Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Cенатор: Мұғалім бейнесі қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды

Мемлекеттік органдар секілді, мектептерде де видеокамерасы бар, интернетке қосылған телефондарға тыйым салу керек. Мұғалімдердің мәртебесі туралы Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева ҚР Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдады.

«Біздің депутаттық сауал ҚР Премьер-Министріне жолданады. Сауалымызға негіз болған жайт соңғы кездердегі мектептерде белең алып бара жатқан ұстаздарға деген көзқарас, адами моларьдық қатынас, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ұстаздардың Парламент депутаттарына өздерінің оқушылар мен ата-аналарынан қорғау сұраған жан айқайлары», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында білімнің маңыздылығын атап өткен.

«Ұстаздарға деген де құрмет ерекше болуы керек. Мемлекет мұғалімдерді жан-жақты қолдау шараларын жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет мұғалімнің мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға арттыру туралы қаулы шығарды. Солай болғанымен, қазақстандық ұстаздардың өздері білім беріп жүрген оқушыларынан қысым көруі әділетсіз болып табылып отыр десек артық болмас. Ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балалардың тәрбиесіздігіне кінәлау, тағы сол секілді материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерден көріп жүрміз», - дейді ол.

Сенатор өз сөзінде «Қасиетті ұстаз» деген мәртебелі мамандықтың бүгінгі таңда құнсыздануы өкінішті екенін білдірді.

«Бүгін ата-аналардың тарапынан балалардың көзінше мұғалімдерге әртүрлі балағат және дөрекі сөздерді қолдану арқылы жас жеткіншектердің өз ұстаздарына жеккөрушілікті туғызып, оларға деген құрметтің төмендеуіне әкеліп соғуда. Мұғалім бейнесі қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды. Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге, ата-аналардың тарапынан үдемесе бәсеңдеген жоқ. Өйткені, диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылар мұғалімдердің беделін түсіріп жатыр», - дейді Динар Нөкетаева.

ҚазАқпарат


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама