- 09 қаз. 2019 00:00
- 269
Дулаттың айтқаны
Барақ төренің тұсында Қызай деген ел жылқы әкетіп, соны қуып Барақ, Бетеке, Дулат үшеуі барыпты. Сонда 40 күн жатып, бітім алып қайтыпты. Қызайда Қосет деген ақын бар екен. Сол жерде Дулат айтқан деген сөз:
Біз аттандық Қызайға,
Сиынып шықтық құдайға,
Бетеке, Барақ бас қосып,
Жіберме сөзді ылайға.
Қызайдың жедік байталын,
Қазып алдық сайтанын,
Алтай жүріп жазды алдық,
Қоңыр Оба, Сазды алдық;
Бір үлкен көлі бар екен,
Айнала атып үш жүз үйрек, қазды алдық,
Аяғына келгенде Қосет деген тазды алдық,
— депті. Қызайдың адамдары өздерінің ақынының кемшілігін (тазын) айтқан соң, «Тіліне шоқ түскір Дулатты малын беріп қайырайық», — деп, көзі бар малының көзін беріп, көзі жоғына толық төлеу беріп, қайырған екен дейді.