатқан қатынас қағаздарын пәпкіге тігіп, жүйелеп, үнсіз-тілсіз біраз отырды. Хатшы қыз сыңқ етіп еніп: «Тайтұяқ Мұсаұлы, шай ішесіз бе?»— деп, жәудірей қараған еді. Бұл көкең үнсіз басын шайқады.

Істеліп жатқан жұмыс жөнінде айлық есеп жазуға құлқы болмады. Әлгіде бастығының зілдей етіп: «Көзге түсейін деп жүрсің бе?»— дегені өңменінен өтіп кетті.

«Сонда қалай? Бұл көкеңді о ғып, бұ ғып жылы орнынан қозғағысы бар ма, әлде, өзге бір жақынына аяқ астынан жалақысы тәуір, сыйақасы қомақты мына орын қажет болып қалды ма? Қай жағынан қиялап қиыстырса-дағы кейінгі кездегі меңгерушісінің мінезі өзгерді. Бұл көкеңе арқаның аязды желінен бетер ызғары өтіп барады».

Ойлап-ойлап түскі үзіліс кезінде бұл күнде дербес зейнеттегі, кешегі кеңестер уағында ірі қызмет істеген ақылшы кісінің алдынан өтуге бел буды. Үйіне барып, осылай да осылай... не ақыл айтасыз?.. меңгерушінің мінезі құбыла бастады... деп бәрін-бәрін алдына жайып салмақшы... тығырықтан шығаратын жол сұрамақшы... Қарап отырып өлсін бе енді.

Ақылшы — партия уағында осы елдің тұтқасын ұстаған, есімінен ат үркетіндей, қаланың түстік бетінде, Астана — Астана болмай тұрғанда, Ақмола уағында бірінші хатшыға арналып салынған төрт қабатты тас үйде тұратын. Түс әлетінде телефон шалмай, ескертпей суыт жетіп келген Тайтұяққа таңдана қарады. Қолындағы оқып отырған кітабын жауып, креслода тізе бүккен қалпы көзілдірігін алып, мұның жүзіне аңтарылды. Жан қалтасынан орамалын суырды.

— Иә, шырағым, суыт жүрісіңнің мәнісін айтшы? — деді жылы жымиып.

Басындағы зерлі тақиясын сыпырып, желкесін, маңдайын көлдей орамалмен асықпай сүртіп шықты. Езуіне әзер білінетін жылы күлкі үйірілді.

Тайтұяқ ұсынған орындыққа тізе бүгіп, галстугін босатты. Жейдесінің жоғарғы түймесін ағытты. Терезеге көз салды. Қыркүйектің сары желі азынап, жер әлемді тулақша қағып-сілке бастапты. Көне үйдің кәсекісін қиыршық құм сырт-сырт шертеді.

Ас үйден жүзін әжім торлаған, ақ шашты кейуана шықты. Бұл көкең лып көтеріліп қос қолын ұсынып сәлемдесті. Кейуананың алақаны ылғал, ернін жыбыр еткізіп төргі бөлмеге, артынша ас үйге сіңді. Сәлемін үнсіз қабылдады.

Тайтұяқ келген шаруасын бір деммен баяндап шықты. Қызды-қыздымен ертеңгісін көрген түсіне дейін мағлұм қылды. «Қайтеміз?.. бастықтың қырына алғаны алған, жайшылықпен бітімге келетін түрі көрінбейді», — деп сөз аяғын қалың уәйімге әкеп тіреді.

Ақылшы зерлі тақиясын алақанына айналдыра ұстаған күйі тілге келді.

— Шырағым,— деген қарлығыңқы үні жер астынан шыққандай құмығып естілді, — Жадыңа тұтатын басты қағида — біліп тұрсаң-дағы «осы шаруаның мәнісі қалай?» деп бастығыңның алдынан өтіп істе. Өзім білемін... осылай-ақ істей салайын... білгенімді несіне сұраймын десең — мықтап қателесесің! Сенің қиратып, бүлдіріп бара жатқан ештемең жоқ... жалғыз айыбың: бастығыңның алдынан өтіп әдет қылмағансың!

Осыны айтып ақылшы аузына құм құйылғандай азынаған жел үніне құлағын тосып үнсіз ошарылды. Тайтұяқ аң-таң.

«Апырмау», дейді ішінен. Бұл дүние не болып бара жатыр. Бастығыңнан тікелей нұсқау... пәрмен... бұйрық... жосық күтпей-ақ тиесілі шаруаңды тап-тұйнақтай ғып тындырып тастау — айып болғаны ма. Айтқызбай істеген де қателік пе? Жөн білетін кісілер мұндайда қызметкерінің арқасынан қағып: «Бәрекел-де-е-е, өркенің өссін!» — деп ризалығын білдірмес пе. Мына ақылшы айтады: өл-тіріл, бастығыңның алдынан өтіп үйрен!.. біліп тұрсаң-дағы «осының мәнісі былай емес пе» деп сұрай сал... өзіңді әрдайым бастығыңнан бір саты төменге ұста!.. Бастығыңнан бір мысқал кем білетін бол!.. өл-тіріл бастығыңды тосып сөйле!.. өл-тіріл бастығыңнан ақылды, милы болып көрінбе!.. өл-тіріл бастығыңның жетегімен, жол-жобасымен жүрген момын болып көрін!.. өз бетіңше сүрлеу салма!.. өз бетіңше білгеніңді жайып салма!..»

Ақылшы айтқан қағиданы алдына компас қып ұстаған Тайтұяқтың ұзамай көші түзелді. Бастығының қабағы жылыды, ызғары бәсеңдеді.

Бұдан былай шаруа орайына көңілі сайрап біліп тұрса-дағы Тайтұяқ бастығының алдына ерінбей барып: Осының мәнісі қалай?.. Мынаған қандай ақыл қосасыз?.. Сіздің ақыл патшаңыз не дейді?.. деп алдынан өтіп алуды әдетіне айналдырды. Тіпті бастықсыз таңы атып, тауығы шырқамайтындай, күні қараң қалатындай сезілетін келеңсіз мінез жамады.

Не айтса-дағы қарсы сөз айтпай, ләббай тақсыр деп, лыпып тұрған қызметкерін кім жек көрсін. Алдына шақырып, хатшы қыз әкеліп берген шайды қосыла ішіп отырып жылы кеңес құратын күнге де жетті. Тайтұяқ сыпайылап, жұқалап пікір сабақтайтын әдет жамады. Іштей біліп тұрса-дағы болмашы нәрсені сұрай салатын болды.

— Тоқсандық есепті түзіп, сүзіп сақаға қорғасын құйғандай лайықтап қойдым, ағасы. Ақ ордаға жеткізіп берейін бе, әлде үстінен тағы бір қарап шығасыз ба, ағасы!

— Осы қалпы ұнады. Әсіресе шетелдік лидерлер сізге қарап бой түзесе, біздер сізге қарап ой түзейміз деген сөзің дөп шығып. Жеткізіп бер. Қолымды қоям,— деп бастығы миғынан мырс-мырс күлді.

Апта бойы жазған есебі тастүйін жобаға келіп қалғаны. Іштей қуанды. Мақұлдады. Ілләһи шүкіршілік. Бастығының қабағы жылып жүрсе — құда да тыныш, құдағи да тыныш. Оң жамбасына келген қызметін істеп, қомақты жалақы, үлкен сыйақы алып жан бағып жүре бермекші. «Айналайын ақылшы, сенің айтқаныңды істеп, ақылыңды тыңдап қана — өгіз өлмес, арба сынбас өмір соқпағымен салып ұрып келе жатқаныма ризамын!» Тайтұяқ жатып ойланды. «Ойпырым-ай, деді. Өстіп жүріп хамелеонға айналып кетпейін, өз бетімді, өз жорғамды жойып алмайын», — деп қарадай уәйім жеді.

Тайтұяқты тәуелсіздік күні қарсаңында бөлім меңгерушісі арнайы шақырып ризашылығын білдірді. Бөлім атынан алғысхатқа ұсыныпты. Мереке үстінде Премьердің атынан алғысхат, қосымша сыйақы иеленді. Бейне, аңдысқан жауды атып түсіргендей — иықтанып марқайып дәуірлеп нұсқаланып көрінді. Бәсі биіктеді. Үкімет үйіндегі шенеунік әулеті қайрылып сәлем беретін күнге жетті. Орталық газеттің айқара бетін алып стратегиялық төте жол зерттеуі жарық көрді.

Іншалла, саушылық болса, бастығының қабағы жылыса — жаңа жыл өте докторлық диссертациямда қорғап аламын ғой деп дәмеленген. Бір ышқынса — ғылым докторы. Үш жылға жуық жазғаны сүрленіп, қатталып жатқаны жетер деп ойлаған.

Бәле қайда — бассаң аяқ астында.

Ойда жоқта және омақаса жаздады.

Президенттің жолдауына орай ел-елдегі отыз инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін стратегиялық зерттеу орталығының жүйрік ғалымдары тізе қосып, ақыл қорытып нақтылай ұсыныс енгізе бастады. Ұсыныс әрі жаңаша, нана технологияға табан тіреген, әрі аз уақытта іске асатын ұрымтал болғаны құп. Сол саладағы таныс-білістері бұл көкеңе келіп қолқа салады ғой. «Кембридж, университетін қызылға бітіргенсің... нана технологияны шемішкеше шағасың... телекинездік математикада, биотехнологияда өзіңнен озатын білгіш жоқ... иновацияның ұрымтал тұсын тауып, сүрлеуін сызып, кестесін құрастырып бер», — деп жата-жармасқаны. Ақкөңіл, аңқау басы елп етіп көне кетіпті. Бәленің бәрі сол соны сүрлеуден шықты. Апта бойына аш күзенше бүгіліп, үңліп, есептеп, екшеп, өлшеп, пішіп сызып берген жобасы — сарапшылар алқасында қолдау тауып, қызу талқыға түсіпті. Ғұламалар аузын ашып, көзін жұмып дегендей, дуылдатып көтеріп әкетіпті. Әлгі жоба иновациялық түзілімнің шаппай бер бәйгесін алып, соны сүрлеу — келешегі даңғылға айналады десіп үкімет мүшелері гу-гу.

Жақсы сөз жерде жатады ма. «Несін айтасың, Тайтұяқтың сызып, түзіп жасаған нобайы бірінші орынды жеңіп алыпты... Премьердің алдына жетіпті...» деген гу-гу сөз жағалағаннан жағалап бөлім меңгерушісінің құлағына тиеді ғой.

Меңгерушінің мінезі мәлім, ішегіне шынашақ айналмайтын қызғаншақ... талағы тарс кетіпті... бүйіріне бүйі тигендей мойнын ішіне алып мөңкіпті. «Ә, сені ме!.. өзінше сүрлеу салатын білгішті көріп алайын, ә»,— деп зығырданы қайнап, қалш-қалш ашуланып, бұл көкеңді жедел шақырып алыпты.

«Қапелімде дүние айналып жерге түсті ме» деп іштей қайран қалып, жеделдете басып Тайтұяқ бастығының алдына енген. Хатшы қыз: «Қайда жоғалып кеттіңіз? Бастық күтіп қалды», — деп қарадай бопсалап, зәресін алып ол отыр. Қипақ қағып, іштей қобалжып енгені сол — бастығы нән үстелдегі үйілген қағазға еңсесін салып, езіле түсіп, тұнжырап отырған үстінен шықты.

«Иә, Тайтұяқ осы жасыңда не көрмеді?.. Кімнің алдына бармады?.. Шөре-шөренің халін кешіп, өзінен білімі де, білігі де көш кейін кісілердің алдында тізем дірілдеп тұрармын деп кім ойлаған». Әуел баста ойлағандай өмір жолы тақтайдай түзу болмады. Жығылып-сүрініп көп қателесті. Біраз уақытысын әлгі жіберген қателікті жөндеймін деп шаршады. Заманның түзеле бастаған уағында, ел астанасы Сарыарқаның кіндігіне көш түзеген кезде «Болашақ» тізімімен шетелде үш жыл оқып оралған Тайтұяқ сенделіп жүріп Ақ ордаға бас сұғып, осы күнгі басшысы, ол кезде — Президент әкімшілігінде сектор меңгерушісі Арыстан Мұсаұлының қабылдауына еніп, бірер ауыз тілдескен.

Ол кезде Арыстан Мұсаұлы қол ұсынып сәлем берген сақал-мұрты жаңа тебіндеген келе жатқан, жанарының оты маздап жанған өспірімге «ә» дегеннен бүйрегі бұрған. Бүйрегін бұрғызған — жас жігіттің қамырдан қыл суырғандай сыпайы жүрісі, аузын ашса іш сарайы көрінетін кеңқолтық мінезі еді. «Ешқандай қамқоршым жоқ. Әке-шешем Мойынқұмның түкпірінде мал өсіріп, жан баққан сіңіріне іліккен шаруа адамы. Кембридж университетінің мынау деген ұстаздарынан тәлім алдым, алдын көрдім, үш тілде еркін сөйлеп, екі тілде еркін жазамын, табиғат там-тұмдап берген дарыным бар», — деп ағытылып еді.

Өспірімді қолтығынан алып сәл демеп жіберсе, аздап қол ұшын берсе — жетіліп кетейін деп тұр. Келешегі алдына жан салмайтын білікті маман шығарын Арыстан-екең ішкі бір түйсігімен сезіп білді. Сезді-дағы іші жылып: «Мақұл, бала, бөлімге сарапшы етіп алайын, алдағыны өмір көрсетер», — деп дереу қызметке алған еді. Ертесіне Арыстан-екең өспірімді шақырып алды. «Бетіңнен қақпаймын!.. Біліміңді, білігіңді мына тәуелсіздік реформасына сарқа салғайсың. Жалғыз айтарым: не істесең-дағы, қандай бастама көтергің келсе-дағы — өзіммен ақылдасып істе!.. Айтқанымнан шықпайтын бол! Қай жерде жүрсең де, нендей шаруа тындырсаң да мына ағаңның — Арыстан Мұсаұлының ақылымен жүріп, ықырарымен істедім десең жетіп жатыр. Осы сөзімді жадыңа мықтап түйіп ал!» — деген еді...

Бұл көкең: «Мақұл, неге жетсем де сіздің ізіңізбен жүріп жеттім деймін», — деп сертке ұқсатып сөз беріп уәде байласқаны есінде қалыпты. Нешеме жылдар зымырап өте шықты. Уақыт, бейне, үдей соққан сахараның сары желі. Арыстан Мұсаұлының қайраты қайтып, шау тартқанымен беделі биіктей түсті, үлкен кісінің ең сенімді, сырмінез адамына айналды.

Бұл көкең — Тайтұяқ болса — Есілдің сол жағалауынан үш бөлмелік су жаңа пәтер алып, Мойынқұмның түкпірінде тіршілік күйбеңінен сіңірі созылып, әбден қажыған әке-шешесін көшіріп қолына алды. «Қолдарыңды жылы суға маламын, бағамын»,— деді. Толып туған айдың сүт сәулесіне шомылғандай әдемі жүзіне сүт шұқыры ойылып көз тартқан Сағыныш есімді бойжеткенге аңсары ауып, сөз салып, отбасын құрды. Айтқаны келіп, дегені жүріп, Үкіметтің тақауда құрған иновациялық бөлімінің — бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметіне бекіп, лауаз басқышы биіктеді. Өткен бір үкімет мәжілісінде Премьер мұның сәлемін жылы қабылдап, арқасынан қақты. Премьердің алақанын сезінген күні, бейне тауға көтерілген кісідей өз-өзінен арқаланып, қызуы көтеріліп, ұйықтай алмай шыққаны қызық.

Сонымен... дәп бүгін Арыстан Мұсаұлы астынан жер дүмпігендей, жанартау атылғандай ойда жоқта бұлқан-талқан ашуланып жедел шақырып алды. Кең бөлмеге ентелей енген бұл көкеңнің сәлемін алмады, бұрынғыдай жылыұшырап «отыр» деп орындық мегземеді. Өңменіне мылтық тірегендей тесіле қарап отырды-отырды да тілге келді.

— Иә, бала, қай жерде жүрсең де, нендей шаруа тындырсаң да мына бастығыңның ақылымен жүріп, ықырарымен істермін дейтін баяғы уәдең қайда? Сөз бергенің есіңде ме? Әлде мына ағаңның осынша жыл жетекке алып қамқорлық жасағанын... осы билікке сүйреп, сүйеп жеткізгенін ұмытып үлгердің бе? Өткел аузында көлік ауыстырмайды деген сөз бар. Әлде менмен де мықты, өзімнен де әуселесі әлуетті қолдаушы, жарылқаушы, дем берушіні тауып үлгердің бе! Шырағым, бар тізгінің демейін, бір тізгінің мына менің қолымда еді... есек дәме болып, тұлыпқа иіп күңіреніп жүре беріппін — шәкіртім, іздеушім, ізбасарым жетегімде келеді деп. Тап бүгін көзім жетіп отыр. Ол ойымның күлі көкке ұшыпты. Бас жібіңді, тізгініңді ала қашып — аулаққа қасқайып бара жатырсың!

Мына сөз жағасынан мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Қаперімде не дерін білмей сасыңқырап қалды, тұттығып, күрмеліп айтқан сөзі аузынан божырап шықты.

— Арыстан Мұсаұлы, осы кезге дейін жасаған қамқорлығыңызға алғысым шексіз, имандай шыным...

Бөлім меңгерушісі сөзін бөліп жіберді.

— Осы кезге дейін дейсің ғой!.. Бұдан былай жағаға шыққан жаңқауықтай керегім болмай қалғаны ғой!

— Дұрыс түсініңіз. Стратегиялық зерттеулер институтының кісілер жалынып сұраған соң... Үлкен кісінің алдына апаратын компьютерлік тың кесте жасап бере қал деген соң... түбінде ұлтыма, қазағыма бұйыратын жақсылық қой деп екі апта тастабандап шұқшиғаным рас. Түптің-түбінде қаны жерге тамбайтын елге қажетті жоба туғызды деп қуанбаймыз ба, Арыстан Мұсаұлы...

— Барыңыз, тізгін үзгіш, өзінше сүрлеу салғыш жарықтығым! — деп бастығы ашуға мініп, нарт қызарып, қос қолын қоса сермелеп, бөлмесінен қуғандай болып шығарып салды.

Сыртта салбыраған күз күні қабағын қарс жауып алыпты. Нөсер шақырған шөп басы дір-дір етеді. Көше ернегіндегі қара ағаш күн қызуын сағынып бұтағын тарбайта жайған. Құрылысшы, жол жөндеушінің тас шемені тамырын шегендеп қуратуға қалыпты. Әттең уақыты жоқ. Әйтпесе әудем жерде күйбең қағып жүрген көше сыпырушының қол күрегін алып жіберіп ағаш түбін қопсытып шығатын еді. Бұрылып, күтіп тұрған жеңіл жүйрігіне еңкейіп еніп тізе бүкті. Жүргізуші жігітте: «Оң жағалауға, вокзал жаққа тарт!.. Ақылшы кісінің үйіне соғамын», — дед қарлығыңқы үнмен.

Амалсыздық айдап, біраздан бері есігін ашпаған, біраз уақыт көрмеспін-ау деген баяғы «қарт балшабек», кеңестер Одағы кезінде ірі айналып соқты. Отбасының күзетшісі, зейнеткер кісіден ақы пұлсыз ақы сұрамақшы. Есікті ақ шашты, бет-жүзін әжім торлаған кейуана ашты, сәлемін үнсіз алды, үнсіз төргі бөлмені нұсқады. Ақылшы аядай балконнан түскен күн шуағына малынып, шыбық креслода көзілдірігін төндіріп кітап оқып отыр екен. Аяқ дыбысынан басын көтерді, сәлемін алды. Оң шекесіне қондырған зерлі тақиясын қолына алып, төрт бүктеп тершіген жүзін, маңдайын сүртіп өтті. Иығы пәсейіп, ұсқыны кетіп жеткен жас жігітке сұраулы көзбен қарады.

Тайтұяқ мүдірмеді. Басқыштан ентігіп көтерілген кезде лоблыған жүрегін басып, көкірегіне түйіп келген мұң-шерін қаптың аузын шешкендей түгел ақтарды.

— Кейінгі кезде меңгерушінің мінезі тағы өзгерді, — деді, — я арамыздан қара мысық жүгіріп өтті, я аузы-басы жыбырлап шағыстырып өсек айтпаса жүре алмайтын құрбылары, қатарлары: «Арыстан Мұсаұлы, сіздің беделіңізді сарқа пайдаланып, жетер межесіне жетіп алды-дағы шүу қарақұйрық деп шаң қаптырып жол жиегіне тастап кетті! Әупірімі бөлек әулеттірек крыша таппақшы!..» деп құлағына құйған... Сөз ұсқыны бөтен. Тулақша сілкіп, шаңымды қағып бөлмесінен айдап шықты. Неғыларымды білмеймін...

Тайтұяқ таусыла сөйлеп таппа тиылып отырып қалды. Сыртта, әйнектің арғы жағында қазбауыр бұлт күркілдейді. Мезгіл уыстағы қатты ұстаған құмдай жылдам сусиды. Ашық әйнектен ерте көктемнің жібек лебі лықылдап енеді.

Ақылышының көмекейі бүлкілдеді.

— Әй, кәмек қауын секілді баламысың деген. Қанша жүйрік болсаң да, шашаңа шаң жұқпаса да — есіңде болсын — ешқашан тізгінді үзбе. Жолбасшы кісінің жетегінен шықпа. Жетегінен шығып, тізгініңді үзген күні — омақастым дей бер, шырағым.

— Ағатай-ау, сонда өмір бойында біреудің жетегімен мәстекше ілесіп кетпекпін де?.. Өз жолымды, өз сүрлеуімді салмай өтпекшімін бе өмірден.

Ақылшы мырс етіп күлді. Зерлі тақиясын оң шекесіне ілді.

— Әлі де өмірден үйренерің көп. Қазақта екі тізгін, бір шылбыр деген сөз бар. Мына аламан бәйге секілді қым-қуыт тіршілік сапарында айдауға жіберген бәйге аты болсаң: екі тізгінің өз қолыңда, ал шылбырың — сені қолдайтын, баулитын, үлкен өткелге алып шығатын жарылқаушының қолында болады. Жарылқаушының жетегінде келе жатып күндердің-күнінде ойың, бойың озуы мүмкін, немесе әлгіден де мықты әлуеті жарылқаушы тауып алуың ғажап емес. Адам өмір бойына ізденеді, өмір бойына жетіліп өседі. Бойдың өсуі тоқтаса-дағы ойдың өсуі тоқтамайды. Жассың, Алланың бір аты — ғылым, ғылымға бой сала, бағытыңды өзгертіп, уақыт озған сайын жаңа биіктен, алыс көкжиектен көрініп келесің. Бұл — жақсы. Әйтсе-дағы жадыңа мықтап тұтқайсың: ешқашан бұра тартып шылбырыңды үзіп алма. Шылбырды үзгенің — ұстазыңа опасыздық жасағаның. Өмір өзгерісімен қызық. Әуелгі бағыт сілтеуші... жол көрсетуші... дем беруші... жетелеуші... шылбыр жібіңді ұстаған бастамшыл кісіден ірге ажыратпа! Жетекте келе жатып ешқашан бас жібіңді үзуге болмайды, шырағым.

Ақылшы көзін жартылай жұмып, алыс көкжиекке күн сала қараған жолаушыға ұқсап тиылып қалды. Бөлмеден шыбын ызыңы естілді. Асханадан шайға шақырған кейуана үні шықты. Үй иесі таскерең болған кісіше меңіреу халде мелшиіп отыра берді. Бөлмені ішпыстырар тымырсық тыныштық кернеді. Тайтұяқ тамағын кенеп жұдырығына жөткірді. Кәрия селк етіп жанарын бағжитты.

— Енді не істеймін? — деді Тайтұяқ ақырын сыбырлағандай болып.

— Не істеймінің қалай?

— Ана азуын айға білеген бөлім меңгерушісі: «Сен балаға жал бітейін деген екен!.. жаңа жетекші тауып алыпсың!.. бұдан былай жолымыз, бағытымыз екі ажырайды!.. бір бөлімде бірлесіп істесе алмаймыз!..» де-е-еп алшайып отыр. Алдында ғана уәдені тау ғып үйген жораларым жым-жылас, Ақ Ордадан жылы хабар естілмей кетті... неғыларымды білмеймін. Маңдайымды тасқа соғып, тұйыққа қамалып қалдым.

Ақылшы тал шыбығынан тоқылған креслосын теңселтіп түрегеліп кетті. Сіңірі тартылып қалған ба, тәлтірек қағып ас үйге енді. Мұны көрмеген кісі секілді. Бөлме ортасында қалқиып тұрған бұл көкеңді елемей... ескермей... көзге ілмей... нақа бір бос кеңістіктен өткен көлеңкеге ұқсап тұсынан қалбаң қағып өте шыққаны күйдіреді. Күйініп кетеді бұл көкең. Көтеншегі жерге жеткенше өкінеді. Біраздасын барып үй иесі кілт қайрылып асхана бөлмесінен басын шығарып қарлығыңқы үнмен:

— Екі иығыңда көзге көрінбейтін екі қапты арқалап ал. Әлгі қапта сықата салып алған мақұл сөзі болсын! — деді-дағы ақылшы кәрия ас үйге қайыра сүңгіді. Бұл көкең соңында состиып қала берді.

Біраздасын есін жиғандай болып, бұрылып, есік аузынан әлгіде сілкіп шешіп тастаған туфлиін әзер тапты, Екі бүктеліп иіліп, аяқ киімін ілді... ілбіп сыртқа шықты. Күтіп тұрған жүргізушіге қолын үнсіз сілкіп: «Бара бер», — деп қайырып жіберді. Қатырма ақ сұрып қалпағын төндіре киіп, ұзына бойғы көшені жаяу-жалпы іргелеп аяңдап келеді. Жападан-жалғыз көше бойлап жүріп келе жатқанын біледі. Сырт сұлбасы жын иектеген момынға ұқсайды.

Көне үйлер қоршаған ұзына бойғы тар көшенің жиегінде — сабылған жұртқа қарсы — ұзынтұра, сыптығыр, костюмді, галстукті, көзілдірікті бозбала теңселе басып келе жатты.

Қарсы ұшырасқан кісінің көзіне төмендегіше сурет елестер еді.

Шалғай жолдан шалдығып, арып-ашыған жолаушы. Тас басып, тау асып әбден шаршаған. Екі иығында екі қап. Қап ішіндегісі қомақты. Қос қап жүрген сайын арқасына батып, адымын тұсап, тірсегін салп-салп ұрып адымын еш жаздырмайды. Шөлден ерні кезерген жолаушының кідірерге мұршасы аз. Кеуде сыр-сыр, тізе дір-дір. Алыс көкжиекке бір батып, бір шығып ирек сағым секілденіп түртінектеп ұзап бара жатқан, иығын жүк кескен, шаршаған, шалдыққан осынау өмір жолаушысының иығындағы нән қапқа не салып алған дейсіз ғой.

Күлмеңіз... көкірек көзімен көре біліңіз...

Қаптағы кілең құрғақ уәде, бостекі сөз, үйреншікті ұғым:

Мақұл... мақұл... мақұл... мақұл... мақұл... мақұл... мақұл... мақұл..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама